Лекциялар Лекция №1 Заманауи педагогика адам жайлы



бет17/108
Дата25.11.2023
өлшемі0,79 Mb.
#126021
түріЛекция
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   108
Байланысты:
downloadPdfUmkd

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Педагогика. 2015. Әлқожаева. Н.С .
2.Педагогика. 2016. Дүйсенбаев. А.Қ.
3.Педагогика. 2014. Усманов.Ә.Ә. Сәрсенбаева.М.Б .
4.Дидактика. 2013. Әмірова.Ә.С .
5.Педагогиканың философиясы және әдіснамасы. 2016. Таубаева.Ш.Т .
6.Педагогика. 2015. Дүйсенбаев. А.Қ.
7.Педагогика. 2014. Каракулов. К.Н.
Лекция 4
Өзбекәлі Жәнібековтың тұлға қалыптастырудағы қызметі


Лекция жоспары:
1. Ө.Жәнібектың өмірі мен қызметі .
2. Ө.Жәнібековтың этнопедагогиканы дамытудағы қызметі .
3. Ө.Жәнібеков қазақ мәдениетін зерттеуші.
4. Ө.Жәнібеков мұраларының тәрбиелік мәні.


Лекция мәтіні:
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібеков Өзбекәлі 1931 жылы 28 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы Сарықамыс ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болды. Бұдан кейін комсомол жұмысына ауысып, 1955 жылдан бастап, он бес жыл бойы Келес ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысының комсомол комитеттерінің, Қазақстан ЛКЖО ОК -нің 1-хатшысы қызметтерін атқарды. 1970 жылы жаңадан ұйымдастырылған Торғай облысы партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды. Өзі қызмет атқарған бес жылдың ішінде Торғай өңірінде көптеген ғылыми және мәдени ошақтардың ірге көтеруіне тікелей басшылық жасап, идеологиялық жұмысты барынша жандандырды.
Өзбекәлі Жәнібековтің басшылығымен Арқалық педагогикалық институты, Арқалық медицина және педагогикалық училищелері, Ә. Жангелдин мен А. Имановтың Далалық өлке музейі, облыстық музыкалық драма театры, «Шертер» ансамблі, аудандық мәдениет сарайлары мен клубтары ашылып жұмысқа кірісті, көрнекті қоғам қайраткерлеріне ескерткіштер орнатылды. 1970- 1975 жылдары Қазақстан Компартиясы Торғай облысы комитетінің хатшысы, 1975- 1977 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК -нің шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, 1977- 1988 жылдары Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары, 1987- 1988 жылдары мәдениет министрі, 1988- 1991 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы қызметтерін атқарды. Қайраткер қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет -ғұрыптарының жаңарып, дамуына үлес қосты. 20- шы ғасырдың 70-жылдары Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Оның бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық музейлер ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. «Шертер», «Адырна», «Алтынай», т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. «Наурыз» мейрамының, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» т.б. еңбектері жарық көрген.
КСРО-ның 3 мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған. Алматы қаласында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған. Торғай облыстық тарихи өлкетану мұражайында қайраткерге арналып мүйіс ашылған.
Өзбекәлі Жәнібековтің мәйіті өз өсиеті бойынша Түркістандағы Арыстан баб кесенесінің жанына жерленген.
Ө.Жәнібеков қазақтың ұлттық мәдениетінің өркендеуіне, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына көп күш-жігер жұмсаған қайраткер. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіруге ұйытқы болған да Өзағаң. Оның бастамасымен көптеген этнографиялық мұражайлар ашылды, сонымен қатар қазақ жеріндегі тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Ол Торғайда «Шертер», «Ғасырлар пернесі», Алматыда «Сазген», «Адырна», «Алтынай» ансамбльдерінің құрылып, өнер көрсетуіне ақылшы, демеуші болған азамат. Ө.Жәнібековтің «Қазақтың ұлттық қолөнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар» атты бірнеше жинақтары жарық көрген. Осы
орайда «Тағдыр тағылымы» жинағының шығуына орай бас қосқан мәжілісте Өзағаң «Қырық екі жыл бойы халыққа белгілі адамдармен істес болдым. Солардың игілік істерін де, қамқорлығын да көрдім. «Тағдыр тағылымында» мәдениет және өнер жайында сөз қозғалады. Ескі әдет-ғұрыпқа байланысты біршама дүниелер қамтылған. Бұл менің алғашқы әдеби шығармам» деп, өзекжарды сөзін айтқан еді. Өзағаң өзінің саналы ғұмырында адам бойындағы асыл қасиетті аша біліп, дарынды жастарды үлкен сахнаға баулыған өнер жанашыры. Ол кісінің ұстаздық еңбегі, өнерлі жастарға қамқорлығы жайлы халқымыздың көрнекті ғалымы, академик З.Қабдоловтың «Адамнан азамат шығаратын, баладан дана жасап шығаратын құдіретті күш ұстаз еңбегі. Өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау ұстазға ғана тән. Өзбекәлі Жәнібеков арда туып, өмірде арман қуған жан. Адамдардың неге қабілеті бар, соны өсіруге күш-жігерін жұмсаған жан, өнер жанашыры» деген пікірі Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы.
1980 жылы 1 тамызда Орталық Комитеттің ұйғарымымен Республикалық саз аспаптар музейін ашу туралы қаулы шықты. Өзағаңның басқаруымен тоғыз айдың ішінде музей экспонаттарын іздестіріп, Семей облысындағы Абай музейінен ақынның домбырасын, Атыраудан Мұрын жыраудың, Қызылорданың орталық музейіндегі Шашубайдың сырнайын, Ә.Бектасовтың көмегімен Біржан салдың домбырасын алдырып, болашақ «Сазген» ансамблінің аспаптары мен ұлттық киімін дайындап, үлкен ұйымдастырушылық жұмыстарын жөнге келтірді. Әсіресе белгілі шебер Д.Шоқпаровтың басқаруындағы мамандар ансамбльге қажет аспаптарды жасап, аз уақытта көп шаруа тындырды. Сөйтіп, 1981 жылдың 24 сәуірінде Республикалық саз аспаптар музейі ашылды. Музейді басқаруға өнер зерттеушісі, белгілі күйші Ж.Шәкәрім шақырылды. Жәкең музей жанынан ашылған «Сазген» фольклорлық ансамбліне де жетекшілік етті. Музей экспонаттарын толықтыруға белгілі өнер зерттеушісі Болат Сарыбаевтың да қосқан үлесі ерекше. Өзағаң Б.Сарыбаевты Торғайда ашылған «Шертер» ансамблін ұйымдастыруға көмекке шақырған -ды. Ол музей шеберханасында жасалған аспаптарға кеңесші болды. Ө.Жәнібеков «Сазген» ансамблімен алғаш Оңтүстік Қазақстан облысын аралады. Қазақстанның әр жерінен үш жүздей экспонат жинады. Осыдан соң «Сазген» Югославия, Марий АКСР -і, Түрікменстан, Үндістан жерін аралап, Алжир мен Францияда концерт қойды. Мәскеуге үш рет барып, халықаралық фестивальдерге қатысты. Осы орайда театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай көзі тірісінде: «Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ халқының біртуар азаматы. Өз кезеңінің аса ірі қайраткерлері ретінде салған жолы сайрап жатыр. Мен 1974 жылы театрды көруге Торғайға бардым. Ол жерде театр ашылғанына небары екі-үш жыл болған. Ө.Жәнібеков Торғай обкомының хатшысы еді. Театрдағы әр қойылымда режиссерлермен ақылдасып отыратын. Артистерге қалай ойнау керектігін де үйрететін. Айман-Шолпан кездескенде бір-біріне қалай емеурін танытып жатыр, Әлібек, Арыстандармен кездескенде қыздар қалай өзін -өзі ұстау керек, осының бәрін Өзағаң үйрететін. Бұл ісі маған жағатын. Содан қызмет бабымен кездесіп тұрдық. Кейін мен ол кісінің орынбасары болып қызмет істедім. Ол кісі министр болып келді. Сосын Орталық Комитетке хатшы болып кетті. Жұмыс десе жанын аямайтын жанкешті адам екенін ұғындым. Қазақстанда сол кезде он жеті мыңдай ескерткіш бар екен, соның барлығының құжаттарын Өзағаң ретке келтірді. Тіпті оттыққа дейін, көне шәйнек, құманға дейін ауыл -ауылдан жинап, мұражайдың толығуына еңбегі сіңді. Құрған ансамбльдерін «Адырна», «Арқас», «Сазген», «Алтынай» деп атауы да ерекше еді. Артынан бірнеше кітап қалдырды. Қысқасы, бұл кісі елім, жерім деп күңіреніп өткен кісі, оған дау жоқ» деп еді. Ғалымдар үйінің директоры Ғ.Бибатырова Өзағаңның адамгершілік қасиетіне ерекше тоқталып, «Мен ол кісімен замандас болғанымды мақтанышпен айтып жүремін. Ондай адамдар өте сирек. Бұл кісі үлкен ғалым, этнограф, публицист, керемет еңбекқор адам еді, мінез болмаса тұлға болмайды ғой. Жақсы көрген адамына әзілі де жарасушы еді, сұсы бар еді, сондықтан көбісі қарсы келуге батпайтын. Бұл кісінің есімі ел есінде мәңгі қалады» деп толғанады. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, Ө.Жәнібеков дарынды жастарға қамқор болып, олардың қанаттануына, сахналық шеберлігін шыңдауына ерекше көңіл бөлді. Сондай қарындастарының бірі – Мәдина Ералиева еді. Сыңғыр дауысты сырнайшы қызды жиын -тойда көріп, әншілігін мойындағаннан кейін Өзағаң «Адырна» ансамбліне әнші ретінде қабылдайды. Ол Мәдинаның орындайтын әндері мен киетін ұлттық киіміне ерекше мән беріп, үлкен сахнаға алып шықты, бағын ашты. Жас
әнші өз тыңдаушысын тапты, көпшілік қошеметіне бөленді. Академик Ә.Қайдаров Өзбекәлі Жәнібеков жайлы «Өзағаң туралы көп айтуға да, аз айтуға да болады. Ол кісінің қазақ халқына жасаған жақсылығы, игілікті істері мол. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе әперуге байланысты біз бірігіп еңбек еттік. Ақтаңдақтарды ақтап алуға байланысты көп ақылдасушы едік. Ол кісінің артына қалдырып кеткен ғылыми еңбектері баға жетпес қазына. Қолға алған нәрсесін аяқтауға тырысатын. Қазақ тілі қоғамын құруға мен мұрындық болсам да Өзағаңның көмегі көп болды. Тілімізге мемлекеттік мәртебе беру деген үлкен іс. Сондықтан бұл іске халықты араластыру, елдің санасын ояту керек болды. Осы істердің барлығына жол көрсетіп келген Өзбекәлі Жәнібеков еді» деп еске алады. Иә, тарих қойнауына үңіліп, халқымыздың өмірі мен тіршілігін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеп, ерлігі мен бірлігін паш етіп, келер ұрпаққа баға жетпес құнды еңбектері мен өсиетін қалдырған еліміздің біртуар ірі тұлғаларының бірі – мемлекет қайраткері, белгілі этнограф, тарихшы-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі жыл өткен сайын құндылығы арта түсері анық. Оған еш дауымыз жоқ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   108




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет