Құлыяс Табыл. Таңдамалы. Үш томдық / Т. Құлыяс. – Астана: Фолиант, 2015. ӘОж 821. 512. 122 Кбж 84 (5Қаз)



Pdf көрінісі
бет24/24
Дата04.02.2017
өлшемі1,88 Mb.
#3366
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

ЖАГОРДЫҢ ЖАНЫ

Жарықтық Есіл, Нұра өзендерінің құйқалы өңірі 

тоқшылық берекесі болған ғой. Сосын да жағалай ел 

қонған ғой. Пенде көңілін сұлу табиғатына аударып, 

жоқшылықты аңдатпауға әсер еткен. Бабалардан қалған 

сөз: «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дейтінді ұқтырған. 

Атақты Асан қайғы: «Ішіме сыйсаң, ішіп кетер едім, 

қанжығама сыйсаң, бөктеріп кетер едім» деп тамсануы 

тегін болмаса керек. Бүгінде өңір жүдесе, дәрменсіздік 

пен енжарлықтың кесірі, басшылықтың ақыл-ойының 

кемдігі. Өйткені өзен салалары суға жарымай қалған. 

Іркіліп ағатын сиыр тілді толқындар көзден бұлбұл 

ұшқан-ды. Жә, жер тарихы, ел тарихы ұрпақтан ұрпаққа 

жалғасып, қалың жұрттың жадында. Ерте, ертеде 1870 

жылдары Ресей патшалығының қысымымен жер ауып 

келген Егор Рекин еркіндігім қайырлы болғай деп Нұра 

өзені бойындағы «Қазоты» көлінің жағасына орналасып, 

ұрпағын балықшылық кәсіппен асырай бастайды. Бұл 

өңірді Алтай, Қарпық, Темеш рулары мекен етіп отырған. 

Күнкөрістері мал өсіру болған. Еліне елеулі, халқына 

қалаулы Қоспан өңірдегі Ащыкөл, Тұщыкөлді ертедегі 

аталарынан бергі жылдарға дейін иелік еткен. Қоспан бас 

сауғалап келген Егорды жатсынбай, жұрттың қатарына 

қосып, аралас-құраластықты бастайды. Ежелгі меймандос, 

қонажайлық салтымен басына үй тігіп, алдына мал салып 

береді. «Табы бірдің тәңірісі бір» деп есептейді. Егор мұндай 

қайырымдылықты қуана қарсы алып, бірінікі жетпесе, 

екіншісімен қолда бар дүние-мүліктерін тіршілік үшін 

бөлісіп пайдаланады. Ой-тілектері біте қайнаса бастайды. 

Құдай алдындағы қайырымдылық қарызын адалдықпен 



401

ақтауға іштей ант еткен де болар. Қазақтар болса Егор де-

генге тілі келіңкіремей, есімін Жагор атандырады. Егор 

қазақтардың адалдығын, қамқорлығын түсініп, бар ын-

тасымен тілін, әдет-ғұрпын жалықпай үйрене бастайды. 

Патшалық Ресейдің зорлық-зомбылығынан қашып кел-

ген әйелі екеуі осы халықтың қолында туып, қолында 

өскендей, тел қозының сыңарындай үбірлі-шүбірлі бола-

ды. Қазақ жерінде дүниеге келген төрт қызы қазақ бала-

ларымен ойнап, күліп, тілдері қазақша шығады. Ұлдары 

да қазақ тілін, дәстүрін жастайынан қалыптастырады. 

Өйткені әке-шешенің өздері көбіне қазақша сөйлесіп, 

көрші-көлеммен араласқанда орысша айтпайтын-ды. 

Тілін білді, жергілікті халықтың бабын тапты, жылдар 

өтіп жатты. Орыстың мақалындағы: «Тапқан анаң емес, 

баққан анаң» деген сипаттан адамдар сыйласа келе жанын 

танып, ұғысады. Әсіресе, балғын жастар бірін-бірі қимас 

досқа айналады. Талай жиын-тойларды бірігіп өткізіп, 

ән шырқалып, домбыра тартылып жатқанда Егордың 

отбасындағылар тезінен үйреніп, алғырлықпен ұғынып, 

өнерге де бейімделе бастайды. Егор замандастарына «Менің 

сүйегім – орыс, жаным, қаным қазаққа айналды» деуінің 

де мәні бар. Кенже қызы Мәриям бала кезінен қазақ тіліне, 

өнеріне ерекше дарындылығын таныта бастайды. 

Қазақтың ақиық ақындарының бірі Қалижан 

Бекқожиннің «Жагор қызы» поэмасындағы «Телміріп 

тыңдаушы еді, таңдай қағып, ауылдың аспанында ән 

өрлесе» деуі «Дудар-ай» әнінің құдіреті еді. Қандай да 

жиын-тойдың сәні де, мәні де Мәриямның алғыр ойы, 

өміршең өнерінің нәтижесі болса керек. Ал өмірінің соңғы 

жылдарында Егор бір жиында Сәкенді көріп: «Сұлулығы 

әлемдік екен» деп тамсаныпты деседі. Мәриямның өнерін 

қазақ елі аңыз ете бастағанда оның құдай қосқан жары 

Дүйсен Үкенұлының да серілігі, ерлігі, өнердегі алғырлы 

замандастарынан кем болмаса керек. Дүйсен Ащыкөл 

өңірін мекен еткен. Дүйсен мен Мәриямның некелесуіне 

жолдас-жоралары тілекші болса да, дінді бұзуға болмайды 

деген қарсылық кездеспей қалмайды. Егор да қызының 

бір орыс жігітіне тұрмысқа шығуын қалайды. Тегеурін 

қатты, қазақ салтымен бел құда боп қойған Ыдырыс 

26-0203


402

бастаған топ Дүйсен мен Мәриямды сойылға жығады. 

Махаббат пен қорқынышқа тоғыса төгілген қайғының 

ұшқыны Мәриямның сүйген жігітіне арнаған «Дудар-

ай» әні ашудың асау толқынын жуасытқандай дүниеге 

келеді. Бұл әнді атақты «Қанатталды» әнінің авторы 

Сәтмағамбет Ахметов орындағанда қаскөйдің де дәті шы-

дамай аяушылық сезім білдірсе керек. Ел оқиғаларын 

жақсы білетін мұғалім Өміртай Сыздықов:

– Алдымен Тұщыкөл туралы айтсам, «Ащыкөл, Тұ-

щыкөлдің арасы бір», өлеңнің өзегі болған жолдарда 

қарттардың айтуынша, кейбір жылдары қар қалың түссе, 

су тасып, екі көл бір-біріне қосылып кетеді екен. Дүйсеннің 

орыс қызына үйленуіне қарсылық болғаннан кейін екеуі 

Тұщыкөлдің маңайындағы ну қамыс арасында паналап 

жүрген. Дүйсеннің бірінші әйелі баладан қайтыс болып, 

қырқынан шықпаған сәби Мәриямның қойнында бола-

ды. Дүйсеннің құрбы-құрдастары тамақ апарып тұрған. 

Біраздан соң ауылдың азаматы Бекқожа Бекежановтың 

үйіне жасырынып келіп, Дүйсен мен Мәриям паналайды, 

содан ел ақылдылары мәмілеге келіп некелесуіне рұқсат 

береді. Бірі орыс, бірі қазақ алғашқы рет шаңырағын кө-

тереді. Мәриямның ерлігі Дүйсеннің бірінші әйелінен 

қалған сәбиін бауырына басып өсіреді. Бұл шамамен 1905 

жылдар екен. Ақынша айтқанда: «Сөйлеп қыз қазақ тілін 

өз тіліндей, ауылда өзгелікті өсті білмей» деген Мәриям 

«Халықты сүйсең тілін біл, дінін үйрен, мәдениеті мен 

өнерін жатта, бар жақсылығын ала біл» дейді екен. Қайран 

ән, қайран күлкі, ұзағынан сүйсіндірмей, Дүйсен өмірден 

озды. Мәриямның төрт бірдей ағасы соғысқа кетті. Қайғы 

жұтып қалған Мәриям өзінің шерін тарқатқысы келіп, «Ақ 

сәулем» әнін кейде көзіне жас үйіріп отырып толғайтын 

еді. Дүйсен ағамыздың жерленген жері осы ауылдың шет 

жағында, – деді де Өміртай сөзін жалғады. – Дүйсенге де 

ескерткіш керек, ұлттар достығының дәнекері еді ғой. 

Мәриямға ескерткіш қойылды. Тарихта аты қалды. Айта 

кетерлігі, соғыс басталған жылы Тұщыкөлдің суы тарты-

лып қалды. Көл ортасындағы аядай жерде екі тас көрінді. 

Бір ғажабы, осы екі тастың арасында бір киік қыстап 

шықты. 1942 жылы өзенге су түсіп, көл қалпына келді, 



403

табиғаттың осындай құпия сыры есімізде қалды. Өңірдің 

бастан өткен жақсылығы да, қайғысы да жетерлік. Кейде 

жүйкем босап, тағдырға налимын, ұлым мен қызым қалада 

оқитын еді, елге қысқы демалыста келемін деп жаяулап 

шығып боранда үсіп өлді. Мәриямның «Дудар-ай» әні қазақ 

еліне танымал болып, Алматыдан оралған бойда Мәриям 

Үлебайды сауық кешіне шақырып: «Қайғысыз пенде жоқ, 

қуанышымыз көбейіп, мұң-шерімізді жеңілдете берелік, 

менің атымды шығаруға еңбек сіңірдің», – деп астына ат 

мінгізіп, үстіне шапан жапты. 

Мәриямның ауылдастары, бүгінде бірнеше ұлт 

тату-тәтті өмір сүруде. Осында туып-өскен Галий Петр 

Александровичтің әкесі Шурикпен дос болдым, той-

томалақта қазақша ән айтып, той басқарып жүретін 

еді. Бірде көрші совхозға тойға бардық. Екеуіміз қатар 

отырғанбыз, сөзден сөз шығып, отырған бір азамат

«Қасыңда көккөз отыр ғой, басы жарық емес шығар» деп 

сөз бастай бергенде Шурик күліп: «Басым жарық болса, ай-

ран құйып ішейін деп пе едің?» дегенде жұрт қыран-топан 

күлкіге батқаны бар-ды. Кішкентай ауылымызда Сейдах-

мет деген ініміздің әйелі Ирина – неміс қызы, Аманжол 

деген ініміздің әйелі Вера – орыс қызы. Мәриямның бір 

бауырласы Петр Гайлин қазақша орта мектеп бітірген. 

Әйелі Райхан, балалары Әлмира, Ранат, Гүлмира – бәрі 

де қазақ мектебін бітірген. Сейдахметтің зайыбы Ирина 

ұлы Қайрат, егіз балалары Әлшер, Әлиді өсіріп, қазақша 

тәрбиелеп отыр. Тар жерде табысқан көңілдер кең жер-

де сыйластықтың биігіне жеткен. Егордың жаны, қаны 

Мәриям: 


«Дударды айтып едім жас шағымда, 

Ол заман өтіп кеткен бір сағымда. 

Ел қамын ойлар кезім егделеніп, 

Дударға бір басайын мен тағы да», – 

деген үн ауыл аспанында әлі өшкен жоқ. Ұрпақ жалғас-

тырып жатыр. Табиғаттың құпия бір құдіретіндей екі егіз 

көлдің қақ ортасында аттың жалындай боп жатқан Қоспан 

түбегі деген жер бар. Егордың замандасы, сырласы, сыйла-


404

сы болған Қоспан 90-нан асқан екен. Ол кісі: «Жасымның 

ұзақтығы – халқыма жасаған қайырым, мол мейірімім, 

елді, адамдары ерекше құрметтеуім», – депті деседі. Соның 

бір ұрпағы Серік Оспанов: «О кісіден бес ағайындымыз, 

ең кенжесі мен. Үлкен ағайым Қайыржан, оның он бала-

сы бар. Дүйсен де аталарымызға жатады. Бірақ, басында 

дұрыс белгі жоқ, елде бір мұрағат ашуға болар еді. Билік 

онша көңіл бөлмейді. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин 

бағалаған, құрмет тұтқан, дәмдес болған Мәриям мен 

Дүйсен өмірі ұрпаққа жалғаса берсе дейміз. Ел өнершілері 

Сәтмағамбет, Үлебай, Әкімжан, Қоспан сынды аталары-

мыз мұраларын жинастырса деген үмітіміз бар. Биліктен 

қолдаушы болса, іліп әкететін ұрпақтары бар. Мәриямның 

соғыс жылдарында шығарған «Отан үшін туған» әнін өзі 

бабымен айтады екен. Қазірде Егордың белінен тараған 

қыздары және Мәриямның ұрпақтары жетпістен аса-

ды. Бәрі де қазақша білім алып, тірлікте өздерінің ор-

нын тауып, Қорғалжын ауданы, Ақмола өңірінде өмір 

сүріп жатыр. Егор замандастарына: «Қазақтың «Кімнің 

жерін жерлесең, соның суын сула» дегеніндей, сүйегім – 

орыс, жаным да, қаным да қазақ. Себебі, осы өңірдің ауа-

сын жұтамын, азығынан қаныма, жаныма нәр аламын, 

өлсем осы жердің топырағын жамыламын, тату достарым 

тірлігімде бірге, өлсем солар жоқтайды», – деген екен. Біз 

ұрпағын көрсек құрмет тұтып, Жагордың жаны дейміз. Ел 

тарихымыздың ұмытылмайтын парақтары ғой. 

 

НЕДЕН КЕНДЕМІЗ?!

Бәлкім, үлкен талап қою керек емес те шығар. Бас-

басымыз басқарушы болмасақ та, тапсырылған істі ат-

қаруға қабілет жетті. Мінсіз орындауға тәк тұрамыз. Бас-

шының басалқы ақылына елікпей, жөнсізін де жөн деп 

ұғамыз. Шәлкестік мінезден аулақпыз, орынтақта отыр-

ғанның алдына абайлай басып бармақпыз. Сөз бастауын 

ақыл-ойыма сіңіріп қалмақпын. Олай десе мақұл, бұлай 

десе мақұл, бауырсырап тұрмақпын. Ауыл айтқыштары 

айтқан «Бастық мінген байталдың да бас асауы болады» 


405

дегенді өзімше жырлаппын. «Ғасырдан асқан ақылдым, 

әр сөзің заң, нақыл тың. Тарихта болған емес дәл өзіңдей 

батылдық, мекеменің жұмысын мыңжылдыққа асырдың» 

деп жағына білуге бай едік. Арақ іштік, желіктік, ерлік 

айбарды ұмыттық. Ұрпаққа «О дүниеге барғанда әкенің 

еңбегін, ананың ақ сүтін ақтадың ба?» деген сұрау бо-

лады дегенді айта алмадық. Бар тапқанымыз – билік ал-

дында дірдектеп, жаутаңдадық. Өйтпесем табысымнан 

қағыламын. Жұмыстан қуылып, арақ ішіп, қағынамын. 

Тілімнің майын тамызып, бастықты мінбеден мақтасам, 

сыбайластың олжасынан табыламын. Мендегі дәйекті 

мінез бұрын солай болғасын, бүгінгі ұрпағымызда 

мыңдаған бойдақтар селтеңдеп қу бас атанбақ, шын 

өлім деген сол. Адамдар байыған сайын туыс-туғанымен 

алакөзденіп, күндеушілік пайда болды. Отбасында 

«Қызды қырық үйден тыя біл» деген тәртіптен кендеміз. 

Орынтақтағылар шашпалыққа бай, түрлі кеңселердің 

құрал-жабдықтарына 1,2 миллиард жұмсалса, одан қулар 

олжа тауып қалады. Жағымпаздан кенде емеспіз: «Басе-

ке, сіздің үстеліңіз, орындықтар шет елден келген, шы-

бын тайып жығылатындай жып-жылтыр, өзгелеріңізден 

кеңсеңіздің мәдениеті жоғары», – деп дәлелдесе, бастық 

дәрежесі өскендей жомарттана түсіп: «Біз бай елміз, 

үкіметтің қаржысы жетеді, осындай дәуірлеп тұрғанда нені 

аяймыз?» – деп билік кернеп тұрған кеудесін көтереді. Есік 

күзетшісіне әкем де болса қабылдап, мені мазалаттырма 

деп қатаң тапсырыс береді. Неден кендеміз, басшылықтың 

халық арасында жиі болып немесе қабылдауына келген-

дерге есігін ашып қойып, олардың пікірін тыңдауға өреміз 

жетуден кендеміз. Орынтаққа отырғасын өркөкіректенуге 

баймыз, ондайды қолпаштайтын жағымпаз, өтірікшіге 

кенде емеспіз. Кейде желікпе мінезділерді көріп, біліп: 

«Бұлар өзі не болса, о болсын, өзгеден ұялмай ма?» деп 

жұқарасың. Орынтақтағыларды ақыл-есін кемшін емес 

делік, жағымпазы мен өтірікшісі алдау арқылы жұрт ал-

дына шықтым деп мақтануынан кенде емеспіз. Өтірікші 

дегеннен шығады, Солтүстік Қазақстан облысында жалпы 

құны 11,5 миллиард теңгелік зауыт әлемдік деп жар салын-

ды, ақпараттарда өнімі жұмыр жерде теңдесі жоқ, Европа-



406

дан тапсырыстар түсе бастады делінді. Кенет биоэтанол да 

жоқ, зауыт та тоқтап қалды, үш жүз қызметкері айлығын 

ала алмай жұмыстан шығып кетті. Аузын қу шөппен 

сүртіп бастық қалды. Облыс басшысының орынтағын 

сақтағысы келіп, мақтанып алғаны өтіріктің көкесі болды. 

Өтірікті жазалауға кендеміз. Өтірікті малдану, алданбасқа 

алдануға баймыз. Болымсыз болдырып, жалғандықты 

жоқтан жақсы деп оңдырып, басшыға кіріптарлықтан 

шықпай, шындықпен ұтпай, амалсызға жүгініп жүрміз. 

Кісімсініп тұрып сухитқанға мұның жөнсіз деп айта алмай, 

тәсін қайтармай, қайта ісің таза деп бәйек болатынымыз 

қандай аянышты. Әрі айтып, бері айтқанда қай заманда да 

өтірікшіге сот жоқ. Өткен заманда осындай сұм-сұрқиялар 

жазықсызды жазықты етіп, талай арысымыздың басын 

жұтты. Сондықтан кейбір мекемелердегі өтірік мәлімет, 

өтірікшінің шаруаны құлдыратуын жазалаудан кендеміз. 

Керісінше кешірімшілікке баймыз. Бабалардың «Биге 

ерген жағады, не берген жағады» дегені бүгінде орынтақ 

иесі, қолында мөрі барға жағынатын жетерлік болса, пара 

берудің мың сан амалын тауып жатырмыз. Орынтаққа 

ниетіміз ауып жатыр, ондайды мысқылдаған ауыл 

айтқыштары «Әліне қарамай көже де көпіреді» дегенін 

біріміз ұқсақ та, кейбіріміз түсіне қояр ма екенбіз? Кеңес 

заманында «Білік сөйлемейді, қазанда бүлкілдеп жатқан 

жілік сөйлейді» деп қой сойып, қол қусырған адамға ша-

руаны басқару бұйырып еді. Бүгінгі тірлікте біреуі ау-

дан, облыстың тағына отырса, туыс-туғаны жымдаса ба-

стады, нөкерін ертіп жүруге кенде болмай қалдық. Олжа 

бөлісі ылпып тұр, жемқорлар тізімі өсіп барады, оны 

санауға кендеміз. Оңтүстік Қазақстан облысында мектеп 

оқушыларының кейбірінің ауыр қылмыс жасауы ата-

баба тәрбиесінен безініп, ғаламтор мен «көк жәшіктегі» 

атыс-шабыс қырғынға еліктеу ме, әлде әке байлығымен 

желіктеу ме, миы бұзылып, қара ниеттенуді әкенің айба-

рымен тәрбиелеуден кенде болғанымыз-ау. Қазақ «Тен-

тек ұлың – көңілдің қасіреті, көзіңнің ақ шелі» дегенді 

ұмыттық па? «Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп 

күнелтпек» деген әлем данышпандарының бірі Абайды 

оқудан гөрі, шет елдің жамандығын, зұлымдығын теле-

бейне, интернеттерден көріп қалып қайталайтын зәлімдер 


407

төбе көрсете бастады. Кейбір әке ұлынан, ана қызынан 

түңіле бастаудан кенде емеспіз. Астанаға келгендер там-

санып қарайтын байлығымыз бар, халық та ішпесті ішіп, 

киместі киіп байығаннан кенде емеспіз. «Енесі тепкен 

құлынның іші ауырмайды» деп аз да болса кездесетін 

кемшілікті сынап, шын өлуге жібермеуді парызымыз 

десек қайтер еді? Аты шықпаған таудан аты шыққан 

төбе артық, алпауыт мемлекеттеріңнен қазақ елім мың 

артық. Асып-төгіліп жатқан байдан көжесі бар мен артық. 

Жақсылығымен аты шықпаған халықтан ойлы патшалы ел 

мың артық. Көппін деп көкитіннен азға береке дейтін мен 

артық. Иесіз жатқан даладан иесі бар Жетікөл мың артық. 

Жасына жетпей өлетін сұм-сұрқиядан тыныш ұйқың 

мың артық. Пенде жүрегі әр нәрсеге жүрер құмартып, 

олжа жолында әлсіздерді жылатып, көздің жасынан 

қорықпайтындардан жұбатушы мың артық. Қиянатын 

сезбейтін таққұмардан жаяу жүретін мен артық. Биліктің 

ықпалына шырматылған жағымпаздан алымпаздар мен 

пара берімпаздардан адал жолдағы мың артық. Еркін ойы-

нан тыйылып, ісі сұйылып, жоққа бола ашынудан еңбегін 

қадір тұтушы мың артық. Көкірегімізде менім болғасын, 

бәрінен де мен артық. Жүз таныстан да ескі досым, Шәміл, 

сен артық. Өздерің біліңдер, у-дудан сақтасын, бірін-бірі 

жататын құлатып. «Кінәңді кейде Алла кешер, бірақ 

аруақ кешпейді» дегенді түсінуші көп болғай. Өткен за-

манда ауыл айтқышынан қалған сөзде: «Өтірікшілер ака-

демиясын бітіргендердің желбуаз сөзіне сенгенше, өзіңе 

сен», – дейтіні әлі тірі сүйретіліп жүр. Шаруаңды айтуға 

басшыңның кең кабинетіне кіре алмасаң, ойланшы, се-

нен шыбын ақылды, оның есігінен шыбын да сығалай ал-

майды. Шыбын шет елден келетін улы тағамдарға қонып, 

шын өлді, тұқымы жоқ, сен балаларың тұрғанда өлмейсің, 

көргенім көп, көрмегенім одан да көп деп, ашық аспан 

астында талтаңдасаң талтаңда, ақшам болмаса да қалтамда 

деген әніңді шырқап тарта бер. 

Айтпақшы, 1920 жылы кеңестік оқымыстылар қайтыс 

болған атақты адамдардың бас сүйегінен миын алып, зерт-

тей бастаған ғой. Оның негізін салушы академик Владимир 

Вектерев көрінеді. Ми институтының зертханасында Ста-

лин, Киров, Калинин, Маяковский және басқа да толып 


408

жатқан  ұлы адамдардың миын қарапайым адамдардың 

миымен салыстырғанда түк те айырмашылығы жоқ деп 

шешіпті. Қанша дегенмен олар социализмнің адамдары 

ғой, бүгінгі капитализмнің пенделерінің миын зерттесе, 

жер мен көктей айырмашылық табылуы мүмкін. Өйткені 

құныққандар да, жыныққандар да мидың қабілетін жүз 

пайыз өзгеріске ұшыратты ғой. Оның үстіне ми компью-

терге, интернетке айналды. Сосын да ми талауға түсіп, 

даналық ойды жадымызда тұрақты сақтаудан кендеміз. 

Ең бастысы, әлемдік санақтың 1897 жылғы дерегінде 

қазақтар өзбектерден бес есе көп, бүгінде өзбектер саны 25 

миллион болса, біз төрт бірдей аштықта қырылмағанда 125 

миллион болар едік. Осыны түсінетіндер қазақ ұлтының 

өсімін көбейтуден кендеміз. Бүгінде тұрмыс-тірлік көр-

кейген сайын пейіл тарылып, күндестік, алакөздік, түрлі 

қылмыс жан-жағымызда көріне бастады. Адалдық аза-

йып, қатыгездік, пайдакүнемдік, өркөкіректік күшейіп 

барады. Түкке тұрғысыз нәрсеге бола жанжал шығып 

жатады. Туған жеріміз Жетікөл өңірі бізге де мың артық 

қой. Бүгінде адамдар байыған сайын ізеттік, мейірім тары-

лып бара жатқандай көрініп, сұрапыл соғыс жылдарында 

жау қолында қалған Украина, Беларусь елдерінен келген 

отыз жетім балаларды тәрбиелеп өсірген «Терісаққан» 

совхозының директоры Ахметқан Ниязбаев әулеті, туған 

қарындасы Фатима жайлы деректі повесімді тарихы-

мыз есебінде кітабыма енгізіп отырмын. Ойлан, ұрпақ. 

Қайырсыздың жолы тар, қайырлының ізгілігі ғасырларға 

кетеді. Қазақ ұлтының ұлылығы кейбіреулерге жасы-

рын сыр, құпия боп көрінеді, кейбірі мойындап түсінгісі 

келмейді. Бәрібір рухы жоғары, ұлтымыз әлемді мойында-

тады, түптің түбінде біріншілікті еншілейді. 

 

 

ДОҢЫЗ ДӨҢБЕКШИДІ



«Қызғаншақтың ішінде доңыз дөңбекшиді» деген оқтан 

өткір, қылыштан қиғыр, зұлымдықты жойып түсетін, 

керауыздың көкірегін ойып түсетін сөз бар. Естігенде көзі 

ұясынан шығардай, денесі дірілдеп тұрардай, зәлімдігін 

өзі де ұғардай сүйектен өтер сөзді өскемендік А.Л. Феок-


409

тистов естімеген де шығар, естігісі де келмес, шованистік 

өрескел мінез ештеңені ойландырмайды. Дауасыз адам-

да сылдыраған дерексіз ой болады. Автордың кітабында 

кінәлап отырғаны В.И. Ленин болса, көсемнің «Орыс 

шованистері аса қауіпті» дегенінің маңызын түсінуден 

айырылған. Даңқ-дақпыртпен былығып, өтірік айтсаң 

өлгенді куәға тарт дегеннің кебі екенін түсінерсіздер. 

Өйткені, жүз орыстың ішінде бір шовинист болса, 99-ының 

қадірін кетіретінін неліктен қаперіне алмады, шіркін. 

Кеңес Одағын ұлы державаға айналдырып, жұмыр жерді 

талқандаған фашизмді жойған И.В. Сталинді де кінәлауы 

мүлдем түсініксіз. Онысы «Құлан құдыққа құласа, 

құлағында құрбақа ойнайды» дегеннің кебі. Ойына есеп 

бермейтіндер дерсіз, бірақ тар пиғылдының арамза ойы, 

араздықты қоздырып, бүліншілікпен қантөгістен ұпай 

жинағысы келеді. Жұмыр жер халқы онсыз да былығып, 

ортасы төгіліп жатыр. Адамзат тарихы зәлімдіктің кеса-

патын көріп келеді, әлі көре берді. Сондықтан А.Л. Феок-

тистовтың «Русские, казахи и Алтай» деген кітабы 

Мәскеудегі «Альфа и Омега» баспасынан 1 мың данамен 

басылып тарап кеткен. Адамға жүз дос та аз, ал керісінше 

бір дұшпан да қауіпті. Автордың көкірегін мысықша тыр-

налап, сонша шала бүлінді дерсіз. 

Оның іштегі қыжылы – қазақ елі Ресейдің жерін 

меншіктеп отыр екен. Алтай өлкесін толайымен Ленин 

мен Сталин 1921-1922 және 1936 жылдары Қазақстанның 

территориясына енгізіп жіберген деп ызаланады. Кесапа-

ты қырық пышақ болып, қырқыстарды көксейді. Қисынға 

келмейтін түрлі деректермен көпіртеді. Бірақ Алтай деген 

қазақ сөзі екенін, орыста ондай сөз жоқтығын қаперіне 

де алмайды. «Тыныш тұрмаңдар» деген Құдайдың қар-

ғысына ұшырады ма, өліп-өшіп өзінше өңештеп жанта-

ласады. «Қарғыс атқыр, жат ой, қаскөй пікір атом бом-

басынан да қауіпті екен!» – деп, кітапты оқып отырып 

жағаңды ұстайсың. Қазақ жерінің нанын жеп, суын ішіп, 

нанның киесінен қорықпағаны ма деп түңілесің. Автор 

ашуын баса алмаса, Ресей ақыны Владимир Берязовтың 

«Тобық» поэмасындағы оқиға қазіргі Қазақстан жерін-


410

де ғана емес, соңғы үш мың жылдықтың өн бойында 

түркілердің ата жұрты Алтайда өтеді дегеніне тоқтамас па? 

От үргілеуші тоқтамайды. Ендеше, толып жатқан тарихи 

деректердің шындығын айтып, бетіне басалық. Мәселен, 

ХVІІІ ғасырдың 70-80 жылдарының өзінде Батыс Сібірде 

37 болыстық қазақтар мекен еткенін Т.Н. Совельевтың 

«Местное самоуправление в середине ХVІІІ первой по-

ловине ХІХ века» кітабын оқығандар жер кімдікі екенін 

бірден түсінер еді. Ал әлемдік жиһанкездер, жер, су, тау 

картасын сызғандар мекен еткен халықтың қандай жерді 

қалай атағанын нақты жазып қалдырып, тарихқа қылдай 

қиянат жасамағанын автор қаперіне неге алмаған? Айта 

кетелік, Сібір өлкесінің картасын 1542 жылы жасаған Ан-

тония Вида және Себастьян Мюнестр Об өзенінің Каспий 

теңізі, Еділ, Жайық, Арал теңізін нақты көрсеткен. Тарих 

әлем ойшылдарымен жалғасқанын автор сезбесе, мына 

мысалды айталық. Үнді елінің елшісі Джордж Раджумен 

әңгімелескенімде: «Біздің қазақ елімен ерте заманнан – 

І ғасырдан бастап байланысымыз болған. Арал теңізі ол 

кезде Кердері мемлекетінің теңізі делініпті, сол сықылды 

Елек өзенінің Қобдаға құятын сағасында сол мемлекеттің 

қаласы болған. Қазақтар күймемен Үнді еліне 40 күн жол 

жүріп, түрлі өнерлерін көрсетіп, сауда жасап, тату-тәтті 

қатынас орнатқан», – дегені бар-ды. Ал Феоктистов сухи-

та тіл безегенше, тарихты тереңдеп зерделемес пе? Бетімен 

лаққанға тағы бір деректер: Брокгауздың Лейпциктен 

шыққан энциклопедиялық сөздігі мен Ефронның Петер-

бургтен 1895 жылы шыққан ХV томын қараса: «В мире име-

ются 3000 наций и народностей, 200 государств. Казахстан 

занимает 9-е место в мире по территории», – деп жазғанын, 

1900 жылғы Ресей сенатының деректерінде қазақтар саны 

8 миллион 200 мың халық екенін автор көз алдына елес-

тетсе, жүрегінің қабы жарылып, жағы қарысып қалар 

ма еді? Бірақ Феоктистов сөзге, шындыққа тоқтар ма, 

қызғаншақтың ішінде доңыз дөңбекшігендей болса, қазақ 

жеріне көзінің сұғын тастап, отқа май құйғандай қиқуын 

тоқтатпас, сірә. Ең сорақының сорақысы – «қазақ» деген 

халық атауы «казак» деген сөзден шыққан деп жазып-


411

ты. «Неся пограничную службу в Могудистане, кочевые 

узбеки и будущие казахи в том числе, получили имя ка-

зак. Казак у тюрок имело значение «бездомный человек», 

«скителец», – деп, ұлттық намысқа масқара шабуыл 

жасайды. Езбелігін елеусіз қалдырып көр. Бұға берсең, 

сұға беретінін түсініп, шыдап көр. Біз күйіне күлеміз, со-

нау патшалық Ресейден бастап, қазақ жерін отарлаудың 

қанды қасабы, одан кейінгі көсемдердің жымысқы 

әрекеті, рейдерлік басқыншылығымен Ресей қарамағында 

қазақтың 1,5 миллион шаршы метр жері қалды. Айталық, 

Омбы, Құлынды, Ор, Орынбор, Түрген, Сарыат, Аштархан 

сықылды қазақтар қалың қоныстанған құйқалы өңірден 

айырылдық. (Кешіріңдер, бүгін Ресейден жер даулау-

дан аулақпыз, ұлттық намысқа тиген авторға есіңді жи 

дегеніміз). Жалақор автор ең болмаса «Жизнь Сибера» 

журналының 1922 жылғы №3 санында Сібір өлкесін ме-

кен еткен 200 мыңнан астам қазақ болғанын, Құлынды 

өңіріндегі 30 мыңнан астам қазақтар 1542 жылдан бастап 

мекендегені мұрағат құжаттарында тұрғанын оқымас па?

Рас, Сталин заманындағы қанды қырғында төрт бірдей 

сұрапыл аштықта қазақтардың 80 пайызы қырылып 

қалды. Тірісінің біразы шет елге босып кетті. Бұл сүргінді 

әлем ғалымдары жазды. Орыс ғалымы Сажеников: 

«Қазақтар баласының нақты санын салықтан қорқып 

айтпай, төрт-бес қара домалақ дегенінің төртеуін есеп-

ке алғанда, 1900 жылғы 8 миллион 200 мың қазақ бол-

ды», – десе, сол кезде өзбектерден қазақтардың саны бес 

есе көптігі айтылса, бүгінде өзбектер 30 миллионнан асса, 

аштықта қырылмағанда қазақтар 100 миллионнан еркін 

асар еді. Сонда «Бос жатқан жер жау шақырады» деген 

сақтық сөз айтылмас еді. 

Франция тарихшысы Изабелла Очаена: «Қазақтардың 

80 пайызы аштан қырылып қалды. Салдары геноцидтен 

асып кетті», – деп әлемге жар салып жазса, Австралия 

тарихшысы Стиван Уникрофт: «Колхоздан шықпауы ке-

рек, қарсы болғанды атты, отырықшыландыру процесі 

мүлде қорқынышты, қырғын аштыққа ұласты», – де-

ген шындықты қалай жасыра аламыз. Қазақ жерін 


412

қазақсыз игеру Патшалық Ресейден басталса, Столыпин: 

«Қазақтарды емес, қазақтардың тың жатқан жерлерін ой-

лау керек. Оны тек қазақтардың өздеріне қалдыру Ресей 

үшін кешірілмес күнә болар еді», – деген жымысқы пікірін 

шовинистер әлі күнге қоздатып жүр. Аштық, қуғын-сүргін 

жылдарында қазақ халқы қырғынға ұшырамаса, Феок-

тистов сықылды бұзық ойлылар өсек өртін қоздатпас еді.

Автор қазақ ұлтынан түк хабарсыз екеніне түсінік 

бермесек те, Левшиннің жазбасында «Қазақтар Кас-

пийден – Алтайға, Оралдан – Тянь-Шаньға дейін қазақ 

рулары мекендеді, Арыстан патша заманында 400 мың 

әскері болды», – деп жазса, орыс ғалымы О.Ю. Сенков-

ский: «Бабыр мырзаның шағатай тілінде жазғанында 

қазақ сөзі бар», – десе, 1020 жылдары Фирдаусидың тари-

хи жазбасында: «Қазақ жұрты, хандары болды. Олар Айса 

пайғамбардан бұрын өмір сүргені ықтимал. Еділ-Жайық 

бойында Жошы елі, Жошы ұлысы аталған», – дегендей 

әлемдік тасқа басылған деректер барлығын оқыса, дау-

кес адам да дауласа алмас. Дандайсығандар да шындыққа 

тоқтар. Дүрбелеңнен басын алып қашар. 

Бүгінде әлемде қарапайым халықтың еңсесін кө-

тертпей, түрлі қақтығыстар дамыл табар емес. Теріс пи-

ғылдың кесірі өршіп тұр. Оның бәрі қызыл көздердің 

байлыққа, жерге таласынан, зұлымдықты жасырын жүр-

гізіп жатқан әлемді билеуге таласу саясатынан туын-

дап жатқанын халық білді. Сондықтан Ресей президенті 

Путин халықаралық сот заңдылығына рейдерлік бас-

қыншылықты тоқтатып, көрші елдеріне ешкімнің 

көз алартпауына, тыныштықты сақтауға байланысты 

әлем мемлекеттерінің басшылығы мақұлдап құжаттап, 

заң арқылы тыйым салу мәселесін қозғаса, артық бол-

мас еді. Сонда қазақтар көрші елдегі шовинистердің 

араздықты өршіткісі келетін, ымыраны бұзуға әрекет 

ететін зәлімдігінен тынышталар еді. О дүниеге барғанда 

Алланың бірінші сұрағы: «Көршіңмен татусың ба?» 

дегенді қазақтар есінен шығармай, жауына да амандық 

тілеумен келеді. 



413

P.S. Көршіміздегі іші тар, көре алмаушылардың 

кейбірі қызғаныштың қызыл итін үрдіруден кенде емес. 

Дүзелбай замандастарының қынадай қырылған қайғысын 

шовинистер білгісі де келмес. Он екі миллионнан асқан 

қазақтың түрлі ұлыстармен тату-тәтті өмір сүріп, әлем-

ге танылғанына іші күйіп, А. Феоктистов аласұрады! 

«Есіртсең, есектің қиы да секіреді» деп, ұлт араздығын 

қоздырушыға көршіміз Қытайда заң бар, бізде ол заң бол-

са, керауыздының ауызы жабылар еді...


МАЗМҰНЫ

Самғай ұшқан қаршыға... ...............................................3

Жылдар кетті жыраққа,

Ұмытылмас тарихымыз бірақ та .................................... 11

Тарихтан бір үзік сыр ................................................... 12

Тіршіліктің қайғылы парақтары .................................... 68

Циклон....................................................................... 83

Жансыз салған... ......................................................... 91

Құйын қаққан ............................................................. 95

Гитлер мен шайтан ..................................................... 102

 Қайдасың, Мәді? ....................................................... 107

 Тұтқын .................................................................... 112

Көкжиекке сіңіп барады ............................................. 128

Сұрмерген ................................................................. 131

Шалысесеп................................................................ 136

Қысасы кеткен .......................................................... 145

Аспаннан түскен жасын-ды... ...................................... 149

Ұлылықтан ұлағат қалған ........................................... 175

«Кім өзі? Атылсын!» .................................................. 184

«Өлсе өлер табиғат...» ................................................. 214

«Ну, серовно...» ......................................................... 349

Жагордың жаны ........................................................ 400

Неден кендеміз?! ........................................................ 404

Доңыз дөңбекшиді ..................................................... 408



Табыл ҚҰЛЫЯС

Таңдамалы

Үш томдық



Бірінші том

«Фолиант» баспасы

010000, Астана қаласы, Ш. Айманов к., 13

«Фолиант» баспасының баспаханасында басылды

010000, Астана қаласы, Ш. Айманов к., 13

Басуға 01.07.15 қол қойылды.

Пішімі 84х108 

1

/

32



. Қағазы офсеттік. Офсеттік басылыс. 

Шартты баспа табағы 21,84.

Тапсырыс №0203.  Таралымы 2000 дана.

Редакторы Ботагөз Мұхиден



 Техникалық редакторы Эльмира Заманбек

Көркемдеуші редакторы Жеңіс Қазанқапов

Корректоры  Айдана Сыдықбай

Компьютерде беттеген  Ақмарал Қадикенова




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет