М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ Тірі кісі табысар бір заманда,
Қойдай маңырап, қозыдай жамырасып.
Дүниеге жарасады күн менен ай,
Бұл заман да тұра бермес бұрынғыдай.
Мысалы бұл дүниені мен айтайын,
Теңеледі сол заманда кедей мен бай.
Өзгеріп онан кейін заман болар,
Жолына шариғаттың күмән болар.
Қызығы кәрі-жастан ұят кетіп,
Тәртіпсіз, ар жойылып, тәмам болар.
Кедейлік болар ма екен мұндай қиын,
Ойын-күлкі, айт пен той, қалар жиын.
Еститінің жаман сөз, суық хабар,
Жұмыртқадай шайқалар күнде миың.
Күншілдер көрінгенге қуғын салып,
Ақыры күнәсізге жала болар.
Үлгілі-өнегелі салты құрып,
Қаптаған айналасы қала болар.
Шайтан мен ел, құдайдан жат болды ғой,
Адамдар нәпсілерін ұмытты ғой.
Жер мен көктің кеңдігінен пайда болмай,
Жақсылық пен тыныштық ұмтылды ғой.
Жұрт көреді құдай ісі оңайлығын,
Қысы-жазы тыным жоқ, ыңғи шығын.
Пенде асығып жеткенше тарығады,
Мың да тоғыз жүз қырық бесінші жыл,
Жылқы шығып, қой кірер оны да біл.
Қойдан қоңыр заманды бір көресің,
Қой анасы бестен деп бусайшы бел.
Сарыарқа, Сарыжайлау жер тарылып,
Өрісі жоқ, жырық-жырық дала болар.
Сапырулы сар қымыз қолдан кетіп,
Сарғайтып ішетұғын шайы болар.
Үлгісіз ата менен ана болар,
Еркекті әйел билеп дана болар.
Ұлы арсыз, қызы ұятсыз есірік болып,
Бала емес пәле баққан жайы болар.
Биік тау төбе болар тас кеткен соң,
Жақсы ауыл ұры болар бас кеткен соң.
Қадірі бәйбішенің юола бермес,
Қолынан қара саба, ас кеткен соң.
Ақсақал төрде отырып кім болады,
Келіннен тыныштал деп сөз жеткен соң.
Ер жігіт мырза болып не қылады,
Қолдан дәулет, басынан бақ кеткен соң.
Ханның да қара тілін ала бермес,
Бастан тәж, астынан тақ кеткен соң.
Әкеден бала безер күн болады,
Қуат кеміп, сексенге жас жеткен соң.
Түн қараңғы, күндізді бұлт демеңіз,
Мынау жарлы, мынау бай күндемеңіз.
Ата-анасын қаңғытқан ұл мен қызды,
Аузы түкті кәпірден кем демеңіз.
Бір жылы мешін деген жыл болар,
Нәсілсіз біреу ел басқарар.
Ақыры елді аздырып,
Бір-біріне қас қылар.
Өзіңнен туған бел балаң,
Саудагердей сарт болар.
Бірге туған туысың,
Алаштан бетер жат болар.
Бір жыл болмаса бір жыл қой жылы болар,
Баршылық, молшылық болса да таршылық болар.
Қилы-қилы заман болар,
Ақша құнсыз қағаз болар.
Қоян жылы заманың тар болар,
Ел тапшылық пен жоқтыққа тап болар.
Қоғамның жиған малы топалаң келіп,
Қысы жұт, азық қымбат, нарық болар.
Бұл сөзім өтірік емес, шын расы,
Мұнан соң ұрлық қылар кәрі-жасы.
Кедейліктің иісі қазақта тұр,
Ондырар ма сәулесіз өңкей масы.
Сол заманның бірталай ұлықтары,
Ұры-қары сұмдардың жан жолдасы.
Қазақ талай ел болмақ тарағын-ау,
Ойлайтыны әркімнің өз пайдасы.