М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ Торайғыр бидің тастүйін толғамдары,
билік-кесімдері даналық мектебі, көркемдік қазына
деуге болады.
«Жоқтау» – қазақ халқының өмірі мен
поэзиясында тарихи-мәдени мәні ерекше құбылыс,
тұрмыс-салт жырларының бір саласы. Халықтың
асыл перзенті, елдің құрметтісі, сүйіктісі, әр
шаңырақтың «ақыл – аузы», «арқан – қазығы»
дүниеден өткенде шерлі, азалы әуенмен айтылады.
Оның сүйегіне, тегіне, мінезіне дарыған асыл
қасиеттері, ел-жұртқа, бауыр-туысқанға
жасаған жақсылықтары, үлгі-өнегесі, артына
қалдырған өшпес іздері мен ақыл-нақыл сөздері
көркем де мәнерлі тілмен жырланады. Қазақ
филологиясында жоқтаудың көркемдік кестесін,
эстетикалық-эмоционалдық сипатын қырағы
аңғарған, кейбір үлгілерін жазып алған, орындалу
жайын әңгімелеген Шоқан Уәлиханов болатын.
Әсіресе, қазақ жоқтаулары ішіндегі ең көркемі,
әсерлісі, үздігі деп «Айғанымның жоқтауын»
және ұзатылатын он төрт жасар қыздың жоқтауын
айрықша атаған. Кеңес дәуірінде Сәкен Сейфуллин
мен Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев пен Мәлік
Ғабдуллин өз зерттеулерінде жоқтаудың кейбір
нұсқаларымен таныстырып, мәнісін түсіндірген.
Ескі кәде бойынша, қаралы үйге марқұмның
жақын-жекжаттары, сол тұқымнан, әулеттен
тараған ұрпақтары жер солқылдата, сай-сүйекті
сырқырата, күңірене, зарлы, мұңлы дауыспен «ой,
бауырымдап», қиқулап, ботадай боздап, еңіреп
жетеді. Халықтың рухани тарихында ерекше
орын алған жоқтаудың табиғатына зер салсақ,
қазақ халқының моральдық-этикалық болмысы,
адамгершілік жаратылысы (кісілікті, мінезділікті,
батырлықты құрметтеп, сыйлау) айрықша танылады.
Инабаттылықа, ізеттілікке, мейірімділікке адам
баласын ынталы жүрекпен сүюге баулиды. Ауыз
әдебиетінде жоқтаулар өз алдына жыр дариясын
құрайды. Сонау «аюдай арқыраған, күндей
күркіреген» Орақ батырды жоқтаудан бастап,
Абылайды, Бөгембайды, Қаздауысты Қазыбекті,
Шоқан Уәлихановты, Мұхтар Әуезовты, Күләш
Байсейітованы жоқтайтын жырлар бар.
Қазақ жоқтауларының тілі мейлінше ажарлы,
айшықты. Суретті тіркестерге, нәзік нақыштарға,
фразеологиялық орамдарға, перифрастикалық
тізбектерге бай. Ақын-жыраулар шамшыраққа лайық,
асқар таудай жандар көз жұмғанда «Ақылға дихан
кемеңгер» (Шоқанды жоқтауда), «Қара бір таудың
жылғасы, Халқының бағлан құлжасы», «Көлдегі
аққу дауысты, Ақсұңқар құстай шалысты» (Алтай
Тәтіні жоқтауды, ХІХ ғ.), «Арыстаным, ақжолым,
зұлпыхарым» (Сүйінбай ақынның Саурық батырды
жоқтауында), «Аузынан дүрлер төгіліп, шамшырақтай
жаныпты», «Мұхит, дария суындай Ақылы терең
мол еді», «Жақсылық іске бас болған, Жамандарға
қас болған» (Мұса Шормановты жоқтауда) сияқты
әсерлі, мәнді, ғибратты, күйлі-қуатты сөйлемдерді
шебер тоқиды. Бір мағынаның өзін сан қилы
сөздермен құбылтып беретін мынадай мысалдарды
алайықшы: «Асыл гауһар болатым», «Бұлаңдап
жүрген бағланым», «Әуедегі жұлдызым, Су ішінде
құндызым», «Ай қасында Шолпаным», «Хан қасында
сұлтаным», «Суытып қойған тұлпарым, Тұғырдағы
сұңқарым», «Жайнап жүрген бекзатым», «Қызыл
гүлдей нұрлым-ай, Бәйтеректей бүрлім-ай», «Ұялы
терек ордалым, Ақ күміс тұрман жорғалым», «Дария
суды жағалай, Балғын бір өскен құрағым», «Жетесі
жақсы арыстаным», «Бұлы қымбат манатым»,
«Арғымақ артық туған қыршын жасым», «Өзгеше
өрен біткен өспе ағашым», «Жапырағы алтын
шынарым», «Алтын сапты найзам», т.с.с.
«Қазыбек би» – ұлттық сана мен тілінің,
рухы мен арман-мұратының ұшан-теңіз ұлылық
қасиеттерін ересен қуат-құдіретімен көрсете білген,
тәуелсіздік жолында қабырғасы қайысып еңбек
еткен көрнекті мәмлегер, арыстан жүректі ер,
мемлекет қайраткері.
- Үш жүздің қай батырына ризасың деп
сұрағанда, Абылай хан айтыпты:
- Мен өзімнен бұрын болған екі кісіге ризамын.
Ол Қаракесек Қазыбек пен Уақ Деріпсал. Бұл екеуі
де жауға түскен тұтқынды босатып алды. Қазыбек
Қалданға барып босатты. Деріпсал өз ауылында
отырып, күшпен қорқытып босаттырды.
Тарихи жазба деректерді сөйлетсек, кемеңгер
би 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген, 97
жасында яғни 1764 жылы көз жұмған. Қаздауысты
Қазыбектің тегіне, затына, сүйегіне зер салсақ, Орта
жүздің Арғын тайпасының Қаракесек (Болатқожа)
руынан шыққан. Әйгілі ділмар Шаншар абыздың
немересі, Бұлбұлдың шөбересі. Ал өз әкесі –
Келдібек би. Анасының есімі – Тоқмейіл. Қазыбек
биден Бекболат би, бұдан Тіленші би. Тіленші
би баласы Алшынбай би (Құнанбай қажының
құдасы, Абайдың қайын атасы). Алшынбайдан
Бәпи тарайды. Атақты әнші-композитор Мәди
Бәпидің ұрпағы.