М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ «Туған халқының табанына қадалған шөгір
маңдайыма қадалсын» деумен өмір кешкен
Мәшекеңнің қай өлеңін, қай дастанын алсаңызда
халқы үшін күйініп, сүйіне білген үлкен жүректің
лүпілін айқын аңғарар едіңіз оған:
Түзелер қашан жұрт боп мына қазақ,
Қылмаған кім бар дейсің бізді мазақ.
... Біздің қазақ саяғы кер кеткеннің
Түк пайдасын көрген жоқ ер жеткеннің
Алқымынан алған жау босатпайды,
Онан күші аса алмас жау біткеннің, – деп
жырлауы айғақ. Мәшһүр шығармасындағы
осындай жолдарды оқыған және де ол кісінің
әулиелігі туралы естіген кез келген жанның:
«Опырай, бұл кісінің ұрпақтары бар ма екен,
болса кімдер?» деген ойға берілері анық. Мен
шамам жеткенінше сол сауалға жауап бере
кетуді жөн көрдім, себебі Мәшһүр айналасын
бала күнімнен білемін. Жаңажол совхозында
директор болып жұмыс істеген жылдарда дәмдес-
тұздас болып араласып тұрдық. Ал Мәшекеңнің
зиратын қалпына келтіру, мұражайын аштырту
барысында тіпті жақын танысуға мүмкіндік туған
еді. Мәшекеңнің үш ер баласы болғаны белгілі.
Үлкен ұлы Әмен білім алып, ел ісіне белсене
араласып, сол жылдарда қазақ оқығандары
шоғырланған Ташкент қаласындағы мектептердің
бірінде мұғалім болып жұмыс істейді. Сонда
жүргенде зорлыққа тап болған қызды бұзықтардан
арашалаймын деп, солардың қолынан қаза табады.
Тағы бір ұлы Шарапиден оның Төлеубай, Сүйіндік
атты балалары болған. Төлеубай Ұлы Отан
соғысының отты жолдарынан өтіп, елге аман-сау
оралған жеңімпаз жауынгерлердің бірі. Ал Сүйіндік
туралы сәл кейінірек сөз етеміз. Кенже ұлы –
Фазыл. Фазекең кезінде халық ағарту саласында
жемісті еңбек етіп, Баянауыл ауданында Ленин
орденімен марапатталған санаулы ұстаздардың
бірі, десек те Мәшекеңнің балалары бірінен бірі
өткен жайдын оғындай жандар еді. Фазекеңнің адал
жары Нүрила апай екеуі ұлағатты ұрпақ өсірді. Кең
байтақ республикамызға атты танымал, филология
ғылымының докторы Қуандық Фазылұлы,
Шегендік, Қажыман Фазылұлдары, құт дарып,
береке ұялаған осы шаңырақтың ұландары. Осы
орайдан Қуандық Фазылұлы атасы Мәшһүр
Жүсіптің еңбектерін бастыртуда қыруар істер
тындырды. Ұл-қыздары Нартай, Гүлназ, Естай,
Ертай аталарының еңбектерін ескі араб (хадим)
жазуынан аударып, баспаға әзірлеп, құрастырып,
ғылыми түсініктеме жазды. Әке ісін сәтімен
жалғастыра білді. Қазірде олардың өздері де
Мәшһүртанушы ғалымдар қатарына қосылды.
Осы орайда Қажыманұлы Әсеттіңде атасы туралы
білгірлікпен қалам тербеп, ізденіс үстінде жүргенін
айта кетейік «ат тұяғын тай басар» деген осы болса
керек, жас ғалымдарға табыс тілейміз. Мәшекең
ұрапақтарының көпшілігі-ақ оқуға, ғылымға өте
бейім жандар. Солардың арасында Шарапиденұлы
Сүиіндіктің есімін Баян жұрты да ерекше
құрметпен атайды. Әкесі Шарапиден өмірден ерте
озған, ал анасы Ақзейнеп Мәшекеңе бірден бір
қызмет көрсеткен аяулы келіні. Мәшекең мәңгілік
мекеніне осы Ақзейнептің қолынан аттанды, сырт
тұлғасы Мәшекеңе келетін Сүйіндікті белгілі өнер
қайраткері Қуат Абусейітов Алматыға алып кетіп,
9-сыныптан бастап сол кісінің үйінде жатып оқиды,
ҚазМУ-ға оқуға түседі, тек сол кезде көтеріле
қалған келесі бір қуғын-сүргіннің кесірінен
Сүйіндік Көпеев «молданың ұрпағы» деген
желеумен оқудан қуылады. Енді ол Жаңажолға
қайтып оралып, шаруашылықта, әртүрлі салада
еңбек етеді. Есепші, трактор бригадасының
бригадирі болып жұмыс істейді, сөйте жүріп
атасын көзі көргендерден ол туралы сұрастырып,
қалта дәптеріне түсіре беруден жалықпайды.
Тек сол жазбаларын жариялатуға мүмкіндік
жоқ еді. Ақыры, тәуелсіздік таңы арайлап атып,
Мәшекеңнің жазбаларын жариялауға жол ашылды.
Сол жылдарда ол өзінің ертеден тірнектеп жинаған
материалдарын облыстық «Сарыарқа самалы»
газетіне, т. б. басылымдарға жариялата бастады.
ӘОЖ 80