М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007


Мәшһүр Жүсіптің табиғат, махаббат тақырыбындағы өлеңдері



бет23/25
Дата09.06.2023
өлшемі429 Kb.
#99983
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25
Байланысты:
b201 3

1.19 Мәшһүр Жүсіптің табиғат, махаббат тақырыбындағы өлеңдері

Әдебиет сынында өлеңдерді тақырыбына қарай саралау бар екені: «табиғат, махаббат лирикасы» - деп, айдар тағып, оның әрқайсысының ерекшелігін ашу орын алып жүргені белгілі. Біздің айтпағымыз, сол тақырыптық ерекшеліктің, шығарманың тақырыбын, идеясын ашумен бірге, жанрлық толысуына да өзіндік әсер ету мүмкіндігі бар екені.


Мәшһүр Жүсіптің табиғат жөнінде жазғанының әзірге бізге жеткені біреу ғана. Ол – «Жаздың сөзі» (1885-1888) өлеңі:
Шапақтан шынығар күн мұнарланып,
Жаңбырлы күн түседі тұманданып.
Адамзат нұрдың исін судан жұтар,
Шөл тарқатқан айуанша құмарланып.
Жетпеген үлкендікке жас балалар
Жүгірер үйден-үйге жұмарланып [23, 99 б.].
Міне, мұндағы күннің шапақтан шығып мұнарлануы, «нұрдың исін» адамзаттың судан жұтуы, балалардың үйден-үйге «жұмарланып» жүгіруі – бәрі құбылыстың көп қыры ішінен өзектісін бөліп көрсетіп, көктемгі адам сезіміне сай әсем көрініс өру үлгісі. Біздіңше, бұл әсем суреттер жымдаса келе, бар әсемдікті жаратушы Алла екеніне ден қойғызуға қызмет етіп, лирикалық қаһарман сезімін даралауға қызмет етеді. Осындай көріністер арқылы өз ойын өрістете келе ақын шығарма соңында өзінің түпкі түйінін жайып салған:
Алланың не бергенін білер бәрі,
Іздейді шүкіршілік қып, бар шахзары.
Мақұлық, тау мен тас, шөп пен ағаш, -
Білгізген баршасына Біреу бары [23, 100 б.].
Кезінде «махаббат» дегенде оны тек қыз бен жігіттің, яғни адамдардың ғана бір-біріне махабатты ұғымындағы түсінік орын алғаны да белгілі. Алысқа бармай-ақ Абайдың:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл.
Иманның асылы үш деп сен тахқат біл – деп, [21, 304 б.]
жазғаны белгілі.
Міне, Алланы сүю, яғни Аллаға деген махаббат – махаббаттың бастау көзі болса, адамдар махаббаты соның жалғасы деп түсіну ғана бұл ұғымды тар аяда, тек адамдар арасындағы махаббат деп есептеудің тым таяз ұғым екенін аңғарта алады. Зерделесек, келтірілген Абай сөздері осы түйінді анық көрсетіп тұр. Абайдың осы идеясын Мәшһүр Жүсіпте өзіне ту етіп ұстаған:
Махаббатпен жаратқан адамды өзі,
Махаббатсыз боп кетті дүние жүзі.
«Махаббатсыз жан да жоқ, тіпті, иман,» - деп,
Анық бар пайғамбардың хадис сөзі.

Иа, Алла, мені айырма махаббаттан,


Танырсың, көрмегенің, жазған хаттан.
Ақыреттің Мәшһүрі қылғай Алла,
Жалғанда түк таппадым «Мәшһүр» - аттан [22, 147 б.].
Мәшһүр Жүсіп көп туындыларында Алланы сүюді қайталап айтып, ол ойды өрістетіп тұлғалантумен қатар қатардағы пенде ләззатын, пенде махаббатын ұмытпайды. Пенде махаббаты дегенде ақын тән сұлулығын әспеттеуге ден қояды. Мәселен, «Хор қыздарының хикаясы» өлеңінде мынадай жолдар орын алған:
Көзінің қаралығы қарақаттай,
Сөзі бар ақ қағазға жазған хаттай.
Көзіндей құралайдың ойнақтатып,
Арман не соны құшқан адамзатта-ай?!

Болғанда тілі інжу, төсі – маржан,


Еті аппақ қара жерге жауған қардан.
Ғұнша ерін, лұлу иек, пісте мұрын,
Қалмайды жүзін көрген пендеде арман!

Жарқ етіп шыққан күндей қабақтары,


Мақтадай аялаған тамақтары.
Алмадай екі беті үзіліп тұр,
Үзілген қызыл гүлдей сағақтары [23, 302 б.].
Міне, мұндағы қарақаттай көз, құралайдың көзіндей ойнақтатқан көз т.с.с. суреттері Мәшһүр Жүсіптің портрет кескіндеу шеберлігін, көркем теңеу, эпитет, метафора т.с.с. өрнектеу мәнерін анық байқатып тұр.
Мәшһүр Жүсіп махаббатқа лайық перизат көріктілігіне тамсантып қана қоймай, өз ғашығына жете алмағандықты, жетпегендікті айту тұсында махаббат артықшылығын т.с.с. аңдата білген.
Мәшһүр Жүсіпте аз да болса, ғашықтар сезімін әсем табиғат аясында алу үлгісі де бар:
Күн батар кешке таман таудан асып, -
Шапақтан қызыл алтын нұры тасып.
Ақшамның қараңғылық мезгілінде
Қосылар екі ғашық асып-сасып.
(«Жігіт назы» өлеңінен) [23, 101 б.].
Міне, «Шапақтан қызыл алтын нұры тасып» күн батуы алдымен беріліп, сонымен қанаттанғандай екі ғашық қосылуы соңынан өрілуі табиғат науандығына сезім ерекшелігі құп үйлесуін байқатады.
«Қиянат» өлеңінде адамның өз ғашығына қосыла алмауының амалсыздық күн кешуінің бақытсыздық екені әспеттелуі дидактикалық тәсілдің, яғни тікелей жазғыру мен ақыл айтудың бұл тақырыптағы туындыларды да қамтығанын танытса керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет