Опасыз дүние, а, дариға, Иманы жолдас қасында! Сапар да қылды дүниеден Алпыс жеті жасында! Арманым іште көп болды-ау, Көптігі сондай – дерт болды-ау! Жан тапсырған уақытында Бола алмадым қасында! [24, 36 б.].
Бұл туындының алғашқы шумағы 11 тармақтан тұрып, ұйқас негіздеуші сөздері: «Басында, жасымда, қасында, жасында, қасында» - түрінде келсе, екінші, үшінші шумағы – 8, төртіншісі – 11 жол болуымен ерекшеленеді. Әр шумақты негіздеуші ұйқас тудыратын соңғы сөздері десек, екіншінің ұйқас қалушылары: «қозғайын, озбайын, бұзбайын, қозғайын» - түрінде келсе, төртіншісі: «ісіңді, күшіңді, есілді, шешілді, көсілді» - деп отау тігуімен енші бөліседі. Бұл жоқтауда айтылатын деректердің көптігі т.с.с. және лирикалық қаһарманмен бірге екінші лирикалық бейне, Мұса келіні, сезімі орын алуы – бәрі оны біршама эпосқа жақындатса да, сол мол оқиға, әрекеттердің бәрі бір ғана лирикалық қаһарманның бір сәттегі (бірнеше сәттегі емес) толғанысы ретінде берілуі бәрі туындыны тағы да лирика аясында қалдыруды негіздеген. Мәшһүр Жүсіп тек тірі адамды емес, жансыз затты сөйлету үлгісін шебер қолданған. Мәселен, «Мешіт зары» (1913) өлеңінде мешітке тіл бітіріп – сөйлету әдісін пайдаланған: - Медіресе, мешіт болған – менің атым, Бас қосар ішімде жоқ жамағатым. Естіп өт: құлағың бар азаматым! Деуші еді мені бұрын: «Құдай үйі», Бас қосып шұлғушы еді мырза- [биі]. Нанына қайыршының қапшық болып,
Мінекей, бұл шағында тұрған күйі.
Салмасаң әуел баста, кім бар зорлар,
Қол жайып қожа-молда жайды торлар.
Бірі – имам, бірі азаншы болу үшін,
Тиынға жанын сатқан дүниеқорлар [24, 89 б.].
Міне, мұнда да оқиға шартты түрде бөлініп алған екінші бейне, мешіт, атынан баяндалса да, оның бәрі лирикалық қаһарман, яғни Мәшһүр Жүсіптің жеке өзі мен өзіне ниеттестердің жиынтық, сезіміне бөленіп өрнектелгендіктен де, бұл туынды лирика жанрына жатады.
Шартты түрде бөлініп алған екінші бейненің белгілі бір жануар, аң болу мүмкіндігі де көңіл бөлерлік. Мәселен, «Суырдың өлеңі» (1930 ж.) туындысында ақын оларды сөйлетеді:
Жылайық: қырдағы елге арыз салып,
Оқыр ма суыр хатын қазақ танып?!
Саршұнақ тышқанды жіберейік,
Жеп қояр Қозған көрсе ұстап алып.
Назар аударарлық жәйіт: мұндағы бірінші лирикалық бейне суыр болса, екінші лирикалық бейне саршұнақ та тіл қатады:
Салып бер қағазыңды қойыныма,
Жіппенен мықтап байла мойыныма!
Бейшара, арызыңды жеткізейін,
Мысықтың жолықпасам ойынына.
Шығармада суыр мен саршұнақ сөзі осылай берілсе, өлеңнің лирикалық қаһарман сөзімен басталатынын ескерген жөн:
Ал, суырдың естіп пе едің әңгімесін,
Құдайға құл болған жан адал жесін.
Ағайынды аң екен: суыр, тышқан,
Айтайын інде жатып көрген ісін.
Өлеңнің астапқы бөлімінде суыр зары он бір буынды өлең түрінде берілсе, шығарма соңы соны дамыту белгісі ретінде жеті буынды үлгіге көшеді:
Бұрын жалпақ ел едік,
Етімізді жеп семірді.
Мұныменен қоймады,
Басымызды кемірді [22, 306-308 б.].
Өлеңде шартты түрде келтірілген екі бейне: суыр, саршұнақ ойлары берілсе де, соның бәрі тағы да бір ғана лирикалық қаһарманның дала жануарын сақтау ниетіне бағындырылуымен де лириканың өзіндік бір әсерлі түрінің отау тігуін негіздеген.
Мәшһүр Жүсіп жеке бір кісі атынан ғана сөйлеп қоймай, дін жолы дегенді ұстанған білімі шала дүмше молдалар атына, яғни белгілі бір топ тұрғысынан бір адамды сөйлету үлгісін де қолданған:
Бір-екі ауыз араптан айтамын тіл,
«Білмейтіні жоқ қой!» – деп айтады ел.
Кейде хазірет, кейде ишан болып,
Көп тамаша, боламын, бір ескен жел.
Қой-қошқарды алуға бұздық түрді,
Біз де талай қыдырып көрдік елді.
Ала қағаз ишаннан алып келіп,
Былш еткізіп бастырып қара мөрді.
Иман деп біледі ел-жұрт танып,
Пір де болып қоямыз Құран алып.
Ақша берсе батаны көп қыламыз,
Жымың етіп қалтаға бүктеп салып [22, 175 б.].
Міне, мұнда өзі шала білімді болса да, дінді бұрмалап, пайда тауып жүрген дүмше молда бейнесі сәтті өрнектелген. Өлеңде әрі екінші лирикалық бейне, дүмше молда, сөзі, әрі соны мысқылдаушы лирикалық қаһарман үні аралас өрілгені жоғарыда келтірілген үзіндіден-ақ анық көрінеді.
Тек екінші адам, не зат, не аңды сөйлету ғана емес, белгілі бір дерексіз ұғыммен әңгімелесу, сырласу түрінде өлең жазу арқылы да Мәшһүр Жүсіп лириканың жанрлық толысуына ықпал етті. Мәселен, лирикалық қаһарманды сомдау үшін екінші бір шартты бейнені енгізу нәтижесінде ақын өз ойын және лирикалық қаһарман сезімін әсерлі жеткізу үлгісін тудырды:
Ит, дүние, сен бір сәурік айғырдайсың,
Ешкімді өз бетіңмен бай қылмайсың.
Қуасың әлі оны, әлі мұны,
Тыныштықпен еш қысырақты жайдырмайсың.
Артыңнан иең қуып өкпесі өшер,
Қайта оған қуанасың, қайғырмайсың.
Сенімнен ат-тоңынды ала қашып,
Сараңнан табаныңды тайдырмайсың.
Қуады, дүние, сені, барша халық,
Сен деп жүріп өмірі өтер, ғапыл қалып.
Сен иттің жаның ырза, жолдасың сол.
Ішпей, жемей, шанашқа қойса салып.
[Іш]іп-жеп, не керегің кимеген соң,
Шашып, төгіп жүруді сүймеген соң.
Мәлім ғой ақыретте берер пайдаң,
Жалғанда бір сілемің тимеген соң [22, 153-154 б.].
Міне, мұнда әсіресе «сараңнан табаныңды тайдырмайсың!» - жолынан лирикалық қаһарманның жазғыруын көрсек, «Мәлім ғой ақыретте берер пайдаң» - тармағы сол әрекеттің зиянды екенін ашуға бағындырылған.
Мәшһүр Жүсіп те басқа ақындар тәрізді қай өлеңінде болмасын, бірде лирикалық қаһарман атынан түрлі кемшіліктерді тізіп сынаумен айналысса, ізінше сол топқа шартты түрде өзін де қосып, көп атынан, яғни біз атынан сөйлеуді қоса қолданады:
Достарыңызбен бөлісу: |