Маханбетова күНСҰлу нұраддинқызы



бет14/46
Дата07.04.2022
өлшемі368,58 Kb.
#30253
түріДиссертация
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   46
Жұмыстың құрылымы. Диссертация жұмысы Кіріспеден, үш тараудан, Қорытынды мен Әдебиеттер тізімінен тұрады.

І. ЛЕКСИКАЛЫҚ СЕМАНТИКАНЫҢ ҚАЗІРГІ ТІЛ БІЛІМІНДЕ

ЗЕРТТЕЛУІ.

1.1 Семасиологиялық және ономасиологиялық бағыттағы зерттеулер.

Лингвистикалық семантиканың түрлері де әр алуан қарастырылып жүр. Белгілі ағылшын философы У.Куайн логикалық тұрғыдан семантикалық зерттеулер мен семантикалық мектептердегі талдаулардың негізінде семантиканы қуатты (сыртқы) және әлсіз (ішкі) семантика деп шартты түрде екіге жіктейді. Қуатты семантикаға логикалық семантика, яғни тілдердің мәнін, көріну түрлерін ғаламның тілдік бейнесі не әлем моделі тұрғысынан түсіндіретін ғылым жатады. Бұл ғылым өкілдеріне орыс семантика ғылымының өкілдері шетел логиктері У.Куайн, Д.Дэвидсон, С.Крипке, П.Стросон, З.Вендлер, Г.Грайс т.б. ойшылдарды жатқызады. Қуатты семантиканың ең ықпалды мектебі американ ойшылы Ричард Монтегью ойларына негізделген формальды семантика. Формальды семантиканың басты зерттеу нысаны – логикадағы шын және жалғандық категорияларының әлем моделіне қатысты сөйлемдердің шын не жалған екендігі тұрғысынан бағалануы.

И.М.Кобозеваның көрсетуінше, формальды семантика шетелде АҚШ, Германия, Нидерланд мемлекеттерінде дамыған. Орыс тіл білімінде Е.В.Падучева, Н.Д.Арутюнова, Т.В.Булыгина сияқты зерттеушілер мен олардың шәкірттерінің еңбектері «қуатты» семантикаға жатады. М.А.Кронгауз «қуатты» семантикаға Дж. Барвайстың еңбектерінде алғаш зерттелген ситуациялық семантиканы жатқызады. Бұл ағымда тілдік бірліктердің мағыналарын тек контекстен ғана емес, сөйлеу жүріп жатқан ситуацияға (жағдайға) қатысты тұрғыдан зерттеу жүргізіледі. Қуатты семантикаға қарсы қойылып жүрген семантика саласы жалпы семантика деген ат алды. М.А.Кронгауз жалпы семантиканың басталуын 1933 жылы американ ғалымы А.Кожибский еңбегінің шығуынан бастайды және бұған А.Раппопорт, С.Хаякава, С.Чейз сияқты зерттеушілерді қосады [1. 43 б ].

Әлсіз семантика тілдік бірліктердің мағынасын, әлем моделін сипаттайтын категория емес, адам санасындағы ойлар бірліктерінің мағынасы деп ұғынып, тіл аумағынан шықпай қарастырады. Бұл ағым, негізінен, тілшілердің еңбектерінен орын алған. Әлсіз семантикада тілдік мағыналар – әлем туралы үзіктер емес, керісінше олардың адам санасында бейнелену әдісі, яғни санадағы бейне. Бұл семантика бұрыннан семасиология аясында сөз болған мәселелерді бүгінгі дамыған ғылым тұрғысынан, сонымен қатар әр түрлі ғылымдар тоғысында зерттейді. Соның бірі – мағынаны ойлау бірлігі ретінде зерттейтін когнитивті семантика. Семантиканың бұл түрі АҚШ-та Дж. Лаккофф, Ч.Филлмор, М.Джонсон, Р.Лангакер, Л.Талми, Р.Джекендофф т.т. ғалымдардың еңбектерінен басталып, басқа елдерде де өз ізбасарларын тапты. Мысалы, Ресейде Р.М.Фрумкина, Е.С.Кубрякова, Е.В.Рахилина, А.Н.Баранов, И.А.Стернин, З.Д.Попова т.б. ғалымдардың мектептерін атауға болады.

Когнитивті семантиканың маңызды сұрақтарына И.А.Стернин, Н.Ф.Алиференко т.б. ғалымдар концепт пен мағына, концепт пен сөздің ішкі формасы, концепт пен тілдік бейне, концепт және тілдік сана, концепт мен сөз синэргетикасы, концепт және таным, ойлау т.б. жатқызады.

Когнитивті семантикада мағына жеке адамның психологиялық аспектісімен байланыста зерттеледі. Осыған орай әлсіз семантикаға мағынаның тілдік категория ретінде психологиялық ерекшелігін ашу сияқты аспектілер енеді. Сол себептен дәстүрлі семантиканың біраз сұрақтары психолингвистика ғылымымен байланысты қарастырылып, осының негізінде психосемантика ғылымы пайда болып, қалыптасуда. Сөздің тілдік мағынасын, оның ішінде лексикалық мағынасын, оның тілдегі көрінуі, актуальдануы, құбылуы ерекшеліктерін басқа тілдермен салыстырмалы түрде зерттейтін трансляциялық семантика түрі де «әлсіз» семантика аясына кіреді.

Лингвистикалық семантика, оның ішінде тілдегі лексикалық мағынаны семантикалық теория бойынша компонентті талдау әдісі бойынша зерттеуді Дж. Катц, Дж. Фодор, Э.Бендикс, Ю.Найда, М.Бирвиш, А.Вежбицкая сияқты көрнекті зерттеушілер бастап, әрі қарай дамытты. Бұл теорияны Ресейде Мәскеу семантикалық мектебі атына ие болған семасиологтар Ю.Д.Апресян, И.А.Мельчук, А.К.Жолковский, Н.Н.Леонтьева т.т. ғалымдар дамытып, семантикалық зерттеулерді «Мәнмәтін» үлгісі бойынша зерттеуді және семантикалық тіл бойынша зерттеуді ұсынды. Бұл зерттеулер бойынша, Ресей ғалымдарының есімдері әлемдік семантикаға аян болды.

Семантиканың шығу негіздері туралы пайымдаулар, негізінен, мынадай болып келеді. Н.Ф.Алиференко семантиканың басты көздерін былайша түсіндіреді: «Семантика үш негізге сүйенеді, ойлау мен сөйлеуден тұратын тілдің үш бірлестігі мыналар деп көрсетеді: қоршаған шындық дүние, адам (индивид) миы, және тіл. Осының негізінде тілдің үш құрамдас бірлігі шығады: тіл жүйесі – сөйлеу – сөйлеу қызметі. Бұдан тілге ауысып шығатын үш шексіздікті кеңітіп таратсақ, бірінші денотат тұрады (шындық болмыстың өкілдері). Екіншіден, адам миы көріністерінің бөліктері: ойлау, сана, таным; үшінші – тіл бірліктері (сөздер)» [2. 28 б] , - деп анықтайды.

Әрине, көрсетілген ғалымның пікірлерінің өзінде көптеген даулы мәселелер бар екендігін Ш.Бекмағамбетов пікірлерімен салыстыра отырып аңғаруға болады. Мысалы, аталған үш бірліктің қазіргі ғылымда нақты танылуының өзі әр түрлі. Бұл жайларға жұмыс барысында тоқталатын боламыз. Л.А.Новиков лексикалық семантиканың басты екі саласын көрсетеді: семасиология (лексикалық мағынаны «таңба – мағына» бағыты бойынша зерттейтін семантика аспектісі) және ономасиология (лексикалық мағынаны «мағына – таңба» бағыты бойынша зерттейтін семантика аспектісі) деп анықтайды [3. 272 б].

Лингвистикалық семантиканың саласы әр алуан, мысалы, олардың бірқатары мыналар:

а) лексикалық семантика;

ә) грамматикалық семантика;

б) мәтін семантикасы;

в) когнитивті семантика;

г) стилистикалық семантика т.б.

Осылардың ішінде біздің диссертациялық жұмысымыздың тақырыбы – лексикалық семантика саласы. Бірақ біз мұны дәстүрлі түрдегі сөз мағынасын бүгінгі тіл тұрғысынан түсіндіру бағытында қарастырмаймыз. Мәселе сөз семантикасының бастау көздерінің қайда жатқандығын саралауға, тіл мен ойлаудың байланысынан пайда болатын сөз табиғатын тереңдей тануға бағытталады. Сондай-ақ мұнда когнитивтік семантиканың, яки танымдық тұрғыдағы семантиканың элементтері молынан қолданылады және бұл әдіс жаңаша, дәстүрлі емес аспектіде жүзеге асырылады.

Лекикалық семантканың семиотикалық аспектісі де аса маңызды. Ғ.Хасанов лексикалық синтагматика мәселесін семиотика ғылымымен, яки таңба теориясымен байланыстырады. Семиотика ғылымының негізін қалаған ғалым ретінде танылатын Чарльз Сандерс Пирс пен Чарльз Уильям Моррис еңбектерінен бастап, Ф де Соссюрдің «сөз – таңба» ілімімен байланыстыра отырып, тілді таңбалық жүйе ретінде таниды да, сөздердің байланысы, яки синтагматикасы дегенді таңбалардың бір-бірімен қатысы, байланысы деп қарастырады. Әрине, қазіргі тіл біліміндегі таңба туралы теорияның түсінігінше, сөз – таңба. Тіпті сөйлем де, мәтін де тілдік таңба ретінде қарастырылып жүргені де бекер емес. Бірақ біздің жұмысымызда жеке сөз таңба ретінде танылмайды. Біз бұл жерде де Ш.Бекмағамбетовтың тілдік негіздер теориясына сүйене отырып, тілдік таңбалар ретінде тілдегі сөздерге негіз болатын ерекше сипаттағы таңба-нышандарды танимыз. Бұл мәселе де алдағы тарауларды қарастырылатын болады. Яғни қазіргі тіл білімінде дайын сөздердің мағыналары, мағыналық қолданыстары, олардың синтагматикалық ерекшеліктері сөз болса, біздің жұмысымызда жеке сөздердің өз ішіндегі мағыналы элементтер – тілдік негіздер, олардың логикалық ұғымдары, логикалық ұғымдардың семантикалық өрістері туралы мәселелер сөз болады. Шын мәнісінде, сөз семантикасын тану дегеніміз оның арғы шығу негіздеріндегі дүниетанымдық (дұрысында – ғаламтанымдық) білім қазынасын игеру арқылы ғана мүмкін болмақ. Бүгінгі тіліміздегі сөздердің синтагматикалық аспектісі бір басқа мәселе де, сол жеке сөздердің тілдік-семантикалық ішкі табиғатын тану жайы мүлде терең қабаттарға баруды талап ететін өзінше ерекше және қазіргі тіл білімінде қарастырылмаған тың сала болып табылады.

Қазірде философия мен лексикалық семантиканың байланысынсыз аталмыш мәселені елестетуге болмас еді. Ғ.Хасанов аталған еңбегінде тіл философиясы мәселесінің қалыптасуы мен дамуы жайын сөз ете отырып: «Философия даму барысында адам мен әлем зерттеу нысанынан тіл мәні мен адам қызметін зерттейтін аналитикалық философия аясына ауыса бастады» - деп, аналитикалық философияның негізгі екі бағытының бірі, логикалық талдау философиясымен қатар, лингвистикалық философия екендігіне назар аударады. Лингвистикалық философия туралы автор: «Лингвистикалық философия қолданыстағы тілді мазмұнды түрде зерделеуге тырысады және тілдің философияға деген, сондай-ақ, керісінше, философияның тілге деген ықпалын айқындау жолдарын іздейді» [4. 33 б] , - деп түсіндіреді.

Ал лингвистикалық философияның бастауын Дж. Мур, Дж.Остин, П.Ф.Стросон еңбектерінен бастап, алайда бұл ағымның негізі ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда өмір сүрген неміс философы Г.Лейбництің еңбектерінде жатыр деп түсіндіреді. Г.Фрегенің «Математика негіздері» атты екі томдық еңбегінде лингвистикалық семантиканың негіздері мен басты мәселелерін сөз еткені айтылады. Г.Фреге мән, зат, қатынас, ұғым, олардың тілге қатысы, ұғым түрлері, обьект, субьект, шын, жалған пайымдаудың тілдегі көрінісі сияқты көптеген мәселелердің мәнін ашты, дей келіп, М.Шлик, Р.Карнап, О.Нейрат, т.б. Вена университетінің өкілдері, Дж.Мур, Дж.Уисдом, П.Ф.Стросон, т.б. Кембридж университетінің өкілдерін атап өтеді де, зат, ұғым, сөз, мағына мәселелерінің өзара байланысына тоқталады. Бірақ аталмыш мәселелерді, олардың өзара байланысын түсіндіруде де пікірлер әрқилы. Бұл туралы да біз тілдік таным негіздері, яки тілдік негіздер теориясының ұстанымдарына сүйенетін боламыз.

Аталмыш зерттеушілердің көзқарастарында ойлау, таным ұғымдары да нақты болмай, көбіне жалпылама айтылып жатады, - дейді Ш.Бекмағамбетов. Мысалы, Н.Ф.Алиференко пікірінше: «Таным – қоршаған шындықты ойлауда бейнелеу және жинақталған білімді қайта шығару» [2. 29 б] , - екен, бірақ осы анықтама шынымен де ақиқатқа сай ма және таным процесінің табиғатын нақты ашып көрсете ала ма? Бұл мәселеде авторға қосылу қиын 5. 7 б, - дейді Ш.Бекмағамбетов. Шынында да, ғылыми әдебиеттердегі таным, ойлау, ұғым, т.б. терминдердің қазіргі қалыптасқан түсініктері тілдік негіздер теориясы тұрғысынан келгенде, мүлдем басқаша болып шығатыны көрінеді. Заттар мен құбылыстардың ойда бейнеленуі, сөз бен мағынаның туындауы, таным процесі тәрізді өзара байланысты мәселелердің арасындағы шынайы қатынасты көрсету үшін философтар мен тілшілер геометриялық фигураларды пайдаланады.

Алғаш бұған жүгінген америка философтары Ч.К.Огден мен А.А.Ричардс болды 6. 164 б, - деп, олардың кейіннен «семантикалық үшбұрыш» аталған сызбасын еске алады.

Жалпы, тіл табиғатын түсінуде геометриялық фигуралардың қолданылуының өзіндік сыры бар: геометриялық фигуралар тек гео-жердің ғана емес, жалпы һуо//һао-космостың бейнесін көрсете алатын бірден-бір бейнелер. Біз УП шар-қоршау таңбасы, соның барша құрамдас, құрылымдас элементтері арқылы беріледі дейтін ғаламтанымдық ұғымдар тек геометриялық құрылымдар арқылы ғана беріле алады. Өйткені бұл фигуралар – ғаламның бейнесін бейнелеу үшін пайда болған: шар, өзек, координата, кіндік, т.б. Яки – геометриялық фигуралар – ғалам бейнесінің сызықтық бейнеленуі болса, ал тіл дегеніміз – ғалам бейнесінің дыбыстық бейнеленуі. Дыбыстық бейнелеу дегенде, бұл дыбыстар кездейсоқ дыбыстар емес, ғалам бейнесін бейнелеуге қабылетті дыбыстар. Біз бүгінге дейін олардың осы табиғатын танымай келеміз, сондықтанда тіл табиғатын түсіне алмай келдік» [7. 67 б],- дейді автор.

Ғылымда лексикалық семантиканың логикалық негіздеріне де аса көңіл бөлінеді. «Логика – ойлау туралы ғылым» деп жүрміз. Бірақ осы ойлау құбылысының (ппроцесінің) қалай жүзеге асырылатыны туралы ғалымдар арасында нақты түсінік жоқ 8. 15 б , - дейді Ш. Бекмағамбетов. Ғ.Хасановта: «Ойлау біртектес заттар мен құбылыстарды жинақтап, олардың маңызды қасиеттерін ашуға мүмкіндік береді» 4. 43 б , - десе де, мұндағы «біртектес заттар» дегенді қалай түсінетініміз анықталмаған. Ал маңызды қасиеттер туралы да ғалымдар арасында сан түрлі түсініспеушіліктер бар. Шындық болмысты бейнелеуде ойлау қызметі сезімдік танымнан жоғары дәрежеде болады, - деген салыстыру да нақты емес. Бұл екеуі таным процесінің екі бөлек сатысы: сезініу – алғашқы сатысы да, ойлау жоғарғы сатысы. Бірақ осында сезіну дегеннің де нақты түсінігі болуы керек, өйткені сезіну формалары да әр түрлі: көру, иіскеу, дәм, т.б. Ал ойлау қызметіндегі бұлардың өзіндік орыны қандай, қайсысы ойлау қызметінде басым қызмет атқарады және бұл құбылыс қалайша жүзеге асады т.т. мәселелер сараланбаған жағдайда ойлау дегеніміз тек құр сөз ғана болып қалады. Сондай-ақ, ойлаудың басты формалары ретінде ұғым, пайымдау, ой қорыту аталғанымен, осы сатылардың нақты қызметі қалай анықталатыны, оның нәтижесі не болатындығы да нақты емес. Мысалы, осындағы ұғым термині туралы Ш.Бекмағамбетов пікірі қалыптасқан көзқарастардан мүлде басқаша. Ғ.Хасанов еңбегінде: «Ойлау – қабылдау мен түсінуге қарағанда, күрделі психологиялық процесс» [4. 47 б.] , – дейді. Олай болса, қабылдау мен түсіну әлі де ойлау болмағаны ғой. Бірақ ойлау болмаса, қалай қабылдаймыз, қалай түсінеміз? Міне қарапайым ақылға, логикаға қайшы келетін пайымдаулар біздің, әсіресе, қазақ тілді ғылыми еңбектерде көп кездесетіні көрінеді. Бұл орыс тіліндегі еңбектерде де жоқ емес. Оларда да мәселені өте қиындатып, енді сол шытырманнан шыға алмау жиі кездесетіндігін айтады Ш.Бекмағамбетов. Сондай-ақ, мұнда да: «Ұғым қалыптасу үшін алдымен көптеген заттардың ең басты белгілерінің бөлінуі жүреді, сосын барып олар дерексізденіп, индивид санасында сол зат не құбылыстың ұғымы болып қалыптаса бастайды. Қалыптасу жалпылық жағдайында жүреді, яғни бұл процесс бірден не тез болмайды. Демек барлық заттар адам жадында біртектес елеулі белгілеріне қарай бір атаумен сақталады. Мысалы, құс (жалпы құс), көлік (жалпы көлік) т.б.» [4. 47-б.],- дейді. Қалайда біз лексикалық семантиканың арғы тамырларын, түпнегізін тану бағытындағы ізденістердің әлі де болса дұрыс ғылыми жолға түспей келе жатқанының куәсі болады екенбіз.

Қазіргі ғылымда тілдік ойлау туралы түсінік қалыптасқан. Яки пікірлерге көз салсақ, тілдік ойлау– лексикалық синтагматика негізі 4.62 б.

Ойлауды тілдік ойлау деп бөле, ажырата атау қазіргі тіл білімінде бар болғанымен, бірақ осы терминнің өзінің мағынасына қалай бару керектігін де ойластырған жөн. Ойлаудың аталып жүрген түр-түрі бар: абстрактылы ойлау, конкретті ойлау дегендерден бастап, логикалық ойлау, логикаға дейінгі ойлау, ұлттық ойлау, математикалық ойлау, т.б. Осылардың мағынасына үңілсек, алуан түрлі мәселелер сөз болар еді. Біздің түсінігімізде, қазіргі ғылымдағы тілдік ойлау түсінігі – сөйлеу үшін ойлау, яки коммуникативтік мақсаттағы ойлау деген мағынада айтылады. Бұл бүгінгі тілдік тұрғыдан алғанда, ойлаған коммуникативтік мақсатқа жету үшін қандай сөздерді қолданамыз, оларды қалай орналастырамыз, т.б. дегенді білдіреді.

Ал бірақ, автордың пікірінше, тіл пайда болуы тұрғысындағы ең ежелгі тілжасам дәуірі адамдарының тілдік ойлауының табиғаты мүлде басқа. Онда дайын сөз әлі жоқ, пайда болмаған. Олай болса, ол кездегі тілдік ойлау дегеніміз – сөзді қалай жасаймыз 7. 58 б , - деген мақсаттағы ойлау. Әрине, сөз ол кезде сөйлеу үстінде бірден қазіргідей дайын күйінде қолданылмаған, әр сөздің жасалуының өзі бір сөйлеу актісі болған деп елестетуге болады. Мысалы, әлем ұғымын білдіру үшін қол тілі арқылы (қол амалдары арқылы) үлкен қоршау бейнесін көрсеткен болар. Міне, осы «қоршау» бейнесін табу – тілдік ойлау. Бұл бейнені көрсету үшін алғашқы сөйлеуші адамның санасында ғалам-қоршау туралы түсінік пайда болды, соны ол әлі де дыбыстық тіл жоқ кезде қол тілі арқылы бейнеледі. Яки ең ежелгі тілжасам дәуірі адамының тілдік ойлауы сөз жасау үшін (оның сөзі – сөйлем, коммуникация құралы) бейне-нышан жасау қызметі болған. Ал қазіргі тілде, жоғарыда айтқанымыздай, дайын сөздерді қалайша қолдану мақсаты тұрады.

«Ойлау – тілдік таңбаларды, сөздерді пайдалану арқылы таным қызметі берген нәтижелерді кодтау құпиясы. Ойлау қызметінің тілдік қызметке қатысы сөйлеу әрекетінен айқын аңғарылады» 7. 60 б ,- дейді. Бұл – бүгінгі ойлау тұрғысынан айтылып отырған тұжырым және автор мұнда нақты сөз семантикасы тұрғысынан емес, лексикалық синтагматика тұрғысынан келіп тұр. Ал сөз семантикасы үшін сөз (тіл) пайда болуы тұрғысындағы ойлау процесі маңызды. Тіл философиясы да осы тұрғыдан ғана қарастырылуы керек.

Мұнан әрі Ғ.Хасанов ойлау қызметінің тілдік қызметке қатынасы тілдік таңба, не тілдік таңбалар шоғырын осы тілдік бірліктер сақтаулы тұрған мидағы «қоймадан» қопарыстырып іздеуден көрінеді дегенде де алдыңғы пікірі тәрізді дайын сөздердің сөйлеу процесінде қолданылуы туралы айтып отыр. Бұл жерде біздің назарымызды екі мәселе аударады: біріншіден, автор «тілдік таңба, не таңбалар шоғыры» дегенде, дайын сөздерді айтып отыр. Сондай-ақ мұнда тілдік таңбалардың сөздер емес екендігін қаперге алып отырған жоқ, яки қазіргі қалыптасқан ізбен кетіп отыр. Шын мәнінде, сөз тілдік таңба емес, тілдік таңбалар табиғаты мүлде басқа. Бұл мәселеге Ш.Бекмағамбетовтің тілдік таңбалар мен тілдік негіздер теориясы тұрғысынан келетін боламыз. Соның өзінде жоғарыда айтылып отырған «мидағы «қоймадан қопарыстырып іздеу» деген түсінік те ақиқатқа сәйкес келмейді. Адам санасындағы сөздік қордан қажетті сөздің табылуы «қопарыстырып іздеуден» гөрі олардың автоматты түрде табылуы тұрғысынан қарастырылуы керек. Бұл – ми қызметінің, ондағы алуан түрлі нерв талшықтарының «үйреншікті, дағдылы» әрекеті. Қысқасы, сөз мағынасының пайда болуы мен ойлау байланысы бүгінгі тілдік сөйлеу қызметімен, сөйлеудің өту процесімен салыстыруға мүлде келмейтін, өзгеше процесс. Сөз семантикасына қатысты алғанда, ойлау қызметінің өзіндік спецификалық ерекшеліктерінің табиғаты мүлде бөлек.

Лексикадағы жүйелі қатынастарды автор Ф. де Соссюрдің «Тіл – жүйе» түсінігімен байланыстырады. Автордың тілдік таңба түсінігі де «сөз – таңба» ұғымының төңірегінде қарастырылады. В.М.Солнцев лексикадағы жүйе екі фактордан құралатындығын айтады:1) қоршаған сыртқы әлемнің бейнеленген жүйелілігі; 2) олардың өзіндік өзара қарым-қатынасы мен ықпалы. Лексикалық жүйеде қоршаған сыртқы әлемнің бейнесі көрінген соң, құраған мағыналар өзара ықпалдастыққа түсіп, ішкі жүйені құрайды [9. 28 б]. Мұнан әрі автор лексикалық ішкі жүйелерден кіші жүйелер дамып көріне бастайтынын айтады, бірақ В.М.Солнцев ұстанған тілдік жүйе танымының кемшіліктері тілдік негіздер тұрғысынан келгенде айқын-ақ көрініп тұрады.

Ғ.Хасанов мұнан әрі Лексикадағы жүйеліліктің іргетасында басты категориялар: Адам – Әлем суреті – Қоғам тұрады деп, осынау үштіктің бірлігінен жалпы лексикалық жүйені көрмек болады және бұл үш бірліктің өзі макрожүйені құрайды деп біледі. Бірақ осы үштік қатынастың шынымен де жүйе құрайтыны сендірмейді. Жүйеде Адам алдыңғы орынға шығарылған, екінші әлем суреті тұр, сонан соң қоғам категориясы орналасқан. Бірақ осы жүйелік құрылымның орналасу принципі көрсетілмейді. Адам – болмысты қабылдаушы субьект делік, әлем суреті деген орашолақтау терминді ғалам бейнесі деп танысақ, осы қатарға қоғам категориясы қалайша орналасқаны түсініксіз. Егер қоғам категориясын орналастырар болсақ, онда табиғат, т.б. түрлерді де енгізуіміз керек болар еді.

Ғ.Хасанов бұл жүйенің тілдің өзге салаларынан гөрі лексикасына тән болатынын айта келіп: «Лексика құрамы жүйе құрағанда, оның ішінде әр түрлі лексикалық бірліктер ішкі жүйе құрайды. Лексикалық мағынада кез-келген ұлттың қоршаған орта, әлем туралы түсінігі, білімі көрінеді. Сол себепті бұл мағыналардың дамуы әр тілдің өзіндік жүйесі бойынша жүреді» 4. 38 б, - деп, қазақ тілі лексикасының жүйелік қатынастарының зерттелуі А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Н.Т.Сауранбаев еңбектерінен басталып, Ғ.Мұсабаевтың «Қазақ тілі лексикасы» еңбегінде толық қарастырылғанын, онан соң да С.Аманжолов, Ә.Қайдари, К.Аханов, Т.Қордабаев, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев, М.Балақаев, Ө.Айтбайұлы, Ә.Хасенов, Н.Оралбаева, Ә.Болғанбайұлы, Ғ.Қалиұлы, М.Серғалиев, Б.Қалиұлы, Т.Жанұзақов, Б.Сағындықұлы, М. Оразов, М.Малбақов, Ж.А.Манкеева, Ф.Ш.Оразбаева, т.б. тілшілердің зерттеулерінде тереңірек қарастырылуға көшкенін айтады. Көріп отырғанымыздай, автор бұл жерде қазақ тілінің лексикасы туралы арнайы еңбек жазғаны бар, жазбағаны бар – біраз адамдардың аттарын атап шығады. Ал, мәселе – қазақ тілі лексикасының құрамы мен құрылымын жүйелеу. Айта кету керек, қазақ тілінің лексика саласы – кейбір басқа салаларға (синтаксиске, фонетикаға) қарағанда, молынан зерттелген сала. Дегенмен, лексикалық жүйенің терең қабаттары тек мәселеге тілдік негіздер теориясы тұрғысынан, тіл генетикасы тұрғысынан келгенде ғана айқын көрінетіндігін ескерсек, бүгінгі тілдік тұрғыдан қарастырылған еңбектердің тереңдік деңгейі аңғарылады. Сондықтан лексикалық семантика мәселесі тілдік негіздер теориясы арқылы ғана тілдің терең қабаттарынадағы заңдылықтарды айқындай алады деп білеміз.

Біз лексикадағы жүйелілік мәселесін сөздердің тілдік негіздер төңірегіне, олардың әрқайсысына тән семантикалық өріс бойынша орналасуы тұрғысынан қарастырамыз. Яки тілдегі сөздер өздерінің әуел бастағы пайда болуынан бастап-ақ білгілі бір нақты тілдік негіз элементтердің төңірегінде, солардың нақты семантикалық өрістерінде пайда болады және тілдік қызметтің барша болмысы осы семантикалық өрістер жүйесі арқылы көрінеді. Бұл жердегі семантикалық өріс ұғымы да қазіргі қалыптасқан түсініктен мүлде басқа. Бұл – ғаламдық болмыстың жаратылысымен, соның өмір сүру заңдылықтарымен сәйкесетін, ең кең мағынадағы семантикалық өрістер жүйесі. Бұл семантикалық өрістер «+» (оң) және «–» (теріс) полюстердің (шектердің) жүйесінде, сондай-ақ тілдік таңба-нышандардың ұғымдық жүйесінде өмір сүреді. Сондықтан да лексикалық жүйеде ең әуелі тілдік негіздердің қызметінен туындайтын жүйе қарастырылуы керек. Тілдік негіздердің қызметі тілдегі жеке сөздердің қызметінен әлдеқайда маңызы және әлдеқайда күрделі.

К.А.Левковская: «Әр тілдің жеке өзіндік семантикалық жүйесі болғанымен, әр түрлі халықтардың дүниені түсінуі мен ойлау сапасында айырмашылықтар бар деп қорытынды жасауға болмайды» [10. 69 б], - деген пікір айтады. Бұл, әрине, дұрыс пікір, бірақ ол қандай негізге сүйеніп айтылып отыр? Сірә, мұнда К.А.Левковская ойлаудың жалпы адамзатқа ортақтығы туралы қалыптасқан түсінікті басшылыққа алып отыр деп білеміз. Ал, біз бұл мәселеге тілдік негіздердің жалпы адамзатқа ортақтығы тұрғысынан келеміз. Жалпы адамзат тілінің түп негізінің ортақтығы – жалпы адамзаттың ойлау жүйесінің, ғаламтанымдық түсінігінің ортақтығының жемісі. Тілдердің басқалануы, «жаттануы» – кейінгі дамудың көріністері. Сондықтанда лексикадағы жүйелілік барша тіл атаулыға ортақ принциптерге негізделеді. Ол принциптер – жалпы адамзатқа ортақ ғаламтанымдық ойлау принциптері.

Тілдің семантикалық жүйесі туралы көзқарастар әлі нақты бір жүйеге түскен жоқ. Әдетте бұл мәселеде жекелеген авторлардың көзқарастары әрқилы көрінеді. Осы тұрғыдан, біз Ғ.Хасановтың орыс ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып жасаған қорытындысын келтірмекпіз. «Қорыта келгенде, - дейді ол, - лексикадағы жүйелердің мынадай мәндерін аңғаруға болады: лексикалық құрамның өзі – жүйе, оның көрінісі құрылымнан тұрады, ал құрылым ішкі тілдік байланыстарға құрылған. Тілдің лексикалық элементтері өзара байланысқан парадигматикалық, синтагматикалық, иерархиялық қатынасқа түседі. Бұл қатынастар өз ішінен семантикалық өріс моделіне келіп топтасқан әр түрлі оппозициялардан тұрады, ал мағыналар – үйлесімділікте орныққан лексема тіркесімдерінен көрінеді. А.К.Жұмабекова өріс және деңгейлік моделдің синтезі ретінде Л.А.Новиковтың лексиканың жүйелілігін көрсетеді дейтін схемасын кіші жүйелердің иерархиялы ұйымдасу жиынтығының көрінісі деп береді: «лексиканың жүйелілігі - кластар – кіші кластар – лексика-семантикалық топ» [4. 55 б] , – дейді.

Тіл табиғатын тануға тілдік негіздер тұрғысынан келетін Ш.Бекмағамбетов пікірінше, кластар, кіші кластар деп аталатын топтар сөздердің семантикалық туыстығына негізделмеген, табиғаттағы заттардың әр алуан топтарының ыңғайындағы бөлініс. Мысалы, сүтқоректілер, бауырмен жорғалаушылар, қос мекенділер, т.б. Онан әрі: балықтар, құстар, т.б. Ал лексикалық жүйе болуы үшін ең әуелі мағыналық сәйкестіктегі, яки пайда болу негізіндегі туыстық сәйкестіктегі сөздердің тобы болуы керек. Осы тұрғыдан Ш.Бекмағамбетов тілдегі сөздерді былайша топтастырып жүйелеуді ұсынады:

1.Тілдік таңба-нышандық негіздегі туыс сөздер тобы; бұлар белгілі бір таңба-нышандық бейненің төңірегіне топтасады (мысалы, УП-шар-қоршау бейнесінің төңірегіне).

2.Уп шар-қоршау таңбасының жеке логикалық ұғымдарының төңірегіне топтасатын семантикалық өрістер. Бұлар негізгі таңба-нышандық жүйенің (уп шар-қоршау таңба-нышанының) құрамында тұрады.

3. Жекелеген семантикалық өрістердің өз ішіндегі мағыналық жүйелер. Яки әрбір негізгі таңба-нышанның да, оның жеке элементтерінің де өз ішінде тұратын логикалық ұғымдар жүйесі бар және сол жүйелерде көптеген сөздер жасалады. Мысалы, негізгі болып есептелетін УП-шар-қоршау нышанының «бүтін, бөлек, толық, айналу, т.б. логикалық ұғымдарының әрқайсысының жүйесінде де алуан сипаттар бар. Негізгі жеті түрлі тілдік негіздің әрқайсысының өзінің лексикалық бірліктерінің бөлек жүйесі бар.

4. Әр тілдік негіздегі сөздердің оң және теріс семантикалық өрістер бойынша бөлінетін жүйесі де бар. Демек, семантикалық өріс мәселесі өте терең құбылыс және ол тек тілдік негіздер арқылы ғана айқын анықталады 11. 126 б.

Сөз мағынасын, яки лексикалық семантика мәселесін тереңнен тану мақсатындағы тарихи тіл білім тұрғысынан жасалған ізденістер де баршылық. Бұл тарихи тіл білімі тұрғысынан қарастыру мәселесі қазақ тіл білімінде Қ.Жұбановтың мақалаларынан басталған деуге болады. Ол өзінің «Из историй порядка слов в казахском предложений», «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах», «Образование сложных слов в казахсом языке» т.б. мақалаларында қазақ тілі сөздерінің мағыналық жақтан пайда болып, қалыптасуының мәселелеріне сол 30-жылдардың өзінде тереңдеп барған болатын. Қазақ тілі лексикасының тарихи тұрғыдан кейінгі қарастырылуы өткен ғасырдың 70-80 жылдарында болды. Бұл кезде ҚР ҒА ТБИ-да академик Ә.Қайдаровтың және оның шәкірттерінің еңбектерінде қазақ тілі лексикасының жалпы түркі тілдері аясында қарастырылуы күшейді. Бұл бағыттағы жұмыстардың негізі қазақ тіліндегі бір буынды түбірлердің тарихи қалыптасуын, олардың мағыналық ерекшеліктерін айқындау мақсатында жүрді.



Акадекмик Ә. Қайдаров жалпы түркі тілдері бойынша бір буынды түбірлердің корпусын жасау идеясын көтерді. Дегенмен, бұл мәселе әлі де болса, енді ғана қолға алынып келе жатқан мәселе деп түсінеміз. Екінші жағынан, бір буынды түбірлер корпусын жасау түркі тілі лексикасының барлық проблемаларын шеше қояды дегенге сену де қиын, өйткені қазіргі тарихи тіл біліміндегі бір буынды түбірлер туралы көзқарас айқын емес. Яғни бұл көзқарас бойынша, бір буынды түбірлер табиғаты тарихи тұрғыдан емес, қазіргі тіл білімі тұрғысынан қарастырылады. Яғни үш, төрт дыбыстан құралатын түбірлер де бір буынды түбірлер қатарына жатқызылады және олардың табиғаты құрылымдық тіл білімі тұрғысынан қарастырылғандықтан көптеген танымдық мәселелердің табиғаты ашылмайды деген пікір білдіріп келеді.

Лексикалық семантикада сөздің лексикалық мағынасы семасиологиялық және ономасиологиялық аспектілерде қарастырылып, семасиологиялық аспектіде таңбадан мағынаға, ал ономасиологиялық аспектіде мағынадан таңбаға қарай бағыты негізге алынады. Бұл туралы Л.А. Новиков «Лингвистикалық семантика табиғи тіл бірліктерінің, яғни морфема, сөз, сөз тіркесі, фразеологиялық бірліктер мен сөйлемдердің мағыналарын қарастырады. Мұндай бірліктер грамматикалық және лексикалық қасиеттері жағынан да семантикалық талдау нысаны бола алады» [3 . 7 б] ,- деп жазады. Сонымен қатар зерттеуші «тілдік бірліктің экстенсионалы оның валенттілігі болып табылуының» лингвистикалық семантиканың теориясы үшін аса маңызды екенін айтады [3. 32 б]. Тіл білімінде экстенсионал, интенсионал ұғымдары бір-бірімен өзара байланысты. Экстенсионал белгілі бір тілдік бірліктердің (сөз, сөз тіркесі, сөйлем) тобын сипаттаса, интенсионал сол топтағы бірліктердің мағынасын, қасиетін білдіреді. Тілдік бірліктің интенсионалын, яғни мағынасын соған сәйкес экстенсионалдар арқылы сипаттау сол бірліктердің валенттілігі арқылы жүзеге асады. Сөз семантикасын, интенсионал арқылы сипатталатын қасиетін, мазмұнын анықтау олардың экстенсионалын, валенттілік құрылымын талдауға мүмкіндік береді. Мысалы, ағаш – экстенсионал, ол бұтақты, тамырлы, жапырақты өсімдіктердің жалпы атауын білдіреді. Сондықтан осы ұғымға сәйкес сөздер тобы ағаш сөзінің экстенсионалын құрайды. Ал ағаш ұғымына қатысты сөздердің мағынасы олардың интенсионалы болып табылады. Бұл сөздің басқа сөздермен тіркесімділігін анықтау оның семантикасын лингвистикалық тұрғыдан толық сипаттауға мүмкіндік береді. Тіл бірлігінің мағыналық сипаты оның экстенсионалы немесе интенсионалы арқылы берілуі мүмкін. Лексикалық семантиканың негізгі ұғымдарын, сондай-ақ сөз семантикасын анықтауда тіл бірліктерінің экстенсионалы мен интенсионалы арасындағы тығыз байланыстың орны ерекше. Жалпы сөздердің грамматикалық сипаты олардың лексикалық семантикасымен өзара қарым- қатынаста болады. Семантика және оның тілдік құрылымның негізгі салаларымен байланысы әрі лингвистикалық, әрі семиотикалық көзқарас тұрғысынан қарастырылады. Лингвистикалық тұжырымдарға сәйкес семантиканың лексикамен қатар грамматикамен де өзара тығыз байланыста болуы лексикалық семантика мен грамматикалық семантиканы бөліп қарастыруға негіз болады. Грамматикалық және лексикалық семантика өзара тығыз қарым-қатынаста болғанымен, олардың арасында өзіндік айырмашылықтар да бар. Ол айырмашылықтар грамматикалық және лексикалық мағынаның арақатынасы негізінде анықталады. Сөздердің бұл мағыналарының арасындағы шекара лексика арқылы өтетіндіктен, кез келген сөздің мағынасы оның жеке лексикалық мағынасы ретінде қабылданбайды. Тіл біліміндегі валенттілік ұғымының мәні, кейбір құбылыстармен арақатынасы мәселелерінің бірі оның лексикалық семантикадағы орнына да қатысты. Жалпы валенттілік құбылысы бастапқыда жай сөйлем синтаксисінде етістікті баяндауышқа байланысты қарастырылса, тілдің даму барысында бұл ұғымның қолданыс аясы кеңейіп, соның нәтижесінде тілдің әртүрлі деңгейінде, түрлі тілдік бірліктерге қатысты зерттеу нысанына алына бастады. Қазіргі кезде валенттілік теориясы тіл біліміндегі жаңа ғылыми бағыттардағы өзекті мәселелер қатарынан орын алады. Оған қазақ тіл біліміндегі М. Әлиева, Д. Қарағойшина, Ғ. Хасанов т.б. зерттеушілердің еңбектерін келтіруге болады.

Сөздердің семантикалық валенттілігін анықтау үшін лексикалық семантикада олардың синтаксистік қасиеттері де негізге алынады. Семантикалық валенттілік үдерісінде сөздердің семантикалық актанттары бір-бірін өзара толықтырады. Бұл орайда семантикалық валенттілік пен семантикалық актант ұғымдарының аражігін анықтаудың да маңызы ерекше. Сөздің семантикалық валенттілігі оның мағынасымен шарттасқан тұрақты ішкі қасиеті болса, сөздің семантикалық актантында тұрақтылық сипат болмайды. Сөз актанттары сол сөздің сөз тіркесі немесе сөйлемдердегі қолданысына қарай өзгеріп отырады. Сөздің семантикалық валенттіліктерінің мазмұны агенс, пациенс, құрал, орын т.б. жағдаятқа қатысушылардан құралады [12. 140 б]. Бұлар белгілі бір сөздің лексикалық мағынасының бір бөлігінің мәні болып табылады. Жалпы тіл білімінде бірқатар зерттеушілер семантикалық валенттілік пен семантикалық актант ұғымдарын түрліше түсіндіреді. Мәселен, И.А. Мельчук жазалау етістігінің семантикалық валенттілігі мен семантикалық актантын анықтау үшін осы сөзбен белгіленетін жағдаятты саралау қажеттілігін атап көрсетеді. Ғалымның пайымдауынша, жазалау жағдаятына міндетті «қатысушылар», яғни оның ауыспалы семантикалық актанттары - А,В,С,Д. Мұндағы А – басқа тұлға, В – қателік жіберген тұлға, С – әрекет, Д – А-ның В-ға жасаған жамандығы. Сонда А, В – жағдаятқа қатысушы субьектілер, С, Д – субьектілер арқылы жүзеге асырылатын қимыл обьектісі. Бұл актанттардың барлығы толығымен жазалау жағдаятын сипаттай алады. Ал олардың біреуі болмаса, онда жазалау етістігін қолдануға болмайды. А- агенс (сипатталатын жағдаяттың бастаушысы), В- пациенс (сипатталатын жағдаят қатысты тұлға), С- сипатталатын жағдаятқа уәж болатын оқиға, Д – жағдаятты жүзеге асырушы құрал [13. 57 б ]. Бұл тұжырымдар синтагматикалық қатынастың тіл жүйесінде біршама дәрежеде қарастырылып, бірқатар маңызды мәселелерінің өз алдына зерттеу нысанына алынып жатқандығын білдіреді. Лексикалық семантикада сөздердің синтаксистік қасиеттерінің ішінде олардың семантикалық валенттілігі аса маңызды болып табылады. Ғалым И.М. Кобозева: «Егер сөз міндетті қатысушысы болатын жағдаятты сипаттайтын болса, оның семантикалық валенттілігі болады» деп, оны мынадай формуламен көрсетеді: Л-сөз, Х-семантикалық валенттілік. Л- белгілі бір жағдаятты сипаттайды, Х-сол жағдаятты сипаттауға міндетті қатысушы [12. 141 б].

Семантикалық валенттіліктің негізі болатын сөзбен байланысты және сол сөз арқылы сипатталатын жағдаяттың міндетті қатысушыларын белгілейтін сөздер мағынасы сол сөз валенттілігінің семантикалық актанттары болып табылады. Семантикалық актанттар арқылы сөздің семантикалық валенттілігі толығып отырады. Актант терминін ғылымға француз зерттеушісі Л. Теньер енгізіп, бұл ұғым бастапқы кезде әрекет етуші тұлғаны, яғни жағдаяттың белсенді қатысушысын белгіледі. Жалпы тіл білімінде негізінен синтаксистік бағыттағы зерттеулерде ғана қолданылып келді. Ал семантикалық теорияда бұл ұғымның орнына аргумент термині жиі қолданылды. Лингвистика теориясындағы сирек қолданысына қарамастан актант ұғымы Москва семантикалық мектебі теориясының негізіне айналып, соның шеңберінде жаңа сипатқа ие болды. Аталған мектеп өкілдері семантикалық валенттілік және синтаксистік валенттілікті қарама-қарсылықта алып қарастыру арқылы семантикалық актант, синтаксистік актант түрлерін бөліп көрсетті. Соның негізінде актант ұғымы лингвистикалық семантика саласында да кең қолданысқа түсті.

Тіл жүйесінде семантика парадигматикалық және синтагматикалық тұрғыдан да сипатталады. Семантиканың парадигматикалық сипаты сөздердің лексика-семантикалық тобы мен өрісі негізінде анықталса, синтагматикалық сипаты сөздердің сөйлеу үдерісінде бір-біріне қатынасына қарай орналасуы негізінде қалыптасқан тіркесімділік топтары арқылы анықталады. Лексикалық семантика парадигматикалық қатынас немесе парадигматика тұрғысынан жүйе ретінде қарастырылса, синтагматикалық қатынас немесе синтагматикада бұл жүйедегі лексикалық мағыналар аса үлкен бірліктерге топтастырылады. Синтагматикалық қатынас сөздердің өзара қарым-қатынасы нәтижесінде қалыптасып, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін тәрізді тілдік бірліктердің арасында болады. Сөз мағыналарының өзара қарым-қатынасы негізінде сөз тіркестері белгілі бір мағыналық сипатқа ие болады. Мысалы, жақсы сөз тіркесіндегі бірінші сөз сындық мағынаны, екіншісі заттық ұғымды білдіреді. Сөз тіркесі құрамында сындық мағына мен заттық ұғым өзара араласып, нәтижесінде жеке мағыналар сөз тіркесі шеңберінде өзара байланысады. Жалпы парадигматикалық қатынасқа қарағанда лексикалық синтагматиканың өзгеруіне семемалардың құрылымдық бөлшектерінің ықпал етуі қатынастың бұл түрінің өз алдына дербес мағынасы бар сөздердің мағыналық құрылымының байланысынан жасалуымен түсіндіруге болады. Сөз семемаларының құрылымдық бөліктері негізінде қалыптасқан лексикалық синтагматиканың құралуы сөздердің мағыналық бөліктерінің байланысы арқылы жүзеге асады. Ғалым Ғ. Хасановтың тұжырымынша, лексикалық синтагматика сөздердің мағыналары бойынша жасалғанымен, сол сөздердің уземаларын ешқашан да толық қамтымайды, яғни қолданыста тек кейбір жақтарын ғана аша алады [4. 198 б].

Лексикалық синтагматиканың мағынаның жеке компоненттері арқылы ғана байланысып, сөз-синтагма ретінде қолданылуын да осы жағдайлармен байланысты түсіндіреді. Сондықтан семасиология саласында сөз мағынасымен бірге мағынаның құрылымдық бөліктері, атап айтқанда семалар мен олардың жиынтығы да семантикалық бірлік ретінде зерттеу нысанына алынады. Сөздердің лексикалық семантика негізіндегі синтагматикалық байланысы А.А. Уфимцеваның еңбегінде нақты сипатталады. Зерттеуші лексикалық бірліктердің түрлі контекстегі тіркесімділік қабілетіне талдау жасап, сөздердің семантикалық варианттарына байланысты семантикалық контекст түрлерін көрсетеді [14. 125 б].

Семантикалық қатынастардың лексемалардың семантикалық валенттілігіне әсері үнемі бір қалыпта болмайды. Мәселен, бір семантикалық қатынастар үнемі лексемалардың валенттілігі болып табылса, екіншілері бір лексемада валенттілік, ал басқаларында сирконстанттарды байланыстырушы құрал ретінде қолданылады. Семантикалық қатынастардың екінші түріне қатысты Ю.Д. Апресян: «Бастапқы, соңғы нүктелер мен зат пен құралдың мағыналары таза грамматикалық тәуелділіктен гөрі көп жағдайда семантикалық валенттіліктің мазмұны, ал қалған мағыналар таза грамматикалық тәуелділіктің мазмұны болып табылады» [15. 126 б],- деп жазады .

Сөздердің валенттілік құрамын анықтауда валенттіліктің синтаксистік факультативтілігімен қатар семантикалық факультативтілігі де біршама қиындықтар тудырады. Белгілі бір жағдаяттың міндетті қатысушыларын бөліп көрсетуге негізделген семантикалық валенттілікті анықтауда көп жағдайда мұндай қатысушылардың құрамы түрленіп, өзгеріске ұшырауы мүмкін. Бұндай өзгерістер сол сөздің валенттілік құрылысын анықтауда ескеріліп, оның меңгеру моделінде көрсетілуі қажет. Мысалы, бағыттық мағына негізінен қозғалу етістіктеріне тән болғанымен, етістіктің аталған семантикалық тобындағы бағыттық мағынаның көріну сипаты бірдей емес.

Соның ішінен бару етістігін алып қарастырсақ, бұл етістіктің валенттілік саны ең аз дегенде үшеу: 1-А (қозғалысқа түсушінің өзі); 2-В және С(қозғалысқа түсушінің кеңістіктегі бастапқы және соңғы нүктелері). Аталған етістіктің меңгеру моделі оның семантикалық факультативтік валенттілігі негізінде мынадай сипатқа ие болады: А В нүктесінен С нүктесіне Д бағытымен Е мақсатында барды. Мұндағы А-субьект, В-бастапқы нүкте, С- соңғы нүкте, Д- бағыт, Е- мақсат. Бару етістігін сөйлемдерде басқа сөздермен байланыстыратын семантикалық қатынастар аталған етістіктің мағынасын түсіндіруде орын болмайтындықтан, яғни семантикалық валенттілігі толық болғандықтан, оның валенттілігі ретінде қарастырылмайды. Семантиканың сөз мағынасын зерттейтін бір саласы – лексикалық семантикада сөз мағыналары әрі тілдің лексикалық жүйесінің бірлігі, әрі сөйлеу бірлігі ретінде жан жақты қарастырылады. Тіл бірліктерінің сол жүйедегі басқа тілдік бірліктермен мағыналық байланысы лексикалық семантикада қарастырылады. Ал сөз мағыналарының арасындағы мағыналық үйлесімділік нәтижесінде қалыптасқан семантикалық валенттіліктер валенттілік байланыстағы сөздердің синтаксистік белгілері негізінде анықталады. Бұл лексикалық семантика мен семантикалық валенттіліктің арасындағы тығыз байланысты көрсетеді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   46




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет