Лексикалық семантика – тіл мен лебіздегі лексикалық жүйе бірлігі саналатын сөз мағынасын зерттейтін лексиканың бір бөлігі. «Лексикалық семантиканың негізгі зерттеу нысаны – мазмұн жағынан анықталатын сөз» [19. 68 б], - деген түсіндірмеде де бірқатар анықталмаған жайлар бар екені байқалады. Мысалы, мазмұн терминінің жеке сөзге қатысты алынуы нақты емес деп білеміз, себебі әдетте сөздің мағынасы туралы айтылады да, ал мазмұн термині мәтінге қатысты қолданылады. Аталған автор бірде мағына десе, енді бірде мазмұн деп, бұл екі терминнің арасына айырма қоймай отыр. Сондай-ақ, қазіргі ғылыми еңбектерде лексикалық семантика сөздің мағынасын екі түрлі бағытта қарастыратыны айтылады: 1) тұлғадан мағынаға қарай; 2) мағынадан тұлғаға қарай; Зерттеу бағытының осы өзгешелігіне қарай семантика екі аспект бойынша анықталады: семасиология және ономасиология 19. 69 б, - дейді. Ғалымдардың түсіндіруінше, семасиология мен ономасиология бір-бірімен тығыз байланысты, семантика атты ғылымның екі түрлі әдісі болғанымен, зерттеу тәсілінің әртүрлі болуына байланысты біріне бірі қарама-қарсы қойылады деп түсіндіріледі.
Семасиология (грекше: semasia – мағына, logos – ілім) – нақты сөздің, номинативтік бірліктің (сөз, күрделі сөз, тұрақты тіркес, атаулы тіркес, т.б.) мағынасын анықтайды. Мәселен, ақ, самал, сақ, тақ, ел, жаз, жұрт, біл, бек, аққу, аққұтан, көз, мөлді, ақсақал, сужүрек, қас пен көздің арасында т.т. сөздердің (атаулардың) ішкі мағыналық құрылымын зерделейді.
Ономосиология (грекше: onima – есім, logos – ілім) – «мазмұннан – таңбаға» бағытында зерттейтін семантиканың бір саласы. Ономасиология – номинация теориясын, яғни тілдегі номинатив атаулардың қызметін, пайда болуы мен жасалу тәсілдерін әр түрлі тілдік деңгейде анықтайды. Белгілі бір мазмұнды қандай атаумен, сөзбен не сөз тіркесімен атауға болатынын белгілейді: қуаныш – құт, құтты, сәт, сәтті, жақсы, жақсылық, игі, игілік, игілікті, қуан, қуаныш, той, мереке, туған күн, т.б. – деп, мысалдар келтірген, бірақ мұнда да аталған сөздер ұясының ономасиологиялық жақтан бірыңғай емес, басқа-басқа негізден екені көрініп тұр. Демек, атау теориясының да өзіндік мәселелері жеткілікті екені осыдан да аңғарылады.
Жоғарыдағыларды қорыта келгенде, «семантика гнесеологиялық және онтологиялық аспектілерде зерттеле алатындығын көреміз» [19. 69 б],- дейді. Осындағы онтология терминіндегі онто элементін Ш.Бекмағамбетов нот/нәт түрінде түсіндіреді, демек бұл сөз пайда болуының негізін зерттейтін сала. Сондықтанда біз «Сөздің терең мағыналық құрылымының қалыптасуының онтологиялық негізі бар, адамзаттық ізі бар» 21. 133 б деген автор пікіріне қосыламыз және осы зерттеу жұмысымызда тілдегі сөз пайда болуының жалпыадамзаттың негіздері туралы мәселені қарастыратын боламыз. Сонымен, лексикалық семантиканың негізгі зерттеу обьектісі – сөз және оның мағынасы. Лексикалық семантиканың бір бағыты сөздің қазіргі тілдегі мағыналық қолданыстары мәселесін зерттесе, екінші бағыты сол мағынаның сөз табиғатында пайда болуы мәселелерін қарастырады екен.
Сөзге алуан түрлі анықтама беріліп жүр, солардың бірі былайша беріледі: «Сөз – белгілі бір дыбыстар кешенінен құралып, заттар мен құбылыстарды, әрекет пен қимылды, сапа мен белгіні, қасиет пен жағдайды атайтын, белгілі мән мен мағынаға ие болатын номинативтік және когнитивтік бірлік» [19. 71 б].
Бірақ тіл біліміндегі сөз, сөз (тіл) және ойлау мәселелеріне арналған еңбектердегі қолданылып жүрген терімсөздердің сипаты бірыңғай емес, әрқилы болып келетіні аңғарылады. Мысалы, сөз ұғымын автор екінші бір тұста былайша түсіндіреді: «Сөз – ойдың таңбалық бейнесі. Саналы ойды нақты таңбамен белгілегенде, оның мағынасы айқын көрініс береді» 19. 69 б ,- дейді. Бірақ осы анықтамада да айқындық жоқ. Біріншіден, сөз – ойдың таңбалық белгісі емес, өйткені, қалыптасқан түсінік бойынша, ойды таңбалаушы – сөйлем және біршама аяқталған, тиянақталған ой – пайымдау болып табылады. Логикадағы пайымдау не ой қорыту категориясына тілде сөйлем сәйкес келетіні ғылымда қазір айтылып жүрген жай, - дейді Ш.Бекмағамбетов. Екіншіден, саналы ой деген де нақты емес, өйткені санасыз ой болмайды. Үшіншіден, нақты таңбамен белгілеу деген де осы тәрізді, яки нақты таңба термині ғылымда жоқ. Бұл сияқты анықтамалар сөз ұғымын түсіндіріп бере алмайды дейтініміз де осыдан. Дегенмен, А.Салқынбай: «Қазақ тіл білімінде сөз жақсы зерттелген. Мәселен, Қ.Жұбанов: «Сөз деген зат біткеннің аты емес, әр елдің өзінің білген затының, білген құбылысының аты ғана» десе, С.Аманжолов сөзге тек анықтама беріп қоймайды, сөз бен зат арасындағы байланыс туралы теориялық мәселеге тереңдеп: «Барлық атау еркін қойылады. Сондықтан әр тілде – әр түрлі атау. Сондықтанда тіл көп» [17. 71 б ],- деген тоқтамға келеді. Ғ.Мұсабаев: «Сөз – дыбыстық форма мен мағынаның тұтастығы, ақиқат заттың, құбылыстың жинақты бейнесінің белгісі» [22. 10 б], - дей отырып, сөз бен дыбыс, сөз бен дыбысталу, сөз бен мағына, сөз бен ұғым арасындағы байланысты тарихи және қазіргі тіл деректерін келтіре отырып дәлелдейді.
Ғ.Қалиев, Ә.Болғанбаевтың «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты еңбегінде «Сөз – тілдің, оның сөздік құрамының заттар мен құбылыстарды, олардың қасиеттерін, шындық өмірдегі қатынастарын атап білдіретін негізгі единицасы (сөз бірлігі), дербес бөлшегі болып табылады» 23. 67 б,- дей келіп, сөздің ерекше белгілері мен қасиеттеріне терең талдау жасайды, сөз құрылымының тұйықтығын, даяр қалпында қолданылатындығын, әуел бастағы зат я құбылысқа атау болып қалыптасуының себебін көрсету мүмкін еместігін (бір буынды сөздерде) анықтайды. Дегенмен, ғылыми көзқарас тұрғысынан қарағанда, сөздің әуел бастағы зат я құбылысқа атау болып қалыптасуының себебін көрсету мүмкін еместігі туралы кесімді пікірдің дұрыс болмайтынығы қазірде ашық айтылып жүр. Мұндай пікірді қолдаушы ғалымның бірі – Ш.Бекмағамбетов. Сөздің пайда болу негізіндегі құбылыстарды дұрыс түсінбей, оның бүгінгі тілдегі қызметінің табиғатын да терең тану мүмкін емес. Сондықтан да біз жұмысымызда сөз пайда болуының, оның дыбыстық-материалдық және идеялық жақтарының терең сырларын дұрыс түсіну бағытындағы тілдік негіздер теориясының көзқарастарына сүйенетін боламыз.
Ғылыми әдебиеттерде сөздің (тілдің) атау қызметінен өзге оның экспрессивтік, кумулятивтік (жинақтаушылық) т.б. қызметтері аталады. Дегенмен, солардың ең бастысы – оның атау (номинативтік) қызметі. Тілдің кумулятивтік қызметі туралы сөз болғанда, әдетте тілді жеке ұлттық рухани қазынаны сақтаушы ретінде ғана түсіндіру басым болып келеді. «Бірақ, тіл ұлт тілі болмай тұрғанда, тіпті ең ежелгі тіл пайда болуы кезеңінде жалпы адамзаттық қазына болғандығы ескеріле бермейді 24. 17 б, - дейді Ш.Бекмағамбетов.
Ғалымның пікірінше, кез келген ұлт тілі ең әуелі жалпы адамзат тілі ретінде пайда болған, солай қалыптасқан. Демек, кез-келген ұлт тілінің түп негізінде ең ежелгі тіл жасам дәуіріндегі жалпы адамзатқа ортақ ғаламтанымдық түсініктер тұрғаны біздің зерттеулерімізден айқын көрінеді. Олай болса, жеке ұлт тілі дегеніміз, мысалы, қазақ тілі тек қазақ ұлтының ғана қазынасы, соның ғана байлығы емес, ол – ең әуелі жалпы адамзаттық ортақ рухани қазына. Егер біз ұлттық тілімізден жалпы адамзаттық құндылықтарды көре алмай, тек қазақи болмыстық шындықтарды ғана іздейтін болсақ, онда тіл табиғатының шындығын да толық тани алмаймыз. Біздің қазіргі тіл білімінің деңгейі тек осы ұлттық деңгейде ғана дамып келеді, сондықтан да ол тілдік құбылыстың терең табиғатын тани алмай отыр. Бұл тек қазақ тіл біліміне ғана емес, қазіргі жалпы тіл біліміне ортақ жағдай деп тұжырымдайды. «Тіл білімінде сөздің негізгі белгілері туралы да көптеген ғылыми көзқарастар қалыптасқан» 19. 75 б, - деп, А.Салқынбай мына төмендегі мәселелерді көрсетеді:
- сөз – номинативтік бүтін бірлік, қанша тұлғадан құралса да, тұтас, бүтін бірлік ретнде танылып, бір екпінмен айтылып, бір сұраққа жауап беріп, бір мағынаны таңбалап, бір қызметте жұмсалады, бір ғана заттың атауы болады;
- сөз – дыбыстық құрылымнан тұратын бүтін бірлік, яғни бір не бінеше дыбыс сөздің таңбалық сипатын жасайды, бүтіндігін қамтамасыз етеді. Мұның өзі оның лебіздегі ым мен ишарадан айырмашылығын танытады. Яғни сөзбен берілетін ақпарат дыбысталады, ыммен, ишарамен берілетін ақпарат қимылмен, жестпен көрсетіледі;
- сөз – дербес мәнді бүтін бірлік, тілдегі әрбір сөз болмыстағы жеке ұғымды анықтайды. Бір ұғымды екі сөзбен атау (кейбір жергілікті тіл ерекшелігі ретінде танылатын говорлық бірліктерді есептемегенде: әтеш, қораз) кездеспейді.
Осы тұста біз Ш.Бекмағамбетовтің мына пікірін келтіре кеткенді жөн көреміз: «Бір ұғымды әр басқа тілдік-дыбыстық материал арқылы бейнелеу мүмкіндігі орасан. Тілдік құбылысқа ата тіл гипотезасы тұрғысынан, тілдік негіздер тұрғысынан келгенде, бір ғана ұғымды әр басқа тілдерде әр басқа сөздермен белгілеудің көптеген мысалдарын көруге болады. Мысалы, автор келтіріп отырған қораз сөзінің әр алуан тілдерде сан түрлі атаулары бар. Ал оларды ескермеуге болмайды 25. 31 б , - дейді ол. Ғылымда бір ғана ұғымның әр басқа тілдерде әр түрлі аталуын, яки әр басқа дыбыстық материал арқылы берілуін сол этностардың өздеріне тән дүниетанымдық ерекшелігімен байланыстыру да бар. Бірақ бұл үнемі осылай бола бермейтінін де тілдік деректер көрсетіп беретінін тілдік негіздер арқылы оңай байқауға болатынын келтіреді. Мысалы, кітап және бітік сөздері қазіргі тіл тұрғысынан әр басқа тілдерге (араб тілі және көне түркі тілі) жатқызылып жүрсе, автор осы екі сөздің мағыналық жағы қандай бір болса, дыбыстық жағы да дәл сондай бір екендігін көрсетеді. Мұндай мысалдар біреу-жарым ғана емес, тіл-тілде молынан кездеседі екен. Мұны ғалым сөз құрамындағы тілдік негіздердің ауыстырымдылық заңдылығымен түсіндіреді. Мысалы: кітап-бітік, мүрде / труп, берік/крепкий т.б.
-сөз – даяр қалпында жұмсалатын бүтін бірлік, лебізде сөйлемді ойланып айтамыз, әр сөзді таңдап, талдап пайдаланамыз, ал сөздің өзі даяр қалпында қолданысқа түседі. Сөздің жасалуы – ұзақ тарихи процесс, ол бір сәтте жасалған құбылысқа жатпайды.
-сөз – семантикалық валенттілікке йе бүтін бірлік, яғни тілде және лебізде сөздердің тіркесуін, сөйлемнің құралуын ішкі мағыналық құрылымы мен мазмұны арқылы реттеп отырады. Тұлғалар өзара ішкі мәні мен мағынасына ғана байланысты тіркесіп, қарым-қатынас жасаудың негізгі құралына айналады. Егер сөзде мұндай қасиет болмаса, лебіз мәнсіз болар еді.
-сөз – ішкі мағыналық тектілікті сақтаушы бүтін бірлік. Бір буынды сөздерден жасалатын кез-келген лексикалық мағына беретін номинативтік бірліктер өзінің ішкі мағыналық құрылымында әуелгі мағынаға сіңген тектілікті, генетикалық архисеманы сақтаушы: бас-басшы-басшылық-басшылықтай сияқты жаңа сөздер өзінің архисемалық мағынасында әуелгі негізгі семасын сақтап, тіл тектілігін анықтайды.
-сөздің ішкі мағыналық құрылымы мен мәні ұғымның мазмұнына уәжделеді.
Сөз дыбыстық жамылғыш пен мағынаның бірлігінен құралады. Ф. де Соссюр сөздің бұл қасиетін бір парақ қағазбен салыстырады. Парақ қағаздың бір бетін екінші бетінен ажыратып бөлуге, жыртуға, қиюға болмайтыны сияқты, дыбысты мағынадан, мағынаны дыбыстан ажыратуға болмайды деп түсіндіреді. «Шынында да, сөздің дыбыстық тұлғасы оның денесі де, мағына мен мән – оның ішкі рухы, жан дүниесі. Бұлардың арасындағы қатынас – диалектикалық сипатқа ие: сөздің дыбыстық жағы – оның тұлғасы, мағыналық жағы – мазмұн мен мән» 26. 121 б, - дейді автор. Бірақ сөздің дыбыстық-материалдық жағы мен оның идеялық жағы болатыны түсінікті болса да, тілдік негіздер тұрғысынан келгенде, бұларды бірінен бірі мүлде ажырамайтын тұтастықта деп қарауға болмайды, өйткені сөздің идеялық жағы санада ойлау арқылы, ми қызметі арқылы жүзеге асады да, ал оның материалдық жағы, яки дыбыстық жамылғысы тіл арқылы бірте-бірте қалыптасады және бұлар о бастан бірге емес, кейіннен біріккен. Себебі әуелде дыбыстық тіл емес, вербалды емес тілдің болғаны туралы ғылыми болжамдар мойындалған. Сондықтан мұнда Ф де Соссюр мысалы мәселенің жайын толық түсіндіріп бере алмайтынын айтады Ш.Бекмағамбетов. Сөздің мағыналық жағы мен материалдық жағының тұтастығы олардың бірі мен бірінің сәйкесуінен көрінеді. Ал кейде бірдей материалдық жамылғы мағыналық жақтан мүлде басқа сөздерде қолданылуы да әбден мүмкін. Мысалы ат (жылқы), ат (етістік) т.б. Демек парақ қағаздың екі бетіндей, бірінсіз бірі жоқ деу артық, яки матерриалдық жағы алуан түрлі болуы мүмкін және бұл қасиет тілдің әмбебаптығын қамтамасыз етудің бір жолы болып табылады.
Ғылымда сөз мағынасына қатысты сема және семема терминдерін ажыратады. Семема бірнеше кіші семаларға ажырайды. Мағыналық тұрғыдан семема семамен салыстырғанда, кең, әрі ауқымды саналады. Семема лебіздік деңгейде көрініс табады да, сема лингвистикалық талдау барысында анықталады. Семалар семантикалық жүйенің бірліктері саналады да, мағынаның микроэлементтерін құрайды. Жеке-жеке алғанда, бұлардың мағыналары былайша түсіндіріледі:
1. Архисема – сөз мағынасының белгілі бір лексика-семантикалық топқа біріктіруде негіз болатын әуелгі сема. Архисема – түбірдің бастапқы негізгі семасы. Әдетте архисеманың аумағы кең әрі ауқымды болады, - дейді. Мұнда анықтама нақты беріліп тұрған жоқ. Сөздердің лексика-семантикалық тобы, яки лексика-семантикалық варианттар деп, автор бір сөздің грамматикалық тұлғалануы нәтижесінде жасалатын сөзтұлғаларды айтады. Демек, лексика-семантикалық варианттар – мағыналары бір, тұлғалық өзгешелікке түсіп, сөзтұлға құраған, лебізге тән бірліктер, яки негізгі түбір сөзге қарағанда, оның лексика-семантикалық варианттары – сол негізгі түбірдің мағыналық аясына кіретін, немесе сонан шығатын, тарайтын кіші элементтер болып табылады. Бірақ сөзтұлға терімсөзінің өзін де айқындап алу қажет болады: біріншіден, грамматикалық тұлға арқылы пайда болған жаңа сөз, яки туынды түбір болады. Мысалы: балық – балықшы – балықшылық т.б. Екіншіден, алуан түрлі грамматикалық мағына үстейтін жалғаулар мен сөз түрлендіруші тұлғалар бар – осылардың қайсыс сөз тұлға болып есептелетіні де айқын болуы керек еді, бірақ автор бұл мәселеге толық тоқталмаған. Сондықтан, тек қана балық сөзінің ұғымын (семасын) архисема деп алсақ, бұл ақиқатқа сай болмайтын тәрізді, өйткені архи элементінің мағынасы бүгінгі тілдік семаны емес, тарихи-генетикалық сипаттағы семаны білдіретін сөз.
2.Ортақ сема – түбірлес сөз мағыналарының тарихи тектестігін айқындайтын, сөздердің мағыналық бірлігін көрсететін сема. Ортақ сМ.А. Семантика. – М., ақұрайды.ема арқылы сөздердің мағыналық тектестігі мен сабақтастығы көрініс табады. Сөздердің когнитивтік негізділігі мен уәжділігін айқындауда маңызды қызмет атқарады. Мұнда да ортақ семаның архисемадан ерекшелігі айқын көрініп тұрған жоқ. Егер түбірлес сөздерге ортақ семаны ортақ сема десек, архисема да семантикалық варианттарға ортақ болатыны айтылған. Бұл жерде түбірлес сөздер мен лексика-семантикалық варианттар ұғымының бірінен бірін ажырататын критерий жоқ екендігі көрінеді.
3.Өзек сема (негізгі) – сөз мағынасының негізін құраушы сема. Өзек сема архисемаға жақын, архисеманың негізінде жасалады. Таңбаланған зат пен құбылыстың негізгі белгілері мен қасиеттерін көрсетуші белгі. Нақты мысалмен көрсетіліп, тиянақталмағандықтан, бұл ұғым да айқын түсінікті емес деп білеміз. Ш.Бекмағамбетов мұндағы «сөз мағынасының негізін құраушы сема», «зат пен құбылыстың негізгі белгілері мен қасиеттерін көрсетуші белгі» дегендердің қазіргі тіл білімінде нақты түсінігі айқындалмаған жалпылама әңгімелер ғана екендігін айтады. «Сөз мағынасының негізін құрайтын сема» дегенінің өзі, қазіргі түсінік бойынша, «зат пен құбылыстың негізгі белгілері мен қасиеттерін көрсетуші белгі» болып табылады, бірақ осы соңғы айтылып отырған «... негізгі белгілер» дегеннің қандай белгілер екені туралы қазіргі тіл білімінде қалыптасып отырған пікірлер де бірыңғай емес. Бұл туралы да аталған автордың еңбегінде жан-жақты айтылған.
4.Айырушы сема – семантикалық өрістегі сөздердің өзіндік ерекшеліктерін айқындайды. Айырушы семалар парадигманы құруға, тілдегі және лебіздегі мағыналық реңді, өзгешелікті айқындауға мүмкіндік береді. Осындағы «семантикалық өріс» ұғымы да ойлана қарауды қажет етеді. Өйткені осы семантикалық өріс мәселесін де әр түрлі деңгейде қарастыруға болады. Айталық, қазіргі тілдегі сөздердің семантикасы тұрғысынан қарайтын болсақ, оның негіз ұғымы негізгі түбірге тән лексикалық ұғым болып табылады. Мысалы, жоғарыда келтірілген балықшы, балықшылық тәрізді сөздердің ортақ негізгі семасы – балық ұғымы. Ал егер генетикалық тұрғыдан қарағанда, семантикалық өріс ұғымының ауқымы әлдеқайда кеңейіп, бір семантикалық өрісте мыңдаған сөздер жүре беретіні де Ш.Бекмағамбетов еңбегінде көрсетілген. Мысалы, УП «шар-қоршау» логикалық ұғымының бір ғана «бүтін» семасының семантикалық өрісінде «бүтін, бір, бөлек, басқа» т.б. көптеген өзге тілдік сөздер де қатар тұра береді. жОсы тұрғыдан келгенде, айырушы сема түсінігі де көптеген проблемалы жайларға әкелетіні көрінеді.
5.Ерекше сема – зат пен құбылыстың ерекше номинативтік белгілері арқылы орнығатын сөздің өзіндік ерекше мағынасы. Ерекше сема мәндес, мағыналас, түбірлес сөздердің ерекше мағынасын көрсетеді. Болмыстағы заттар мен құбылыстардың ерекше бір белгісі мен қасиетіне негізделеді. Мәселен, үй және үйшік сөздерінің ерекше семасы үйшіктің үймен салыстырғандағы кішілік белгісі арқылы ерекшеленіп, жеке сөздер ретінде танылады. Демек, бұл бір сөзді өзімен түбірлес өзге сөздерден ерекшелеп тұратын сема деп түсінеміз. Әрине, бұл сема жаңа пайда болған сөзді бұрынғы, яки алдыңғы түбірден ерекешлеп тұрғанмен, сөздің бастапқы негізіне қатысы жоқ, қосымша сема болып табылады.
Сема және оның түрлері туралы бұл айтылғандарды қорыта келгенде, бұлардың ешқайсысы да сөз мағынасының пайда болуының негізінде тұрған ең ежелгі тілдік негіз семаны айқындай алмайтыны көрінеді. Тіпті осындағы архисема, өзек сема деген терминдердің өзі ақиқатқа сай емес. Мысалы: «Архисема – сөз мағынасының белгілі бір лексика-семантикалық топқа біріктіруде негіз болатын әуелгі сема. Архисема – түбірдің бастапқы негізгі семасы» - дегенмен, аталмыш терминнің аты затына сай емес екені кейінгі зерттеулерден айқын көрініп тұрады. Архисема түбірге емес, тілдік негіздерге тән сема болуы керек. Егер сол тілдік негіздерге тән семаны, яки тілдік негіздердегі логикалық ұғымдарға тән семаны қандай да бір атаумен, терминмен атау керек болса, оны не өзек сема, не архисема деп атау керек деп білеміз 27. 285 б, - дейді Ш.Бекмағамбетов. Сөз семантикасы мәселесіне келгенде, біз осы мағынадағы архисемалар тұрғысынан қарауымыз қажет. Яки қазақ тілінің семантикалық жүйесін тек қазақ тілінің төңірегінде ғана емес, жалпы адамзат тіліне ортақ тілдік негіздер аспектісінде қараған жөн деп біледі ғалым.
Философтардың айтуынша, мәселенің философиядағы қойылысы лингвистикаға қарағанда күрделі болып келеді. Онда, негізінен, сөз мағынасынан гөрі сөйлемнің мағынасына, мәтінге баса назар аударылады. Гносеологиялық тұрғыдан әуелі сөз пайда болуы мәселесін зерттеуге тиіс болса да, қазіргі философияда сөйлем табиғатына көбірек көңіл бөлініп, тіл және ойлау мәселесін осылайша «кең ауқымда» қарастыру жайы көзделетін тәрізді. Формальды логиканың ізі ойтұжырымдар, пайымдаулар арқылы қорытындылар жасайтыны тәрізді, жалпы философиялық деңгейдегі тілдік-логикалық талдаулар да, әдетте, сөйлемдік, мәтіндік деңгейдегі құрылымдармен айналысатыны байқалады. Бұл шынында да аса маңызды мәселе болғанымен, екінші жақтан қарасақ, әуелі сөз табиғатын танып алмай тұрып, сөйлемнің сырын түсіну мәселені онан да қиындатып жіберетін тәрізді көрінеді. Автор мұның тілдік негіздер табиғатының, тілдік негіздердегі ойлау жүйесінің ғылымда әліге дейін құпия қалуымен байланысты екендігін айтады. өйткені, ойлаудың, әсіресе, дүниетанымдық, ойлаудың арғы негіздері осы тіл (сөз) пайда болуы мәселелерімен байланысты ғана өте терең және айқын көріне алады [21. 80 б], - дейді автор. Оның пікірінше, А.А.Потебня, В.В.Виноградов, Л.О.Резников тәрізді ғалымдардың, сондай-ақ Э.Сепир, Ричардс, Огден, Л.Ельмслев, Вандриес, т.б. шетелдік ғалымдардың да «сөз-мағына-денотат» арасындағы байланыс табиғаты туралы пікірлері мәселені толық айқындап бере алмады. Р.Г.Авоян батыстық ғылымда да, біздің елімізде де ұзақ уақыт бойы сөз мағынасына ғана көңіл бөлу мағынаның шынайы табиғатын түсінуге кедергі болып отыр деп ойлайды да, осындай түсінік мағына мәселесін барынша қарапайымдандырып жібереді деген тұжырымға келді. Ол: «Тілді түсіну дегеніміз – сөйлемді түсіну» 28. 64 б,- деп айтады. Әрине, сөйлемдер арқылы қарым-қатынас жасайтынымыз белгілі, дегенмен сол сөйлемдердің өзі жеке сөздерден тұратынын, сондықтан сөйлем мағынасы сөздердің мағынасынан пайда болатынын ескермеуге де болмайды. Екінші жағынан, бұл тіл (сөз) пайда болуы мәселелерінің қиын проблемаларынан бас тарту да тәрізді. Өйткені, сөздің пайда болу құпияларын тану мүмкін болмағандықтан, сөйлем табиғатын тану арқылы жаңа зерттеу бағытына ойысу тәрізді көрінеді дейді ғалым Ш.Бекмағамбетов. Ал мағына мәселесінің шынайы табиғатын тануды автор тілдік негіздердің философиялық табиғатын ашу арқылы ғана мүмкін болатын іс деп түсінеді. Сөз мағынасының философиялық құпияларын тану тілдің қазіргі басќа құпияларының да сырларын тереңдей тануға жол ашар еді деген тұжырым жасайды.
Дегенмен, қазіргі осы бағыттағы еңбектерден байқап жүргеніміздей, мағына (значение) термині тілдік құбылыстың семантикалық жағының барша аспектісін бір өзі ғана қамтитындай көрінетінін де аңғару қиын емес. Тілдік негіздерге, атау теориясына қатысты мәселеде автор логикалық ұғым терминін қолданады да, мағына термині тек жеке лексикалық мағыналарға қатысты тұста ғана жұмсалады [29. 60 б].
Соңғы кезде мағынаның философияда кең ауқымда қолданыла бастауы оның адам факторымен байланыстырыла алынуымен түсіндіріле бастады. Бұл бағыттың да қазірде тілдің қызмет ету аспектілерін лингвомәдени сипаттағы және когнитивтік тұрғыдан зерттеулерде әр алуан түрде көрініп жүргенін айта келіп, бірақ сөз мағынасы туралы мәселе ең әуелі өзінің тура біріншілік сипатында, яки лексикалық мағына сипатында дұрыс түсінілуі қажет екендігін ғалым Ш.Бекмағаметов айтады. Мағынаны контекспен, синтаксистік қатынаспен байланысты қарастырушы ғалымдар сөздің контекстегі валенттілік қуатын есептеп, соның дәрежесімен сөз мағынасын айқындауға болады деп түсінеді. Яғни олар сөздердің контекстегі тіркесімділік мүмкіндіктерін қарастыру арқылы сол сөздің валенттілік қуатын анықтамақ болады [28. 141 б ].
Осылайша олар фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік, синтагматикалық, орфографиялық, каллиграфиялық, т.б. мағыналар ажыратылатынын айтады. Автордың заттық, ұғымдық, коннотативтік, т.б. мағыналар туралы пікірлері де мағынаға контекстік көзқарас тұрғысынан қараудан туған. Әрине, сөз мағынасы контексте көрінетінін, контекстің жаңа мағына жасауда ерекше қызметі бар екендігін мойындай отырып, біз мәселенің екінші жағын – атау сөз мағынасының пайда болу ерекшеліктерін ескермеуге болмайды деп білеміз. Біздіңше, сөздің контекстегі мағыналық қырларының алуан түрлі сипаттарының қыр-сырын тереңдей түсінуде осы аталым сипатындағы мағыналық негіздер табиғатын білу аса маңызды болмақ. Контексте көрінетін мағыналарда тек сол нақты сөздің ғана емес, тұтастай синтаксистік қоршаудың (контекстің), ондағы коммуникативтік, экспрессивтік-эмоционалдық, стильдік, т.б. мақсаттардың әсерінен болатын мағыналар, мағыналық реңдер болады. Ал кейбір авторларда кездесіп қалатын сөз мағынасын кәсіби, ғылыми, тұрмыстық, т.б. деп ажырату сөздің лексикалық мағынасының табиғатын лингвистикалық тұрғыдан тану емес, оны сыртқы бақылаушылық, бағалаушылық тұрғыдан ғана айқындау болып табылады.
Сөз мағынасы жеке тұрғанда ештеңе де емес, ол тек сөйлем құрамына енгенде ғана қызмет атақарады деген көзқарастағы ғалымдардың пікірлері бойынша, жеке тұрғанда өмір шындығын бейнелеу қабілеті жоқ, сөз енді сөйлем ішіне енгенде өзгеріп, өмір шындығын бейнелей алатын қасиетке йе болып шығады екен. Бұл, әрине, сенімсіз. Бұл да, жоғарыда айтып өткеніміздей, сөз пайда болуының негіздерінде жатқан өмірлік шындық деректерін түсінбеуден болып отырған тәрізді. Автордың айтуынша, тілдік негіздердің пайда болып, өмір сүру жүйесінде жаратылыс-болмыстық құрылым мен соның өмір сүру заңдылықтары тұрғанын көруге болады. Ал ол айтып отарған “өмір шындығының” деректері кейінгі, екінші сипаттағы танымдық шындықтар. Мағынаның контексте алуан түрлі ыңғайда көрінуін жеке адамдардың ойлау ерекшелігімен, психикалық, дүниетанымдық, характер ерекшеліктерімен байланыста қарайтын ғалымдар да бар [30. 226 б].
Қазіргі тіл білімінде тілдік тұлға деп аталып, концептуалдық ойлаумен байланысты ескерілетін тұлғалар, шынында да, тілдің ішкі қуатын арттыруда, сөз мағынасының алуан қырларын ашуда аса маңызды орын алатыны белгілі. Тілдік құбылыстың ішкі энергетикалық көздері туралы мәселе осы мағына тудырушылық қызметпен де байланыстырылады.
Дегенмен, мағына мәселесінде оның нақты атау сөздік сипатына баса назар аударған дұрыс деген көзқарас орынды көрінеді. Өйткені, контекстегі мағына жеке сөздердің дара тұрғандағы жаратылыстық табиғатымен байланысты болатыны қазіргі тіл білімінде айтыла бермейді. Біздіңше, түптеп келгенде, сөз мағынасының контексте көрінетін алуан түрлі қасиеттері сөз (тіл) негізінде тұрған тілдік нышандардың әмбебаптық сипатымен белгілі дәрежеде байланысты болады. Айталық, көркем әдебиеттегі образдылық, астарлылық, т.б. көркемдік сипаттардың түп негізінде тілдік таңба-нышандардағы образдылық пен астарлылықтың, солардағы әмбебап бейнеліліктің көрінісі тұрғанын аңғаруға болады екен. Алуан түрлі мағыналарға негіз болып тұрған логикалық ұғымдардың генеалогиялық тектестігі мен дыбыстық бірнегізділігі көрінеді екен. Біздің сөз мағынасын контексте тану үшін әуелі оның дара тұрғандағы, яки сөз пайда болуымен байланысты көрінетін мағыналық сипатын танып алуымыз қажет дейтініміз де осыдан. Демек, қалай да сөздің контекстегі мағыналық мүмүкіншіліктерін мейлі, ол жеке сөйлеуші (жазушы) стилі мен оның шығармашылық табиғатындағы ерекшелік болсын, мейлі, тілдің жалпы контекстік ыңғайдағы обьективті мүмкіншіліктері болсын, қай-қайсысы да кенеттен, жоқтан пайда болмайтынын, оның негіздері тілдегі сөздердің жаратылыс табиғатында жатқандығын түсіну керек тәрізді.
В.М.Солнцев мағынаны (сөз мағынасын) шындық өмір заттарының бейнесі (отражение) деп таныған бірқатар ғалымдардың ( Е.М.Галкина-Федорук, Г.П.Щедровицкий, Р.А.Будагов, А.С.Чикобава, А.С.Мельничук) пікірлеріне қосыла келіп, сөз мағынасы сөзде бірте-бірте тарихи тұрғыдан сөйлеу процесінде пайда болады деген көзқарас ұстанады. Сөз мағынасының пайда болуының арғы негіздерін түсінбегендіктен, ол осындай тұжырымға келіп отыр деп білеміз. Яки ол сөз мағынасы дегеніміз – тілдік негіздер, дүниетанымдық ойлау арқылы болатын генетикалық тамырлыры бар терең құбылыс емес, бар болғаны кездейсоқ, тарихи тұрғыдан ғана орнығып қалған құбылыс ретінде түсіндіріледі.
Қазіргі түсіктегі лексикалық бірлік ретіндегі сөз арқылы, тарихи генеалогиялық тұрғыдан алғанда, зат (құбылыс) белгіленбейді, оның физикалық, не химиялық, т.б. қасиеттері де емес, «маңызды белгісі» де емес, заттың (құбылыстың) практикалық мәні (ол не, кім, не үшін қажет нәрсе, қандай нәрсе, т.б.) түсіндіріледі. Мысалы, кітап сөзін біз жазуды оқу түрінде, ал мектеп сөзін кітап оқитын үй түрінде түсінеміз. Яғни сөз мағынасы дегеніміз – заттың практикалық мәнін білдіреді, түсіндіреді дегенде, біз осы сөздің мағынасының пайда болу негізінде қандай ұғым-түсініктер тұрғанын айтамыз. Сонымен, біздіңше, сөз мағынасы дегеніміз – заттың практикалық мәні. Сөзде – лексикалық мағына, ал затта практикалық мән болады, екеуі бірі мен бірі тең. Заттың практикалық мәні өмір тәжірибесінде көрінеді, ал сөз мағынасы тілдік қатынаста көрінеді. Бұл тұрғыдан екеуінің қызметі екі түрлі. Сөз мағынасы заттың практикалық мәнін қалай бейнелейді, бұл екеуінің арасындағы байланыс қалайша жүзеге асырылады, мұндағы сөздің дыбыстық жағының қызметі қандай? – деген мәселелерге келсек, бұл – сырттай қарағанда, тікелей байланыс тәрізді болып көрінгенмен, шындығында, терең тарихи-генеалогиялық даму нәтижесі екенін көре аламыз. Сөзді айтқанда, біз тікелей сол аталған затты, оның практикалық мәнін түсінеміз де, сөз бен зат арасындағы байланыс тікелей байланыс екен деп қаламыз. Бірақ тіл дамуының белгілі тарихтағы кезеңдерінің өзіне ғана қарасақ та, біз сөздердің құрылымдық өзгерістерінің сан алуан түрлеріне куә болар едік. Олай болса, бүгінгі сөздердің құрылымдық жүйесін осы күрделенген күйінде емес, тарихи-генеалогиялық даму процесінде көре білу қажеттігі түсінікті болса керек. Сонда ғана сөз мағынасының қалыптасу стихиясы мен оның пайда болу негіздерін түсіне аламыз. Шындығында, сөз бен зат арасындағы байланыс кездейсоқ (шартты, абсолютті еркін) байланыс емес. Бұл – сөз негізіне алынған тілдік таңба-нышандар арқылы, одан әріге барсақ, осы тілдік таңба нышандарға негіз болған логикалық ұғымдар арқылы затқа өтетін сатылы жүйелі, жалпы алғанда, біз жалпы адамзатқа бірдей ортақ деп есептейтін ең ежелгі дүниетанымдық ойлауға негізделген байланыс. Яғни біз бүгінгі тіліміздегі сөздің құрылымдық-семантикалық табиғатын сол сөздің пайда болу негізіне алынған тілдік таңба нышандық (таңба-нышандардың), олардың да негізінде тұратын логикалық ұғымдардың табиғатын тану арқылы ғана ұға аламыз. Сөз мағынасы дегеніміз де өзінің ең әуелгі түсінігінде осы аталымдық мағына болуы керек. Ал оның әр алуан контекстегі мағыналық өзгерістері мен концептуалдық сипаттағы табиғаты – кейінгі өзгерістер жемісі. Осы соңғы сипаттағы ерекшеліктерді дұрыс тану үшін ең әуелгі аталымдық сипаттағы мағыналық ерекшеліктер мен олардың пайда болуында жатқан логика-философиялық негіздерді түсіну жөн болмақ деген Ш.Бекмағамбетов пікірі орынды деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |