1.2 Сөз мағынасының лингвистикалық және философиялық тұрғыдан қарастырылуы
Қазіргі ғылыми еңбектер мен оқулықтарда қазақ тілі сөз жүйесінің зерттелуі А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов еңбектерінен басталатыны айтылады. Қ.Жұбанов сөз жүйесінің көптеген теориялық мәселелерін алғаш рет анықтап, бағалады. Мәселен, болмыстағы заттар мен құбылыстардың аттарының пайда болуы мен сөздердің мағыналық дамуы, мағынаның кеңеюі мен тарылуы, тотемдік атаулардың мәні, сөздің өзгешелігі мен қызметі, номинативтік қызметі мен ерекшелігі, синтагма мен сөздің арақатынасы, идиомдардың ішкі болмыс-бітімінің ерекшелігі, сөздің негіздік мағынасы мен грамматикалық мағынаның арақатынасы т.б. мәселелер туралы теориялық мағұлматтар тілдік деректер арқылы ғалымның еңбектерінде терең талдауға түседі. Сөз бен ой арасындағы байланыс туралы : «Ой деген – адамның өзі жайлы, болмаса төңіректегілер жайлы білгені. Сөз деген – сол білген нәрселердің аты» - деп, қарапайым түсінікпен терең мәнді тұжырым жасайды» [16. 151 б] ,– десе де, бұлар аталмыш мәселедегі алғашқы, тәжірибелік сипаттағы тұжырымдар ғана болатын. Алдыңғы буын ғалымдардың көзқарастары өз кезінде және олардан кейін де біраз уақыттар бойына рухани азық, ғылыми тірек болуы заңды, бірақ олардың бәрін бірдей өзгерместей тиянақты пікір деудің де реті жоқ. Қ.Жұбанұлының жоғарыда келтірілген пікірлерінің маңызын жоққа шығармасақ та, бұл мәселелерде қазіргі ғылымның біраз тереңдеп кеткенін де ескермеуге болмайды. Айталық, онда «ой» танымдық процесс түрінде емес, ойлау қызметінің дайын нәтижесі ретінде қарастырылған. «Ой деген – адамның өзі жайлы, болмаса төңіректегілер жайлы білгені»,- дейді. Ал шынында, ой (ойлау) дегеніміз – логика-психикалық процесс. Оның үстіне, тілге қатысты алғанда, ой (ойлау) ұғымы әр түрлі аспектілерде қарастырылады. Айталық, ең ежелгі тіл (сөз) пайда болуы процесіндегі ойлау мен қазіргі сөйлеу процесіндегі ой (ойлау) обьектілері де, сипаты да мүлде басқа-басқа. Ежелгі сөзжасам кезеңіндегі ойлау құбылысында нақты обьектіні тану қызметі, яки номинативтік мақсаттағы ойлау бірінші болып тұрса, қазіргі сөйлеуде белгілі бір коммуникативтік мақсатты жүзеге асыру қызметі алға шығады да, ойлау процесі де осы бағытта жүреді. Бұл екі түрлі жағдайды ажырата қарау қажет. Ал «сөз» туралы мәселеге келер болсақ, ол – тек танылған заттардың атауы ғана емес, жалпыадамзаттық бейнелі ойлау принципі негізінде пайда болған ғаламтанымдық түсініктерінің тілдік таным жүйесінде жасалған материалдық-идеялық бейнесі. Бұлар туралы да алдағы уақытта толығырақ тоқталатын боламыз.
С.Аманжолов еңбектерінде сөз жүйесіне қатысты теориялық мәселелер мен қатар жалпы тіл білімінің өзекті мәселесі болып табылатын тіл және ойлау мәселелері де сөз болады. Бірақ автор еңбектерінде бұл мәселе сол кездегі орыстық тіл білімі шеңберінде қалыптасқан көзқарастар дәрежесінде қарастырылады да, оның терең қабаттары ашылмай, ғалым сөз пайда болуын мифологиялық ойлаумен байланыстыра түсіндірмек болады 17. 35 б. Бұл бағыт қазіргі ғылымда да айтылып келе жатыр. Орыс және батыс тіл білімінің бірқатар өкілдері осы бағыттағы пікірлеріне берік болып қалуда. Бірақ Ш.Бекмағамбетов мұны мифологиялық ойлау мен логикалық ойлаудың аражігін ажырата алмаушылық деп бағалайды 18. 13 б.
С.Аманжолов – қазақ тілші ғалымдарының арасында сол кезде жалпы тіл білімінің мәселелеріне, сөйлеу мен ойлау мәселесіне алғаш барған ғалымдардың бірі. Ал бұл, түптеп келгенде, сөз (тіл) пайда болуымен, сөз семантикасымен байланысты бағыт. Енді ғалымның кейбір көзқарастарынан үзінділер келтірейік: «К.Маркс алғашқы адам баласының ойлауын мифологиялық ойлау деді. Қазіргі ойдың жоғарғы сатысын логикалық ойлау дейді. Француз оқымыстысы Леви Брюль алғашқы ойлауды логикаға дейінгі ойлау (дологическое мышление) деген» 17. 11 б.
Мифологиялық ойлаудың мәнісі – конкрет көз алдындағының аржақ-бержағына ой жібермей, әр нәрсенің жаны бар, әр нәрсе тірі зат, әр нәрсе бірдеме істей алад... деген пікірге келуден шыққан.... Мысалы, қарным ашты, ішім бұрды (бүрді), көзіме түсті (көзіме көрінді), құлақ қойдым (тыңдадым), ашу қысты, сөз өтпейді, жаным ашыды дегендер қазіргі логикалық ойлаудың өлшеуіне қайшы келеді. Байыбыныа барып қарасақ, мұның әрқайсысы өзінше мифке, магияға байланысты. Өйткені «қарным аштының» шын мағынасы «жегім келеді» дегенмен тең. Алғашқы адамдар қарын жеу арқылы тоғаятынын абстрактап байқап білуді керек қылмай, тура «қарынның ашығанын» бірден көрсетеді. Қазіргі тура логикалық ұғым бойынша, қарын ашықты дегенде, болмаса қарын ауырды деген сөз тамақты керек қылмай, дәрі-дәрмекті керек қылады. Алғашқы ойлау тура бірдемені керек қылатын заттың өзін көрсететін сөзді керек қылатынын осыдан-ақ көруге болады» [17. 12 б], - деп, адамзат ойлауының нақты принциптерін сол кездегі марксистік түсінік тұрғысынан түсіндірмек болады. Егер шынымен де, осылай болса, онда сөз мағынасы дегеніміз таза логикалық ойлаудың емес, әлдебір адам сенгісіз мифтердің нәтижелері болып шығар еді. Бірақ тілдің санамен, ойлаумен тығыз байланысын тілдік негіздер теориясы мүлде басқаша, жаңаша сипатта түсіндіреді.
Қазақ тілінің сөз жүйесі, яки лексикалық семантика мәселелері Н.Сауранбаев, Ғ.Мұсабаев, К.Аханов, С.Исаев, Е.Жампейісов, Р.Сыздықова, Б.Қалиев, Т.Қордабаев, Ә.Болғанбаев, М.Оразов, Н.Уәлиев, т.б. ғалымдар еңбектерінде, тарихи тұрғыдан Ә.Қайдаров, Б.Сағындықов, Ж.Мәнкеева, А.Салқынбай т.б. ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылды. Дегенмен, сөз табиғатын генетикалық тұрғыдан, тілдік негіздер теориясы тұрғысынан зерттеу Ш.Бекмағамбетовтің мен ғылыми мақалалары мен арнайы монографиясында ғана жүзеге асып келеді. Сөз мағынасының сан алуан қырларын бүгінгі тіл тұрғысынан, ғылымда қалыптасқан дәстүрлі ізденістер бағытында қарастырудан бөлекше, тілдік таңба-нышандық жүйеде зерттеудің маңызы зор екендігі ғалымның еңбектерінен анық көрінеді. Біздің зерттеу жұмысымыз да осы бағытта болмақ.
«Семантика» терімсөзінің авторы – француз ғалымы Мишель Бреаль. Оның 1897 жылы жазған зерттеулерінде «семантика» сөзі бірнеше рет қолданылады. Семантика «semantikos» деген грек сөзінен шыққан, таңбалаушы, белгілеуші деген мағынаны берген»19. 68 б, - дейді А.Салқынбай .
Ш.Бекмағамбетов бұған тілдік негіздер теориясы тұрғысынан келіп, аталмыш сөздің сем / сема элементінде қазақ тілінің есім (атау) ұғымы тұрғанын, ал осы есім сөзінің өзін ес (ус-зат)+ом (белгі, яки атау) түрінде ажыратуға болатынын айтады. Егер семантика терімсөзінде «мағына» ұғымы бар екенін ескерсек, осы ұғым аталмыш терімсөздің сем (сема) элементінде тұр деп таниды ол. Орыс тіліндегі семя, семена сөздері қазақша дән, тұқым болып аударылатыны белгілі. Демек, сема – сөздің мағыналық негізін, дәнін білдіреді екен. Бұл тұрғыдан осы сөзді се (өс/өсу) + ем (ом – тіршілік) түрінде түсіндірген жөн деп біледі [20. 13 б]. Лингвистикалық түсіндірме сөздікте «семантика» терімсөзіне мынадай анықтама беріледі: 1) тілмен немесе оның бірліктерімен (сөзбен, сөздің грамматикалық тұлғаларымен, сөз тіркестерімен және сөйлеммен) берілетін ақпараттар, мазмұн жиынтығы; 2) осы мазмұн мен ақпараттарды зерттейтін тіл білімінің бір саласы; 3) семиотиканың негізгі бір саласы. Семантика терімсөзінің мәні кең екендігі айтылып, ғылыми әдебиеттерде оның мынадай түрлері көрсетіледі:
- лексикалық семантика
- стилистикалық семантика
- мәтін семантикасы т.т.
Достарыңызбен бөлісу: |