Қабылдау адамның сезiм мүшелерiне тiкелей әсер ету нәтижесiнде, санада материалдық заттар пен нәрсенiң бiртұтас бейнесi қалыптасатын, сезiмдiк танымның ерекше формасы. Қабылдау, мiндеттi түрде, субъектiнiң таным объектiсiмен тiкелей байланыс орнатқан сәтте, түйсiктер негiзiнде пайда болады. Ол да бейнелер-белгiлер тұтастығымен сипатталады. Бiрақ, көптеген жағдайларда сана объектiлердi дұрыс (адекватты) қабылдайды. Қабылдаудың бұл қасиетi тұрақты шама деп аталады. Қабылдау бiртұтастық және тұрақтылық қасиеттерiнен басқа, тандалмалы қасиетiне де ие, ол бiр объектiнi басқа объектiмен салыстыра отырып оны басқалардан айыра бiлуді және оқшаулауды бiлдiредi.
Елестету – сезiмдiк қабылдау негiзiнде қалыптасқан, заттардың жанама-сезiмдiк бейнесi; бұрын қабылданған заттар мен нәрселердiң көрнекi бейнесiн сезiм мүшелерi арқылы қайта жаңғырту процесi. Елестету сезiмдiк байқау (созерцание) мен абстрактiлы ойлау арасында дәнекерлiк қызмет атқаратың сезiмдiк танымның жоғары формасы болып табылады.
Сезiмдiк таным барлық формаларының бiртұтастығы ретiнде адам өмiрiнде үлкен орын алады. Сезiмдiк таным арқылы адам қоршаған дүние туралы және өзi туралы алғашқы бiлiмдерге ие болады, оның санасында әлемнiң сезiмдiк бейнесi (картинасы) қалыптасады, оның қажеттiлiгi өзiнiң болмысының жағдайларына беймделуiнде (адаптация) деп түсіндіреді.
Сезімдік танымның бiрiншi формасы ұғым – заттар мен құбылыстардың, немесе олардың топтарының жалпы, мәндi және қажеттi қасиеттерi мен белгiлерiн бейнелендiретiн ойдың формасы. Жалпыланған заттардың саны әр түрлi болу мүмкiн.
Пiкiр ұғымдардың логикалық байланысынаң құрылады. Пiкiр арқылы адам шындық дүниедегi заттар мен құбылыстардың байланысың анықтайды. Басқалай айтқанда пiкiр адамның ойлау қабiлетi деуге болады. Пiкiр-ұғымның байланысының көмегiмен бiрдене жайында не қостайтын не терiстейтiн ойдың формасы. Пiкiрдiң негiзгi элементi ұғым болып табылады, өйткенi пiкiр ұғымның мәнін ашып бередi. Басқаша айтқанда, ұғымдарды «ұғуға», түсiнуге көмектеседi.
Абстрактiлi ойдың ең маңызды формаларының бiрi ойқортынды болып келедi. Ол белгiлi бiр нәтижеге, жаңа бiлiмге әкелетiн пiкiр болып табылады. Ойқортынды- екi немесе одан да көп пiкiрлерден қорытынды жасап, жаңа пiкiр тұжырымдап шығарудың логикалық тәсiлi болып табылады. Ойқортындының маңызды белгiсi: ол арқылы адам шындық дүниенiң заттары мен құбылыстарың тiкелей байланысқа кiрмей ақ, ол туралы пайымдау арқылы, жанама түрде бiлiм ала алады.
Ойлау – сезiмдiк қабылдаудың мәлiметтерiн талдап, “тәртiпке” келтiредi, яғни сезiмдiк қабылдау бере алмайтын жаңа бiлiм бередi. Бұл процесс, сезiмдiк танымнан абстрактiлiк ойлауға өту, яки диалектикалық секiрiс болып табылады. Секiрiс нәтижесiнде ұғыну процесi iске асады: нақты сезiмдiк материалдан терең мазмұнды ойлауға көшу. Ойлау – заттар мен құбылыстардың мәндi қасиеттерi мен қатынастарын мақсатқа сай абстрактiлi, жанама және жалпылау формасында бейнелендiру процесi. Ойлаудың мақсаты – практикалық, теориялық мәселенi шешу арқылы ақиқатқа жетуге талпыну.
Міне, қазіргі философиядағы ойлау процесі мен ойлау сатылары, ойлау элементтері туралы түсініктер, негізінен осы түсініктен аспайды.
Ұғым мен сөздің өзара байланысын айтқанда, ұғымның сөзбен ажырамас байланыста болатыны, ұғым көрінісінің тілдік формасы сөз және сөз тіркестері болатыны айтылады. Мұнан әрі бұл процесс осы ізбен түсіндіріледі. Адамның ойлау қызметінде ұғым мен сөз бір-бірімен қабысқан байланыста болады. Алайда оларды теңестіру қателікке соқтырар еді. Ұғым – ойдың логикалық формасы, ал сөз оның тілдік-грамматикалық көрінісі. Кейде бір ұғым әр түрлі сөздермен берілуі мүмкін (синоним сөздер). Сонымен қоса мағынасы бір болса да, қолданылуына қарай түрлі мағынада, түрлі ұғымдарды білдіретін омоним сездер де болатыны белгілі (мысалы, "кілт" сөзі). Сөздің ұғымнан айырмашылығы, ол барлық тілдерде әр түрлі: ал белгілі бір ұғым әр түрлі тілдерде де әр түрлі бейнеленеді. Сонымен қатар бір тілде де ұғым мен сөз тепетеңдігі болмайды. Мысалы, барлық тілде синоним сөздер мен омоним сөздер өмір сүреді. Ұғымдар тек шынайылықты дұрыс бейнелесе ғана дұрыс ұғым болады. Егерде бір ұғым болмысты дұрыс бейнелемей, бұрыс бейнелесе, онда ұғымның жалған болғаны. Жалған ұғым, мысалы, теория мен практиканың байланысы бұзылғанда пайда болады. Дұрыс ұғымдар адамдардың еңбек әрекетінен, еңбек үдерісінде құралып шығады: ондай ұғымдардың болмыстағы нәрселер мен құбылыстарға сәйкестігі адамның практикасымен тексеріледі. Айналадағы болмысты тани, біле отырып, адам нәрселерді бір-бірімен салыстырып, олардың ұқсастығы мен айырмашылығын табады; талдау және жинақтау арқылы нәрселердің мәнін ашып береді, ойша олардың белгілерін бөліп алады. Ол белгілерді абстракциялап, жалпылайды. Нәтижесінде адамда болмыста бар нәрселер мен құбылыстар туралы ұғым қалыптасады.
Дегенмен, тілдік таным негіздері теориясы ұғым туралы қазіргі тіл білімі мен философиядағы қалыптасқан түсініктің әлі мүлде айқын емес екенін көрсетеді.
Әдетте, таным процесінің екі сатылы сипаты туралы пікірлер айтылып қалады. Алғашқысы – сезімдік қабылдау деңгейі де, екіншісі – логикалық ойлау, пайымдау сатысы делінеді. Соның өзінде осы соңғы сатының қызметі әр түрлі түсіндіріледі. Мысалы, әдетте, ойлау дегеніміз «заттың қоғамдық, не табиғи болмысын тану» деп түсініледі. Біз, тілдік таным негіздерімен байланысты қарастырғанда, мәселеге басқаша келген жөн деп білеміз. Яки, ең ежелгі тілжасам процесінде сезімдік қабылдау мен логикалық ойлау, тұтастай алғанда, бір саты түрінде, бірі мен бірі жалғаса көрінеді де, нәтижесінде логикалық ұғым пайда болады. Яғни, логикалық ойлау сатысына көтерілмеген сезімдік қабылдау дегеніміз әлі де ойлау болып табылмайды. Сондықтан да, тек логикалық ойлау, яки пайымдау дәрежесіне жеткен танымдық процесті ғана біз шын мәніндегі ойлау деп тани аламыз. Мінекей, ең ежелгі тілжасам кезеңінде осылайша пайда болған осы логикалық ұғымдар әлі де нақты жекелеген зат туралы ғана ұғымдар емес, яки тек қана заттық ұғымдар емес, белгілі бір сипаттағы көптеген заттарға ортақ болып келетін абстракциялық сипаттағы ұғымдар. Әрине, әуелде осы абстракциялық сипаттағы логикалық ұғымдар деп отырғандарымыздың өздері де белгілі бір дәрежеде заттық ұғым сипатында болған. Мысалы, біз негізгі логикалық ұғым деп танитын «шар-қоршау» ұғымы, нақтылай алғанда, шынымен де, заттық сипатта түсініледі. Оның бүгінгі тіліміздегі жалпыға түсінікті қоршау («шар-қоршау») ұғымынан пәлендей айырмасы жоқ. Бірақ ең ежелгі тілжасам дәуіріндегі осы «шар-қоршау» ұғымының пайда болу тегінде «ҒАЛАМ» (Космос) ұғымы тұрды. Ғаламды «шар-қоршау» түрінде тануы адамзат ойының ең үздік табасы болды. Осы ұғым басқа заттар мен құбылыстарды атау, бейнелеу ұшін ұғымдық-дыбыстық сипаттағы қалып ретінде қолданылды. Сонымен қатар, тілдегі сөз пайда болуы құбылысында осы ҒАЛАМ ұғымын білдіретін «шар-қоршаудың» құрылымдық-семантикалық элементтері – ғаламдық ось/өзек, ғаламдық кіндік (центр), т.б. бейнелейтін логикалық ұғымдардың сөз пайда болуының негізінде тұрғанын бүгінгі тілдік деректерден айқын көруге болады. Ал, мұндай қасиетке ие емес, нақты заттық ұғымдардың пайда болуы – кейінгі құбылыс, яки «заттың қоғамдық болмысын тану» дегеніміз де осы кейінгі сатыға қатысты болады [38. 225 б]. Айталық, қазіргі тіліміздегі балық сөзі өзінен тарайтын балықшы, балықшылық деген екі сөзден басқа ас көп сөзге негіз, қалып бола алмайды, ал жоғарыда біз айтып отырған тілдік негіз-ұғымдар (логикалық ұғымдар) тіл-тілде сан мыңдаған сөздердің пайда болуына негіз бола алады. Демек, біздіңше, атау (сөз) пайда болуы, ең ежелгі тілжасам шығармашылығы кезеңіне қатысты алғанда, затпен (денотатпен) тікелей байланысты болады да, аталмақ заттың санада пайда болған таңба-нышандық сипаттағы бейнесі алдын ала жасалған қалыптардың, яки логикалық ұғымдардың дыбыстық-материалддары арқылы жүзеге асады. Яғни, атау процесінде адамзат затқа (денотатқа) логикалық-ұғымдар сипатындағы қалыптар арқылы қараған, затқа атау беру осы қалыптар арқылы жүзеге асырылған. Осындай ұғымдық-логикалық қалыптардың, яки логикалық негіз-ұғымдардың ең алғашқысы және негізгісі ретінде біз УП-шар-қоршау бейне-қалыбын таныдық. Айталық, үй сөзі жасалу үшін үйдің (денотаттың) тікелей фотографиялық бейнесі емес, оның қоршау түрінде қабылданатын абстракциялық сипаттағы логикалық ұғымы керек. Осы қоршау ұғымы басқа да алуан түрлі сөздердің (мұнара, бейіт, мола, мектеп, ипотека, дом, комната, офис, башня, т.б.) жасалуына ортақ негіз, қалып болған. Міне, осы логикалық шар-қоршау ұғымының пайда болуы басқа барлық заттық ұғымдардың пайда болуынан бұрын болған. Біз ең ежелгі концептуалдық сипаттағы ұғымдар деп осы логикалық ұғымдарды түсінеміз. Осындай сипаттағы ұғымдарда дүние ғалам туралы адамзат танымының аса маңызды түсініктері тұрғанын терең тілдік талдаулар арқылы ғана білуге болады.
Тіл дамуының келесі сатысы осы логикалық ұғымдар арқылы, соларды құрал ете отырып жасалған заттық ұғымдардың, солардың белгілі бір жүйесінің жасалуы деп түсінуге болады. Заттық ұғымдар дегенде, біз нақты конкретті, материалдық заттар ғана емес, сондай-ақ адамзат ойлауының сол ең ежелгі кезеңдерінде-ақ абстракциялық сипаттағы заттық ұғымдардың пайда болғанын да анық байқаймыз. Шындығына келгенде, заттық ұғымдардан бұрын пайда болды деп отырған логикалық ұғымдарымыздың бәрі де абстрактылық сипаттағы ұғымдар. Мысалы, олар мынадай болып келеді: қоршау, дөңес, ойыс, айналу, бүтін, толық, т.б. Айталық, үй деген заттық ұғым әуелде біздің қазіргі түсінігіміздегідей үй ұғымын емес, қоршау ұғымын білдірген, яки үй дегеніміз – УП-қоршау, шар-қоршау (үңгір, қуыс, т.б.). Сондай-ақ, орыс тіліндегі мир (ғалам) сөзі де әуелде осы ми / пи / оп / УП - шар-қоршау ұғымын білдірген. Ал, сол ең ежелгі тілжасам дәуірінде үй-қоршау мен ғалам-қоршаудың айырмасы қол тілі (ым тілі) арқылы ерекшеленіп білдірілген. Адамзаттың ең алғашқы және ең негізгі дүниетанымдық сипаттағы түсінігі дүние-ғалам туралы шар-қоршау ұғымы болған деп білетіндіктен, біз басқа барша заттар мен құбылыстардың атаулары осы шар-қоршау ұғымына сүйене отырып, сол ұғымды тірек-ұғым ретінде қолдана отырып пайда болған деп білеміз. Бұған жоғарыда айтылып өткен үй-қоршау ұғымы дәлел. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Демек, біздіңше, қазіргі тіл біліміндегі айтылып жүрген « заттың өзінің ерекше белгісі бойынша аталатындығы» туралы ілім ақиқатқа сай емес, яки, түптеп келгенде, затқа берілетін атаудың аталатын заттың ерекше белгісі бойынша емес, сол заттың ғалам туралы адамзат түсінігіне ұқсастық, сәйкестік белгісі бойынша берілетінін байқаймыз. Әрине, біз бұл жерде мәселенің бір ғана қырына тоқталып отырмыз. Мұның сыртында тілдік негіздердің тілдік таным жүйесіндегі орыны мен қызметі туралы аса күрделі түсініктердің қызметі жатыр. Біз мәселенің бұл жағына бармай-ақ, жоғарыда айтылып өткен шар-қоршау негіз ұғымы (логикалық ұғымы) арқылы тілде пайда болған кейбір сөздердің концептуалдық сипаты туралы сөз етпекпіз.
Достарыңызбен бөлісу: |