М.Қанабекова


Сын есімнің стильдік қолданысы



Pdf көрінісі
бет52/131
Дата06.09.2022
өлшемі2,23 Mb.
#38512
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   131
 
4.2.2. Сын есімнің стильдік қолданысы 
Стильдік мәні бар, түрлі мақсатта жұмсалатын сөз табы – 
сын есім. Сын есімнің стильдік қызметін дұрыс аңғару үшін ең 
алдымен, оның лексикалық табиғатын жақсы білу қажет. Сын 
есім сөздер тек сын-сипат мәнінде де қолданылады. Бірақ сын 
есім атаулының бәрі бірдей заттанып жұмсала бермейді. 
Сапалық сын есімдердің көпшілігі әр түрлі мән, реңкке ие 
болып қолданылса, ал қатыстық сын есімдердің мұндай қасиет-
тері жоқ. Үлкен сөзінің қолданысына назар аударайық. Бұл сөз 
мәнмәтінде әр қилы мағыналық реңкке ие, жеке сөзбен де, тір-
кеспен де, сөйлеммен де берілетін тәсілдері сан алуан: ірі, ұлы, 
дөкей, алып, орасан, дәу, сом, нән, қапсағай, аспандай, қазандай, 
білектей, соқталдай, таудай, шоқпардай, түйедей, еңгезердей, 
жардай, дардай, нардай дене; жапалақ көз, тана көз, бадана 
көз, бадырақ көз, жайын ауыз, қарыс ауыз, нар дене, кебеже 
қарын, екі иығына екі кісі мінгендей, түйенің жарты етіндей, 
бас бармақтай деген тіркестер арқылы да үлкен ұғымы туып 
тұр. Бұл сөздер контексіне қарай үнемі үлкен ұғымын бере бер-
мейді. 
Көпті көрген қарт, қария ұғымында қазақ тілінде ғана 
емес, ноғай, татар, башқұрт тілдерінде де жұмсалады. Үлкен сөзі 
маңызды, көрнекті деген мағына да береді: Бір үлкен іс қыл-
ғансып асығып жүр. Көп деген мағынаны да білдіреді: Ірімшік-
ті құдайым кез қылды бір күн қарғаға. Алып ұшып барды да, 
қонды бір биік ағашқаҮлкен олжа емес пе, ірімшік деген қарны 
ашқа. 
Үлкен сөзі ой сөзімен тіркесіп, терең ой, кең толғау деген 
мағынада қолданылады: үлкен ой жоқ… Үлкен үй – қара шаңы-
рақ мәнінде жұмсалып қалыптасқан. 


Мәнмәтіндегі қолданысына қарай үлкен сөзі кең, беделді, 
биік деген мағынаны да береді: дағарадай бөлме, әр цехы дала-
дай (кең). 
Көлемдік мағынаны білдіретін алақандай тәрізді сөздер 
кейде мәнмәтін ішінде үлкен ұғымын да білдіреді: Жараның 
аузы алақандай болып күлдіреп тұр (Ғ. Сланов). 
Ауыр қайғы – үлкен қайғы. 
Үлкен ұғымын жазушылар көркем әдебиет стилінде әр
түрлі жолмен береді. Мысалы, С.Мұқанов үлкен сөзін қомақты 
сөзі арқылы береді: Ішінген кәкір-шүкір, көр-жерін алмаған ке-
беже сырт көлемі қомақты көрінгенмен, Итбайдың семіз дене-
сіне тарлық істеді – сыртқы көлемі үлкен көрінгенмен деген 
ұғымның орнына қолданып тұр. 
Ғ.Мүсірепов үлкен деген ұғымды туынды сын есім арқы-
лы былайша жеткізеді: Ашыққан жылқы кетпендей тұяқта-
рымен қалың қарды бұрқ-сарқ лақтырады. 
Б.Майлин өз шығармаларында нашар, жаман, әлсіз деген 
сын есім сөздерді өзінше мүсіндейді: Бір күшеншек жазушы 
осы әнге буланып «Сарыарқа» деген пьеса жазып шығарды, – 
деп жазады. Автордың жазушыны күшеншек деп сипаттауы айт-
пақ ойды эмоционалды түрде бейнелі жеткізіп, астарында мыс-
қыл, шенеумен әсерлі өрілген. Сол тәрізді шала-шарпы, қалай 
болса, солай деп жатпай, оны шала үйткен бастай ғып бірдеме 
жазудан пайда жоқ деп, нашар шығарманы шала үйткен бас-
пен салыстыра отырып шебер суреттеген. 
Сын есімнің шырай жұрнақтары да көркем әдебиет 
стилінде стильдік мақсатпен жиі жұмсалады:
Бір ақын бір ақыннан ақынырақ, 
Өйткені ол жүрекке жақынырақ, 
Қашанда мықты ақындар Махамбеттеу, 
Кемеңгер ойлы ақындар Абайырақ. 
Жақсы ақын – әлеуметтің жан ашыры, 
Даралау, кемел, дана Пушкинірек (К.Салықов). Мұнда 
шырай жұрнақтарын автор стильдік қызметте жұмсап, поэти-
калық образ жасаудың құралы ретінде пайдаланған, тілдік нор-
ма тұрғысынан уәжді ауытқу болып саналады. К.Федин сөзімен 
айтқанда, мұндай сөз қолданыстары «блестящие неточности» 
деп аталады.


Ә.Кекілбаевтің «Үркер» романында Әбілқайыр ханды су-
реттеген тұстарына назар аударалық: Елшінің көз алдына қашан 
көрсең де бір қалпында тұратын сұп-сұр жүзі, тұнжыр жана-
ры мен салыңқы қабағы келді. Бұның бәрі бұрын оған қайдағы 
жоқ сұмдықтарды ойлап отыратын ішмерездік қана сияқты 
көрінуші еді, енді байқаса, ішіндегі қара қазандай бұрқ-сарқ 
қайнап жатқан әлем-тапырық көңілін байқатқысы келмеген 
ерекше бір ұстам, сабыр екен ғой.... Белгілі бір стильдік мақсат 
көздеген автор шырай тұлғалы сын есімді тірек көркемдік амал 
ретінде таңдап, ол сөзге стильдік жүк арқалатады. Бұл жерде 
сұп-сұр сөзінің мәнмәтіндегі қызметі, бейнелілік сипаты ай-
рықша, мұнда кейіпкердің сыртқы кескін-келбетін, портретін 
суреттеуден гөрі Әбілқайыр ханның ішкі психологиялық күй-
қалпын, саясаттағы пиғылын, күрес амалын ашып көрсетуде 
орынды қолданылған. Сол арқылы оқырман қабылдауына ай-
рықша әсер етіп, оны ой әлеміне жетелеп, тарихи шындықты 
тереңірек тануына бағыттайды.
Тағы да тілдік деректерге жүгінсек, тура мағынада түсті 
білдіретін бір ғана қызыл деген сын есімді сөзбен ақын-жазу-
шыларымыз әр қилы метафоралық тіркестер жасағанын бай-
қауға болады. Мысалы, Ш.Мұртазаның «Қызыл Жебе» тірке-
сіндегі қызыл сөзі жылқының түсін білдіріп қана қоймайды, 
сонымен бірге төңкерістің алау жалыны ұғымын да білдіреді. 
Сондай-ақ, жебе сөзі де жүйрік жылқыға қойылған атау. 
«Қызыл Жебе» тіркесі тұтас күйінде Рысқұл мен Тұрардың 
символдық образын сомдайды. Олардың істері, мінездері, бар-
лық болмыс-бітімі садақтан атылған жебе сияқты, «Төңкерістің 
Қызыл Жебесі». Бұл жазушының көркемдік шеберлігінің бір 
қыры қазақ тіліндегі есім сөздердің (зат есім, сын есімнің) сим-
волдық мәнде жұмсалуынан айқын байқалады. Бұндай сөз-сим-
волдар авторлық ерекшелікті көрсетіп, стильдік қолтаңбасын 
анық танытады.
Cондай-ақ жазушы М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» 
атты әңгімесінде қызыл (қып-қызыл, қызғылт, қызғылттану) 
сын есімін қолданудың өзіндік сыр-сипаты бар: 
Январь айының аяқ кезі. Күн батуға тақап қалған мезгіл. 
Күнбатыс батуға айналған күннің қызғылт сәулесімен нұрла-
нып, қызыл торғынның түсіндей болып тұр. Күнге жақын 


тұрған ұзынша жұқалаң бұлттардың түсі қалың өртке қызған 
темірдей қып-қызыл. Төбеге жақын тұрған алысырақ бұлт-
тардың бір-бір жағы ғана жұқалаң қызылға боялған асыл нұр-
дың буын ғана жалатқандай. Қызғылт сәулесін дүниеге жайып 
тұрған күн шарасымен тұтас көрініп тұр. Аспан ашық. Берірек 
тұрған аз ғана ала шұбар бұлттар кең жаһанның жүзіне перде 
болған жоқ. Күні бойы тыныш болған жел Күшікбайдың бауы-
рында ғана ызғырықтап, жаңадан жауған көбік қарды жаяу 
борасындатып тұр. Күннің қызыл сәулесі даланы да, тауды да 
өз өңіне кіргізген. Күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн 
астынан қызғылттанып көрінеді (М.Әуезов). Әдетте қызыл сөзі 
қуанышты, салтанатты жай-күйдің символы ретінде немесе қан 
құшқан трагедияның жаршысы ретінде де қолданылады. Көркем 
үзіндіде бұл тіл бірлігінің ерекше стильдік қызметте жұмсалып 
тұрғандығын аңғаруға болады: жазушы табиғат көрінісін, онда-
ғы жыл мезгілін суреттеу үстінде қызыл гүл болған пәк Ғазиза 
қыздың қиянатқа толы тағдырын, жасалған әр алуан қатыгез-
діктерді бейнелеу үшін таңдалып алынған. Мәнмәтінде қарама-
қарсы мәнде жұмсалған қызыл сөзінің бейнелілігі, эстетикалық 
қуаты барынша арта түскен. Демек, сын есімнің стилистикалық 
мүмкіншілігі өте зор. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   131




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет