3.2 Экологиялық мәселелерді шешудегі инновациялық технологиялар Экологиялық инновациялық технологиялар дегеніміз қоршаған ортаға тигізеріт теріс әсерді мейлінше азайтуға бағытталған іс-шаралар жиынтығы.
Бұл шаралар табиғат ресурстарын барынша тиімді пайдалана отырып, қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттардың үлесін неғұрлым азайтуға бағытталған жаңа технологиялар, жүйелер, үдерістер мен бағдарламалар қолдануға негізделген.
Экологиялық инновация түрлерін пайдалана алатын таза технологиялар секторлары:
Қалпына қайта келе алатын энергетикалық ресурстарды пайдалану;
Баламалы көлік түрлерін молайту;
Су ресурстары мен қалдықтарды қайта өңдеуді басқару сияқты саланы жатқызсақ болады.
Жалпы дүниежүзінде экология саласында инновациялық технологияны пайдалану бойынша жер көлемінен бесінші орынға жайғасқан Бразилия мемлекеті көш бастап тұр. Бразилияда қалдықтарды қайта өңдеу жақсы жолға қойылған. Бұл бастама Бразилияға 2 млрд. АҚШ доллары көлемінде кіріс кіргізіп және атмосфераға шығатын 10 млн т дейінгі зиянды газдарға шектеу жасап отыр.
Тұрмыстық қалдықтар мен қайта өңдеу технологиясынан Бразилиядан кейін жайғасқан «Күншығыс елі» Жапония. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және екінші реттік пайдалану Жапония экономикасының ең маманданған бағыттарының бірі. Жапонияда тұрмыстық қалдықтардың 50 пайызынан астамы екінші реттік өңдеуден өткізіледі.
Экология саласында инновациялық технологияны кеңінен қолданушы тағы бір ел Скандинавия түбегінде орналасқан Швеция мемлекеті. Швецияның ел экономикасының барлық саласында қалдықсыз технология ұстанымын ұстанады. Тұрмыстық қалдықтардың 96 пайызына дейін қайта өңдеуден өткізіледі. Бұл әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіш.
Жалпы бастапқыда дұрыс жиналмаған қоқыс қайта өңделетін шикізат ретінде өз құндылығын жояды. Қазіргі таңда қоқысты екінші қайтара іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер – дамушы елдер. Олардың басым бөлігі Азия, Африка, Латын Америкасында орналасқан.
Мұның әртүрлі себебі бар, соның бірі тұрмыс қалдықтарын өндейтін технологияның жақсы жолға қойылмауы, қажетті ресурстардың, білікті экологиялық саясаттың тапшылығы, күнделікті шығатын қалдықтардың көлемінің үлкендігі, сонымен қатар, адамдардың экологиялық тәрбиесінің, экологиялық сауаттылығының төмендігі. Мұнымен қоса дамушы елдердегі адам санының басымдығы. Күнделікті қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмас бұрын көпшілігіміз бұның бәрі қайда кетеді деп ойланбаймыз. Адамның барлық материалдық игіліктерді өз қажеттілігін өтеу барысында және оны дұрыс жолға қоймай экологиялық мәселенің шешіміне жете алмаймыз.
Мысалы, жыл сайын елімізде 700 миллион тоннаға жуық өнеркәсіптік қалдық жиналады. Оларды жол жамылғысы сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін арзан, әрі тиімді құрылыс материалдары екенін ескере отырып, аталмыш материалдарды республикалық маңызға ие автомобиль жолдарының құрылысы мен реконструкциясы саласында пайдалану қоршаған ортаны қорғауда маңызды қадамның біріне айналмақ.
Экологиялық инновациялық технологияларды шаруашылық салаларына енгізу табиғат байлықтарын жаппай игерумен ғана тоқтамауы тиіс. Тиісінше, көлік, қалдықтарды өңдеу, орман және ауылшаруашылығы, балық аулау, құрылыс, су ресурстары салаларын инновациялық жүйелер көмегімен оңтайландырып, өндірісті тиімді пайдалануды арттыруға бағытталуы тиіс. Мұндай бағыттағы жұмыстарды жетілдіру барысында Қазақстанның әлеуеті толығымен көтереді, өйткені Еуразия құрлығының жүрегінде орналасқан, шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғастырушы дәлізде орналасқан еліміз жер көлемінен тоғызыншы орында және кең-байтақ, ұлан-ғайыр жеріміз табиғат байлықтарының мол қорына ие.