Мазмұны кіріспе 1 Қазақ Әдебиетіндегі постмодернистік ағымның дамуы


Әдіснамалық және теориялық негіздері



бет3/8
Дата18.05.2023
өлшемі211,7 Kb.
#94490
1   2   3   4   5   6   7   8
Әдіснамалық және теориялық негіздері. Зерттеу жұмысының нәтижелері қазіргі қазақ әдебиетін және оның даму заңдылықтары мен үрдістерін, постмодернизм мәселелері мен олардың Дидар Амантай шығармаларындың әдебиеттегі көрінісін зерттеуде дереккөз бола алады. Сонымен қатар орта, арнайы, жоғары мектептерде, жоғарғы оқу орындарында өтілетін «Қазіргі қазақ әдебиеті», «Әдебиет теориясы», «Әдебиет поэтикасы» сияқты арнаулы курстар мен семинарларда оқу материалы ретінде пайдалануға болады.
Зерттеу әдістері. Дидар Амантай шығармаларының жаңашыл бағытының қазақ әдебиетіндегі көрінісін, поэтикалық элементтерінің қолдану ерекшеліктерін зерттеу барысында тарихи-салыстырмалылық әдісі, интертекстуалдылық, құрылымдық, талдау әдістері ғылыми басшылыққа алынды.
Ғылыми жаңашылдығы және практикалық маңыздылығы. Зерттеуіміздің ғылыми жаңалығы ретінде бүгінгі қазақ қаламгері шығармаларына әдеби тұрғыдан кешенді және де терең талдау жасалатып, сарапталатындығын айта аламыз.
Зерттеуде Д.Амантайдың шығармашылығындағы көркемдік шеберліктің жаңа қырларын, сондай-ақ олардың дара-авторлық қолтаңбаларын анықтауға, рухани ізденістері мен шығармашылық тәжірибелерінің сырына қанығуға жол ашатын өзіндік ерекшеліктері анықталады.
Диплом қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

  • Постмодернизм және А.Дидар ұғымдарының байланысы;

  • Қаламгердің жаңашыл идеяларының ерекшеліктері;

  • Д.Амантай шығармаларының жанрлық сипаты;

  • Жазушы еңбектерінің жаңашылдығы.

Дипломдық жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспе бөлімінен, негізгі екі тараудан, қорытынды бөлімінен және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ПОСТМОДЕРНИСТІК АҒЫМНЫҢ ДАМУЫ
1.1 Тәуелсіздік тұсындағы постмодернизмнің дамуы
Бүгінгі қазақ әдебиетін де жаһандық әдебиеттің бір бөлшегі ретінде танимыз. Адамзат баласының мәдени және әдеби даму сатысындағы жалпыға бірдей заңдылықтар мен әдеби тұтастық біздің де ұлтық төл әдебиетімізден де байқалмауы мүлде мүмкін емес. Уақыт талабымен дамыған және де одан әрі даму үстіндегі ұлтымыздың әдебиеттану саласының алдындағы негізгі шарттарының бірі – алдағы уақытта отандық әдебиетті әлемдік әдебиеттегі біртұтастықтың сипатында, адам баласының эстетикалық дамуындағы жалпыға ортақ заңдылықтар тұрғысынан қарастыра отырып, ұлттық әдебиеттің осы тұстағы өзіндік сипаттары және де оның жеткен жетістіктері мен кемшіліктерін анықтау. Әлемдік әдебиеттегі ортақ бағыттар мен ағымдарды, көркемдік әдістерді салыстырмалы бағытта, жалпы әдебиеттану ғылымы негізінде сараптайды.
Қазақ әдебиеттану ғылымы осы күнге дейін өз басшылығына алып келген әдеби ағымдар теориясын зерттеген еңбектер көбінесе Еуропа әдебиеті бойынша негізделгенін естен шығармауымыз керек. Кеңестік дәуірдегі аталмыш әдеби салалар төңірегінде туындаған теориялық ой-пікірлер Италия, Германия, Франция, Испания, Ұлыбритания, Ресей елдеріндегі көркемдік дамудың мысалдарына сүйенетін болды. Себебі аталмыш елдердің әдебиетіндегі жүйелер анық байқалатын. Аталған елдерде пайда болған әдеби бағыттар мен ағымдардың классикалық түрлері бар да, ал олардың басқа елдерде тек қана әдебиетіне кең таралған ұқсастықтары бар. бар. Сол себепті де әлемдік жаһандық әдебиетіндегі негізгі бағыттар мен ағымдардың барлығын төл әдебиетімізден дәл сондай қалыпта іздей алмаймыз. Адам баласының көркемдік жетілуі мен отандық әдебиетіміз арасындағы көзге көрініп тұрған ұқсас сипаттарды біз әдеби дамудың ортақ заңдылықтарынан көргендіктен, қоғамдық санадағы, ұлттық тарихымыздағы ерекшеліктерді, әдеби-мәдени бағыттағы ерешеліктерін әрдайым қаперімізде ұстағанымыз дұрыс.
Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі модернистік ағымдар оларға дейінгі әдебиеттегі философиялық бағыттар мен көркемдік-эстетикалық талаптарды жаңаша көзқараспен бағалау негізінде туып отырды. Ендігі кезекте көркем әдебиет адамзатқа деген жаңашыл көзқарастар мен ұстанымдарға бағытталып, жеке тұлғаның сұраныстарына, адамның өмірге деген көзқарастары мен қатынасын жаңа әдеби-философиялық критерийлер арқылы бағалауға ұмтылды. Бүгінгі әдебиеттегі осындай жаңа ізденістер күні бүгінге дейін кең ауқымда қарастырылмай, жүйеленіп зерттелмеуі тағы бар. Жалпы, модернизмнен кейінгі постмодернизм бағыты қткен ғасырдың 70-80 жылдары негізінен Батыстың мәдени-рухани өміріне байланысты сөз болатын. Кеңестік елдер әдебиетіне байланысты постмодернизмнің белең алуы сонау 1990 жылдардың еншісіне тиеді. Алайда, постмодернизмнің толық анықталып, тұжырымы қалыптасып біткен жоқ деуге де болады. Аталмыш ұғым туралы түсінік бермес бұрын, бірінші «постмодерн» ұғымына зер салып өткеніміз дұрыс.
20 ғасырдың аяғында шетел әдебиетінде модернистік ағымнан соң постмодерндік бағыт бой алып, постмодернистік ағымдардың пайда болуына әкелсе, жаһандық әдебиеттен қалыспай келе жатқан қазақ әдебиеті осы үлкен үдерістен қалыс қалмады. Қазақ әдебиетіндегі постмодернизмнің ұлттық әдебиеттануда тұрақты орын табуы оның бір жүйеге түсуін 20-ғасырдың аяғы және 21- ғасырдың басында туған шығармалармен тығыз байланыстырылып жүр. Атап айтар болсақ, Р.Мұқанова, Д.Амантай, А.Алтай, А.Жақсылықов, А.Ихсанов сияқты қаламгерлердің еңбектерінде жаңа әдеби өлшемдер арқылы анықталды.
Жиырмасыншы ғасырдың басы біздің қоғам үшін ұлт-азаттық кезең ретінде тарихтан белгілі. Бұл кезең тек қана қоғамдық-саяси оқиғаларға ғана емес, сондай-ақ рухани-мәдени өмірге де өз әсерін тигізгені ақиқат. Көптеген өзекті мәселелер алға қойылып, қазақ қоғамының мәдени және саяси тұрғыдан сілкіну кезеңі болды. Рухани мәдениет құлдырап, қоғамдағы келеңсіздіктердің тамыр жайып, шешімі түйінделген, адам санасындағы түрлі дағдарыстарға орын берген уақытқа қарсы соққы және жаңа ізденудердің қорытындысы іспеттес болып, 20 ғасырда жаһандық әдебиетте өз артықшылығын көрсеткен модернизм атты ағымның ықпалы отандық әдебиеттен де көрініс тапты.
Социалистік реализм принциптерінің дағдарысқа ұшырауы жиырмасыншы ғасырдың 70-80 жылдары рухани құндылықтарды қайта жасақтауға деген сұраныстар туғызды. Түпкілікті өзгерістерге деген сұраныс қазақ әдебиетінде ерекше ахуалдың қалыптасуына әкелді. Біз мұны қазақ образдар кескінінен, сол кездегі қазақ прозасының идеялық тұрғысынан, баяндау тәсілдерінен, тілдік-бейнелілік сипаттарынан еш қиындықсыз байқауға болатын еді.
Постмодернизм ағымы әдебиетте 20 ғасырдың 2-ші жартысынан бастау ала бастады. Постмодернизм сөзінің аудармасы «модерннен кейінгі даму» деген мағынаны білдіреді. Әдебиетте де өнердің басқа салаларындағыдай постмодернизмге берілген нақты анықтама жоқтың қасы. Модернизммен салыстырмалы түрде алып қарағанда постмодернистік әдістер орын алып, өзіндік ерекшеліктері көріне бастады. Қазақ әдебиетіне постмодернизм жай ғана термин ретінде ғана танылмады. Қоғаммен тікелей байланыста болғандықтан, әдебиеттің ескі ағымдары қоғамның сұранысы бойынша, яғни тікелей оқырман сұранысына қарай өзгеріп отырады. Қоғамдағы әдеби жанрлардың барлығы дерлік терминдерден бастау алатыны белгілі, сондай ақ терминдер көне ағымның өзгеріске ұшырауынан пайда болады. Сол себепті де постмодернизмді батыстық сана, батыстық ойлау деп қабылдау дұрыс емес.
Әлемдік өнер мен философия саласында таныла бастаған постмодернизм турасындағы зерттеулер мен осы сипатта жазылған шығармалар қазақ әдебиетінде көп кездеспейді. Осындай заман талабынан туындаған жаңа әдеби ағымның көрінісі ретінде Айгүл Кемелбаева, Роза Мұқанова, Асқар Алтай, Думан Рамазан, Дидар Амантай, Төлен Әбдіков шығармаларында көптеп кездеседі. Аталмыш қаламгерлер шығармаларын халық көбіне өз қиялдары арқылы халыққа ұсынады.
ХХ ғасырдың ортасынан бастап постмодернизм бағыты модернизмнің ізін жалғастырушы қоғамдағы аса ірі өзгеріс әкелген құбылыстардың бірі болып саналады. Алғашқы кезде аталмыш терминді тек қана кескіндеме және архитектура саласына ғана қолданғандықтан, постмодернизмнің кейбір ғылымдардың жеке дамуы үшін де жағдай жасады. Постмодернизм ағымы көптеген ғылыми салаларға, әсіресе әдебиетке бой алдырып, тың ойлар мен тұрақты мақсаттардың өмірге келуіне өз септігін тигізбей қоймады. Бүгінгі күні постмодернизм заманында өмірге келген іргелі ағымдарды талдап, сарапқа салып, оның маңыздылығын анықтау, отандық әдебиет саласының одан әрі дамуы үшін керек.
Өнер мен философияның барлық дерлік саласын өз билігіне алған жаһандық сипат алған постмодернизм туралы ірі де нақты зерттеулерді алмағанда, қазақ әдебиетінде толығымен постмодерндік ағыммен жазылған еңбектер өте аз.
Дегенмен де, Ф.Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, жаһандық әдебиеттің көрнекті өкілдері Т.Әбдіков, қаламгер Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Дидар Амантай, Аслан Жақсылықов және де Думан Рамазандардың еңбектерінде постмодерндік бағыт айқын көрініс тапқан.
Әдебиеттанушы ғалымдардың отандық әдебиетіміздегі постмодернизм ағымы турасындағы пікірлерін саралап көретін болсақ, академик, филология ғылымдарының докторы С.Қасқабасов аталмыш ағым туралы өз пікірін былайша айтады. «Постмодернизм – өндірісі айқын дамыған постиндустриялы елдерде көп таралған. Өйткені, оларға бұрынғы классикалық әдебиет жат болып кеткен. Біз болсақ, классикалық реализмнен, классикалық әдебиеттен қол үзгеміз жоқ. Себебі, бізде әлі де болса постиндустриялық қоғам құрылған жоқ. Сондықтан постиндустриялық қоғам болмаған жағдайда, біз постиндустриялық ағымды суреттей алмаймыз. Алайда, біздің кейбір постмодернистік тәсілді меңгеріп алған жазушылардың еңбектері сыртқы көрініс ретінде орын алған» деген еді [1,4].
Б.Майтанов – профессор, сыншы, филология ғылымдарының докторы «Қазақ әдебиетіндегі қазіргі дәуірдегі модернизм және постмодернизмнің бейнесі тұтас бағыт сипатына көте­ріле қойған жоқ, олар өзара ара-жігін ашып бөлінбегендіктен, бүгінгі күні көркем әдебиеттің бір ағымы ретінде өмір сүруде. Оның орнына қарай стиль, көрініс, үрдіс, немесе дәстүр деген сөздермен алмасуы мүмкін. Біз бұл үде­рісті кідіртуге де, жылдамдатуға да қақымыз жоқ. Тақсыр уақыт пен әдеби тә­жірибе негізгі сөздің тұтқасын ұстамақ.» [2,4]. - деген пікірде болған.
Қорыта айтсақ, аталмыш ғалымдар постмодернизм бағытының терең сипат алуын уақыт еншісіне табыстап, бұл ағымнан біздің әдебиет пен мәдениет те құр алақан қалып қойматындығын айтып өткен.
Профессор, филология ғылымдарының докторы Д.Ысқақұлының пікірінше постмодернистік бағыт ұлттық дүниетаным мен әдебиеттің жауы деп есептейді. Дәлел ретінде ғалымның мына пікірін мысалға алайық: «Бүгінгі қазақ әдебиетінде «постмодернизм» деген батыстан келген жаңа ағым алаңдатып, өзіне назарын аударып тұр. «Постмодернизм» – адамға эстетикалық ләззат пен көркемдікке бағыттап, адамгершілік тәрбие бере алмасы анық. Көркем әдебиетте ардайым ең алдынғы мәселе болып табылатын «әдеби дәстүр, ұлтқа қызмет қылу, рухани ұлттық құндылықтарды сақтау, адамдарға гуманистік тәрбие беру, ұлт болашағы үшін қызмет ету» деген ұлы идеялардың бар екендігіне бүгінгі адамдар күмәнмен қарауы дағдыға айналғандай. Бұл ұлттық әдебиетіміздің даму қарқынының әлсіреуіне өз әсерін тигізуде. Ұлттық рухани байлығымызға батыстан келген жаһанданудың қауіпті екені ащы шындық»- дейді.
Модернизмнің орынын алмастырған немесе модернизмнен кейін келген қазіргі кездегі өнер мен мәдениет саласында, әдебиет пен философия және де т.б. ғылыми бағыттарда ең көп сараланып жүрген көкейтесті мәселе постмодернизм саласы болып табылады. Әлемдік әдебиеттен қалыс қалмайтындықтан, постмодернизм ағымы қалыптасқан дәстүрлі әдебиетімізді шеттетіп тастамаса да бүгінгі таңда белгілі бір деңгейде қай жағынан болмасын отандық әдебиетімізге өз әсерін тигізіп жатқаны анық. Батыс елдерінде 20 ғасырдың алпысыншы жылдарында бастау алған бұл ағым кешегі кеңестік, тоқсаныншы жылдары яғни, қазіргі ТМД елдерінде белең ала бастады.
Жаһандық мәдени-рухани деңгейдегі даму қазақ әдебиетіне де өзіндік әсерін тигізбей қоймады. Әлемдік әдеби-мәдени үдерісіндегі модернизмді постмодернизммен байланыстыра қарау қазақ әдебиеттану ғылымында да көрініс алды. Әдебиеттанушы А.Ісімақованың «Бүгінгі дүниежүзілік әдебиеттану ғылымының мәселелері», «Бүгінгі постмодернизм», Әбіл-Серік Әліәкбардың «Постмодернизм қазақ әдебиетінде», Б. Майтановтың «Қазіргі қазақ поэзиясы және постмодернизм», «Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар», Әуезхан Қодардың «Постмодернизм жөнінде бірер сөз», Сәруар Қасымның «Қазақ поэзиясындағы постмодернистік көріністер», Ж.Жарылғаповтың «Постмодернизм қандай құбылыс», Ж.Шәкеннің «Жаңашыл жастарға жаңа ағым жайында айтар сөз», Г.Елеукенованың «К вопросу о постмодернизме в казахской литературе 1950-1980-х годов ХХ века» және т.б. мақалалар арқылы қазақ әдебиеттану ғалымдары постмодернизм ағымын жан-жақты зерттей бастады.
Постмодернизм бағытының қазақ әдебиетіндегі орны туралы немесе оның тіпті төл әдебиетінде бар немес жоқ екендігі турасында сауалға сантүрлі жауаптар алып жүрміз. Аталмыш мәселе төңірегінде қызу пікірталастар да болып жүр. Бұл сұрақ болашақта ауқымды әрі терең зерттелетін болады деп білеміз. Постмодернизм бағыты жалпы 1970-80 жылдары көбінесе Батыс елдерінің мәдени-рухани өміріне байланысты, батысқа телініп айтылатын. Постмодернизмнің кешегі кеңестік елдердің әдебиеті мен мәдениетінде орын алуы 90-жылдардың басына жақын келеді. Бірақ постмодернизмнің идеясының анықтамасы толық қалыптасып, аяқталып, өзінің шырқау шегіне жетті деп әлі де болса айта алмаймыз. Бұл ұғымды зерделемес бұрын ең алдымен, «постмодерн» терминіне тоқталып өтеміз. Жиырмасыншы ғасырдың аяғына таман қолданысқа жиі енгізіле бастаған постмодерн сөзі «модерннен» кейінгі, яғни «қазіргі» деген мағынаны білдіретіні баршаға түсінікті. Дегенмен, модерн сөзіне түсінік беруді де жөн санадық. Ғалым М.Эпштейн «Ресейдегі постмодерн» атты еңбегінде: «Постмодерн – ежелгі, ортағасыр, жаңа деген үлкен үш кезеңге бөлінетін тарихты бүкіләлемдік жіктеудің көзі. Бұндай классификациялау неше жерден шартты түрде болса да, бүкіләлемдік тарихты сонау биіктен көруге, нақты кезеңдердің ішінара байланысын байқауға мүмкіндік береді...
Жалпы алғанда, постмодерн дегеніміз – адамзат тарихындағы батыстық жаңа дәуірден кейінгі келетін төртінші ірі дәуір» зерттеушінің болжамы бойынша постмодернизм – постмодерн деп аталатын үлкен дәуірдің алғашқы кезеңі. Ежелгі, орта ғасыр, жаңа уақыт, яғни модерн, постмодерн деген – бұл дәуірлер топтамасы, ал барокко, ренессанс, реформация, романтизм, классицизм, реализм, модернизм, постмодернизм дегеніміз - бұлар кезеңдер. «Бұлардың ішіндегі ең қиыны – біз постмодерндік кезеңнің, алғашқы сатысында, бас кезінде өмір сүріп отырғандықтан, постмодернизмнің ең жалпы қырларын ғана білеміз, оның болашақтағы тарихи мүмкіндіктері белгісіз болып отыр», – деп жазады ол [7,8].
Ғалым Б.Майтанов – модернистік және постмодернистік бағыттарын өзара жүйелендіріп зерттей отыра, аталған ағымдардың алғашқы белгілерін 20 ғасырдың алғашқы онжылдығынан баста алады деген тұжырымға келеді. «С.Сейфуллин мен С.Ерубаев шығармаларындағы реминисценция мен интертекст, авторлық тұлғаның еркіндігі көзге ұрып тұрса, 20-ғасырдың 60-70 жылдарындағы қазақ әдебиетінде А.Нұрманов, Т.Әлімқұлов, Т.Әбдіков, Ә.Тарази, С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Р.Сейсенбаев, Т.Нұрмағанбетов, Д.Досжанов және Ж.Молдағалиев,т.б. шығармаларында үйреншікті «жағымды» және «жағымсыз» кейіпкерлердің кейпін сыртқы ортаның және жан дүниесінің әсеріне орай дәстүрлі не болмаса ұлттық-мәдени талаптар бағытындағы қылықтары оғаш «ерекше» образдардың орын басуы, пародия немесе күлкі нышандарының орын алуы, белгісіздік пен түсініксіздік, «қара» юмор элементтері модернизммен қатар постмодернистік дүниені сезіну модульдары дүниеге келгенін көрсетеді», – дейді ол [13,9].
Б.Майтанов 20 ғасыр соңы және 21 ғасыр басында қазақ прозасындағы постмодернистік бағыттың барынша тұрақтанып, ағымдық мәнге ие бола бастауы осы уақытта жазылған шығармалармен өзара ұштастырады. Д.Амантай, А.Жақсылықов, Р.Мұқанова, А.Ихсанов, А.Алтай сияқты жаңашыл қаламгерлердің шығармаларында постмодернистік өлшемдер байқала бастады.
Әдебиеттанушы ғалым Г.Елеукенова өз зерттеулерінде, постмодернизмге бой алдырған жаңа бағыттың Ғ.Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгімесі» аясында басымдылық танытып, кейін біраз уақыт бойы үзіліп, жалғасын таппай қалған-ды. «Дегенмен, – деп жазады Г.Елеукенова, – әдеби үдеріс бұл уақытта бірыңғайда және бірқалыпты жүрген жоқ. Бұл екі кезең анық түрде бөлек қарастырылады, бірінші –50-жылдардың ортасынан 80-жылдардың орта тұсына дейінгі кезең, бұнда белгілі бір үдеріс үстемдік етті, екіншісі – постмодернистік деп аталатын үрдістер алдыңғы қатарға шыққан 80-жылдардың ортасынан 80-жылдардың аяғына таман кездер» [11,196].
Постмодернистік бағыттың қазақ әдебиетіне тигізген әсерін анықтау үшін ғалым А.Ишанова да іргелі зерттеулер жүргізген болатын. Көрнекті ғалым Б. Майтанов өзінің «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі модернистік және постмодернистік ағымдар» деп аталатын зерттеу мақаласында постмодернизм бағыты тек қана «батыстық» емес, сонымен бірге кеңестік замандағы әдебиетке тән бағыт екендігін айтып кетеді.
Жалпылай алғанда, еуропалық не болмаса орыс әдебиеті мен өнерінен бізге тоғысқан постмодернистік үрдістерге Ресейдегі ғалымдар сияқты қазақ зиялыларының да ой-пікірлері де әртүрлі болып келеді. Мысалға алар болсақ, әдебиеттанушы ғалым Т.Әсемқұловтың бірнеше жыл бұрын берген сұхбатында, постмодернизм әдеби ағым емес, оны олай атаудың өзі қате деп санаған болатын: «Кейбір батыс ғалымдарының қате түсіндіруі бойынша, постмодернизм дегенімзі бүгінгі заманның құбылысы емес. Постмодернизм дегеніміз  интелектуалдық ойының бір түрі ғана және де ол – мәңгі құбылыс. Ол түрлі формада мәңгі жасап келе жатыр», – деген пікір білдірсе, танымал мәдениеттанушы Әуезхан Қодар: «Қазіргі жаһандану кезеңінде барлық ықпалатаулыдан таза жергілікті мәдениет болуы мүмкін емес. Бүкіл өркениеттік, әмбебап нарықтық байланыстар қалай дамыса, мәдениеттердің бір-біріне кірігуі де, араласып кетуі де соншалықты дамыған. Жалпы алғанда, біздің дәуіріміз шектен тыс ақпараттануымен белгілі. Міне, осы шектен тыс ақпараттанған адамзаттың мәдениеті  постмодернизм. Қазір постмодернизм мәдениетін мойындамауға болмайды деп пікір білдіре отыра, постмодернизм дегеніміз не, біздің ұлттық мәдениетімізге оның қандай пайдасы бар? деген сұрақтарға: «Постмодернизмнің ұлттық мәдениетке пайдасы өте зор. Қазіргі мәдениеттегі аса өзекті, бәрінен де биікпін деп санайтын бұл бағыт, өзін, орталықты абсолютті түрде мойындамайды», – деп ой түйеді [12,239].
Бір-біріне қарама-қайшы осындай көптеген неше түрлі ой-пікірлерді сараптай отыра, қаламгерлеріміз өз тараптарынан постмодернизмнің алғашқы белестерінің бағындырылып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Ал, профессор, филология ғылымдарының докторы Д. Ысқақұлының пікірі бойынша: «...әр халық өзінің дінін, тілін күшейту арқылы тарихтың тереңіне тамырын жіберу арқылы алдымен өзінің ұлттық болмысын сақтап қалуға қамданады. Осы бір аса маңызды мәселенің ұлт өміріндегі дұрыс түйін табуына ғаламдасу үрдісі мүлдем қарсы. Ол ұлттық құндылықтардың тамырына балта шауып, «бұқаралық мәдениет» дегенді ұсыну арқылы келеді.
Өнердің ұлттық сипаты қашанда анық. Әдебиет дегеніміз – сөз өнері. Жаһандану әдебиеттің басты қасиеті ұлттық сипатын жоққа шығару, жою арқылы ұлттық әдебиет атаулыны тарихтың тастандысына айналдырмақ. Мұның өзі кім-кімді болса да ойландырмай қоймайды. Сондағы Батыстың бізге ұсынып отырғаны қандай әдебиет деп ойлайсыз? Ол – постмодернизм» – дей отырып, осы мақаласында қазақ зерттеушілерінің постмодернизмге деген көзқарастарын салыстыра отырып, осы бағытқа деген дәстүрлі қаламгерлердің қарсы ойлары мен кейінгі буын қаламгерлерінің постмодернизм турасында барынша сөз қозғап, жаңалыққа жаны құштар жастарымыз сәнге айналдырып алғанын да ашып айтып өзінің қарсы пікірін де білдіреді [4,3].
Әдебиет сыншысы, зерттеуші Б.Майтанов «Қазақ әдебиеті» газетінде 2009 жылы жарияланған «Басты назар бүгінгі әдебиетте» атты мақаласында «Постмодернизм – соншалық өзгеше, жат құбылыс емес. Біз тек дабырайтып айтамыз. Бадырайып тыңдаймыз. Мысалы, М.Мағауин шығармаларында әлемдік постмодернизмнің стильдік негізгі сипаттары бар екендігін ертеде айтылса, таңқалар едік. Ал, расымен, солай деп ұғынуға бейіммін. модернистерде аса қарқынды дамыған «сана ағымы» Р.Тоқтаровтың еңбектерінде постмодернистік тәсілдер ұтымды қолданылады. Беріде Д.Амантай, Р.Мұқанова, А.Кемелбаева, А.Жақсылықов, А.Алтай, А.Ықсан секілді қаламгерлердің қолтаңбасында, дүниетанымында мұндай өрнек неғұрлым табиғи сипат алып барады. Постмодернистік көзқарас бір жерде ерте, бір жерде кейін пайда болады. Ол – соншалық жетістік те емес, кінәлауға да келмейді. Әдеби және өмірдегі заңдылық. Мәселе – жалпы шығарма рухын дұрыс, сауатты саралап беруде. Тегі, біз, әдебиет, өнер, гуманитария адамдары – Рух планетасының өкілдеріміз. Р.Нұрғали ағамыздың «Сөз билейді халықты» деп сұхбат беруінде үлкен мән бар. Әдебиет өзгелер қаласа да, қаламаса да өмір сүреді. Өйткені, дүниенің адамдар үшін ең айқын таңбалық белгісі – Сөз» - дей отырып, тың ойларды терең көзқараспен көтеруі әдебиет саласындағы біраз даулы мәселелердің алдын орайтыны белгілі [5,12].
С.Сулеймен, А.Гидценс, Х.Летен секілді кейбір ғалымдар үшін постмодернизм модернизмнің ұстанымдарын тереңдете ұсыну болса, Хабермас – модерн ағымының жүзеге аспай қалған идеяларынан десе, Г.Кюнг, Г.Хоффман Р.Кунофф, А.Хорнунг сияқты ғалымдар үшін постмодернизм модернизмге қарама-қайшы нәрсе болса, А.Б.Зелигмен болса- ол модернизмнің өзгеше пайда болған жаңа сатысы, кейбіреулер мәдени жүйелердің түпкілікті өзгеріске ұшырауын постмодернизмге жатқызады дей отыра, модернистік және де постмодернистік зерттеушілерінің тұжырымдарына сыни көзқарас тұрғысынан қарайды. Тағы бір мақаласында, мәдениеттанушы ағамыз Абайдың «Ескендір» поэмасын алып, қазақ ақынының шығыстық дастан дәстүрін бұзғандығын, Абай бұл дәстүрдің жазу шартын мүлде өзгертіп бүкіл Шығыс әлемі табынған Александр Македонскийді жағымсыз кейіпкер етіп көрсетуін қазақ мәдениетіндегі постмодернизм белгісі ретінде қабылдауға болады деген пікірімен әрине келісу қиын. Себебі, алдымен, постмодернизмді жаһандық деңгейдегі әдебиетшілер мен сарапшылар 20 ғасырдың екінші жартысында ғана пайда болған ұғым десе, екіншіден, Абай шығармашылығындағы ұлт әдебиетіне енген жаңалықтарды постмодернизмнен гөрі модернизмге жатқызғанымыз дұрыс сияқты.
Постмодернизмде мәтін рөлі жоғары екенін көптеген әдебиеттанушылар тілге тиек еткен. Қазақ әдебиетіндегі постмодернистік мәтін туралы пікірінде Әуезхан Қодар: «Постмодернизмдегі гипертекст не болмаса интертекст туралы мәтін автордан биік, оның болмысынан автордың ойына кірмеген мән-мағына табуға еріктіміз» – деген болса, профессор Б. Майтанов та мәтін жайында зерттей келіп, «интермәтін» - интертекст, «гипермәтін» - гипертекст, мәтіндегі астарлы ой – «подтекст» деген жаңа ұғымдарды ұсынады.
«Введение в литературоведение» атты негізгі ұғымдар мен терминдердің анықтамалығында: «интермәтін дегеніміз-формулалардың анонимді жалпы кеңістігі, тырнақшасыз және автоматты берілген цитата, интермәтінділік (интертекстуальность) – цитата мен реминисценцияға қарағанда ұғымы ауқымды, сонымен қатар әдебиеттің қайнарларымен мәтіннің ұқсас болып келуі, яғни постмодернист жазушы бейнелеп отырған жабық дәйексөз болуы мүмкін» деп көрсетілген [16,458].
Ал, постмодернистік ағымға бой алдырып, посмодернист деген атаққа ие болып кеткен А.Жақсылықовтың «Сны окаянных» атты шығармасында: «Интертекст – өзге тілдердің лексикасынан жиналған ортақ лексика, бір шығармадағы сюжеттің, екінші бір басқа шығармада болуы, ал гипертекст дегеніміз – бір сөйлемнің бірнеше не болмаса бір бетті алуы, яғни кʏрделі лексика», – дейді.
Постмодернизмнің өзіне тән тағы бір белгісі әртүрлі мәтіндерден алынған әрқилы үзінділерді пайдалану болып табылады. Әдебиетте бұл постмодернизм басқа мәтіндерден алынған үзінділердің ашық немесе жасырын түрде келуі цитатаның басты белгілеріне ұқсас келетіндіктен өзімен бірге жаһандық тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарында цитирование, цитация, цитатная речь терминдерін қоса қолданысқа енгізді.
А.С.Адилова тілші-ғалым ретінде өз еңбегінде цитата мәселесін де назарынан тыс қалдырмай, оған берген анықтамаларды салыстырып, оның негізгі мынадай түрлерін көрсетті:

  • қандай да бір мәтіннен алынған үзінді немесе басқа біреудің сөзі;

  • оның сөзбе-сөз дәлдігі;

  • түпнұсқаға сілтеме [7,35].

Негізінде, цитата деп белгілі бір мәтіннен алынған үзіндінің дәл қалпында, еш өзгеріссіз түрінде берілуі тиіс деп түсінгенуіміз керек, ал оның қырларын нақтылап, жекелеп зерттеу алдағы уақыт еншісінде деп білеміз.
Кең көлемді мәдени және әдеби ағым ретінде постмодернизмді тани отыра, әдебиет мәселелерін талқылауға ат салысып жүрген әдебиеттанушы Г.Елеукенова 1950 жылдан бастап қазақ әдебиетінде постмодернистік деген ұғымның пайда болғандығын айтады. 1993 жылы зерттеушінің жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелері» еңбегінде «К вопросу о постмодернизме в казахской литературе 1950-1980-х годов ХХ века» деген мақаласы жарияланған болатын. Осы зерттеуінде автор 1950-1980 жылдардағы ұлттық әдебиетіміздегі жаңа бағыттың пайда болуын Ғ.Мүсіреповтің 1959 жылы жарық көрген «Этнографиялық әңгіме» деп аталатын шығармасының жарыққа шығуымен байланыстырады. Аталмыш шығармадағы кейіпкер әлеуметтік тұлға ретінде танылған, батыл күресуші де емес, өзінің есімі де аталмайтын, айналасына сыйлы – Атеке. Яғни ауыл аймағын, айналасын асыраушы, қарапайым адам. Социалистік реализмде көрсетілетін мемлекет пен ұжым абыройы үшін еңбек етіп, айналаға үлгі боларлық кейіпкер де емес. Ғ.Мүсіреповтың «Этнографиялық әңгімесі» шығармасын өз беделі мен тамырынан ажырап жоғалып бара жатқан төре тұқымының қарапайым тіршілігін суреттейтін әдебиеттанушы ғалым постмодернистік сипаттарға ие алғашқы шығарма деп санайды. Бірақ бұл тұста көптеген әдебиетшілер пікір айтушының бұл ой-тұжырымына қарсы тұрды. Себебі, олардың көбі жазушы Ғабит Мүсіреповтің бұл шығармасы дәстүрлі реалистік туынды деген ойда тоқталады.
Осыған қоса, Атеке атты кейіпкердің бейнесі шынайы өмірде кездесетін нақты кейіпкер ретінде алуымызға болады. Бұл шығармада постмодернизмге тән қара юмор мен пародия элементтері болғанына қарамастан, постмодернистік шығарма деп айтуға негіз жоқ. Сонымен қатар, аталмыш мақалада постмодернизм құбылысының ерекшеліктерін көрсете отырып, «қазақ прозасындағы модернистік эстетиканы постмодернистік ағымға әкеп жалғаған екі жазушының орны бөлек саралаған еді. Олар – Асқар Сүлейменов пен Төлен Әбдіков» [9,15]. Постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі жазушыларымыз бен ақындарымыз тарапынан өзіне тән жаңашылдық бағытын жоғалта бастады. Әдебиетті зерттеушілер болса постмодернизм теориясының біздің әдебиетіміздегі одан арғы мүмкіндіктерін зерттеу үстінде.
Бүгінгі постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі алатын орынын, оның өзінің алдындағы әдеби дәстүрмен ара-қатынасын анықтап, біріншіден, өзіне тән мәнін, эстетикалық құндылықтарының, жаңашылдық деңгейін анықтаудың, жүйелілілік аясын анықтап алудың қажеттілігі көкейтесті мәселе болып отыр. Бұған көбіне постмодернизм туралы әңгіменің аға буын өкілдерінің саралауы бойынша бір жақты ғана қаралып келуі кедергі болып тұр деп есептейміз.
Батыстық әдебиетші, философ зерттеушілер қатарынан Жак Деррида, Жиль Делез, Ихаб Хассан, Жан Бодрийяр, ал ТМД сарапшылары В.Курицын, Н.Лейдерман, М.Эпштейн, М.Золотоносов, М.Липовецкий, С.Чупринин, А.Якимович және т.б. ғалымдар постмодернистік бағыттың жеке қасиеттері мен басты сипаттарын және де көркемдік ерекшеліктерін зерттеді және әлі де зерделеу үстінде.
Өзіне дейінгі болған кезеңдегі постмодернизмнің өзгешелігі ақыл-ой формасына сенімділік білдірмейді. Осы туралы О.Ванштейн қалыпты Табиғат, Құдай, Мән, Жан сияқты үйреншікті түсініктер ендігі жерде қолданыстан шығып, бұрынғы белгісіздік, тылсымдықтардың орнын әр адамның ішкі дүниесі басып, қаламгер үшін ендігі жерде:

  • эстетикалық: әдемі-ұсқынсыз, идеалды-идеалды емес, айшықты-айшықсыз;

  • гносеологиялық тұрғыдан: ұғынықты-ұғынықсыз, түпнұсқалылық-көшірмелік, бір мәнді-әр мәнді, орындылық орынсыздық, қонымды-қонымсыз;

  • моралдық-этикалық: имандылық-имансыздық, жақсы-жаман, қалыпты-оғаш, сакралданған-деструктивтенген;

  • эмоциялық-бағалаушы тұрғысынан: қызықты-қызықсыз, ұнамды-ұнамсыз, қабылдаймын - қабылдамаймындар түпкілікті өз мәнін жояды.

Бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың орнын ендігі жерде жаңаша пайымдаулар басады.
Бүгінгі әдебиетті бұрынғы біркелкі кеңестік сарынмен тақырыбына орай жүйелеу зерттеудің тар шеңберінде қалғандығын, көркем әдебиетті белгілі бір қысқа күрмеу арқылы байлаудың дұрыс еместігін уақыттың өзі көрсеткендей. Жалпылай алатын болсақ, бірыңғай жүйе постмодернизм үшін жат дүние. Осындай себептермен, әдебиет саласын сараптаушылар постмодернистік стиль деген ұғым жоқ деген тұжырым жасауда. Жұпыны емес, қарапайым образдар жасау, қысқа да нұсқалық, оқырманды бірден оқиғаға еліту мен қызығушылығын арттыру бұл аталмыш бағыттың ең басты ерекшеліктерінің бірі дер едік. Постмодернистік әдебиетте композиция мен сюжет аса назар аударуды қажет ететін мәселелердің бірі болып табылады. Әдебиеттанушы ғалымдар XX ғасырдың басынан бастап сюжет ұғымын зерттей бастады. Осы уақыт ішінде талас, қарсы пікірлер туғызған тұстар да кездеседі. Постмодернистік әдебиеттегі композиция мен сюжет түсінігі және олардың дәстүрлі әдебиеттен өзгешелігі турасында сараптаймыз.
Әдебиет сөз өнері болғандықтан, онда қатып қалған қағидалар жоқ. Әлемдік үдеріс болғандықтан ол үнемі өзгеру және даму үстінде болатыны да ақиқат. Сондықтан да постмодернистік әдебиеттің сюжеті қалыптасқан мағынадан мүлде басқа екені белгілі жағдай. Аты аталған ғалымдарымыздың ішінде академик Р.Нұрғали бүгінгі әдебиеттану ғылымында сюжет турасында қазіргі заманғы әдебиеттануға барынша жақын ойларымен бөліседі: «өмірдегі хабар, факт, дерек жазушы үшін шикі материал ғана, оқиға – фабуланың өзгерген, шығарма өзегінде талданған түрі – сюжет. Сюжетті тек оқиға желісі деп қарау ескірген көзқарас» [10,122]. Академик пікірінше, сюжетке жаңаша сипаттар тән болып келеді.
Характер болса, сюжет үшін басты талап, адам мінезіндегі даралық түр, оның сан қилы сезім шырқауы, психологияның көзге көрінбейтін нәзік сәттері деп танытады. Расымен, әдебиеттегі баяндалатын адамдар арасындар қарым-қатынас, психикалық тұрғыдағы көріністері, жанды характерлер жүректен орын алып, сезім туғыза отырып, ой қозғайтын да сюжет болып табылады. Сюжеттің нобайы, сұлбасы, сызбасы деп фабуланы қарастыруға болады. Қаламгердің барлық биік мақсаттары мен асыл мұраты, жағымды обзардар мінезін жасаумен үндесіп жатырған әсер береді. Сюжетте қажет болған жағдайда оның бастауы негізінде - пролог, не болмаса аңдатпа, соңына қарай суреттемелер, яғни эпилог беріледі. Кез келген оқиға желісі, тартыс болғандықтан, оның қандай да болмасын басталуы, өрістеп, шиеленісіп, шарықтау кезі, қорытындысы болатыны ақиқат.
Әдеби көркем еңбектегі оқиғалар дара сюжеттер арқылы толықтырылып, оқиға легі логикалық үйлесімділік тауып, негізгі шиеленістердің түйіні шешіліп, барлығы тұтаса отырып бір арнаға тоғысып аяқталуы, осыған орай шығарманың негізгі идеясы әсерлі де толық ашылуы керек. Сәйкесінше, постмодернистік шығарманың құрылымы бұдан да қызықты болып келеді. Ол қатып қалған, қалыптасқан қағидаларға кереғар екендігін зерттеуші ғалымдар барлық еңбектерінде дәлелдеп келеді. Постмодернистік шығармада көп жағдайда алдымен шешімі беріледі. Көркем шығармамен танысып болғаннан кейін оның қорытындысын айқындау мақсатында аса қызғушылықпен қайталап оқып шығасыз.
Постмодернизмнің бастапқы белгілерінің өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарындағы көркем әдебиеттен белең ала бастағанын белгілі ғалым Бақытжан Майтанов айтып өтеді. «Т.Әлімқұловтың көп жағдайда өзін-өзі мысқылдап сөйлейтін, түсініксіз, тіршілікке менменшіл көзқараспен қарайтын ерекше образдары, Р.Сейсенбаевтың, Т.Әбдіковтің, Ә. Таразидің, осы тәріздес қызық мінезді тұлғалары, Мұхтар Мағауиннің баяндау үлгісінің ирониялық сарында болуы постмодернизм бағытындағы «қара юмор» деген атауға ие болған стильдік жағынан сарындас құбылыстар. Образдардың өзіне-өзі немесе өзгеге қатысты кейде ызалы, кейде бейтарап келемеждей сөйлесуі М.Мағауиннің 70- жылдардағы әңгіме, роман, повесттерінда кездесетін»,– дей отырып, ғалым бірнеше авторлардың шығармаларын постмодернистік жағынан жалпылай қарастырып кетеді [3,8].
Мұхтар Мағауиннің белгілі «Жармақ» атты шығармасы дүниеге келген сәтте оны көптеген оқырмандары тосырқай қабылдағандары түрлі әдеби мүшайраларда айтылып жүргені белгілі. Әдебиеттанушы, ғалым С.Қасқабасов аталмыш шығарма турасында мынадай ойларын білдірген болатын: М.Мағауиннің «Жармақ» романын біреу түсінсе, біреу түсінген жоқ. Бір кейіпкер бейнесі екіге бөлініп кеткен. Біреуі – Мұрат болса, екіншісі – Марат. Екеуі де біріне бірі қарама-қайшы. Адамның ішіндегі екі адам бар ғой. Біреуі ой айтса, екіншісі басқасын ұсынады. Міне, осыны ашып көрсете білу – өмір талабы. Оны дайындығы бар кісі жақсы түсінеді. Күнделікті өмірдің илеуінде жүрген қарапайым талғамды адам оны керек қылмайды» деген болса, жазушы Герольд Бельгер «Мұрат пен Марат: екі жарты – бір бүтін» деген атпен М.Мағауиннің «Жармақ» шығармасы туралы мақаласында зиялы оқырмандық көзқараспен, жүйелілікпен романның астарларын саралап, дәлдікпен түсіндіруге тырысады.
«Қаламгердің бұл туындысы туралы қысқаша айтар болсақ, оқиға бір адамның екіге бөлінуі және осы жағдайдың шым-шытырық оқиғасы айналасында дамиды. Жағдайдың сипаттарына орай (әрі автордың еркімен, әрине) ыдырауға ұшыраған, анығын айтқанда екіге бөлінген ерекше генетикалық тұлға аяқ астынан қоғамдық сана мен ұлттық болмыстың санқилы кеңістігіне түсіп кетеді. Жастықтың жалындаған кезінде аталмыш тұлға бүтін болған еді: бір жан, бір жүрек, бір ой, яғни ынта-жігер, мұрат-мүдде, табиғи қалып, өткен өмір, білімге құштарлық, мінез-құлық махаббат, арман – бәрі бір тұтас еді» - деп бастай келе, бұл жердегі адамзат баласының көтерілген рухына, шығарманың атауының неліктен «Жармақ» деп аталғандығына, образдардың психикалық сипаты, қоғамның көрінісіне баса ден қоя отырып, «роман қызықтыра түседі, кешегі өткенге мұқият үңілуге, ойлануға итермелейді, бүгінгі қайшылығы мол тіршілік көңілге күмәнді бола тұра болашақ жайлы ойға әкеп тірейді. Болмысқа жалпыадамзаттық және ұлттық тұрғыдан қарайсың. Бұл – роман-эссе, роман-толғаныс, роман- тартыс-айтыс. Шығарма біздің қоғамымызға, нақты уақытымызға, біздің жеке тұрпаттағы проблемаларымызға еріксіз байланған, романда cоlоr lоcal сипаты басымырақ. Ондағы көтерілген проблемалар легі барлық тәуелсіз мемлекеттердің бәріне де тән екені белгілі. Қоғамдағы дертті проблемаларды алаңдай отырып әңгімелеп береді. Басқа тілдерге де аударылса шығарма жүрек қылын дөп басар еді деп ойлаймын, өйткені ол ұлттық құбылыс деп аталатын тар ұғым аясына сыймайды» - деп өзінің ашық та салмақты ойын білдіреді [18,10].
Сөз өнерінің шебері, ірі әдебиет майталманы, М.Мағауиннің соңғы кездері жазылған шығармаларынан постмодернистік бағыттың сарқындарын кездестіріп жатамыз. Осындай еңбектерінің бірі – «Екеу» атты әңгімесі. Жазушының бұл әңгімесінде кейіпкерлердің есімі белгісіз болып қалады. Оқиға желісі бірден шарықтап кетеді. Қаламгер дәстүрлі әдеби шығармалардағы сияқты кейіпкерлерінің жағдайымен, оқиғаның басталу орны немесе олармен таныстыру деген мәселе болмайды. Аталмыш әңгіменің бірден монолог арқылы бет алуы да оның жаңашылдығын айқындап тұрғандай. Әйел кейіпкердің бұлыңғыр, түсініксіз тұманды ойлары. «Бір көрген – біліс...» – депті қазақ. «... Екі көрген – таныс». Бір емес, екі емес... осы жеті жыл ішінде жетпіс рет... көріпті. Бәлкім, жүз. Алайда, білемін деп те, танимын деп те айта алмас еді. Аты кім? Жөні қайдан? Кім бoлған, не істеген? Бүгінгі шаруасының мәнісі неде? Бәрі де күңгірт. Күңгірт емес, мүлде беймәлім. Тек қазіргі кәсібі туралы ғана бұлдыр елесі бар. Әйтеуір, тыныштығы кем. Ал уақыты... тапшы. Тапшының өзінің тақыры» [12,216]. Шығармаға бой алдырмас бұрын біраз біраз нәрсемен танысып үлгереміз. Күңгірт те беймәлім, тылсым әлемде өмір сүріп жатқан кейіпкердің осындай қияли ойда жүруінің өзі заңды құбылыс.
М.Мағауиннің тағы бір «Қасқыр – Бөрі» атты әңгімесі де постмодернистік үлгіде жазылған шығармалардың бірі дер едік. Әңгіме құрлысы жағынан әдеби-эссе сияқты. Дегенмен де тым тереңде жатқан астарлы ойларды көреміз. Қаламгер әңгімені дәстүрлі сарынмен жазғанымен де постмодернизмнің көркемдік элементтерін өте шебер де ұтымды пайдаланған. Аты айтып тұрғандай шығарманың басты кейіпкері - қасқыр жайлы әңгіме қозғалады. Дегенмен, ол жұрт үдере қорқатын, жау көрінетін қасқыр емес. Рухы бөрі кейпіне енген бөрі турасындағы әңгімеде автор постмодернистік сарынмен түсініксіздікке бой алдырмай, дегенмен оқырманның ойын алдын ала біліп, осы жайтты да оқырман назарына ұсынып, күдікті ойлар туғызбайды.
Ең әйгілі постмодернист Хорхе Луис Борхес «Пьер менар, автор Дон Кихот» деп аталатын әңгімесінде Сервантестің романындағы кей тарауларды еш әрпін қалдырмастан, сол күйінде жазған болса, М.Мағауинда тек тақырыбын өзгерту арқылы осы шағын ғана әңгімесінде алдыңғы ұсынылған жолдарды сол қалпында еш өзгертпестен алдыңызға қайта әкеліп, бұрынғы заман мен қазіргі кездің рухани жай күйін ап-анық етіп суреттеп береді. Түсініксіздіктерге бой алдырмас үшін яғни оқырман санасына паралеллизм арқылы әсер беруді мақсат етеді. Жоғарыда аты аталған әйгілі постмодернист Х.Л.Борхес: өз еңбектерінде «Дон Кихот өзі туралы жазылған романның оқырманы, ал Гамлет болса - өзі туралы жазылған драманың көрермені болуы әбден ықтымал» - деп санайды екен. Осыны ескерсек, атақты қаламгер М.Мағауиннің «Қасқыр-Бөрі» әңгімесі қазақтың өзі туралы жазылған шығарма деуге боларлықтай.
Қазақтың санасындағы тотемдік белгі «Бөрі» екендігі белгілі. Өйткені, «арыстан – сес пен күш, жолбарыс – еп пен қуат, бірақ шене, құрт – жүрек пен рух», – деп суреттейді автор. Ал қасқыр осы шене мен құрттан пайда бола тұра кейіннен осы екеуінің тіптен екі түрлі екендігін дәлелдеп береді [14,44]. Осы қағиданы шығарманың негізгі мазмұнына арқау ете отырып автор түрлі әдеби ойындарды үйлестіре отыра өз оқырманының ойының адасуына жол бермейді. Қаламгер өзі ойынның авторы болғанымен, өз қолындағы көріністер мен тарихи оқиғаларды баяндай отыра олардың орындарын ауыстырушы, үйреншікті дәстүрлі әңгімелердегідей емес, мәтін ішінде диалогтар кей кездері тура бағытта кететін жерлері де жетерлік.
Роман әңгімеге қарағанда ауқымы жағынан кең дәрежеде болғанымен де, сол роман ішінде келтірінді романның сипаттамасы ретінде әңгіме ішіндегі әңгіме құрылымына да әбден сәйкес келе алады. Әңгімеде берілген келтірінді мәтіннің бірінші бөлімнен басқасының бәрінде кеңістіктік пен уақыттың жалпы аталуы шекті болғанымен, оның мазмұнды-концетуалдық, -астарлы-концептуалдық деректерінің құндылығы алдыңғы қаалмгер баяндап өткен «Қасқыр» бөлімімен салыстырғанда негізгі және де құнды болып келеді.
Ғаламдық әдебиет саласында интермәтінді құрылымдардың белгілі бір шығармаларды басқа бір қаламгердің жалғастыруы не болмаса аяқтауы сияқты түрлері көптеп кездесіп жатады. Осыған байланысты ғалым, тілші А.С.Адилова өзінің еңбегінде мәтіндерді жалғастырудың түпкі негізі мынада: «...оқырманның назарын ерекше аударған туындылардың белгілілігі, танымалдығы сипатында оған қайта қажеттілік туғызу арқылы таза коммерциялық мақсатты көздегендіктен пайда болса да, оларды екі жақты қарастыруға тиіспіз. Жеке когнитивтік кеңістігінде айрықша маңызға ие туындыны жалғастыру авторға өзінің шығармашылық мүмкіндігін танытуға, әдебиет әлемінде өзі ұнатқан жазушы мен шығарманың ұмытылмауын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Ал оқырманға қаламгердің эрудициясы, жалпы кредосы сияқты экстралингвистикалық факторлар мен лингвистикалық факторларды бағалауға мүмкіндік береді», – деген өте құнды пікір білдіреді [7,119].
Біз жоғарыда қарастырып өткен М.Мағауиннің романында да мәтінжалғастырудың сипат алу көрінісін байқаймыз. М.Мағауиннің бұл тұстағы басты ерекшелігі бұрынғы бар мәтінді жалғастыруында емес, қайта осы мәтіннің жалғасын елу жылдан кейін немересінің роман-эпопеяға айналдырып жазатындығын ескертуі. «Ал, әңгіменің роман-эпопеяға айналған, менің Бату немерем биікке көтерген жаңа нұсқасын елу жылдан кейін оқисыз. Тек... сол ерекше шығарманың аты да «Қасқыр» болып шықпағай... Қауіпсіздік шарасы ретінде «Бөрі» атауын біржола бекітеміз. Әңгімеміздің аты – Бөрі», – дейді қаламгер [4,55]. Бұл жазушының ұлттық рухын келешекте бұрынғы «Бөрі» түрінде қабылдаса деген ойының көрінісі.
Қазақ әдебиетінде бүгінгі күні жазған еңбектері постмодернизмге бой алдырған жазушылардың бірі деп Роза Мұқанованы айта аламыз. Жазушының «Тұтқын» деп аталатын әңгімесі постмодернистік талаптарға толықтай сай келеді дей аламыз. Өйткені, постмодернистік бағыттағы әдебиетте кездесетін елесті қуушылық пен санасыздық, кейіпкерлердің еркіндікке ұмтылуы, оған жету мүмкіндігінің жоқ екендігін болжай білмеуі, аллюзия, ақиқат пен шындыққа деген ұмтылушылық, интермәтінділік, реминиценция, құндылықтарды жасай білу, қара юмор, полифония, пародия сияқты т.б. постмодернизмдегі әдебиет саласының құраушыларын осы автор шығармаларынан кездестіріп отырамыз.
Аталмыш әңгімеде бар махаббаты мен ғашықтық сезімін өнер саласына арнаған, еркіндікті аңсаймын деп жүріп өнер саласының қармағына шырмалған, аяғында бәрінен жоғары қоятын өнерін емес, өзі қорқатын әйелге деген ғашықтығын мойындаған, жұртқа Әумесер атымен танымал, ой-ақылы арқылы дұрыс емес обзардағы, бірақ дені сау адамның кейіпіндегі жай-күйі айтылады. Әумесер өз қиялында өнеріне табынатындар мен онымен диалог құратындардың көп бөлігі – әйелдер қауымы. Әңгіме кейіпкері ол әйелдерді өзі қиялдан жасап, еркін диалог арқылы сырласады.
Аталмыш кейіпкердің айтатын ғажайып та тәтті сөздері әртүрлі туындыларда немесе жазушылар мен ғұламалардың шығармаларында кездесетін, әңгімені оқу үстінде санамызда сақталып қалған түйін сөздер арқылы берілгендей болады. Бұл - реминиценция. Кейіпкер қиялындағы әйелдерімен сырласу кезінде үнемі олардың жасампаз екендіктерін айтып бастайды. Қиялдап жасап алған әйелге алғаш рет тіл қатқан кезде ешкім жоқ босағаға қарап тұрып сөйлеген оның өзінің өмірінен де хабардар боламыз.
Мысалы: « – Келдің бе?... – Маған ұнаймын деп келген сиқың ғой, ә?... – Менің талғамыма келмейсіз. ... – Мен суретшімін. Әрі сіздің қолыңыз жете бермейтін ұлы суретшімін. Білемін сізді. Сіз мені әрі бай, әрі ұлы суретші деп келдіңіз. Мен бай емеспін, айран жалап күн кешем. Сіз бақытты болуға құлшынып жетіпсіз. Ал маған жақындасу – бақытсыздыққа ұмтылу. Иә... мен әйелдің жылағанынан ләззат аламын. Олар ешқашан шын жылаған емес, білесіз» [5,120]. Суретшінің күнделікті өмірінде тұрмысы ауыр екендігін, сонымен қатар, күнделікті өміріндегі ауыр тағдырымен танысып, осы үзінді арқылы оның бейшара халін ұққандай боламыз.
Әумесердің әйелдердің шынайы сырын ашуға деген талпынысын оның ойларынан көргендей боламыз. «...сіздер өмірбақи ақиқатқа беріліп, күнәға мейірім төгіп келе жатқан «сұлу» кескіннен тұрасыздар. Сұлу дегеніме мәртебеңіз өспей-ақ қойсын, сеніп қалмағаныңыз жөн. Сіздер өздеріңізге тағдыр бермеген сұлулықты қолмен жасауға ғажап құмар халықсыз. Ең қарапайым-ақ мысал келтірейін. Қасыңыз бен шашыңыз сары болса, қараға, қара болса қызылға бояп, былайғы жұртты алдауға бейім тұрасыз. Әдемі көрінуге аянбай бар өнеріңізді саласыз. Бәрін керісінше жасап жатқаныңызды білгіңіз келмейді. Сұмдық ұрысқақ бола тұра, мейірбан, кеңпейіл, парасатты, дана болып көрінесіз. Әйтеуір ғажап шеберсіз, өтірік өмір сүресіз. Тіпті солай сөйлейсіз де. Өзіңіз тумаған баланы туғанмын дей саласыз. Тірліктеріңізде бір шындық жоқ-ау. Ауыздарың сөйлеп тұрғанымен, ақылдарың бақи кідірісте, тұңғиықта, қара орманда шөгіп жатады» [15,120] – деген суретшінің сөздері ақыл-есінен адасқан сырқат адамның аузынан шығатын сөздер сияқты емес. Керісінше, артық сөйлеп қойған жағдайда кешірім сұрап, сыпайылық танытуына қарап, бұл адамның сау кезінде әдепті де мәдениетті адам болғанын болжауға болады, әңгімеден алынған үзінділердегі ой қорытулары қана әйел адамға арналып айтылғанымен, бір жағынан өмірде де шындықтың жоқ екендігін айтып тұрғандай сезінеміз.
Қиялындағы алғашқы әйелге сөз кезегін берместен Әумесер кейіпкеріміз онымен қош айтысады. Оны ұзатып тұрып қиялындағы әйелмен сырласпағанына іштей өкініп те қалады. Мойындамау, қызғаныш, бақталастық, қиянат көру сияқты оқиғалар тізбегі әңгіменің үзінділерінен көрінеді.
Кейіпкердің әйел затына тән жасампаздылықты тап басып тани білуі, олардың бойында ешқашан ақиқат пен шынайылықтың болмайтындығын, ал болған жағдайда «... айтыңызшы, әйелдің өз бетін қалай көруге болады?..» деген сауалына Ольганың берген: «әйел сүйгенім де, туғаным да, қимылым да, ісім де, кигенім мен жегенім де сұлу болса екен деп тілейді» деген жауабынан кейін, оның айласын асыруда жазушы кейіпкердің асқан байқампаздығына назар аударады [15,123]. Яғни, кейіпкер әйел сұлу болмағанның өзінде сұлу болып көріну үшін бар күш-жігерін салатындығын айтқанда әйелдің өз болмысынан еріксіз шыққандығын айтады. Ольганың бар сыры ашылып, екеуара әңгімеден соң, постмодернистік саралау бойынша кейіпкеріміздің маскасы шешіледі. Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, «қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген мақал-мәтелдің мазмұнын аша түскендей, сондай-ақ «Ана – өмірдегі шексіз мейірім иесі» деген ұстанымға кейіпкердің ерекше қиғаш ойлауы шынайы мейірімділіктің негізін салушы ретінде баяндалады. Осы тұстан бұрыннан қалыптасқан қағиданы бұзушы постмодернизмнің ерекшелігін байқаймыз. Кейіпкеріміздің хронотоптық ауқымы мол. «Отызыншы ғасырдың адамдары» деп аталатын суретші өз қолымен салған картинасы арқылы ғарышқа барып келеді. Суретіне тамсана отырып, «Ғарыш иесі» деді сендерді. Қателеседі... «Мен өзім ғарыштықпын» – деген қияли сөздері арқылы оның шексіз фантазиясын байқасақ, ал «менің қиялыма сендердің саясаттарың билік жүргізе алмайды» деген ойлары арқылы келер ойының (Жеті қат аспан да, жеті қат жер де менің мына қиялымның құзырында) жалғасы іспеттес.
Жасанды сұлулық пен байлық қызықтармайтын кейіпкеріміз әрдайым шынайылықты іздеп, ақиқатқа жетуді мақсат тұтатын, соны орындау жолында оған қол жеткізуді армандайтынына әңгімені оқу барысында көзімізді жеткіземіз.
Кейіпкер қиялындағы үшінші әйел Маргарита Алексеевна, онымен кездесу барысында Әумесер оқиға аса шарықтап, басқа арнаға түседі. Сұлу әйелдің жалаңаш бейнесін қағаз бетіне сурет етіп бейнелеу үстінде «– Шіркін-ай, әйелдің жылағаны қандай әсерлі де әдемі. Жылаған әйелден асқан сұлулық жоқ, бұл жаһанда. Жылаңызшы, а? Кәні...», – деген өтініші әңгіменің бас кезіндегі (мен әйелдің жылағанынан ләззат аламын) ойдың жалғасы іспеттес. Маргарита есімді әйелмен тілдесу кезінде, қаламгер кейіпкерді өз-өзімен айнамен сөйлестіреді. Айнадағы өз бейнесіне зер салған ол: «– Ренжімессіз. Сіз мені кінәламаңыз. Барым осы. Дәл сіз ойлағандай ақымақ емеспін. Бар кемшілігім – сіз көрмегенді көріп, сіз білмегенді біліп тұрмын. Айырмашылығымыз осы.» – дейді [5,128]. Біз мұны постмодернизм бағытындағы өздік «менмен» тілдесу деп түсіндірген болар едік.
Қорыта келгенде, «Тұтқын» әңгімесінің сюжеттік құрылымы жағынан дәстүрлі әдебиеттен тыс жатқанын байқаймыз. Қаламгер кейіпкердің психологиялық жай-күйін қара юмор арқылы шебер сипаттай білген. Әумесердің аузынан шыққан сөздер әр уақытта бір-бірімен логикалық түрде байланысып жатады. Бұдан сана ағымындағы өмір дейін десек, кейіпкеріміздің өмірді мағынасыз санауы, ақиқаттың жоқтылығын мойындауы, түсініксіз күйі әңгімені постмодернизммен үндестіріп жататынын анық байқаймыз. Օсындай жұмбақ жағдайлар арқылы болжауға болатын мәселе: кейіпкердің жарымжан күйге түсуіне махаббат дауасы не болмаса бақытсыз отбасылық тұрмысы байланысып жатуы әбден ықтимал немесе шектен тыс өнерге деген махаббаты оны жұлдыз ауруына шалдықтырып, ақыл-есінен адасқан суретшінің жеке әлемі, тым болмаса түрлі ережелерге шектен тыс қарсы шығуы деген қорытынды шығаруға толық негіз бар. Алайда қаламгер біз болжаған жайларды назардан тыс қалдыруы мүмкін. Постмодернизмның сыры да осында.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет