кер жұрнағы активтенгені байқалады. Мысалы, баспагер – издатель,
атомгер – атомщик, бітімгер – миротворец, мерейгер – юбиляр, сая-
саткер – политолог, қаскер – браконьер, ғарышкер – космонавт.
XX ғасырдың 70-80 жылдарында -ман аффиксін жандандыру
әрекеті байқалды. Мысалы, XX ғасырдың 50-жылдарында пайда
болып, бірте-бірте қалыптасқан оқырман, көрермен сөздерінің жа-
салу уәжі өмірде жиі кездесетін екі түрлі мағынаны ажыратып атау
қажеттігі туғанына байланысты. Мектепте оқитын шәкірттерді жал-
пы кітап, газет оқитындардан айырып атау керек болды. Бұған, сөз
жоқ, орыс тілінің аударма әдебиетінің қолданыстары да әсеріп тигізді:
мектеп оқушысы (орысша – ученик) оқушы тұлғасымен, ал жалпы
бірдеңе оқитын адамды (орысша – читатель) одан бөлекше атау ке-
рек болды. Тіл маманы – Әділ Ермеков 50-жылдардың басында бұған
оқырман тұлғасын ұсынды. Ал бұл – қазақ тілінің семантикалық-
морфологиялық нормасына сәйкеспейтін жаңа туынды, өйткені
-ман жұрнағы келер шақ есімше тұлғасына жалғанып, әлі болмаған,
бірақ енді-енді орындалуға жақын келген қимылды білдіреді. Мыса-
лы, жыларман болу – әлі жылаған жоқ, бірақ жылауға жақын келу,
«көшерменде – жұрт жаман, тастарманда – қатын жаман» деген
мәтелде жаман болған ауыл жұрты әлі тасталынған жоқ, енді-енді
тасталмақ, қатын да – солай: оны күйеуі әлі тастаған жоқ, тастамақ
болып жүрген қатын. Оқырман «әлі бір нәрсені оқуға кіріскен жоқ,
енді-енді кіріспек адам» дегенді білдірсе керек еді, бірақ ол жалпы
бір нәрсені – «кітапты, газетті, әйтеуір жазылған дүниені оқитын де-
ген мағына» үшін алынған. Бірақ бұл неологизм қолданысқа түсіп,
сіңісіп кетті, себебі бұл мағынаны беретін өзге оңтайлы атау болмады,
ал ученик пен читательді айырып атау қажет болды. Бұл қолданыс
дағдыға айналды, ал тіл тәжірибесінде дағды – күшті фактор.
Енді оралман (репатриант) термині тек семантикалық емес, таза
морфологиялық нормаға да жанаспайтын туынды болып шықты:
-ман жұрнағы етістіктің негізіне (орал-) тікелей жалғанып тұр, мұнда
келер шақ есімшедегідей не шақтық мағына жоқ, не қимыл-әрекеттің
орындау-орындамау мүмкіндігін таныту қызметі жоқ. Лингвист емес
адам мұны тіпті Еуропа тілдеріндегідей адамға қатысты жұмсалатын
-ман аффиксі деп ойлауы мүмкін. Ал қазақ тілінде -ман жұрнағы
мұндай қызмет атқармайды (тастарманда жұрт жаман – тастала-
тын адам емес қой). Осы жұрнақты активтендіріп сатарман (сату-
шы), бұйырман (заявка), аларман (сатып алушы) деген тұлғаларды
ұсынушылық орын алды.
393
Зерттеліп отырған кезеңде жаңа сөз жасауда әсіресе көзге
түсетін амалдың бірі – хана, жай, хат, нама/наме, аңы, сөз, май,
тану деген толық мәнді лексикалық бірліктердің жаңа сөз жасай-
тын жұрнақтардың қызметін атқарушы элементтерге айнала ба-
стауы. Бұл сөздер өзге түбірлерге жалғанып, әрқайсысы өздерінде
бар семантикалық реңктерінің бірін сақтап, неологизм жасайды.
Мысалы, хат сөзі бұл құрылымдарда өзінің тіке номинативтік
мағынасынан айрылып, жалпы жазылған дүниенің бір түрін атауға
көмектеседі. Айталық, баянхат (рапорт), қолдаухат (рекоменда-
ция), үндеухат (воззвание), әсемхат, ашықхат (открытка), жедел-
хат (телеграмма), бақұлхат (завещание), нұсқаухат (инструкция)
деген ондаған жаңа туындыда хат сөзі белгілі бір жазба дүние ата-
уын білдіретін аффиксоидқа айналып тұр. Көрсетілген өзге сөздер
де осындай: өздерінің нақты лексикалық мағыналарынан айрылып,
бірақ бір семасын (мағыналық реңкін) сақтап, жаңа сөз жасайды.
Бұлардың ішінде әсіресе -хана: зертхана (лаборатория), перзент-
хана (жас сәбилерді тәрбиелейтін орын), бұзаухана (бұзауларды
ұстайтын қора), мәйітхана (морг); -нама/-наме: текнама (генео-
логия), рұқсатнама (виза), заңнама (законодательство), ғұмырнама
(мемуар), қазанама (некролог) т.б.
Кейінгі кезеңдерде осындай аффикстік қызмет атқарушы ретінде
-сөз: тосынсөз (окказионализм), дәйексөз (цитата), көсемсөз, кеспесөз;
-ақы (жәрдемақы, жамбасақы) сияқты бірліктер де жандана түсті.
Осы қызметте бұрынырақ -тану (жаратылыстану, тілтану),
-аралық (ауданаралық, халықаралық) сияқты бірді-екілі сөз көріне
түскен болатын. Бұл сөздерді біз сөз-жұрнақтар немесе аффиксо-
идтар деп атадық. Әрине, олар – толыққанды жұрнақтар емес, бірақ
бойларындағы семалардың (мағыналық реңктерінің) біреуін сақтап,
жаңа зат, ұғым атауларын жасауға қатысып, аффикстің қызметін
атқарып тұр. Бұл тәсіл, сірә, алдағы уақытта көлемін (бірліктер санын)
өсіре түсуі мүмкін. Өйткені бұған өсімдіктер мен жан-жануарлардың
атауын жасауда қолданылып келген модель үлгі болып тұр. Айталық,
қарақұс, аққұс, қараторғай, суықторғай, аққоян, орқоян дегендер-
де құс, торғай, қоян; тарақбалық, қылышбалық, ақбалық деген-
дерде балық сөздері негізгі семантикалық тірек сөз болғанымен,
олар алдындағы сөздерді жетекке алып, жеке-жеке атаулар жасап
тұр. Бұл жерде біріккен екі сөздің соңғысы аффикс іспеттес неме-
се алдыңғы префикс тәрізді қызметте тұр деуге болады. Бұл сияқты
ұялас сөздерді біріккен сөздер ретінде қосып жазу нормасы бел алып
келеді. Айталық, қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің 2005 жылы
жарық көрген соңғы басылымында екінші компоненті (құрамдас
бөлігі) тас болып келетін бірнеше сөз қосылып жазылып, біртұтас
394
тұлға (бір сөз) ретінде ұсынылды: қойтас, малтатас, жақпартас,
үйтас деген сөздердің біріккен тұлға ретінде ұсынылуы тас сөзінің
аффиксоид қызметін атқарып тұрғанын көрсету деуге болады.
Бұлардың ішінде соңғы кезеңнің неологизмдері де бар: құйматас
(бетон), гіртас (гири).
Бірді-екілі сөздің аффиксоитар ғана емес, сөз алдынан келетін
префиксоидтің қызметіне ұқсас келетін тұстар да бар. Мысалы,
ойтүрткі, ойтамызық, ойтолғам сөздерінде ой сөзі, түпсана (под-
сознание), түпдерек (источник), түпнұсқа (оригинал), түптұлға
(прототип) деген терминдердегі түп тұлғасы жаңа сөз жасайтын
префикс қызметін атқарып тұрған сияқты. Әрине, бұл сөздердің таза
жұрнақтардан айырмасы үлкен, әсіресе семантикалық сипаттары екі
бөлек. Соңғы 10-15 жылдың барысында тас сөзімен жасалған жаңа
сөз жоқ. Тек бұрын бөлек жазылып келгендерінің біріктіріп берілуін
лексика-орфограммалық жаңалық деуге болар.
Достарыңызбен бөлісу: |