САУЫН: САУЫН АЙТУ. Күні кешеге дейін қазақ қауымында
сауын айту дәстүрі болған. Сауын айту – үлкен ас, ұлы той сияқты
үлкен жиындар туралы ел-елге жариялап хабар беру. Бұрынырақ
жорық, аттаныс жайында да елге сауын айтатын болған. «Айман-
Шолпан» жырында ас берген шөмекейлерге өкпелеп кеткен Көтібар:
Шабамын Маман байды жиылсын деп,
Еліне барысымен сауын айтты,–
дейді. Ал осыдан бұрын кісісі өлген Кіші жүз алшын-жаппас шөмекей
елі:
Бір тұтқа Кіші жүзде бай еді деп,
Шөмекей Маман байға айтты сауын, – деп келеді.
Сауын айту – жай хабар айту емес, белгілі бір салттың рәсімі
ретіндегі хабарды жеткізу. Сауын айтылған жақ сол үлкен жиынға өз
үлесін, өз қатысын көрсетуге тиіс болған. Сондықтан сауын кез кел-
ген адамға емес, байлар мен билерге, батырлар мен белділерге айты-
лады, олар сол ұлы жиынға өз «пайларын» енгізеді: саба-саба қымыз
бен сойылар малын, бәйгеге шабатын жүйріктерін, күреске түсетін
балуандарын т.т. апарады. Мысалы, сол асқа:
Даңқымды шөмекейге білдірем деп,
Саба артып тоғыз нарға Маман келді.
және:
Шай-қант пен тоғыз нарға тоқаш артып,
Көтібар өзі батыр шекті келді.
Осы көрсетілген рәсім сақталмайтын жайттарда сауын айту емес,
өзгеше түрде хабарлау айтылады. Мысалы. «Айман-Шолпан» жы-
рында Маман байдың шабылып, екі қызы «жесір» (тұтқын) боп қолда
кеткенін естіген Әлібек:
Әлібек мұны естіп аттаныпты,
Жар салып қатар өскен ерлеріне, –
дейді. Бұл жерде Әлібек сауын айтпайды, жар салады, хабар береді.
Сауын айту тіркесіндегі сауын сөзінің сауу етістігіне қатысы
жоқ. Оның түбірі – көне түркі тілдеріндегі саб/ сап (sав) сөзі. Саб/
сап дегеннің мағыналары – «1) сөз, сөйлеу, 2) хабар, 3) хат, 4) мақал,
мәтел, 5) баяндау, тарих, әңгіме, 6) сәуегейлік» (ДС, 478, 421). Демек,
саб сөзі қазақтың сауын айту, сөз саптау сияқты тұрақты тіркестері
мен сәуегей сияқты сөздерінде сақталып қалған. Алғашқы екі
150
тіркесте бұл сөздің көне «сөз, сөйлеу, хабар» деген 1-2-мағыналары
ғана сақталса, сәуегей сөзінде 6-мағынасы сақталған. Сөз саптау де-
ген тіркестегі сап дегені де – сол көне саб сөзі, бұл тіркес – сөз сөйлеу
дегеннің дәлме-дәл баламасы (эквиваленті), өйткені саб – «сөз>, саб-
та– «сөйле-».
Сөйтіп, сауын сөзі – саб түбіріне (саб~сау) -ын жұрнағы жалғанған
сөз, беретін мағынасы – «сөз-хабар».
Көне түркі ескерткіштерінде сауын тұлғасы кездеспейді, мүмкін,
бұл осы сөздің ескерткіштерде қолданылмағандығынан болар не-
месе сауын сөзі белгілі бір дәстүрдің пайда болуына қарай кейінгі
дәуірлерде (V-VIII ғасырлардан соң) жасалған сөз болуы. Әдет-
ғұрпы көбінесе қазақтарға сәйкес келетін қырғыздардың тілінде
(сөздіктерінде) «хабар» мағынасындағы сауын (соон) сөзі жоқ. Соған
қарағанда, бұл сөз қазақ халқын құраған тайпаларда өте көнеден келе
жатқан дәстүрге байланысты сақталған ұлттық сарқыншақтардың
(реликтілердің) бірі болу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |