Менің қолжазбам дайын. 21 -22 баспа табақтай болып қалады». (Герольд Бельгер, «Тень дней минувших» («Өткен күннің елесі»), 454-ші бет).
Бәрінен бұрын жоғары қызметте жүргенімен «ұлық болса да кішік болуды» ұмытпай Герағаңа көрсеткен қамқорлығын міндетсінбей, қайта оны өзінің азаматтық парызы санаған лауазымды шенеуніктің «Бізге беретін тағы қандай тапсырмаңыз бар?» деп жазушының мерейін өсіріп тастап отырған кішіпейілдігін айтсаңызшы. Министр басымен иіліп, құрақ ұшып қызмет еткен азаматты осыдан кейін Герағаң қалай жақсы көрмесін..
«Астанадан Мұхтар Құл-Мұхаммед хабарласып, «Страна и мир» газетіндегі менің сұхбатымды мақтады, латынға көшу, тіл мәселесі туралы әңгіме қозғады, өз балаларының өмірлерінен мысалдар келтіріп, менің материалым шыққан газетті Президенттің үстеліне қойғанын айтты. «Сіздің тарапыңыздан тағы қандай тапсырмалар болады? Оны орындай алатын мүмкіндігім бар кезде айтып қалыңыз» деп ілтифат танытты. Мен әзірге беретін оған ешқандай тапсырмам жоқ екенін жеткіздім..» (Герольд Бельгер «Өткен күннің елесі» (Тень дней минувших), 447-ші бет)
Әрине, өмір болғандықтан екі зияткердің түрлі мәселелерге байланысты пікірлерінде келіспеушіліктер де, қарама-қайшылықтар да болып тұрды. Бірақ қоғамда болып жатқан түрлі жағдайлардан туындайтын пікір алуандығы екеуінің арасындағы сыйластыққа сызат түсіре алмады. Әлбетте зиялы қауымның билік тарапынан жасалатын кез-келген іс-әрекетке күдіктеніп, күмәнмен қарайтыны – үйреншікті құбылыс. Бұл бір жағынан дұрыс та. Өйткені, қоғамдық пікірдің әр-алуан болуынан талай мәселе қайта пысықталып, ой талқысынан өткізіліп, сан мәрте сараланып, үстірттік пен шалағайлыққа жол бермеуге септігін тигізеді. Дегенмен, билік тарапынан айтылған ұсыныстардың бәріне күмәнмен қарау барлық уақытта оң нәтиже бермейді. Әлбетте, сөзі де, ісі де зор құрметке лайық қабырғалы қаламгеріміздің көп дүниеге сенімсіздікпен қараған пікірлерінің жанашырлық ниеттен туғаны еш күмән туғызбайды. Бірақ, Герағаңдай танымы терең жазушыларымыздың күдігіне қарамастан, әдебиетіміздің мәртебесін көтеріп, оқырман талғамын өсіру үшін тәуелсіздіктің елең-алаңында жасалған талай жұмыстардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Мысалы, Герағаң министрлік тарапынан 100 том орыс прозасын, 100 том шетел прозасын, 100 том Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармаларын, 100 том қоғамдық-философиялық ойлар жинағын аудару ұсынылғанда бұл істің жүзеге асатынына күмәндана қарағандардың бірі болды. «Күлкілі. Кім аударады? Және кім оны оқиды?» – деп жазды ол күнделігіне.
Шындыққа көзімді жеткізу мақсатымен таяуда мен осы сериямен жарық көрген біраз кітаптарды бас алмай оқып шықтым. Қазақ оқырманының қолына тиген еңбектердің бәрі шетінен керемет аударылған деуден аулақпыз. Дегенмен, біткен іске көп сыншы табылып жатқанына қарамастан, сол жылдары ана тілімізге тәржімаланған әлемге танымал тұлғалардың еңбектері қазақ оқырманының талғамын өсіріп, танымын тереңдете түсуге зор септігін тигізгені шүбәсіз шындық.
Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ прозасының негізін салған ұлы жазушымыз Әуезов жайында «ЖЗЛ» сериясымен әлем оқырмандары қызыға оқитын кітап жаздырту ісін қолға алуды ұйғарғанда да Герағаң бұл істің де өз дәрежесінде жүзеге аса алатынына қатты күдіктенді.
«..Кеше – Мұрат Әуезов, бір сағат бұрын Астанадан – Мұхтар Құл-Мұхаммед телефон шалды. Ақылға сыймайтын идея: «ЖЗЛ» сериясы үшін Әуезов жайында кітап жазып беруімді сұрап отыр. Апыр-ай! Білгірлер, ақылдылар толып жатыр, жазылған диссертациялар мен романдар қаншама (Дүкенбай, Тұрсын, Зейнолла), алайда, ЖЗЛ»-ға ұсынатын лайықты дүниеміз жоқ. Әуезовтанушылардың қарасы қайда? Мен әрине бас тарттым, күш те, денсаулық та, уақыт та, ең бастысы – Әуезов жайында жазуға қабілетім де, білімім мен моральдық құқым да жоқ? Әрі кетсе менің бар жаза алатыным триптих-эссе, ал, Әуезов туралы биографиялық роман жазу қолымнан келмейді, Құдай маған ондай талант берген жоқ. Ойымдағының бәрін Мұрат пен Мұхтарға айтып бердім. Екеуі де тыңдап шығып, ауыр күрсінді. Расында да бізде Әуезов жайында лайықты дүние жаза алатын адам жоқ. Өкінішті және ұятты жағдай.
Абай жайында жазып беруге Мұхтар Құл-Мұхаммед Әбішке қолқа салғысы келіп отыр. («Әбіштің кең шапанының етегінен ұстап қалғым келеді»). Шоқай туралы Садықова жазады. Бәлкім, Абай, Кенесары.. туралы жазатындар да табылып қалар. Ал, Әуезов жайында. Құл-Мұхаммед Мұратқа сенген екен. Мұхтар – маған сеніпті.». (Герольд Бельгер «Өткен күннің елесі» (Тень дней минувших), 405 – ші бет)
Әлем демей-ақ қояйық, Одақ көлеміндегі қалың ормандай орыс тілді оқырманның қазақтың ұлы қаламгері Әуезовті тануға деген ықыласын оятатын еңбекті жазатын, көпшілікке танымал әдебиеттанушыны табу расында да қиын шәруа еді. Бірақ ойына алған ісін соңына жеткізбейінше ішкен асы бойына сіңбейтін Мұхтардың табандылығының арқасында бірнеше жылдан соң саны жағынан қазақтардан он есе көп орыс оқырманына мақтанышпен көрсетуге болатын ұлы Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты талдаған Ресейдің әйгілі әдебиет зерттеушісі Николай Анастасьевтің «ЖЗЛ» сериясымен «Мұхтар Ауэзов» атты ғажайып еңбегі жарық көрді. Мыңдаған орыс оқырмандары ұлты үшін ұлы азап шеккен Әуезовті қайта танығандай болды. Бір қызығы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «ЖЗЛ» сериясымен шыққан жаңа кітап жайында толғанған әдемі эссесін газет бетінен оқып шыққанда, ондай еңбекті жаза алатын адамның табыла қоятынына күмәнмен қараған Герағаң таңданысын жасыра алмай, көңіл кесесіне сыймаған сезімін күнделік бетіне былай ақтарыпты: «Қолыма қарандашымды алып Николай Анастасьевтің «Мухтар Ауэзов: трагедия триумфатора» кітабы туралы жазған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мақаласын оқи бастадым. Өте салмақты, терең мақала! Мұхтар Құл-Мұхаммед білімі телегей теңіздей зияткер». (Герольд Бельгер «Өткен күннің елесі» (Тень дней минувших), 516 -ші бет).
Күнделікті оқи отырып, екі зиялының достық қарым-қатынасының сырына үңіліп қана қоймай, білімділігіне, парасаттылығына көңілің марқайып, олардың жан дүниесінің байлығына қызыға түсесің. Жазушы Герольд Бельгер баспадан шыққан кітаптарын етжақын бауырындай, рухани інісіндей болып кеткен азаматқа үзбей жолдап отырды. Білімі жан-жақты зияткердің талай түндер бойы көз шырымын алмай жазған еңбектері жайлы пікірін білгісі келді. Екі жылдың ішінде ғана маржандай жазуымен қолтаңбасын қалдырған бес бірдей кітабын («Қазақ дәптері», «Өтеді өмір осылай», «Mein freund Шот-Аман», «Записки старого толмача», «Миниатюры») оған сыйға тартуы Мұхаңның бір ауыз пікіріне Герағаңның қаншалықты зор мән бергенін әйгілей түскендей. Осының бәрін де іштей сезіп жүрген Мұхаң оқыған еңбектерінен түйген ойларын бір ізге түсіріп, Герағаңа хат жазды.
Достарыңызбен бөлісу: |