Дене жаттығулары - дене тәрбиесінің негізгі өзіндік құралы. Дене жаттығулары адамға жан-жақты әсер етеді: олар адамның дене жағдайын өзгертеді, адамгершілік, ақыл-ой, эстетикалық және еңбек тәрбиелерінің міндеттерін жүзеге асыруға, сондай-ақ психикалық қасиеттерді дамытуға себепші болады. Дене жаттығуларымен бірге әртүрлі би, массаж қолданылады.
Би-музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер. Адамдардың күнделікті еңбек процесіндегі іс-әрекеттері, қоршаған дүниеден алған сезім-әсерлері би қимыл-қозғалыстары мен ишараларына негіз болған. Табиғат құбылыстарын, аңшылық және соғыс көріністерін белгілі бір жүйеге түскен ырғақты қимыл-бимен бейнелеу көне дәуірде өмір талабынан туды. Келе-келе би қимылдарының мәнерлеу мүмкіндігі мен тәжірибенің молаюына орай жеке би өнері қалыптасты. Көне мәдениеттер ордасы болған Шығыс елдерінде (Грекия, Рим, Мысыр, Қытай, Үндістан) билеу мәдениеті шеберліктің биігіне жетті. Би музыкамен тығыз байланысты. Көптеген халықтың билері ұрмалы музыка аспаптарының ырғақты үнімен орындалады. Би хореографиялық жинақты образдар арқылы болмысты бейнелеп, адамның ішкі жан дүниесін көрсетеді. Экономикалық, әлеуметтік, тарихи, географиялық т.б. факторлардың әсерімен де әр халықтың өзіне тән би дәстүрлері, өзіндік хореографиялық тілі, пластикалық бейнелілігі, қимыл-әрекетті музыкамен байланыстыру тәсілдері пайда болды. Кәсіби өнерде би жоғары деңгейге көтеріліп, ғылыми жүйеленді. Би-қазақтың халық фольклорының көне түрлерінің бірі. Ол туралы Қазақстан жерінде сақталған тастағы суреттер, тарихи деректер, орыс саяхатшылары, тарихшылары, ғалымдарының этнографиялық жазбалары сыр шертеді. 1934 жылы Қазақ музыка театры (қазіргі опера және балет театры) құрылғаннан кейін сахналық билерді шығару қызу қолға алынды. Кәсіби бишілерді Алматы жоғары би өнері мектебі дайындайды. Билер музыкамен сүйемелдене отырып, организмнің барлық жүйесіне әсерін тигізеді, дене қасиеттерін (ептілік, шапшаңдық т. б.) дамытады, сондай-ақ қимыл-қозғалыстардың жарасымдылығын, еркіндігін, мәнерлілігін қалыптастырады. Массаж (сипау, сылау, уқалау, шапалақтау т. б.) теріге, бұлшық етке, сүйек жүйесіне әсер етеді, тыныс алуды күшейтеді, қан айналымын, зат алмасуын т. б. жақсартады.
Ic-әрекеттің алуан түрлері (еңбек, сурет салу, мүсін жасау, музыкалық аспаптарда ойнау т. б.) де қозғалыс, қимыл әрекеттері олардың компоненттері болып табылатындықтан адам организміне әсерін тигізеді. Бірақ еңбек процесінде жасалатын қозғалыстар, ең алдымен, нақты нәтижелерге жетуге бағытталады да, ал организмге әсер ету қосарлы фактор болып табылады. Сондықтан алуан түрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыру кезінде денені дұрыс қалыпта ұстауды, денеге түсетін ауыртпалықты балалардың жас шамасын, жеке басының ерекшеліктерін, олардың денсаулық жағдайларын, денелерінің жетілуін және дене әзірлігін ескере отырып, мөлшерлеуді қатаң қадағалаудың маңызы зор. Әртүрлі жас кезеңдеріндегі дене тәрбиесі міндеттерін жүзеге асырудың тиімділігі негізгі және қосымша құралдарды дұрыс үйлестірген кезде арта түседі.
3.Дене тәрбиесі құралдарының организмге тигізетін әсері Дене тәрбиесінде қолданылатын негізгі құралдар дене жаттығулары десек, көмекші құрал ретінде мектепке дейінгі жаста, мәселен, бала өмірінің алғашқы үш айында гигиеналық, материалдық факторлардың және жаратылыстың табиғи күштерінің маңызы мейлінше мол, бұдан кейін дене жаттығуларының және алуан түрлі іс-әрекеттің рөлі артады. Мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі міндеттерін шешу үшін гигиеналық факторлар, жаратылыстың табиғи күштері дене жатығулары т.б. пайдаланылады. Толыққанды дене тәрбиесіне барлық құралдарды кешенді қолданған кезде қол жетеді, өйткені олардың әрқайсысы организмге әртүрлі әсер етеді.