Балабақшадағы оқыту және тәрбие бағдарламасы
Жоспар:
1. Бағдарламаның мақсаты
2. Бағдарламаның басты ерекшеліктері
Балабақшадағы тәрбиелеу мен білім беру мазмұнын жаңарту, сәбилік шақтан бастап жеке тұлға ретінде қалыптасуын ықпал ету, мейірімділік, ізеттілік, әдептілік, бауырмалдыққа, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлыққа баулып, адамдық қасиеттерді қалыптастыру, баланың жеке-дара дамуын қамтамасыз ету және өмірлік дағдыларды қалыптастыру. Тәрбиелеу мен білім беруді кіріктіре кешенді жүргізудің тиімді тәсілдерін айқындау.
Бағдарлама негізіне осы салада еңбек етіп жүрген отандық және шетел ғалымдарының мектеп жасына дейінгі балалардың жас және психологиялық-физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, іріктеп, бейімдеумен ұсынған адамзаттық қоғамдық-тарихи тәжірибесін қамтитын компоненттері – білім, іскерлік пен дағдылар, шығармашылық әрекет және өмірлік эмоционалдық қатынас тәжірибелерін алу көзделді.
Көзделіп отырған ауқымда білім, іскерлік пен дағдыларды қалыптастыру баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бағдарлама ең алдымен баланың дене және эмоционалдық саулығын нығайту, дара ерекшеліктерін дамыту, өз бетімен білім алудың жолдарын игеру үшін жағдай туғызуға бағытталған.
Бағдарлама төмендегідей ұстанымдарға негізделеді:
- Адам тұлғасы дамуының маңызды кезеңі ретіндегі мектепке дейінгі балалықтың өзіндік құндылығын сақтау;
- бала тұлғасын қалыптастыру мен дамытуда олардың жетекші әрекеттерін негізге алу;
- тәрбиелеу, оқыту және дамытудың өзара байланыстылығын сақтау, балалардың дене, ақыл-ой, сезім, тілдік, көркемдік, адамгершілік, еңбек тәрбиесіне жағдай туғызып, дамытуды қамтамасыз ету;
- педагогикалық ықпалдың тиімділігін арттыру және бала мен тәрбиешінің уақытын үнемдеу мақсатында балалардың алуан түрлі іс-әрекеттерін кіріктіру. Бұл балаларда заттар мен құбылыстар арасындағы байланыстар мен өзара тәуелділік туралы түсінікті, қоршаған әлемнің біртұтас бейнесін қалыптастыруға ықпал етеді, жетекші әрекет – ойынға және өз бетімен дербес әрекет етуге, шығармашылыққа уақыт көбірек беріледі;
- оқыту мен тәрбиенің үзіліссіздігін, бір топ пен екінші топ арасындағы сабақтастықты сақтау үшін, балаға игерту көзделетін қарапайым білім негіздерінің біртіндеп кеңейтілуі.
Бағдарламаның басты ерекшеліктері:
- Әрбір жас кезеңдеріне сәйкес бала игеруге тиісті білім, іскерлік пен дағдылардың бағдарламалық мазмұны - "Тіл – халық қазынасы", «Ойна да, ойлан», «Әуенді қимыл-қозғалыс», «Өнер көзі халықта», «Имандылық - инабаттылық» деген атаулармен блоктарга топтастырылып беріледі;
- бағдарламалық мазмұнды іске асыру үшін «Отбасы, балабақша, ойыншықтар», «Жыл мезгілдері», «Қазақстан – Республикам менің», «Жануарлар дүниесі» деген ірі тақырыптар ұсынылып, олардың міндеттері көрсетіледі;
- осы міндеттерді жүзеге асыру үшін балалармен жүргізілетін жұмыс түрлерін бір-бірімен кіріктіре отырып, кешенді формада ұйымдастыру ұсынылды;
- жоғарыда көрсетілген тақырыптарға орай, аптаның бір күнінде тәрбиелеу мен білім берудің арнайы бір блогына баса көңіл бөлініп, қалған тәрбие түрлері алғашқымен сабақтас, кіріктіріле жүргізіледі, білім-білік, дағдыларды меңгерту, іс-әрекеттің алуан түрлерімен алмастырылып, үзіліссіз, біртұтас процесс түрінде жүзеге асады. Мысалы, дүйсенбіде өткізілетін «Тіл – халық қазынасы» блогында негізгі көңіл баланың тілін дамытуға, сөздік қорын байытуға, байланыстырып сөйлеуге үйретуге аударылып, басқа ір-әрекет түрлерінің (сурет салу, қимыл-қозғалыс жасау, математика және т.б.) элементтері оны толықтырып, бекітуге қызмет етеді;
- серуенге шыққанға дейін жеке және шағын топпен арнайы жұмыстар жүргізіліп, қайталап, жаттықтыру арқылы тәрбиелеу мен білім беру мазмұны тиянақталады;
- мектеп жасына дейінгі балаға берілетін адмгершілік тәрбиесінің мазмұны халықтық педагогика негізінде, ұлттық қүндылықтармен байытылып, «Имандылық - инабаттылық» деген атаумен өз алдына блок ретінде берілді, онда балаларды әлеуметтендіру мәселесі, маңызды өмірлік дағдыларды қалыптастыру көзделеді.
Бала тәрбиесінің негіщі отбасында қаланатындықтан, халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан отбасылық бала тәрбиесі дәстүрлерін, фольклорлық мұраларын балабақшада педагогикалық процесті ұйымдастыруда кеңінен пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.
Халық даналығынан туындаған нақыл, әңгіме, ертегі, мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаштар баланың ой-өрісін, тілін дамытып, дүниетанымын жетілдіруге ықпал етері сөзсіз. Балаға бұл рухани мұраларды игерту белгілі бір жүйеде, олардың жас ерекшелігіне сай түсінігіне лайықты басқа тәрбие жұмыстарымен сабақтас берілуі тиіс. Соған орай бұл блогта «Адамдық – асыл мұрат», «Жер байлығы – ел байлығы», «Еңбек түбі - зейнет», «Бабалар өмірі- ұрпақтарға өнеге», «Әдептілік - әдемілік», «Ақ боз үй» тақырыптары ұсынылды. Мұнда көзделген мәселе – баланы сәбилік шағынан бастап, тазалық, әдептілік, ізеттілік, жомарттық, мейірімділік, еңбексүйгіштік рухына баулып, имандылық-инабаттылыққа жататын жағымды мінез-құлық ережелерінің қарапайым негіздерін бойына сіңіру. Туған еліне, жеріне сүйіспеншілікке баулып, ұлтжандылыққа, басқа халықтарға бауырластыққа, достыққа тәрбиелеу.
Аптаның алдыңғы күндері жүргізілетін тәрбие жұмыстары жұма күні толықтырылып, ойын-тәжірибе сағаты, сахналық көріністер, ойын ермектер арқылы қайталанып, тиянақталады. Бұл күн – ата-аналар үшін ашық есік күні болып есептеледі. Балабақшадағы ұйымдастырылатын іс-шараларға ата-аналардың қатысуы, тәрбиешілер және балалармен бірге ұйымдастыруы барысында, балалар үлкендермен ілтипатты қарым-қатынас жасауға үйренеді. Осылайша, бағдарлама мазмұнын бірлесе жүзеге асыруда отбасы мен балабақша арасында педагогикалық ынтымақтастық қалыптасып, бала тәрбиесі ортақ мүддеге айналады.
Бағдарламада мектеп жасына дейінгі баланың жетекші әрекеті – ойын түрлерін арнайы ұйымдастырылған сабақтар барысында кеңінен қолдану, күні бойғы басқа уақыттарда алуан түрлі ойындар ұйымдастыруға, өз бетімен ойнауына жағдай туғызу қажеттігі баса көрсетілді. Себебі, ойын барысында баланың дене және рухани жан-дүниесі, ақыл-есі, ой-қияды дамиды, түлғалық бейнесі қалыптасады. Ойын баланың қоғамдық тәжірибені меңгеру тәсілі, яғни ол өзгелердің пікірімен санасуға, ортақ тіл табысуға, шешім қабылдауға, т.б. көптеген әлеуметтік, өмірлік дағдыларға осы ойын арқылы қол жеткізеді.
Бағдарламада бала құқығын қорғау мәселесі бойынша баланың еркімен санасу, оның талап-тілегіне, жеке-дара ерекшелігіне назар аударып, бағыт беріп отыру, дербес әрекетін дамыту, жеке тұлғасын қалыптастыру мәселелері де білім мазмұнының аясына алынды.
Бағдарлама республикадағы мектепке дейінгі ұйымдардағы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудың бағытын айқындайтын мемлекеттік құжат болып табылатындықтан, әрбір тәрбиеші бағдарламаның мазмұнын жан-жақты терең түсініп, онымен жұмыс істеуге даяр болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |