Оқу бағдарламасында қарастырылған: дене тәрбиесі және спорттың даму тарихы туралы білім негіздерін қалыптастыру; негізгі дене сапаларын жетілдіру; арнайы спорттық біліктілік пен дағдыларды дамыту; түрлі дерек көздерінен алған ақпараттарды пайдалану арқылы қарым-қатынас орната білу дағдыларын дамыту, ақпараттың шығу негізін айқын түсіну; ойлану және зерттеушілік дағдыларды дамыту; адамгершілік-жігер сапаларын қалыптастыру.
Оқу бағдарламалары – оқу жылы бойы бағдарлама бөлімдерін ретімен оқыту реттілігін анықтайтын ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес іске асырылады. Сағаттарды бөлу, тақырыптарды тоқсандар бойынша оқыту ретін мұғалімнің ұйғарымы бойынша өзгертуге болады. Оқыту мақсаттары оқыту көрсеткіштерін қағадалау үшін бөлімдер мен бөлімшелерді біріктіру бойынша анықталады. Сыныптан сыныпқа өткен кезде оқушылардың түсініктері мен дағдылары дамиды, қабілеттіліктері арта түседі.
Оқушылардың білім деңгейлері артады, оларды жетілдіру дереккөздерінің аясы кеңейе түседі және соның нәтижесінде білім, біліктілік және дағды негіздері сыныптан сыныпқа өткен сайын дами түседі. Олардың жас ерекшеліктері мен сабақ кезінде игерген тәжірибелері қимыл-қозғалыс әрекеті кезінде өз беттерімен шешім қабылдау қабілеттерін арттыра түседі.
Білім берудің мазмұнын жаңарту жағдайында пәнді оқытудың жаңа әдістерін назардан шығармаған дұрыс. Оқыту мен үйретудің бір-бірімен тығыз байланысқан бірегей іс-әрекет екендігін түсіну өте маңызды. Үйрету мен оқыту процестерінің қалай өтіп жатқандығын түсінген кезде ғана оқытудың тиімділігі арта түседі [7].
Белсенділік – оқушылардың бойында мәселені тереңінен ұғыну, дене тәрбиесі және спорт жұмыстарына деген тұрақты қызығушылық пен қажеттілікті қалыптастыратын дене тәрбесінің басты қағидаларының бірі болып табылады. Сонымен қатар, ол білім алушыларды тиімді белсенділікке итермелейді. Аталған қағиданы іске асыру оқушылардың білім деңгейлерін байытуға, түрлі жаттығулардың техникасын тереңінен түсінуге, дене тәрбиесі процесіне саналы және белсенді ұстанымды тәрбиелеуге әкеліп соғады.
Белсенділік – бұл адамның іс-әрекеті кезінде анықталатын өлшемі, оның жұмысқа араласу деңгейі. Белсенділік дидактикалық тұрғыдан алып қарағанда, білім, біліктілік және дағдыларды саналы түрде игерудің алғы шарты.
Мұғалімдердің арнайы әдістемелік тәсілдерді қолдануы, оқушылардың саналылық пен белсенділіктерін жоғарылатуға ықпал етеді. Олар мыналар: оқушылардың әрекеттерін, қимыл-қозғалысты орындаулары мен талдауларын қадағалау және бағалау; бұлшықетпен сезіну арқылы өз әрекеттерін қадағалауға үйрету; көрнекі құралдар көмегімен тапсырмаларды көрсету; жаттығуларды үйрету кезінде көру және есту бағдарларын пайдалану; үйретілетін қимыл-қозғалыстарды ойша орындау (идеямоторлық дайындық); техниканы талдау.
Мектептің міндеті – мектептің қауіпсіз, сенімді және қамқор ортасында оқушылардың зерделік, эмоциялық, денелік және әлеуметтік тұрғыдан дамуларына ықпал ету. Сонда ғана оқыту процесі жақсы дамиды. Егер мектеп өз міндеттерін қайта қарастырса, оқушылардың жетістіктерге қол жеткізулеріне мүмкіндіктері артса, онда дене шынықтыру мұғалімдері де өздерінің оқыту әдістемелерін қайта қарауға, оқушылардың дамуларына жаңа мүмкіндіктер беруге әлеуеттері артады.
Дәстүрлі дене тәрбиесі командалық спорт түрлеріне, жеңіл атлетика және гимнастикаға сүйенеді. Ондай талаптарға денелік тұрғыдан жақсы жетілген оқушылар ғана сәйкес келеді. Ал басқа оқушылар білім алу процесінен тыс қалып жатады. Қазіргі таңда көптеген дамыған елдер дене шынықтыру сабағына барлық оқушылардың мүдделеріне сәйкес келетін инклюзивтік жолмен қарауды дұрыс деп санайды.
Білім беру процесін ұйымдастырудың барлық инновациялық тәсілдер оқытуды білім, идеялар және іс-әрекет тәсілдерімен белсенді түрде алмасуды көздейтін білім алушының шынайы шығармашылық процесіндегі қарым-қатынас моделіне айналдырады.
5-9 сынып білім алушыларының жас ерекшеліктері Дене шынықтыруды оқытудың жаңа әдістерін қарастырмастан бұрын, оқушылардың жас ерекшеліктеріне тоқталып өткен дұрыс. Себебі түрлі жас аралығындағы білім алушылардың даму кезеңдерінде өзіндік ерекшеліктер бар.
5-9 сынып білім алушыларының жастары жасөспірімдік кезеңдерге жатады (10-11 жастан 14-15-қа дейін). Жасөспірімдік кезеңде бала денелік, психикалық, адамгершілік және әлеуметтік даму жағынан өзгерістерге ұшырап, балалық шақтан есеуге өтетін күрделі кезең. Осы кезеңде жасөспірімдер өздеріне және басқа адамдармен қарым-қатынаста көптеген өзгерістерді бастан өткереді [8]. Сонымен қатар өз әрекеттерін басқару, түрлі жағдайда өз-өзін қадағалау қиындайды.
Осындай күрделі физиологиялық өзгерістерден жасөспірім ағзасының қызметі бұзылуы мүмкін. Басы жиі ауырып, ұйқысыздық, қажу сезімі жылдам сезіледі, тәбеті бұзылады, артериялық қысымда тұрақсыздық пайда болады. Мұғалім осы аталған өзгерістердің барлығын естен шығармауы керек.
Барлық аталған физиологиялық өзгерістер жасөспірімнің психологиялық күйіне әсер етеді. Баланың алдынан түрлі жаңа мәселелер мен қиындықтар туындайды және ол ересек адам ретінде қарым-қатынас орнатуға талпыныстар жасап, кейде онысынан түк шықпай жатады.
Оқу процесін жоспарлаған кезде білім алушылардың дербес танымдық ерекшеліктерін ескеріп, сонымен қатар сәттілікке қол жеткізетін сюжеттен тұратын ойындарды жиі қолдану керек. Бұл жас аралығындағы білім алушылар алға жүктелген міндетке бір сабақ ішінде қол жеткізіп, өз еңбегінің жемісін көргілері келеді. Мұғалімге логикалық тұрғыдан ойлану, келіп түскен ақпаратқа жылдам жауап қайыру дағдыларын дамытуға, баланың дербестігін дамытатын ойындар қосуға назар аудару керек. Ол үшін оқушылардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал ететін ойын жағдайын туындату қажет.
7-9 сыныптарда білім алушылардың дербес ерекшеліктерінде едәуір айырмашылықтар байқалады және аталған жағдайды олардың қимыл-қозғалыс сапаларын дамытқан кезде ескеру қажет. Сондықтан оқушылар тобы мен жекелеген білім алушыларға берілетін міндет-тапсырмаларды жіктеп берген дұрыс. Білім берудегі жіктелген және дербес жолға сүйену көрсеткіштері төмен білім алушылармен оқу процесін ұйымдастырған кезде өте маңызды [9].
Сондықтан дене шынықтыру мұғалімінің сабақ кезінде білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескеруі өте маңызды.