ІІІ. Жаңа сабақты бекіту. 1.Жүйелеу дегеніміз не?
2. Қазақ тарихының ауызша деректерін шамамен қанша тоақа бөлуге болады? Олар атаулары.
IV. Қорытындылау 12 – сабақ
Сабақтың тақырыбы: Қазақ халқының жады және ауызша тарих дәстүрі
Сабақтың мақсаты: Әлемдегі әрбір халықтың өзіндік жүріп өткен жолы және тарихы бар екендігінмеңгереді.
Сабақтың барысы: а) Ұйымдастыру кезеңі ә) Жаңа сабақ Әлемдегі әрбір халықтың өзіндік жүріп өткен жолы және тарихы бар. Сондай-ақ, әр елдің тарихы әртүрлі деректермен ерекшеленеді. Мәселен, қазақ ұлтының тарихи дерек көздеріне – шежіре, фольклор, батырлар жыры, мерзімді баспасөзде жарияланған мәліметтер және тағы басқаларын жатқызуға болады. Міне, осы аталған тарихи деректерде қазақ еліне қатысты оқиғалар мен құбылыстар баяндалады. Сондықтан, оларды төл деректер ретінде зерттеу еңбектерін жазуға және ондағы мәліметтерді ғылыми айналымға тарту аса маңызды мәселе болып табылады.
Елімізде соңғы жылдары қазақ тарихына қатысты түрлі сипаттағы заттай, әсіресе, сан алуан жазба деректердің игерілуі қарқынды дамып келеді. Алайда фольклор, ауыз әдебиеті сияқты ауызша түрде жеткен рухани мұраларымыздың қазақ халқының тарихын түзуде маңызы жоғары. Қазақтар одан өзін-өзі таныды, өткенін білді, біртұтас халық, ұлт ретінде сезіне алды. Мұнда халықтың бүтін бітім-болмысы, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, мәдениеті, тарихи даму жолы толық көрініс тапты.
Қазақ елі – өте бай тарих айту және оны сақтау дәстүрі мен мәдениеті бар халық. Өткен өмірінде көшпелі өмір салты басымдылық танытқан қоғамда ауызша тарих айту дәстүрі, белгілі дәрежеде, отырықшы өркениетті елдердегі мұрағат пен кітапхана міндетін атқарады, халықтың рухани өмірі ұрпақтан ұрпаққа осы негізде жетіп, ұласып отырды .
Тарихын, сонау, тереңінен алатын халқымыздың бізге жеткен ең ерекше, құнды мұрасы шежіре. Араптың «шаджара» үрімбұтақ, тармақ деген сөзінен негіз алатын бұл мұра ерте уақыттан бері халықпен бірге жасасып келе жатқан өнер. Жер бетіндегі халықтардың кейбіреуінде ғана патшалар сияқты, ерекше тұқымның қайдан шығып кімнен таралғанын дәріптейтін болса, біздің халықта бұл дүниеге келген әрбір азаматтың шыққан тегі таратылады.
Шежіре халықтың шығу тегін, жүріп өткен жолын, аса маңызды тарихи оқиғаларды жадта сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырудың көне замандардан қалыптасқан жолы. Қазақ және басқа халықтардың шежіре айту дәстүрі ең бері дегенде үйсін дәуірінде ақ болған сияқты.
Қазақта шежірешілік өнердің жоғары бағаланғандығын еліміздің тарихын зерттеуге үлес қосқан Н. Аристов, Ш. Уәлиханов еңбектерінде ерекше аталып өтеді. Шежірешінің беделі, әр кезде, ел билеген билеушілерден кем болмаған. Сондықтан да болар шежірені таратып беретін қарттарды осы күнге дейін аялап, олардан ылғый да елдің тыңдауға баратындығы. Оған қоса шежіре тарих.
Ауызша тарихтың үлкен тармағы – батырлық жырлар. Олардың тарихи деректік қабілетіне қатысты мынадай факторларды атап өткен жөн: 1) Тарихи деректердің бұл түрінің сол халықтың пайда болып, өмір сүрген ортасында, «туған топырақта» жаратылғаны, иесі белгілі бір халық. 2) Батырлық жырлардың этникалық тарихты жомарт (өзіне ғана тән тілмен) бейнелейтіндігі. 3) Батырлық жырлардың халықтың тарихи зердесіне (халықтың өткен тарихының көрінісі) айналып, тіптен тілден, діннен, ата қоныстан айрылған кезеңдерде де ұлттың жадынан жоғалмайтын қасиетінің күштілігі.
Тарихшы Қамбар Атабаев: «Қазақ халқының өткен тарихы негізінен ауыз әдебиеті туындылары: ауыздан-ауызға тарау арқылы баяндалса, орыс халқының тарихы ұзақ жылдар бойы жылнамаларда айтылып, жылнамаларда бейнелеген», - деп ой түйіндеген.
Отандық тарих ғылымында тұңғыш рет дәстүрлі ауызша тарихтың өзін дербес ғылыми проблема ретінде көтеріп, оны зерттеудің қазақ тарихтануындағы мәнін көрсеткен Г. Жүгенбаеваның «Дәстүрлі ауызша тарих» монографиясын атауға болады. Еңбекте дәстүрлі қазақ қоғамындағы руханияттың синкреттілігі, оның деректемелік және тарихнамалық қырлары жан-жақты қарастырылады. Г. Жүгенбаева зерттеулерінің нәтижесінде «...ауызша тарих – халықтың біртұтас жады және этникалық тарихтың дереккөзі белгісіндегі бірегей болмысын танытып берді» деген тұжырым жасайды . Автордың басты жаңалығы ретінде қазақтардың дәстүрлі ауызша тарихын ұлттық интеллектуалдық құбылысқа теңеуін айтуға болады.
Қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси өмірі ұлттық тарих айту дәстүрінде айқын бейнеленген. Бұл орайда заттық, жазбаша ғылыми және мұрағат деректерімен қатар, тарихи жырлар, батырлар эпосы, тарихи аңыз-әңгімелер, шежірелер және басқа ауызша тарих айту дәстүрі туындыларының халықтың басынан өткенінің тарихи-көркем бейнеленуі ретінде ғылыми маңызы құнды.
Қазақ халқының ұлттық тарих айту дәстүрінің тарихи бастауларының деректік мәнділігі оны тарихи дерек ретінде ғылыми тұрғыдан пайдалануға негіз береді. Қазақ халқының ауызша тарих айту дәстүрінің туындылары нақты бір оқиғаға немесе қоғамдық құбылыс негізінде пайда болған және олардың өзіндік қалыптасу, даму ерекшеліктері тарихи құндылығын нығайта түседі.
Халықтың ғасырлар бойы жинақталып жеткен тарихи-мәдени мұрасы ұлттық ауызша тарих айту дәстүрі негізінде жырлар, шежірелер түрінде жетіп отыр. Осыншама тарихи мұраларды жаттап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіне назар аударсақ, қазақ халқының зерделі болғандығын және тарихи жадының аса жақсы қалыптасқандығын байқатады.
Қорытындылай айтсақ, жоғарыда аталған қазақ халқының ұлттық төл деректері бұрынғы өткен замандардан мәліметтер беретін құнды материалдар екендігіне күмән жоқ. Сол себепті, еліміздің тарихын жазуға зерттеушілер кеңінен қолдануы қажет. Тек, сонда ғана ұлттық тарихымыз шынайы жазылып, толық баяндала түседі