Әріп Тәңірбергенов жырлары және Абай мектебінің ғасыр басындағы төл әдебиетімізге тигізген әсері Әріп қолына қалам алған күннен бастап Абайдан көз жазбаған. Абай дәстүрін бойына жастай сіңірген, аса ірі ақындардың бірі. Әрқашан Абайға ұқсауға талпынып, елдің мұңын-мұңдап, жоғын жоқтаған, Абай ағасынша екі жаққа бірдей үңіліп батыс-шығыс әдебиетінің үлгілерін көп үйренген. Әріптің Абай рухын бойына сіңіргені соншалық, оның кез келген өлеңінен Абай үлгісінің лебі есіп тұрады. Сөз арасын бөтен сөзбен былғамай, Абайша өрнек салуға, Абайша ой толғауға жасынан машықтанғандығы оның әр шығармасынан тайға таңба басқандай байқалады. Тіпті тырнақалды туындыларының өзі тікелей Абай әсерімен жазылғандығын көреміз. Абай жастық шағында жазған Әлифби өлеңіне еліктеп Әріп те Әліфби атты өлең жазған Абай арабтың әрбір әрпіне бір-бір өлең жолын арнап жазса, Әріп арабтың жиырма тоғыз әрпіне жиырма тоғыз шумақ өлең жазады.
Әріптің ғылым, білім жайындағы өлеңдері Абайдың тағылымдық тақырыбынан бастау алғанын аңғартады.
Ғылым туралы, Балаларыма, Шәкірттерге айтқаны өлеңдері Абайдың Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Ғылым таппай мақтанба, Интернатта оқып жүр сияқты өлеңдерімен тақырыптас қана емес, іштей мазмұндас, мағыналас екендігі дәлелдеуді қажет етпейді.
Әріп Ғылым туралы өлеңін жазды. Бұл өлеңінде өнер-білімді жалпы мадақтап, ғылымның пайдасын айтып, құрғақ насихаттамайды. Өз өлеңінде өмір шындығына сай жаңадан образ тауып, ғылымның қазақ халқының тағдырына қаншалықты қажет екенін әрі әсерлі, әрі ұғымды, нанымды, әрі көркем суреттеп жырлайды.
Әріп Абай дәстүрін өзіндік өрнек - бояуымен байытқан жаңашыл ақын болды. Оның бүкіл шығармашылығынан Абай іргесін қалаған реалистік әдеби дәстүрдің ізі сезіліп жатады. Өлеңдеріндегі идеялық, тақырыптық жаңалығына қоса, ақынның қазақ өлеңінің өрнегіне, ырғақ, буын, ұйқас өлшемдеріне қосқан тың бояулары да сан қырлы.
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы, қайраткерлік тұлғасы. Халқымыздың аса көрнекті ақындарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы ескіше жыл санау бойынша 11 шілдеде қазіргі Семей облысының Абай ауданында дүниеге келді. Әкесі - Құдайберді -Абайдың ағасы, Құнанбайдың Күңке атты бәйбішесінен туған. Шәкәрім бес жасында оқуға беріліп, екі жылдай оқиды. Жеті жасқа келгенде, 1866 жылы әкесі Құдайберді 37 жасында дүние салады да, Шәкәрім бұдан былайғы уақытта Құнанбайдың тәрбиесінде, тікелей Абайдың қамқорлығында болады. Шыққан ортасының аса бай дәстүрі мен ақын ағасының тағлымды тәрбиесі табиғатынан зерек те алғыр Шәкәрімнің жетімдік, жоқшылық көрмей өсуіне ғана емес, оның талантты ақын, парасатты ой иесі ретінде қалыптасуына да айрықша ықпал жасайды.
Шәкәрім Құдайбердіұлы 16-17 жасынан бастап Абайдың ықпалымен өлең жаза бастайды. Шәкәрім ел ішінің жұмыстарына көбірек айналысады, оқиды, ел аралайды, жылқы бағады, аңшылықпен айналысады, ауыз әдебиетінің байлығынан үйренеді, тарихи деректер жинап, кейін шежіре жазады. Оның жазушылыққа біржола ден қойып кірісуі қырық жасынан, яғни 1898 жылдардан басталады. Шәкәрім Батыс пен Шығыс елдерінің әдебиетіне көз жіберді. Пушкин мен Толстойды, бертінде Некрасовты ұстаз тұтты. Ол Шығыс әдебиетінен Қожа Хафиз, Науаи, Физулиді жоғары бағалады.
Оның шығармаларының дені төңкеріске дейін жазылып, бірнеше кітаптары жарық көрді: "Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі", «Мұсылмандық шарты", 1911ж. Орынборда басылды. "Қазақ айнасы" өлеңдер жинағы, "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек" поэмалары 1912ж. Семейде басылды. Осы жылдары Шәкәрім "Айқап" журналы мен "Қазақ" газетінде бірнеше мақалалар жариялады.
1959 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде бір топ өлеңдері шықты. 1978 жылы Ленинградта шығатын "Ақын кітапханасы" сериясының "Қазақстан ақындары" жинағында орысша аудармасы басылды. Ал толық ақталғаннан кейін 1988 жылы шығармалары жарық көрді.
Шәкәрімнәң өз басы да, шығармашылығы да қазақ әдебиеті тарихындағы айтарлықтай көрініс. Ғажайып поэзиясынан ләззат алған адам, оның ойланып, толғануы көп, уайым, қайғы басқан, жалғыздық жапасын мол тартқан жан екеніне көз жеткізеді. Әсіресе бұл сыр лирикалық өлеңдерінде айқын көрінеді. Мұтылғанның өмірі» атты автобиографиялық өлеңінде Шәкәрім Құдайбердіұлы бес жасында ауыл молласынан сабақ ала бастағанын жазады. Әйтеуір, төрт-бес жыл көлемінде қара танып шықса керек. Бұдан кейін еш мектеп оқуынан өтпесе де, былайғы өмірі де өнер-білім қуған жастың өсу жолын аңғартадыШәкәрім Құдайбердіұлы — өз бетімен білім алып өскен адам. Әрине, жетекшісі Абай болған. Дүниеге көзқарасы да Абай ықпалымен қалыптасқан.