Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағЫ 3-том мақалалар, ӘҢгімелер, аудармалар, пьесалар 1921-1929 "ДӘуір" "жібек жолы" алматы 2014


САКУ-ДІҢ ОҚУШЫЛАРЫ МЕН ОҚЫТУШЫЛАРЫ



Pdf көрінісі
бет4/27
Дата19.01.2017
өлшемі4,32 Mb.
#2190
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

САКУ-ДІҢ ОҚУШЫЛАРЫ МЕН ОҚЫТУШЫЛАРЫ

І. О қ ы т у ш ы л а р:

САКУ-де оқытатын мұғалімдер – 92. Оның 9-ы жұмысшы, 

52-сі диқан, 4-уі батырақ, 2-уі шілінгір-ұста*, 21-уі қызметкер, 

3-уі руханилар, 1-уі саудагерден шыққан.

Ұлтқа бөлгенде: қазақ – 9, татар – 25, орыс – 25, өзбек – 10, 

жөйіт (еврей) – 7, түрікмен – 3, тәжік –2, қырғыз – 2, ұйғыр – 1, 

башқұрт – 1, түрік – 1, персиан – 1, ақ орыс (белорус) – 1, ла-

тыш – 1, поляк – 1, ағылшын – 1, неміс – 1.

Партия жағынан: партия мүшесі – 37. Кандидаты – 7. Комсо-

молы – 3. Партияда жоғы – 37.

ІІ. О қ у ш ы л а р:

Оқушылардың  барлық  саны  –  512.  Оның  еркегі  –  454. 

Әйелдері – 85. Ұлтқа бөлгенде: өзбек – 165, қырғыз – 52, орыс – 

61, тәжік – 47, қазақ – 46, түрікмен – 45, дұңған – 9, татар – 19, 

ұйғыр – 20, қарақалпақ – 12, персиан – 12, хахол – 7, түрік – 2, 

жергілікті жөйіт – 5, әзербайжан – 2, армян – 2, жөйіт – 1, по-

ляк – 1, ақ орыс – 1, башқұрт – 1, чех – 1 грузин – 1.

П а р т и я л ы қ  ж а ғ ы н а н:

Партия мүшесі – 332. Кандидат – 92. Комсомол – 82. Бипар-

тия – 6.

Ататегі  жағынан:  жұмысшы  –  112,  батырақ  –  92,  диқан  – 

274, шілінгір-ұста – 26, қызметкер – 6, саудагер – 2.

Жасынан айырғанда: барлығы да 30 бен 19-дың арасында.

САКУ  жанындағы  университет  пен  курстар:  сырттан 

оқитын  университеттің  барлық  оқушылары  –  358.  Комсомол 

*

 Шілінгір-ұста–нағыз уста, білгір ұста.



университеттің

1

  оқушылары  –  29.  Әйелдер  курсында



2

  –  16. 

Баспа  қызметкерлер курсында

3

 – 19.



САКУ-дің жанында аспирант оқушылар – 11.

Ұзын жазылған мақала екен, басқа мақалалар болғандықтан, 

жалаң санын алып қана бастық. 

Басқарма. 1928.


60

БӨЛІМ МАҚСАТЫ

Қазақ: «От пен су – тілсіз жау» дейді.

Бұл  бір  жағынан,  дұрыс  та,  екінші  жағынан,  дұрыс  емес. 

Жалғыз от пен су емес, жаратылыстың қайсысын алсақ та тілін 

білсек – құлымыз да, тілін білмесек – жауымыз. «Тілсіз» жау 

жаратылысты,  тілін  біліп,  құл  қылып  алу  –  адам  баласының 

тіршіліктегі негізгі мақсаты.

Алдымен жаратылыстың тілі бар ма?



Жаратылыстың  тілі  дегеніміз  –  «жаратылыстың  заңы», 

олай десек, жаратылыстың тілі адам тілінен анық. Тілін тексере 

біліп, оны дұрыс ұғынсақ, жаратылыс еш уақытта заңынан ай-

нуды білмейді. Айнитын болса, заңының анығына дұрыс толық 

қана алмағанымыз болғаны.

Сонымен  жаратылыс  заңынан  айнымаушылығын  адам 

баласының асқан тыңдаулы құлы, бірақ шексіз тыңдаулы болу 

үшін,  оның  заңын  толық,  анық  білу  керек,  білмесек  –  бой 

бермейтін  қарыспа  «тілсіз  жау»  да,  біле  алсақ  –  тынбайтын 

құлымыз.


Өзі  жаратылыстың  бір  мүшесі  болғандықтан,  адам  бала-

сының  онсыз  күні  жоқ.  Ішетін  тамағымыз,  киетін  киіміміз  – 

бәрі де жаратылыстан өнеді. Жаратылыс өз бетімен еш нәрсе 

өндірмейді,  жаратылыстан  еңбегінен  өндіруші  адам  баласы 

тілін неғұрлым анық, толық білсек – соғұрлым жаратылыс оңай 

өндіртеді, неғұрлым білмесек – соғұрлым сараң өндіртеді.

Сараң өндіртудің мәнісі – адамның еңбегін көп керек қылады 

деген, сонымен жаратылыс заңын тексерудің негізгі мақсаты – 

адамды керексіз өндіріс мехнатынан құтқару.

Жаратылыс заңдарын тексеруді білім дейді, білімді тұрмыс 

жабдығына ұқсатуды өнер дейді. Қазақтың осы күнге шейін «от 

пен су тілсіз жау» деп келуі – өнер-білімнің жоқ болғаны.



61

Бұл қалып жалғыз ғана қазақтағы емес, жалпы жер үстіндегі 

еңбекші таптағы қалып, мұның мәнісі – өнер-білімнің жалпы-

ланып орнына жұмсалмағаны. Түрлі тарихи себептермен өнер-

білім жалпы өндірушілер қолында емес, өндіртушілер қолында 

болған.  Бұдан  өнер-білімнің  жалпы  еңбекшілер  тұрмысының 

оңдалуына әсері болмаған, не кем болған, қатта зиянды болған. 

Бұл  қалып  өнер-білімнің  толық  дамуына  да  зор  кесел  боп 

келген.  Енді  тұрмыс  жөндеу  жолын  жалпыландыруды  негізге 

алып  отырған  Кеңес  үкіметі  өнер-білімді  де  жалпыландырып 

еңбекшінің  тұрмыс  жүзіндегі  құралы  қылмақ.  Екінші  түрде 

айтқанда, өнер-білімді өзінің негізгі жолына салмақ.

Осы  мақсатпен  журналымызға  өнер-білім  бөлімін  кіргіз-

бекпіз. Әрине, өнер-білімді қолданып кеткендей танудың жолы 

мектеп жолы, әсіресе жоғары дәрежелі мектеп. Бұл жағынан да 

шара  қолданылмай  жатқан  жоқ.  Алматыда  арасына  жыл  сал-

май бірінің артынан бірі екі жоғары дәрежелі мектеп ашылып 

та отыр. Ол өзіне басқа журналдың мақсаты өнер-білімді мек-

тепше жіпке тізгендей қылып тарту емес, тек негізгі жүйесімен, 

келе  жатқан  бағытымен  кезінде  таныстырып  отырмақ. 

Жаратылыстың өзі қандай кең болса, құшағы сондай кең. Бір 

журнал арқылы оны тұтас шолу мүмкін де емес.

Сондықтан аса бір негіздісі болмаса, журналымызда өнер-

білімнің  қазақ  тұрмысына  өте  ділгер  жағынан  ғана  мағлұмат 

беріп  отырмақпыз.  Біздің  ойлауымызша,  қазақ  тұрмысына 

ділгер ауыл шаруасы, денсаулықпен байланулы өнер-білімдер 

болу керек.

ЖАРАТЫЛЫСТАҒЫ ДАҒДЫЛЫҚ

Жер  үстіндегі  жаратылыс  негізіндегі  дағдылық  –  жердің 

күнді айналу дағдылығы. Жер күнді үйіріліп отырып айнала-

ды. Жердің күнді айналып шығатын мезгілін жыл дейміз. Бір 

жылдың ішінде (күнді айналып шыққанша) жердің өзі 365 рет-

тен бір аз артық ұршықша үйіріліп шығады. Әрбір үйірілгені 

күнге есептеледі. Сонымен жыл 365 күнге есептеледі. 365 рет-

тен жыл сайын аз артық есептелмей отырылады да, 4 жылда 

бір күнге толар-толмас боп 366-ші күн февраль айына қосылып 

отырылады.  4  жылдың  ішінде  күн  есебіне  толмай  қалғаны. 

Бірақ ол өте аз, мысалы, 400 жылда үш күн шамасы ғана бо-


62

лады.  Осы  күнгі  қолданып  отырған  жаңа  қалендарымыздың 

ескіден айырмасы – осыны жаңа календарьдың ескеріп есепке 

кіргізіп отырғаннан.

Бұдан басқа жылдың төрт мезгіл боп өзгеруі де жердің күнде 

айналған кезіндегі қалпынан. Жер Күнді айналғанда, тік тұрып 

айналмай,  көлбеу  күйінде  айналады  және  осы  бір  көлбеген 

қалпын  өзгертпейді.  Бұдан  барып  Жер  Күнге  бір  жылдың 

ішінде бір рет бір төбесін беріп, бір рет бір бүйірін қаратып, 

бір  рет  екінші  төбесін  беріп,  бір  рет  екінші  бүйірін  қаратып 

өтпек. Жердің Күнге қараған жақ төбесі жағында жаз болмақ. 

Күннің  көлеңке  жағында  қалған  төбе  жағында  қыс  болмақ. 

Қысқы қалпынан жазғы қалпына қарай айналған кезінде Күнге 

дәл бүйірі келіп, жазғытұрым 22 мартта Күн мен Түн теңеледі. 

Жазғыдан қысқы орнына қарай айналғанда, күнге 22 сентябрь-

де дәл бүйірі қарағаннан Күн мен Түн тағы бірдей болады.

Бұған қарағанда, күн, жыл райы дағдылығы жердің айналу-

ындай дәл боп отыруы керек еді. Жаратылыстың тәжірибесіне 

қарасақ, жыл райында нақ бұл секілді дәлдік жоқ. Күн райы-

на келсек, дәлділік одан да кем. Мысалы, бір жылы қыс ерте 

басталады, бір жылы кеш басталады. Бір жыл жаңбырлы, бір 

жыл жаңбырсыз болады. Бұған себептер толып жатыр. Көбі әлі 

тексеріліп жеткен де жоқ.

Жыл райының байланысымен өте күшті болғандықтан, жер-

жүзінің  мамандары  бұл  себептерді  тексеруде  бұлар  арқылы 

жыл, күн райларын болжау жолын іздеуде.

Біздің бұл мақаламыздағы мақсатымыз – осы іздеу жолында 

табылған жаратылыстың бір заңын ескертпек.

Бір жылдың райы екінші жылдікіне нақ дәл келмегенмен де, 

бірнеше  жылдың  райы  белгілі  бір  дағдылы  шама  маңайында 

болады.

Әрбір  жеке  жылдың  райы  сол  шамадан  көп  айырылып 



кетпейді. Өсімдік, жәндік секілді тірі жаратылыстар өздерінің 

тіршіліктерінде  дағдылы  өзгерістерін  әр  жыл  райына  қарай 

емес, сол бірнеше жылдың дағдылы райына қарай бейімдейді. 

Мысалы, жарқанатты алайық. Жарқанаттың жаз ғана тіршілік 

етіп, қысқа қарай ұйқыға кіретіні белгілі.

Жарқанаттың ұйқыға кіретін дағдылы мезгілі бар. Жарқанат 

кезіндегі жылдың райына көп қарамай, сол дағдылы мезгілінде 

қысқы ұйқысына кіреді. Екінші мысалға ағашты алайық, ағаш 



63

та өзінің дағдылы кезінде, үстіндегі жылдың райына қарамай, 

бұтақ жара бастайды.

Бұл секілді тірі жаратылыстың дағдылығы сол жердің жыл-

дары дағдылығы байланысы мынадан болады:

Мысалы, бір рет алған ағашқа келсек, жылдардың дағдылы 

шамасынан  бұрын  жапырағын  жарған  болса,  дағдылы  кез-

ден  суығы  кешігіп  келетін  жылға  кез  келгенде,  ол  ағаштың 

жарылған  жапырақтары  үсіп  кетіп,  өсуден  қалып  отырады. 

Кілең кезінде жапырақ жаратындар қалып отырады.

Жарқанатқа  келсек,  мұның  тамақ  қылатын  көбелектері 

дағдылы раймен көбірек байланулы. Сонымен жаратылыстың 

қай  тірі  мүшесі  болса  да,  не  өзі,  не  тамағы  арқылы  бір 

жылдың  ғана  емес,  бірнеше  жылдың  дағдылығымен  байла-

нысты. Сондықтан ол дағдылықты өзімен әбден сәйкестенген 

жергілікті  тірі  жаратылыстардың  дағдылықтарынан  тәжірибе 

қылып шамалауға болады. Жыл райының өзгеруінен гөрі, тірі 

табиғат  тіршілігінің  дағдылығы  күштірек  екенін  жоғарыда 

көрдік.  Сондықтан  тірі  жаратылыс  дағдылығын  жылдар 

райының белгісіне алып оны болжауға болады.

Мысалы,  жаз  белгісі  оңтүстіктен  солтүстікке  қарай  баста-

лады.  Мұның  мәнісі  жаз  белгісі  оңтүстікте  бұрын  басталып, 

солтүстікке қарай бірте-бірте жылжи бастайды.

Жердің  белдеулік  кезінде  жаз  (тірі  жаратылыстар  тіршілік 

белгісі)  марттың  22-нен  азғана  бұрын  басталып,  22  кезінде 

дәуір болса, ең теріс түстік төбе жақ шетте жаздың дәуірлеген 

кезі августың бас кезі болады. Мұнда тіршілік толқыны сөніп, 

қысқы  ұйқы  толқыны  бұдан  оңтүстікке  қарай  кері  жүрмек. 

Бұл  толқындардың  жайылу  жылдамдығының  шамасы  күніне 

43 километр шамасы болмақ. Мұның мәнісі бір жерден екінші 

жердің алыстығы 43 километр болса, сол оңтүстік жағындағы 

жердің  ағаштары  алғашқынікінен  бір  күн  жапырақтарын  соң 

жарады  деген.  Әрине,  бұл  жалпы  алғандағы  шама.  Жолына, 

жеріне  қарай  бұл  жылдамдық  10  километрден  80  километрге 

дейін өзгеріп кете береді.

Міне, бұл – бір жердің тірі жаратылысының өзгеруіне қарап 

екінші  жерде  осындай  өзгерістер  қашан  болатынын  болжау 

жолының бірі.



64

ӨЛКЕТАНУ ТУРАЛЫ

Әрбір  мәдениетті  қоғам  өзінің  жұмысын  ғылым  негізіне 

құрып жүргізуге ұмтылады.

Өлкетану  дегеніміз  не?  Егер  де  бұл  жөнмен  жүргізген 

жұмысы  жемісті  болған  сайын  елдің  мәдени  тұрмысы 

көтерілмекші,  бірақ  ғылымға  сүйеніп  жұмыс  жүргізу  үшін, 

сол істейтін ісіңнің жайын жақсы білу шарт. Қоғам тұрмысын 

құру үшін алдымен сол қоғамның мән-жайын, айналасындағы 

табиғат  мәдени  қалпын  жақсы  білу  керек.  Басқа  шартқа  да 

жергілікті мәдениетке өлкені үзбестен ұдайымен арымай-тал-

май аудара қарап, актара тексеріп зерттеуге тура келеді. Міне, 

осы жұмыстардан барып өлкетану деген қозғалыс туады.



Өлкетану деген – қашаннан өлке құру жұмысының бір сала-

сы, сондықтан ол шынында ертедегі мәдениет тарихында жуан 

орын тепкен жұмыстың бір саласы. Бұрын жұрт оған көп назар 

салмай келіп, осы соңғы кезде ғана етек жайып өрісін кеңейтіп, 

біздің тұрмысымызда ғана өлкетану мәселесі реттегі жұмыстың 

бірі болып қолға алынып отыр.

Осы күнгі өлкетану жұмысының ең маңыздысы сол өлкедегі 

халық шаруасын, өлкенің өндіріс күштерін зерттеумен байла-

нысты.

Бұлай болудың жөні де бар.



Осы  күнгі  социалдық  тұрмысқа  көшіп  жатқан  кезеңде  қа-

ланың да, ауылдың да шаруашылық, саясаттық ниет құры лыс-

тарын  алдағы  сатыға  өткізу  үшін  айналадағы  жағдайды  өте 

жақсы білу шарт.

Сондықтан өндірістің түрлерін зерттеу, қалада да, ауылда да 

сол өндірістің жалпы жағдайларын зерттеп білу – осы кездегі 

екпінді мақсаттардың бірі; міні – сол мақсатты баянды шешіп 

тұрмыс  жүзінде,  іске  асыру  жөнінде  өлкетанушылық  өзінің 

тиісті орнын алып, мойындағы міндетін атқару керек.

Мұнымен қатар сөзде ғана емес, іс жүзінде де елдің шаруа-

сы көтеріліп, ілгері қарай дамып, алдағы сатыға жетуді мақсат 

қылып, шаруаны зерттеу керек.

Олай болғанда, алдымен қажымай, талмай әр ауыл бірлестік 

шаруасын, кеңес шаруасын, кооперативті, фабриканы, зауытты, 

колөнерімен кәсіп қылатынды тағы тағыларды зерттеу керек.


65

Міні  –  осындай  жолға  қойылған  өлкетану  жұмысы  ғана 

жалпақ еңбекші жұртты бауырыңа тартып, қалың еңбекшінің 

игілігіне айналдырып жіберіп, өлкетанушылық күшейіп, үлкен 

қоғамдық салмағы болып шықпақшы.

Көзі  ашық  азаматтарын  өзінің  бауырына  тартып,  жәрдем 

иесі қылып алуында сөз жоқ. Қазақстан өлкесі көп тексерілген.

Жерінің  құйқасы,  жәндіктері,  өсімдігі,  тұрғын  халқы,  кен 

байлықтары,  жер-судың  өзге  жағдайлары  жайынан  жазылған 

талай  адамдардың  еңбектері  бар.  Бірақ  бұлар  қазақ  жерінің 

байлығының,  қазақ  халқының  ескі  дәуірінің  жүзден  біріндей 

де  болмайды.  Қазақ  кедей  жалпы  үстемдігі  дәуірінде  ты-

ныс  алып,  өзінің  өткендегі  тарихты  мәдениетін  жаңада  ғана 

қолы  жетіп  кірісіп  отыр.  Қазақ  жұртшылығы  жуық  алдағы 

жылдардың  ішінде  ескіліктің  сарқыншағынан  тегіс  айыры-

лып, мәдениет қорғауға, социалдық шаруашылыққа аяқ басуға 

өжеттікпен кіріп отыр. Қазақ жерінен мақта, резеңке, түсті ме-

талл  шығатыны  табылып  отыр.  Қазақ  кедей  орташалары  ма-

лын, егінін өнерлі жолмен жүргізіп, еңбегінің берекесін, өнімін 

молайтуға техника, пән табысын түгел қолдануға жол ашылып 

отыр. Қазақ кедейі жаңа дәуір бастап отыр. Елдің салты, шаруа 

реті, негізінен, өзгермек, қайта құрылмақ.

Бүкіл жаратылыс байлығы қайта тексеріліп, еңбекшілердің 

пайдаға  асыратындай,  жағдайға  асыратындай  жағдайларды 

іздемек. Бұл зерттеу білімінің, ірі мамандардың ғана жұмысы 

емес.


Өлкетанудың  өндіріс  жұмысында  қолғанаты,  жәрдемшісі 

алдымен жергілікті шаруа, өндіріс орындары қызметкерлер мен 

үнемшілер болуы тиіс.

Нақ осы кезде өлкетанудың өндіріс жұмысында бізде айқын 

бел сеніп  істеушілер  –  күн  санап  етек  жайып,  өрісін  кеңейтіп 

ке ле  жатқан  жұмыскерлер  мен  ауылдардан  шыққан  тілшілер. 

Міне, жұмыскерлер мен ауылдан шыққан тілшіліктің ең жақсы 

жа ғы  осы  өлкетану  жағын  айыра  білуде.  Айналасындағы 

шаруа лардың ұсақ-түйегіне шейін қалдырмай бейнелеп қарап, 

бақылап қоғам тұрмысына назарын салып, кемшіліктерін айқын 

көрсетіп, оларды жойып жаңғыртуға, жақсылауға күрес ашуда.

Бірақ шаруа жайын, қоғам тұрмысын зерттеу жалғыз білім 

үшін ғана керек болмауы тиіс, оның үстіне, жергілікті еңбек-

ші  елдің  мұң-мұқтажын  өтеу  керек.  Мынау  осындай  қоғам 

5–1247


тұрмысына бейімделген, еңбекші елдің өте керекті шаруа, мә-

дени, саяси құрылысына байланысқан жұмыстарына назарын 

салып,  көңілін  бөліп  лайықты  жәрдемін  тигізген  өлкетану 

жұмысы болса,  оған  қалың  енбекшілердің  талапты,  бұл  зерт-

теу жұмысына бүкіл еңбекшілер, ауылдың белсенді азаматта-

ры жедел қатынастырылып орындалмақ. Аймақтану съезі ай-

рық ша  көңіл  бөлетін  жұмысы.  Қазақ  шаруашылық  мәдениеті 

үстіміздегі  дәуірде  ең  ірі  міндеттерді  жалпы  елдің  алдына 

салу, жеңіл тілмен айтып ірі ілім сөзін елге жеткізу, түсіндіру – 

оқытушылардың міндеті. Аймақтану съезінің бүкіл жұмысы – 

баспасөздегі  мақалаларды  көзден  таса  қылмай  елге  түсіндіре 

отыру. Аймақтану съезінің деректерінен пайдаланып өз бетімен 

аймақтану  жұмысының  қолынан  келетіні  –  түрлі  қолынан 

атқаруға үйренуі болады.



67

ӨЗ ЖАЙЫМНАН МАҒЛҰМАТ

Мен 1897 жылы сентябрьдің 15-інде туыппын. Туған жерім – 

Семей уезіне қараған Тобықты іші. Шыңғыс болысында. Менің 

аталарым  –  қожа

1

,  алғашқы  шыққан  жерлері  Қаратау  деуші 



еді.  Үлкен  әкемнің  үйінде  сақталған  қожалар  шежіресінен 

бала  кезімде  бір  көргенімде  біздің  қожалардың  арғы  атасын 

Бақсайыс дейді

2

. Бұл Арқадағы қожа атаулының барлығының 



ұран қылатын ең қадірлі, атақты қожа(сы) болса керек. Тобық-

ты  ортасында,  әлде  қожалардың  көп  айтып  құлағына  сіңір -

гендіктен бе, болмаса елдің өзі де діндарлау заманында бірде-

ме-бірдеме  естіген  бе,  әйтеуір  Бақсайысты  әншейін  қара  үй 

қазақтың  да  көбі  біледі.  Кейде  баласын  таба  алмаған  қатын 

сияқты  қысылғандар  Бақсайыстың  аруағын  айтқыш  сияқты 

көрінеді.  Сол  Бақсайыс  жаңағы  айтқан  шежіреде  менің  әкем 

Омарханға 18-ші ата болып келуші еді. Тым кәрірек көрінеді. 

Егер сол Бақсайыс қазақ ішінде тіршілік еткен адам болса, онда 

менің  аталарым  ерте  күнде  қазаққа  келген  болу  керек.  Жоқ 

Бақсайысты бергі қожалар айтып ұғындырған болса, ондағысын 

өздері  біледі.  Қайтсе  де  бұл  қожалардың  қазақпен  араласып, 

қазақтан қыз алып, қыз беріп, қазақша тұра бастағанының өзіне 

де бірталай заман болған сияқты.

Тобықты  ішіне  менің  үшінші  атам  Бердіқожа  бірталай 

туысқандарын ертіп найман ішінен келген. Ол – Құнанбай за-

маны. Құнанбайдың шақыруымен келгенге ұқсайды. Ең әуелгі 

шыққан жерлері ол кезде Алматы жағы болса керек. Бердіқожа 

тобықты ішіне келген соң бірталай заман өмір сүрді. Артынан 

бір  қызын  Құнанбай  тоқалдыққа  алған.  Сонымен  бұл  елмен 

құдандалы  жақын  болып,  тобықты  ішінен  қоныс  алып  мекен 

етіп тұрып қалған.

Бердіқожа өзге қожаларша қожалық үгіт айтып, дінге үйретіп 

жүрді ме, жүрмеді ме мен оны білмеймін. Солай қылды деген 



68

сөзді естігенім жоқ. Одан бері үлкен әкем Әуез, өз әкем Омар-

хан,  аты  қожа  дегені  болмаса,  қожалықтың  жолында  істеген 

өзге қара қазақтан бөтен ешбір ісі болған жоқ, бұлай болуына 

да қисыны жоқ. Өйткені тобықты іші ертеден соншалық діндар, 

соншалық  надан  да  ел  болмаған  сияқты.  Ішінен  Құнанбай, 

Абай сияқты кісілер шыққан соң, бос фанатизм, қараңғы наным 

азайып, ақылға бой ұрғыш, көзі ашықтау ел сияқты болғанға 

ұқсайды. Сондықтан бұл елдегі қожа да көптің ауқымына түсіп, 

бұрынғы  ата  кәсібінен  жаңылып  кеткен  сияқты.  Менің  үлкен 

әкем 1918 жылы өтті. Өз әкем 1909 жылы өтіп еді. Бұлардың 

ішінде  қайсысында  да  діндарлық,  сопылық  сияқты  ерекше 

белгісі жоқ, қайта әр нәрсеге Абай үлгісімен, ақылымен қарауға 

тырысушы еді. Абайдың сондайлық ұстаздық, үгітшілік әсерін 

мен кішкентай бала кезімнен өз әкелерімнің қалпынан да анық 

көруіме болушы еді.

Ауылымыз да өздерін қожа деп көп айтпай, Құнанбайдың 

балаларымен, немерелерімен туысып араласып кеткен туысқан 

есепті санайтын. Осының барлығының салдарынан менің үл-

кен  әкемнің  жас  шағынан  бері  қарай  бұл  қожалардың  қиял 

қылған нәрсесі өзге қара қазақтың әдет салтынан ешбір айы-

рыл мағандай  болады.  Ауылдың  үлкендері  болса  –  бәйге  ат 

ұстап, ас пен тойда ат қосуды салт қылып, жігіті балуан болып, 

күрескіштікті  өнер  көріп,  бір  алуаны  мал  баққыш,  жауынгер, 

ұры  түсіргіштікті  салт  қылып,  кейбірі  сауықты,  аңшылықты 

әдет қылып, көп күндері сонымен өткендей. Өзім туып ес біле 

бастағанда, ауылымыздың қара қазақтығы, маңайындағы елдің 

қалпынан  биттей  де  айырылмайтын  сияқты  еді.  Сондықтан 

бала  күнімнен  қожалық  деген  нәрсенің  салты,  пішіні  қайсы 

екенін өз ауылымнан көріп білген емеспін.

Осы  күні  көп  жұрттың  қолжаулық  қылып  жүрген  «қожа-

лығын» мен он жастың шамасына келгенімде ғана көрдім. Бір 

жылы күздігүні ауылымызға біздің қожалардың сыбан ішіндегі 

бір ағайындары екі қожа келеді. Бірі – әкесі, бірі – баласы еді. 

Бұлар келгеннен-ақ ауылымызға бір суық жат тәртіп ала кел-

гендей  болды.  Бізді  олардың  үстіне  ылғи  тағзыммен  сәлем 

бергізіп кіргізіп, жалаң аяқ кіргізбей, кемпір-шешеміз батасын 

ал  деп,  алдарында  болымсыз  қызмет  істетіп,  солар  кеткенде 

қара қазақ болып кеткен біз сияқты бейбастық балалары үшін 

кысылғандай болып жүрді. Бала күнімде өз ауылымызға келіп 



69

кетіп  жататын  қонақтардың  ішінде  солардай  ауыр  көрінген 

қонақ болмаған сияқты. Бұл екеуі нағыз қожа сияқты болатын. 

Бастарында сәлделері бар. Қайта-қайта намаз оқиды, намазды 

өте ұзақ оқиды. Ас артынан ылғи құран зулатады.

Біз екі-үш бала, бұлар отырған жерге көп жолағымыз келмей 

сырғалаңдап  жүрсек  те,  таңертеңгі  намазда  қолдарына  ұзын-

ұзын  тәсбиқ  алып  «зікір»  салған  уақыттарында  ылғи  есіктен 

қарап қатты қызық көруші едік. Жат та, қызық та көрінетін. Со-

лардан соң толық қожаны көрген емеспіз.

Оқуды бес-алты жасқа келген соң өзімнің үлкен әкемнен оқи 

бастадым. Сол кісінің алдынан хат танып, түркі оқитын болған 

соң 9–10 жасымда әкеммен бір туысқан ағам Қасымбек

3

 қасына 



алып,  басында  бір  жыл  Семейдегі  Камали  деген  қазіреттің 

медресесінде  мұсылманша  оқытты  да,  артынан  орысшаға 

берді. Орыс оқуына әуелі өзі дайындады. Содан кейін бір қыс 

ел ішіндегі ауылнай школдан Әбіш Қасенов деген Семей семи-

нариясын бітіріп шыққан қазақ учителінен оқып

4

, келесі жылы 



күз Семейдің «5 класный городской училищесіне» түстім. Со-

дан әрі мектептегі оқу тәртіппен кетті.

Қалаға барып оқи бастағанға шейін ауылда өткен балалық 

уақытында әкелерімнің үнемі оқытатыны Абай өлеңдері бола-

тын. Ол кезде Абай – жазба. Бірақ елдің басты адамдары ба-

лаларына  оқыту  үшін  Абай  кітабын,  белгілі  кітап  көшіргіш 

молдаларға ақша беріп әдейі жазғызып алатын.

Мен  бері  келіп  ес  білген  заманға  шейін  сондай  көшіру-

шілікпен күн кешкен кісі Мүрсейіт деген молда еді

5

. Ол соны 



кәсіп қылып алған. Абайдың қарасөзі мен өлеңін түгел көшіріп 

бергеніне  бес  теңге  ақы  алушы  еді.  Бір  жыл  жазғытұрым  өз 

әкем: «Абай кітабы келеді», – деп өзімді көп уақыт, бір үлкен 

қызық сый беретіндей дәмелендіріп жүріп, аяғында қар кетіп, 

ақ шығып келе жатқанда сол кітапты әкелді.

Содан ел қыстаудан көшкенше күндіз-түні өзі үйде болған 

уақытта  Абай  өлеңдерін  жаттатып,  соны  ылғи  айтқызып, 

тыңдап  жақсылап  жаттап  алмаған  жерлерімді  қайтадан 

отырғызып,  қайта  жаттатушы  еді.  Абайдың  өлеңін  жақсы 

көрдім.  Бәрін  ұқпасам  да  ұйқасының  өзі  де  қызықтырғандай 

әсер ететін. Бірақ әкем ылғи жаттауға бергенде, қайдағы ұзақ, 

қиын  сөздерін  беретін.  Соның  ішінде  «Ат  сынынан»  бастап, 

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңдерін жаттатқаны 


70

есімде бар. Бір уақыт «Масғұтты», «Ескендірді» де жаттатты

6



Сол  жазғытұрымдай  ауыр  салмақ  көрген  уақытым  жоқ  еді. 



Бұрын шаруа істеп, мал бағып, тәртіпті еңбекке салынған жерім 

жоқ болатын. Өйткені бір шешеден жалғыз еркек бала болып, 

үлкен шешемнің қолында өскен еркелеу бала болдым. Өзіміздің 

дәулеті(міз) орта, яки ортадан кері де жоғарырақ болатын. Өз 

әкем де бір шешеден жалғыз болған, оның үстіне, еркек бала-

ны қырыққа таман жақындаған кезінде, зарығыңқырап барып 

көрген. Соның бәрі маған бейнетсіз, тоғышар, қарақан, бурақан 

үй тентек бала болып өсуіме құрық бергендей болып еді.

Сонымен  ең  алғашқы  «тізені»  Абайдан  көрдім.  Өлеңін 

күндіз  де,  түнде  де  жаттадым.  Әкем  жаттатып  тыңдағаннан 

басқа  ештеңе  қоспайды,  көп  мақтамайды  да,  бірақ  білмесем 

ұрсып та қоятын болды. Анда-санда ғана аса үлкен өлеңді күн-

түн  жаттап,  зорлықпен  ғана  бірдеме  қылып  айтып  шығатын 

болғанда, сүйсініп мақтаған болатын. Кейде шын риза болғаны 

ғой деймін. Өзі құс атуға шыққанда қасына ертіп алып, атқан 

құстарын  беріп  үйге  қайтарып:  «Өзім  келгенше  пәлен  өлеңді 

жаттап қой», – деп тағы да жүк артатын. Сонымен бір қыс, бір 

жазда Абайды түгелге жақын жаттап шығып едім. Бері келіп, 

орыс оқуына келген соң Абай алыстап қалды. 1909 жылы әкем 

де өлді.


Бірақ  әкемнен  кейінгі  әке  сияқты  болып  тәрбиелеп  бау-

литын  –  атам  Қасымбек  еді.  Сонымен  қыс-жазы  бірге  жүріп 

оқу  оқыдым.  15-ші  жыл(ы)  городское  училищені  бітіріп,  күз 

семинарияға түстім.

Арасында ауырып, оқуды бірлі-жарымды тоқтатып доғарып 

қойып жүріп, семинарияны 1919 жылы шала-шарпы бітірдім.

Бұл  кездерде  февраль  төңкерісі  болған.  1919  жылдың 

аяғында  кеңес  өзгерісі  болды,  әлеумет  қызметіне  араласып 

кеттік.

Алғашқы жазуларым сырлы әдебиет бетінде болмай, жалпы 



газет,  журнал  мақалаларынан  басталды.  Ең  алғашқы  баспаға 

шыққан статьям «Сарыарқа» газетінде(гі)

7

: «Адамдық негізі – 



әйел» деген нәрсе еді. Бұл, анығында менің жалғыз өзімдікі емес, 

Тұраш екеуміздікі болатын. Негізгі пікір сонікі еді, мен соның 

пікірінен  жаздым.  Мақаланы  бергенінізде  ешқайсымыздың 

қолымыз  жоқ  еді.  Басқармадағы  Сәбит  Дөнентай  баласы  ма, 

болмаса Сәлімбеков пе біреуі

8

 мен әкеп берген соң, «семина-



71

рист  Әуезов»  деп  аяғына  қол  қойып  жіберіпті.  Содан  кейінгі 

баспа  сөзіне  толығырақ  араласқаным  1918  жылы  «Абай» 

журналының шығуымен байланысты

9

. Ондағы сөздерде сырлы 



әдебиет  емес,  жалпы  мақалалар,  балалықтың,  жастықтың  әр 

сайға басын соққан сандалысы, далбасалығы сияқты.

Сырлы  әдебиетке  кірісуді  пьеса  жазудан  бастадым

10

  1918 



жылдың  1919  жылға  қараған  қысында  сүзек  болып  ауырып, 

оқуды тастап қырға шығып тұрып едім. Сонда ең алғашқы пье-

сам «Ел ағасы» деген 4 перделі драма жаздым

11

. Шүу дегеннен 



пьесадан,  драмадан  бастаудың  өзі  де  белден  шапқан  сияқты 

орынсыз басталған құр кеуде болатын. Бұл да көп сандырақтың 

бірі – берекесіз кездер еді. Сол сорлы пьесам қайда екенін осы 

күнге шейін білмеймін. Өзімде қарасы да қалған жоқ.

Қыс  бойы  елде  болып,  жаз  тағы  елде  болдым.  Ондағы 

жазғаным  «Бәйбіше  –  тоқал».  Жиырмасыншы  жыл  мардым-

сыз өтті. Келесі қыста, 1920 жылдың аяғында, «Қорғансыздың 

күні» деген әңгімені жаздым. Сол қыста ең алғашқы рет «Ең-

лік – Кебекті» жаздым. Бұл Семейде ойналып, құлап шықты. 

Ойнауға  ауыр,  сахнаға  қолайсыз  болды.  Соны  келесі  жылы 

1921–1922 жылдың январында Оралға аштықпен күресеміз деп 

барғанда,  Теке

*

  қаласында  тұрып  түзеттім,  Орынборға  келіп 



баспаға бердім.

1922–1923 жылдардың қысында Ташкентте «Шолпан» жур-

налын  шығардық

12

.  Сонда  біраз  әңгімелер  бастырдым.  1924 



жыл(ы) қыс елде тұрып бір роман жазып едім, ол әлі баспадан 

шыққан жоқ. Ташкенде тұрған уақытта бір пьеса жаздым. Ол да 

әлі шыққан жоқ.

1925  жылы  Семейде  «Таң»  журналын  шығардық

13

.  Сонда 



бірнеше әңгімелерім басылды. Сол қыста «Қаракөзді» жаздым.

1926–1927  жылдары  «Сұғанақ  сұр»  деген  повесть  жазып 

едім

14

, баспаға шықпады. 1927 жылдың күзінен бері «Қараш-



Қараш  оқиғасы»  деген  бір  повесть  жазып,  «Жаңа  мектепке» 

жібердім


15

.  Аяғында,  жақында  «Қилы  заман»  деген  бір  ұзақ 

әңгіме жазып, Госиздатқа жібердім. Ірі жазғандарым осы.

Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала 

күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза 

әдебиет сарынына бой ұрғанда, маған Абай деген сөз, қазақ де-

*

 Теке – қазіргі Орал қаласының ескі аты.



72

ген  сөзбен  теңбе-тең  түсетіндей  кездері  бар  сияқты.  Абайды 

сүюім  үнемі  ақылдан  туған,  сыннан  туған  сүйіс  емес,  кейде 

туған орта, кір жуып, кіндік кескен жерді сүюмен бара-бар бо-

латыны бар.

Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқырағын, 

әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қарақордалы ауылында 

туып, Еуропадағы мәдениетпен сұлулық сарайына оратылып ба-

рып жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, сезгендей боламын. 

Мағжан – культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен 

күйшілдігіне  қарағанда,  бұл  бір  заманның  шегінен  асқандай. 

Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бірақ 

түбінде  әдебиет  таратушылары  газетпен  қосақталып  күндегі 

өмірдің тереңін терген ақын болмайды, заманынан басып озып, 

ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет – әдебиет үшін деген 

таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан 

бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бойұрып, 

артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан 

басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін.

Орыс  жазушыларында  анық  сүйетінім:  Толстой,  Достоев-

ский

16

.  Адам  жанын  соларша  қойма  ақтарғандай  ақтармаған 



соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психологизм аралас-

паса, өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы. Мына 

екеуіне қарағанда өзің де ұяласың, өзің үшін де ұяласың. Жан 

құдайының алып жұртын көргендей болып кішірейіп, тапталып 

қаласың. Жазушылықтың асқары деп сүйемін.

Еуропаның жазушысында Анаголь Франсты жақсы көрем

17



Бұның алуаны өзгелерден бөлек. Терең білімге, сыншы ақыл-



ға  бойұрған  данышпан  жазушы.  «Чтобы  быть  прекрасным, 

надо  быть  разумным»,  –  деп  Еврипид  айтқандай,  бұл  ірі 

жазушылықтың екінші бір тұрғысы сияқтанады.

Мұхтар. 

Ленинград, ғинуардың 29-ы.


73



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет