Сілтеу есімдігі – мағынасын аңғарту, сілтеу есімдіктерінің сын есім орнына қолданылатынын және олардың заттануынан мәлімет беру.
Сілтеу есімдіктері мыналар: бұл, ол, осы, осынау, сол, сонау, ана, анау, мына, мынау, әні, міне, сона.
Сілтеу есімдіктері нұсқау, көрсету, мезгеу мағыналарын білдіріп, негізін сын есімнің орнына жүріп, қай? Деген сұраққа жауап беретін, сөйлемде анықтауыштық қызмет атқаратынын айтып мұғалім қорытындылайды.
Сілтеу есімдіктерінің контексте қолданылу ерекшеліктеріне байланысты зат есімдердің орнына жүретіндеріде бар. Зат есімнің орнына қолданылатын сілтеу есімдіктері көптік, тәуелдік, септік жалғауларында түрлене береді. Олардың түрленуін төиендегіше әңгімелеуге болады.
Бұл,ол, осы, мына, ана деген сілтеу есімдіктеріне көптік жалғауы жалғанады. Мысалы: бұлар, олар, осылар, мыналар, аналар. Бұл, ол сілтеу есімдіктеріне көптік жалғауы жалғанғанда түбір соңындағы дыбыс түсіп қалатыны ескертіледі.
Сол сияқты сілтеу есімдігінің бұл, ол, сол, осы, мына, ана, түрлері ғана септеледі. Бұл, сол, ол сілтеу есімдіктерінің септелуіне түбір сөздің соңындағы л дыбысы түсіріліп жазылады. Бұл есімдіктің ауызекі тілде бұл, со, о түрінде қолданылатыны ескертіледі. Сол сияқты мұның, мұны, мұнда, мұнан, мұнымен деп те қолданылатыны айтылуға тиіс.
Сөйтіп, сілтеу есімдіктерінің лексика- грамматикалық белгілерінен толық мәлімет берілген соң, олардың түрлену, сөйлемдегі қызметі жөнінде жаттығу жүргізіледі. Жаттығу процесі кезінде сілтеу есімдіктері бастауыш қызметін атқарғанда, олардан кейін әрқашан сызықша қойылатынына баса назар аудару керек. Мысалы: Ол- тәртіпті оқушы. Мынау- мектеп көрмесі деген сөйлемдегі ол, мынау сілтеу есімдіктері кім? не? Деген сұрақтарға жауап болып, бастауыш қызметінде жұмсалып тұр.
Сілтеу есімдігін пысықтауға тапсырмалар беруге де болады.
Сұрау есімдіктері – мағыналарын аңғарту, сұрау есімдіктеріне жататын сөздермен таныстыру, сұрау есімдіктерінің қолданылу ерекшеліктері мен тұлғаларындағы өзгешеліктерді аңғарту.
Сұрау есімдіктерін түсіндіруде тақтаға бір сөйлем жаздырып, ол сөйлемнің не жөнінде айтылып тұрғаны аңғартылған соң, сөйлемнің қандай мүшелерден құралатыны сұрақ қою арқылы сөйлем мүшелеріне талдатылады.
Сұрау есімдіктері: кім? кім туралы? не? не жөнінде? неше? қанша? нешеу? қай? қашан? қалай? қайтіп? т.б
Бұл топтағы есімдіктерден әрбір сұраулардың өзіндік мағыналық ерекшеліктері барын түрлі мысалдар арқылылы түсіндіру қажет. Атап айтсақ, кім? не? кім туралы? не жөнінде? деген сұрақтардың зат есім сөздерге қойылатыны ескертіледі. Сұрау есімдіктерініңмағыналық жақтары танылған соң, бұлардың көптік, тәуелдік, септік жалғауларымен түрленетіні айтылады.
Сұрау есімдіктерінің ішінде кім? не? қайсы? нешеу? деген түрлері ғана көптеледі, тәуелденеді, септеледі. Сұрау есімдіктерінің жауап болатын сөздері қандай тұлғада тұрса, сұрақтар да сондай тұлғада тұрады. Мысалы: Нағиманың әкесі алпыста деген сөйлемді тақтаға жазып, оған сұрақ қойып, әрбір сұрақты жауап болатын сөздердің үстіне жазып, жауапсөзі мен сұрақтардың тұлғаларын өз ара салыстыру керек. Нағиманың деген жауап сөзіне кімнің?, әкесі деген жауапсөзіне кім?, алпыста жауап сөзне нешеде? деген сұрақтар қойылатыны аңғартылады.
Сұрау есімдіктерінің қолданылу ерекшеліктеріне байланысты сөйлемде белгілі бір қызмет атқаратыны да әңгімеленеді. Сұрау есімдіктері негізінен ойды анықтап нақтылау үшін жұмсалады., сонымен қатар кейде сөйлемде әрі жауап сөз, әрі сұрау сөз ретінде қолданылып, белгілі бір сөйлем мүшесінің қызметін де атқарады. Мысалы:
Сен нешедесің?
Бос уақытыңды қалай өткізесің?
- Сөреден кітапты кім алды? – деген сөйлемдердегі нешедесің баяндауыш, қалай сөзі пысықтауыш, кім сөзі бастауыш қызметін атқарып тұр.
Сұрау есімдіктерінің теориялық жақтары түсіндірілген соң, жаттығу жұмыстары жүргізіледі.
Өздік есімдігі- тіліміздегі бір ғана өз сөзі жататыны және өз сөзінің атау тұлғада қолданымай, үнемі тәуелдік немесе көптік жалғауынан кейін тәуелдік жалғауының келуі арқылы жұмсалатыны танылады.
Өздік есімдігін бұдан бұрынғы өтілген жіктеу, сілтеу, сұрау есімдіктерімен салыстыра отырып, олардың өз ара айырмашылықтары әңгіме әдісі арқылы баяндалады.
Өздік есімдігі мағынасы жағынан сілтеу, сұрау мағыналарын білдірмейді, белгілі бір қимылдың, нәрсенің адамның өзіне ғана тән екендігін білдіретіні түрлі мысал келтіру арқылы түсіндіріледі. Мысалы: өз кітабым, өзім келдім, өзі келді т.б
Өз сөзінің түбірі мағынада қолданылмайтыны оқушы көздерін жеткізе отырып, оның жекеше, көпше, түрінің тәуелденіп барып қолданылатыны өзімнің кітабым өзі келді деген нақты мысалдар арқылы түсіндіріледі.
Өзіміз, өзіңіз есімдігінің жай септеудің үлгісімен септелетінін оқушыларға ауызша септетіп, жоғарыдағы үлгіден айырмашылығының неде екенін септік қосымшаларын өз ара салыстыра сұрау керек.
Өз есімдігіне жалғанған тәуелдік, көптік жалғаулары, ілік септіктері ашық түрінде де, жасырын түрінде де қолданылады.
Өз есімдігінің өздік бір ерекшелігі бұл есімдік жіктеу есімдіктерімен қабаттасып қолданып, сөйлемде күрделі мүшенің қызметін атқарады.
Мен, өзім, біз, өзіміз днгендердің мен, біз сөздері бірінші жақ жіктеу есімдіктер болса, өзім, өзіміз дегендер тәуелдік жалғауының бірінші жағында келіп, бұлар өз ара жақ жағынан бірыңғайласып тұрғаны айтылады. Келесі сен өзің, сендер өздерің дегендер де осылай жалғаса беріледі.
Өз есімдігі тәуелдік жалғаулы тұлғада тұрып, сөйлемде бастауыш қызметін атқарады. Мысалы: Оған өзім барып жолығайын дегендегі өзім бастауыш болып тұр. Өз есімдігі атау, ілік септігінен басқа септіктерде тұрып, сөйлемде толықтауыш қызметін атқарады. Мысалы:
Отырсың баяу ырғалып,
Өзіңмен өзің сырласып –
Дегендегі өзіңмен – толықтауыш.
Өз есімдігі ілік септік жалғауының ашық, жасырын түрінде қолданған кезде анықтауыш болады. Мысалы:Өз жерлестеріне үлкен сый – құрмет көрсетті днгендегі өз (өздерінің) анықрауыш болып тұр.
Өз есімдігі жіктік жалғауында тұрғанда, әрқашан баяндауыш қызметінде жұмсалады. Мысалы: Оны кішкентайынан бауырыма салып тәрбиелеген өзіммін дегендегі өзіммін баяндауыш блып тұр.
Өз есімдігінен қос сөз де жасалады: өзді- өзі, өз- өзінен.
Сөйтіп, өздік есімдігінің лексика- семантикалық және гамматикалық белгілері түсіндірілген соң, өтілген материалдарды бекіту мақсатымен, кеспелермен жұмыс жүргізіледі.
Белгісіздік есімдігі- мағынасы мен тұлғасын түсіндіру, оларға жататын сөздермен таныстыру, сонымен қатар белгісіздік есімдіктерінің қандай сөздердің орнына жұмсалатынын аңғарту.
Белгісіздік есімдіктері затты я құбылысты нақты атамай, белгісіз етіп тұспалдап айтады. Мысалы: Біреу есік қағып тұр дегендегі біреу сөзінен есікті қағып тұрған адамның нақты кім екені білінбейді, әйтеуір белгісіз бір адам екендігі тұспалдап аталғандығы байқалады.
Белгісіздік есімдіктердің қолданылуында өзіндік ерекшелік бар.
Біреу, кейбіреу, қайсыбіреу, бірдеме, әрне, кімде- кім, әлдекім, әркім, әлдене, есімдіктері зат есім орнына жұмсалады.
Қайсібір, кейбір, әр, әрбір, кейбір, әлдеқандай есімдіктері сын есім орнына жұмсалып, сөйлемде анықтауыш болады.
Әлденеше, бірнеше, біраз, әлденешеу есімдіктері сан есім орнына жұмсаладыда, анықтауыш болады. Мысалы: Бірнеше күн төпеп қар аралас бұршақ жауды дегенде бірнеше сөзі қанша? деген сұраққа жауап болып, анықтауыш қызметін атқарып тұр.
Болымсыздық есімдіктері- қандай сөздердің орнына қолданылатынын айтып және олардың мағыналарымен тұлғаларын таныту.
Болымсыздық есімдіктеріне жататын сөздерді көрнекі етіп жазып қою керек.
Болымсыздық есімдіктері: дәнеме, ештеңе, ештеме, ешкім, ешбір, ешқашан, ешқайсысы, ешқандай, ешқайдан т.б
Бұларды оқушыларды қатыстыра отырып талдаған жөн. Оқушылар сөздерді оқып шыққан соң, - Бұлардың белгісіздік есімдіктерден қандай айырмашылығы бар, байқаңдаршы? – деген сияқты ойландыру сұрақ қойып, болымсыз есімдіктерінің болымсыздық мағыналарда қолданылатынын мына сөйлемді талдау үстінде аңғарту керек.Мысалы:Ол ешкіммен сөйлеспеді, ешқайда бармады деген сөйлемдегі ешкім, ешқайда, дегендердің мағыналарының нақты еместігі ескеріледі.
Жалпылау есімдіктері- ерекшеліктерін түсіндіру онша қиындыққа түспейді. Олардың мағыналары да абстракты болып келеді. Бұлар жинақтау, жалпылау мағыналарын білдіретін, сөйлемде анықтауыш қызметін атқаратын бірнеше сөйлемдерді көрнекі етіп жазып, оны талдау кезінде танытуға болады.
Жалпылау есімдіктері: бар, бәрі, барша, барлық, күллі, тегіс, бүтін, түгел т.б
Ендігі кезеңде оқушылардың есімдіктен алған мәліметтері прпктикалық жұмыс кезінде жаттықтырылады.