«Мұстафа Шоқайұлының Тәуелсіздік жолындағы саяси қызметі» Орнындаған



бет8/10
Дата15.11.2022
өлшемі440,5 Kb.
#50372
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Қорытынды.

Қорыта айтқанда, Мұстафа Шоқай өз уақытының перзенті, ірі тұлға болатын. Сталиннің Шоқайұлына шүйілуі тегіннен-тегін емес еді. Бүгін белгілі болғанындай, ол бірінші дәрежелі, ғаламдық масштабтағы қайраткер болатын. Оған Мұстафаның досы, Украинаның бұрынғы сыртқы істер министрі, профессор А. Шульгиннің: "Мұстафа —Бей мемлекеттік ірі қайраткер, аса көрнекті жазушы, әрі журналист болды, бірақ ол бәрінен бұрын өте тартымды адам еді, өзіндігі мол тұлға еді. Мұстафа-Бейді Түркістансыз көз алдына елестету мүмкін емес. Иә, ол өзінің жүрегімен де, өз Отанын, оның өткендегісі мен қазіргі сүрең келбетін бір минут та ұмыта алмайтын. Әйтсе де өзінің дәстүрлеріне адал күйінде қала отырып, ол өз бойына мейлінше әртүрлі адамдарды және тіпті бір-бірлеріне түсініксіз дерлік халықтарды өзара байланыстыра алатын әрі байланыстыруға тиісті аса бағалы, адамдық қасиеттердің бәрін дарыта білген", - деген сөзі толық дәлел.


Мұстафа Шоқайұлының тағы бір досы бұрынғы мемлекеттік Думаның мүшесі және Грузия Сыртқы істер министрі А.Чкенкели былай дейді: "Біз құрған "Кавказ, Түркістан және Украина халықтарының достығы қоғамында, ол әрине, елінің кеңдігіне қарай тиісті орнын алады. Мұстафаның Париждегі, Лондондағы, Женевадағы және Батыстың басқа орталықтарындағы қайраткерлік қызметі сан түрлі әрі жемісті болғандығы соншалық, олардың бәрін санап шығу мүлде мүмкін емес.
Ол менің күткенімнің бәрінен асып түсті, далалық азиаттан нағыз халықгың көсеміне айналды. Ол өте сабырлы, әрі бірқалыпты еді, бірақ жүрегі ыстығырақ болатын, қашан да өзінің жеке басының қауіпсіздігін ойламай, жақындарына жәрдемдесуге құлшынып тұратын.
Кеңес-Герман соғысы кезінде ол соғыс тұтқындарының бір лагерінде өз батылдығымен немістер еврей деп есептеп, атуға түскен бірнеше ондаған грузин жастарын атудан аман құтқарып қалды. Ол өз өмірін қауіпке тіге отырып, кешірілмес қателікті түсіндіру арқылы үкімнің орындалуын тоқтата алды. Міне, біздің Мұстафа осындай тағылық уақытта өмір сүріп, күресе білді. Ал, сенің есімің мен идеяң қашан да біздің арамызда. Халықтарымыздың достығының символы болып қала береді...".
Міне, Мұстафа-Бей Шоқайұлының иман, парасат ұялаған көлдария жүрегін, ұлы тұлғасын осы жолдардан-ақ терең сезінуге болады.
"Ұлы төңкеріс заманы алыптар туғызады" деп еді ертеректе бір дана. Амал не, біздің титандар топыраштар торына яғни Сталин заманына тап болып, қырылып қалды. Қазір бізді осы ұлт көсемдерінің өлетіндерін біле тұра, бой тасалап қашпағандығы таңғалдырады. Осындай ажал да бетін қайтара алмаған ұлы махаббат, халықты еріксіз ұйытатын асқақ рух жоқ жерде қоғам қайдан оңсын?
Сондықтан XX ғасырдың басында (1909) М. Дулатов: "... Оян, қазақ, көзінді аш, көтер басты" деп айтқандай, әлі де оянуымыз, алға ұмтылуымыз керек деп ойлаймын.
Бүгін бізге Мұстафа-Бей Шоқайұлының және онымен пікірлес, халықтың бағына туған көксерек таптың тағдырларын ойлап, опынғаннан пайда жоқ. Алтын құрсақты айналайын халқымыз ара-кідік болса да алыптарды тумай тұра алмайды. Ендігі үміт соларда. Олар ат жалынын тартып мініп, билік тегерішін қолына алып, бізді қыранша самалдатқанша, толық тәуелсіздікке жеткенше бәрібір Мұстафа Шоқайұлын егіле еске алуды қоя алмайтынымыз және ақиқат.
Көз аштырмаған қуғын-сүргінмен азамат соғысы аласапыранының, 1920-1923 және 1929-1933 жылдары аярлықпен жасалған ашаршылықтың азабынан тарихи тұрағынан тысқары жерлерді: Түркияны, Қытайды, Иранды, Ауғаныстанды, Моңғолияны, Шығыс араб елдерін, Еуропа мен Американы паналауға мәжбүр болған түркістандықтар (XX ғасырдың 30 жылдарына дейін Ресейде Қазақстан мен Орта Азияның мүсылман жұртын осылай атағанды) тайлы-тұяғы қалмай Тәуелсіздік алған 1990-1991 жылдардың арасында Шоқайұлы Мұстафаның дүниеге келуінің 100 жылдығын, һәм дүние кешуінің 50 жылдығын ардақтап атап өтті, сөйтіп, барша Түркістан ұлттарының тәуелсіз мемлекет, өз ықтияры өзіндегі ел болуын көксеген жанды өздерінің көсемі, дара батыры, Ақиқат жаршысы, Орта Азия мен Қазақстан халқының Бостандығы мен Теңдігінің жан аямас жоқшысы тұтып, оның рухына бас иді.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев осы жылды Тәуелсіздіктің жылдығы деп атау туралы жарлық шығарды. Қазақта "өлі риза болмай, тірі байымайды" - дегендей, тәуелсіздік жолына бүкіл ғұмырын арнаған саяси, ресми тұлға Түркістан тұтастығы үшін күресіп өткен алты алаштың біртуар ұлы М.Шоқайдың Берлиндегі мұсылман зияратындағы сүйегін Отаны Қазақстанға қайта оралту бүгінгі күн тәртібіндегі мәселе. Себебі, оның сүйегімен бірге Қазақстанға "Тәуелсіздік, Түркі елі, Түркістан тұтастығы" идеясы да орал ар еді деп ойлаймын.
Еліміздің Тәуелсіздік алуы бүрын аттарын айтуға қорқатын біртуар азаматтарды халқымен табыстырып, олардың сыр мен жұмбаққа толы өмірлерінің құпиясын ашуға мүмкіндік берді. Солардың жарқын көрінісі бүгінгі дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырып отырған халықаралық конференция мен Түркістанның 1500 жылдық ұлы тойы.
Тек қазақ халқының ғана емес, иісі түркі жұртының тәуелсіздігін аңсаған, сол тәуелсіздіктің көшбасшысы, көсемінің бірі болған, алты алаштың ардағы, қазақтың біртуар перзенті Мұстафа Шоқайдың туған жері - Сыр өңірі, қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, 1-Май совхозы. Қазір бұл кеңшар Мұстафа Шоқай ауылы деп аталады.
Тәуелсіздіктің арқасында өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген кезде М.Шоқайұлының Сыр өңірінде Б.Атабаев басқарған және Алматыдан Батырхан Дәрімбет басқарған "Мұстафа Шоқай қоры" құрылған.
Сондай-ақ жақында Мұстафа шоқай туралы жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Авторы – туркиялық ғалым Әбдуақап Қара. Бұл кітап оның докторлық диссертацияся негізінде жазылып, 2 бөлімнен яғни Отанындағы қызметі мен эмиграциялық еңбектері түпкілікті зерттеліп жазылған. Бұл да Шоқайтанудың бастамасы болмақ.
Оның қалдырған бай мұрасының айтарлықтай бөлігі әлі де болса көпшілігімізге белгісіз. Кешегі өткен Түркістанның 1500 жылдық мерейтойында М. Шоқайұлының Түркиядан әкелінген еңбектері біздің құқық қорғау органдары қысымымен кері қайтарылды. Оны іздестіріп, елге жан-жақты түсіндіріп, әрі терең зерттеу, оларды том-том етіп бастырып шығару және елімізде Цензураны, демократияға қарсы қысымды жоюымыз қажет. Сондықтан да оны көлденең көкаттыға жем қылмай, астанамызда Шоқайтану ғылыми-зерттеу орталығын құруды оның есімін қаламызда мектептер мен көшелерде қоюды және өзіне лайық ескерткіш бой көтеруі ісін көпшілік болып ойластыруымыз қажет. Сонымен бірге, Халық Қаһармандары Б. Момышұлы, Қ.Рысқұлбеков, тағы басқалар сияқты Мұстафа Шоқайұлына да Халық Қаһарманы атағын берсе артық емес деп ойлаймын.
Халқымыздың біртуар ұлы, бүкіл түркі әлемінің аса көрнекі қайраткерлерінің бірі Мұстафа Шоқайдың өз елімен шын мәнінде қауышуы оның рухани, ғылыми мұрасының отандастарына оралуының жан-жақты Шоқайтанудың бастамасы деп бағалағанымыз орынды.
Мұстафа Шоқайдың бүкілтүріктік идеясы мен тәуелсіздік жолындағы еңбектері бізге қалдырған аманат. Осы аманатты, яғни Қазақстанды толық тәуелсіздікке жеткізу, Еуропамен терезесі тең мемлекетке айналдыру - біздер мен сіздердің борышымыз!
Тәуелсіз ел тірегі — білімді ұрпақ!




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет