4 кезең – тәрбие жүйесін қайта құру. Ол «жүйені» тоқырауға әкелетін ірітушілік құбылыстардың күшеюіне байланысты. Әрекеттің негізгі түрлеріне көңіл толмаушылық, қалыптасқан өмір тәртібінен ауытқушылықтар және т.б. пайда болуы мүмкін. Тоқырау құбылыстарының пайда болу себептері әртүрлі, бірақ көбіне ұжымда көңілсіздіктің тууынан әрекетте шығармашылықтың болмауынан, жаңалықтың жоқтығынан орын алады.
Аталған кезеңдердің барлығында қарым-қатынас пен әрекеттің бірінен кейін бірі келуі, бірін-бірі алмастыруы барысында ішкі байланыстардың беріктігі әртүрлі.
Факті критерийі төмендегідей көрсеткіштер арқылы ұсынылуы мүмкін:
– сынып өмірінің реттілігі (оқу-тәрбие жұмысының мазмұны, көлемі мен сипатының осы сынып мүмкіндіктері мен шарттарына сәйкес келуі);
– біртұтас сынып ұжымының қалыптасуы;
– тәрбие әрекеттерінің кірігуі, педагогикалық күш-жігердің шоғырландырылуы.
Сыныптағы тәрбие жүйесін жасау және дамыту технологиясы әртүрлі элементтерден құралады. Бұл – жетекші идеяларды анықтау, негізгі мақсаттар мен міндеттерді тұжырымдау, олардың негізінде теориялық тұжырымдамаларды жасау, олардың әрекеттестігі жүйелері мен механизмдерін нақтылау, соған сай инновациялық педагогикалық технологиялар мен мүмкіндіктерді және болашақ кіші құрылымдар шеңберінде оларды жүзеге асыру, осы үшін қажетті шарттарды жобалау және оларды іс жүзіне енгізу, ортаны өнімді меңгеру мүмкіндіктерін анықтау. Сыныптағы тәрбие жүйесінің қалыптасу деңгейін анықтау үшін, 2 баға тобы пайдаланылады: факті критерийлері және сапа критерийлері. Бірінші топ бұл сыныпта тәрбие жүйесі бар ма деген сұраққа жауап беруге мүмкіндік береді, ал екіншісі оның қалыптасқандығы мен тиімділігінің деңгейі туралы ұғым береді.
Бастауыш сынып оқушыларын дамытуда әлеуметтік-мәдени әлеует іске қосылады: бұлар – республикалық және өлкетану музейлері, қалалық және мектептегі кітапханалар, үйірмелер мен спорт секциялары. Сынып қоғамдастығының негізгі ішкі және сыртқы байланыстары (оқушылар – мұғалім – ата-аналар – басқа мұғалімдер – басқа сыныптар) төмендегі принциптерге сүйенеді:
– Көп білу – абырой;
– Бір-бірлеріне көмектесу – дұрыс;
– Істі басқа біреудің айтуы бойынша дайындау мүмкін емес;
– Қолайсыз жағдайда өмір сүруге болмайды.
Сыныптың тәрбие жұмысының үлгілеу, құру және дамыту бойынша барлық әрекеті оқушылардың төрт жыл бойында өздерінің жеке бас сапаларын педагогтар, оқушылар мен ата-аналар қалыптастырған бастауыш сынып бітірушісі бейнесіне лайықты болып шығуы үшін дамытуына бағытталады. Бітіруші бейнесі жеке бастың мынадай әлеуеттерінен құралады:
– адамгершіліктік (құндылықтық): оқушылардың «отбасы», «мектеп»», «мұғалім», «Отан», «табиғат», «құрдастарымен достығы», «үлкендерге құрметі», оқушыларға арналған ережелерді орындау қажеттілігі, адамдардың жақсы және жаман қылықтарын ажырата білу, өз әрекеті мен сыныптастарының мінез-құлқын дұрыс бағалай білу, мектепте, қоғамдық орындарда тәртіп пен реттілікті, жол жүру ережелерін сақтау сияқты құндылықтарды қабылдауы;
– танымдық: бақылағыштық, белсенділік, оқу еңбегіне лайықтылық, танымға тұрақты мүдделілік;
– коммуникативтік: қарапайым коммуникативтік біліктер мен дағдыларды меңгеруі (сөйлеу және тыңдау, жаны ашу, сезімталдық таныту, басқа адамдарға, табиғатқа көңіл бөлу), өзін-өзі реттеудің алғашқы дағдыларын қалыптастыру;
– көркемдік: қоршаған табиғат пен әлеуметтік ортадағы заттар мен құбылыстарды эстетикалық қабылдай білу, өнер туындыларына өзіндік (меншікті, жеке) эмоциялық реңктегі қарым-қатынасының болуы;
– дене: күн режимі мен жеке басының гигиенасы ережелерін сақтауы, күшті, жылдам, епті әрі шыныққан болуға ұмтылысы.
Сыныптың тәрбие жүйесінің тиімділігі төмендегі критерийлер бойынша анықталады:
– кіші мектеп оқушысының жеке басының адамгершілігі, танымдылығы, коммуникативтілігі, көркемдік және дене әлеуеттерінің қалыптасқандығы;
– оқушылардың креативтік қабілеттерінің дамығандығы;
– әрбір оқушының және тұтас сынып қоғамдастығының дербестігінің байқалуы;
– сынып ұжымының қалыптасқандығы.
Аталған белгілерге сәйкес, оқу-тәрбие процесінің нәтижелілігін зерттеудің төмендегідей дәстүрлі және дәстүрлі емес әдістемелерін пайдалану қажет:
– кіші мектеп оқушысының жеке басының танымдық процестерін зерттеу;
– қарым-қатынас шеберханасы;
– социометриялық әдістер;
– «Мен және менің өмірімдегі құндылықтар, «Мен және менің мектебім» сауалнамалары;
– П. Торренстің шығармашылық ойлауының қысқаша тесті;
– «Кіші мектеп оқушысының жеке басының дамуы» ұйымдастырушылық-әрекеттік ойыны;
– «Көңіл күй гүлі» тесті;
– «Биыл мен қалай және неліктен өзгердім» толғанысты шығарма;
– «Мен және мен оқитын сынып» шығармашылық шеберханасы;
– өткен ай (төрттік, жартыжылдық, жылдық) қорытындысы бойынша ұжымдық әңгіме.
Аталған әдістемелер оқушының жеке басының дамуы туралы және сынып қоғамдастығының ұйымдасқандығы туралы, сондай-ақ оны сынып өмірі мен сыныптағы тәрбие процесін жоспарлау және ұйымдастыру кезінде пайдалану жайлы қажетті әрі анық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сыныптағы тәрбие жүйесі тәрбиенің тиімділігі мен сапасын арттыруға көмектеседі, бірақ бұған қол жеткізу үшін жақсы жағын жетілдіре түсу, қол жеткенді дамыта түсу, қателердің алдын алып отыру қажет.