Нормативтік сілтемелер қазақстан Республикасының «Білім туралы»


«Жоғалған дос» әңгімесіндегі адамдық



бет9/20
Дата05.05.2023
өлшемі222,83 Kb.
#90299
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20
Байланысты:
Нарзулла А.С. Диссертация

2.2 «Жоғалған дос» әңгімесіндегі адамдық ар, азаматтық парыз мәселелері
Т.Ахтанов – өз әңгімелерінің жанрға сай жазылуына, шығарма кейіпкерлерінің мінез-құлықтарының шынайылығына, іс-әрекеттердің ойға қонымдылығына, мазмұн желісінің бір ырғақпен дамып, шығармаларында лирикалық, философиялық ой айтуға баса назар аударған жазушы. Сонымен қатар жазушы -шығармаларында авторлық ой, авторлық баяндаулардан гөрі кейіпкерлердің іс-әрекеттері, диалог, монологтарға жүгіну арқылы өзіндік стиль қалыптастырған талант иесі. Т.Ахтанов әрбір жаңа шығармасынан кейін оқырмандарының тек бір өзіне арналған адамгершілік ынтық сезімдерінен мейлінше алауланып мейлінше нұрланып, суреткер ретіндегі қиянат – кескіні елден ерен ірі көрінетін. Талант атты ұйтқының шексіз көркемдік құдіреті сонша, туындының өнбойынан әрқашан ұдайы бір жаңа сезім, жаңа таным, жаңа көзқарас, жаңа көркемдік табыс сені тылсым бір сиқырмен үнемі «тұтқындап» ала қояды. Мейлі сен бәз-баяғы көнекөз, сыралғы, ескі дос оқырман немесе сары ауыз үрпек бас, сары ауыз жас балапан оқырман бол, бәрібір, суреткерлік іңкәр махаббатпен баурап алады. Соның бір нақты көрінісіне – «Жоғалған дос» атты классикалық әңгімені жатқызар едік. Бұл әңгіме- өте көркем дүние. Өйткені, аталмыш әңгіменің көркемдік қуаты мен мақсаты В. Быков тәрізді белорус жазушысының, Юрий Бондарев, Григорий Бакланов, Виктор Астафьев, Виктор Богамолов тәрізді орыс жазушыларының Ұлы Отан соғысы жайындағы мерзімі жағынан тұтас жазылған атақты туындыларымен терезесі тең түскен шығарма.
ТАхтановтың психологтық талантын танытқан таңдаулы әңгімелерінің бірі – «Жоғалған доста» автор адамгершілік арды, азаматтық парызды аяқ асты еткен опасыз Мырзахмет пен оның арбауына түсіп, адал махаббатын қор еткен ана - Ғайни өмірінен әңгіме қозғайды. ТАхтанов бұл шығармасында адалдық пен опасыздықтың қарсылықты образын жасайды. Адамгершілік, мораль мәселесі өмірде де, өнерде де үлкен жүк көтеретін, адамзат үшін қай уақытта да ең маңызды мәселе екені белгілі. Әдебиет пен моральды бір- бірінен бөліп қарауға келмейді олар өзара тығыз байланыста. Кез-келген көркем туындының мақсаты – адам игілігі болса, ар-ождан, адамгершіліксіз шығарма жалпы өнер туындысы болмайды. Бұл жөнінде әдебиет зерттеушісі Сағат Әшімбаев: «Ең бастысы екеуін өзара қарсы қоюға немесе оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Шартты түрде алып қарар болсақ, бұлар мазмұн мен түрдің диалектикалық тұтастығындай өзара байланысты әрі сабақтас ұғымдар. Бұл жерде әдебиет түрдің орнында болса, ал мораль мазмұнның міндетін атқарады» [18],-дейді.
Бұл күрделі де маңызды мәселені жазушы Т.Ахтанов шығармаларында негізгі мақсат тұтқан. Сондықтан болар, көркем туындыларының басты арқауы- адамгершілік. "Жоғалған дос" әңгімесі – кешегі жауынгер, бүгінгі бейбіт тіршілікте еңбек етіп жүрген майдангер Маңғастың үйіндегі күтпеген тосын жәйттің – күтпеген тосын оқиғаның жай-жапсарын, себеп-салдарын, түп-тамырын білуге қызыққан, ұмтылған, неліктен екенін қайдам, соған құштарлана түскен сергек те сезімтал автордың Маңғастан суыртпақтап сыр тартқанынан басталады. Өйткені автордың өзі де – Маңғас тәрізді соғысқа қатысқан кешегі жауынгер, бүгінгі майдангер ардагер ғой. Ал Маңғас айтқан сырдан, автор қағазға түсірген оқиғадан осылайша «Жоғалған дос» атты классикалық әңгіме дүниеге келеді. Әңгіме : «Маңғастың үйінде бөтен адам болған жоқ. Бұдан бір ай бұрын көшеде ойда жоқта кездесіп қалғанымызды қоспасақ, екеуіміздің араға ол жыл салып қауышып отырғанымыз осы. Мұндай кездесудің ыңғайсыз жағы да бар. Әрине, майдандас достар бірін-бірі ұмытпайды. Дегенмен өмірдің аты өмір. Адам өзгереді. Әркімнің өз тіршілік кәсібі, үйреніскен төңірегі бар. Қанша айтсақ та арадағы жылдар бөліп тұрады. Алғашқы бетте шұрқырасып, одан майданда көрген сүргінді еске алып түрегескеннен кейін, ар жағында айтатын берекелі ешнәрсең болмай: «я, солай де», «сонымен осы жерде істеп жатырсың ғой» деп, желкеңді қасып аңқылдап отырасың. Маңғас екеуміз де біраз тосырқап қалған екенбіз» [19],- деп басталады. Одан әрі суыртпақтасақ әңгіме: «Әңгімеге елігіп қыртысымыз тарағанша ас та дағыр боп қалды. Сол күші жүрегімді шіміркендірген бір оқиғаны естімесем, әрине, бұл мәжіліс те ескі достан тапқан көп дәмнің біріндей ұмыт болар еді» [19],- деп оқырманды одан әрі жетелей түседі. Үзіндінің өзінен нақты көрініп отырғандай, бұл оқиға 1956 жылы болған. Арада өткен он жылдан кейінгі майдандастардың қауышуы үстінде айтылған, шертілген шетін сырдың арқауы әрине, соғыспен тығыз байланысты еді. Өйткені, сонау зұлмат соғыстың аяусыз бір қасіреті, аяусыз бір тақсіреті төбе шашыңды тік тұрғызбауы, жүрегіңді бір шіміркендірмеуі мүмкін емес еді. Кезінде кісі қызығарлық бір отбасының мүшелері болған Мырзахмет, Ғайни, Ғалия тәрізді жандардың бүгінгі тағдырлары арқылы суреткер Т.Ахтанов сонау соғыстың ешқандай айықпайтын, ешқашан жазылмайтын әлеуметтік-қоғамдық, адамгершілік-моральдік сипаттағы жан мен тән жараларын – дерттерін, трагедияларын шынайы бейнелеп берген. Әсіресе соғыс өзгерткен адамдардың тағдыры сол соғыстан нақақтан-нақақ зардап шеккен адамдардың моральдік-қоғамдық трагедиясы мейлінше нақты, мейлінше көркем түрде суреттеледі. Әңгіме Маңғастың атынан баяндалады. «Ал мына баланың түрі, көптен бері білетін, нағыз етене таныс адамына ұқсайды. Өзі әдемі атжақты, қызыл шырайлы бала. Бет пішіні қолдан ойып жасағандай әп-әдемі адамдар болады ғой. Ондайлар еркекте де, әйелде де болады. Дәл сондай. Ортасы сәл дөңестеу, жұқа танау қыр мұрын. Тек қана көзі қысыңқы, көз қарасы – бейнебір сенің құпияңды біліп қойып, соған қуақы жымиып тұрғандай. Бірақ мына мысқылшыл көзқарасы бар ғой, әй, таныс-ау, таныс енді». «Бір кезде "Естемесова» деп дауыстады. Бұл бір менің естіген фамилиям тәрізді. Картаға баяғы «Жұмбақ» қызым келді. Оны партасынан көтеріле бергенде-ақ танығам. Әдемі, сыпайы жүзіне жараспайтын мынау қысыңқы көз, ішіңді біліп тұрғандай көз жанарындағы қуаңқы ұшқын. Тоқта, тоқта… «Естемесова? «…»Естемесова… Естемесов Мырзахмет…» Көз алдыма сұңғақ бойлы, сұлу лейтенант елестеді. Дәл осындай жазық маңдай, нәзік танау, қыр мұрын. Әсіресе, анау мысқылшыл көзқарасы… Апыр-ау, соның баласы болғаны ма? Бірақ адамға адам ұқсай береді…[19].
Авторлық баяндау – кейіпкер ойының жалғасы, еске түсіруден, елестен туындаған оның ішкі монологын жеткізуші, кейіпкер ойының жалғасы, еске түсіруден, елестен туындаған оның ішкі монологын жеткізуші. Бұл – жазушы әңгімелерінің стилінің ерекшелігі екендігі байқалады. Сондай –ақ, бір оқиғаға кейіпкердің көзқарасы мен автордың көзқарасы қатар беріліп, оқырманға ой сала отарып суреттеуі жазушының өзіндік шеберлігі екендігіне көз жеткіземіз. Міне, баяндаушы Маңғастың жетінші класс оқушысы Ғалияны алғаш көргендегісі. Бұл – оның майдандас досы, взвод командирі Мырзахмет Естемесовтің қызы болып шығады.
«Мен осылай дал болып отырдым. Естемесов Мырзахмет майданда бірге болған жолдасым еді. Сен оны білмейсің. Мен сендерге қырық төртінші жылдың басында, Сивашта тұрғандарыңда училищеден келдім ғой. Оның алдында госпитальда біраз емделдім… Ал біз Мырзахметпен қырық үшінші жылы Гжев маңында бірге болғанбыз. Ол кезде сержантпын. Мырзахмет біздің взводтың командирі. Мен оған бағынышты болсам да, екеуіміз жақсы дос едік.…Несіне басыңды ауыртайын. Мырзахмет екеуміз бес-алты айдай бірге болдық. Жағдайында бұл талай жылға татырлық ұзақ достық екенін білесің ғой. Содан қысқасы діл қасымдағы, тіпті қасымда емес-ау, өзім арқама салып сүйреп келе жатқан Мырзахметтен айырылып қалды. Не өлі, не тірі айырылғанымды да білмеймін.
…Сол қырық үшінші жылдың көктемінде біздің майданда сондай жергілікті ұсақ ұрыстар болып жатты. «Ұсақ ұрыс» дегенмен кейде нағыз қызмет сол болатын. Немістің бір дивизиясын қоршаймыз деп селдір ағашты, батпақты жермен шабуылға шықтық. Өліп-талып мақсатымызға жаңа жеттік қой дегенде жаудың тың күштері келіп бізді кейін қарай қуып бермесі бар емес пе. Адамдарымыз да тіпті азайып қалып еді. Төтеп бере алмадық. Қоршауда қалып қоятын болған соң батпақтың үстімен кейін қарай қашып келе жатырмыз» [19] – деп жау әскерінің қуып келе жатқанын баяндайды. Көз алдымызға ұрыс даласы қылаң береді. Әңгімені оқып отырғанда соғыстың шынайы суретін көреміз. Бейнелі сөздер арқыл әсем жеткізген Т.Ахтановтың психологиялық талантын танытқан таңдаулы әңгімелерінің бірі. Бұл шығармасында адалдық пен опасыздықтың қарсылықты образын жасайды. «Жоғалған дос» әңгімесіне – Ржев маңындағы жеңіліске ұшыраған шайқас алынған болатын. Соғыс өзгерткен адамдардың бірі – Мырзахмет болса, екіншісі – Ғайни олардың бүкіл болмысы, соғыстан кейінгі он жыл ішіндегі тіршіліктері және бұдан былайғы өмірлері соғыс призмасы арқылы осылайша бейнеленеді. Ал енді мұның бәріне куәгер Маңғастың жөні бөлек. Маңғас соғыс жылдарында әуелі сержант, соңынан кіші лейтенант болады. Екеуі де соғыстан аман оралған. Бірақ екеуі – екі басқа жан. Баяғы майдандағы жан аямас достар емес. Қызметкер Маңғас жетінші класс оқушысы Ғалия Естемесовтің , оның ағасы Ғайнидің соғыстан кейінгі жылдардағы тіршілігіне адами қамқорлықпен араласады. Майдангер досы Мырзахмет Естемесовтен кезінде көз жазып қалғаны бар. Жаралы командирін құтқарам деп жүріп, миномет оғына тап болып, қалай айырылып қалғанын өзі де білмейді. Маңғас өзінің командирі, жаралы Мырзахметті жау шеңгелінен құтқарам деп жүріп, жараланып өзі есінен танып қалады. Әйтеуір, көрер жарығы бар екен, соғыста тірі қалып, елге аман оралады. Взвод командирі Мырзахмет Естемесов те соғыстан аман қалып, елге оралады. Бірақ, ол бұрынғы лейтенант емес. Адам ретінде мүлде өзгерген. Адам деген аты болмаса, бар болғаны жер басып жүрген тірі өлік… Мырзахмет Естемесовті өзгерткен қандай нәрсе? Өзін құтқарушы Маңғасты, яғни, жаралы досы Маңғасты соғыс даласында тастап кеткен сатқындығы ма? Баяғыда өзіне тең санамаса да үйленген, шүйкедей Ғайниді менсінбей керілген астамшылдығы ма? Немесе, желеңдеп желең қуып, сынықтан сылтау тауып, соғыстан қашып құтылған сатқын үрейінің әшкереленуінен бе? Болмаса жасөспірім қызы Ғалияны тәрбиелеу жөніндегі әкелік парызы мен міндетінен көкшие безініп бас сауғалағаны ма?
«Мүмкін дүмбілез офицерліктің желбуаз буымен жаңа бір сұлу тауып, соның сылқым да кербез кесепатының торына түскенін өзінен кейін санап жүрген серілігі ме? Немесе, өкініште қалған бишара донжуандықтың өтеуін қайтарам деген мүсәпір далбасалығы ма?
Міне осынау соғыстың зардап-кесірінен, зұлым апатынан, қарғыс атқан сұм сорақысынан тірі жесір қалған – Ғайни, тірі жетім қалған – Ғалия, тірі өлік болған – Мырзахмет, азаматтық кісілігін, бүкіл қарапайым өмірін асқақтатқан, ірілеткен, арына қылаудай дақ түсірмеген Маңғас жөнінде – тіршіліктің тұтқасын ұстап – тіреп тұрған тірі Маңғастар туралы тірі сыр, тірі оқиға туралы сыр шертетін «Жоғалған дос» атты әңгіме өзінің осындай тірі қарапайымдылығымен классикалық туынды болып шыққан. Хас суреткер Тахауи Ахтановқа қана тән зергер шеберліктің бір көрінісі осы емес пе?
«Былай қарасақ, шертілген бір сырдың, баяғыда болған бір оқиғаның ізімен жаңыла қалған тәрізді көрінетіні бар. Қолға алдық екен бас алмай оқып шығасың. Шын жүйріктің, шын тұлпардың бәйгеге түспес бұрын әуелде қораш көрінетіні сияқты, алдамшы әсер қалдырып, жаңылдыратыны бар. Оқып отырып, жынданып кетуге шақ қаласың да, ішкі жан-дүниесі кіршіксіз мөлдір Ғайнидің мізбақпас кеселге – психикалық дертіне қалай шалдыққанына айрықша нана түсесің. Анасы Ғайни үшін Мырзахметтің өзі де, көіз де болған Ғалияның, майданда қаза тапқан әкесіне жан теңгермей жүрген Ғалияның , тірі жетім қалін білмей – сезінбей жүрген биыл мектеп бітіретін Ғалияның тазалығына, таза сезімдеріне, таза арман-қиялдарына еріксіз аяныш білдіресің. Әйтпесе, оның тірі жетім атануға тағдырдан ешқандай тілегі де, талабы да жоқ еді ғой» [20], – деп Сайлаубек Жұмабеков өзінің көзқарасын білдірді.
Маңғастың айдын-күннің аманында досын жоғалтқаны түк те қайран қалмайсың. Қайта керісінше, от пен оқтың ортасынан аман алып шыққан, сөйтіп жау қолына қалдырмаған Маңғастың он жылдан кейін Мырзахмет Естемесовтен безінуіне, жиренуіне риза боласың.
Ал, Маңғас жараланған тұста Мырзахмет мұны неге тастап кетті? – деген сұрақтың ашық жауабын енді еріксіз іздейсің. Бақсаң бақ пайдасы үшін жасалған сатқындықтан, екіжүзділіктен, опасыздықтан асқан қиянат болмайды емес. Суреткер Тахауи Ахтанов мұны моральдік проза не дидактика арқыл емес, тек адамдар тағдыры арқылы ғана бізге көлденең тартып отырады. Қалай жору, қалай бағалау, қалай таразылау, қалай сүйсіну, қалай жаңғыру – тек оқырманның еркінде. Автор өз оқырманының қабылдау сезіміне, түйсіне қабілетіне түсіну парасатына сенеді. Сөйтіп, шешім атаулыны оқырманның патша көңілінің ырқына қалдырады.
«Жоғалған дос» әңгімесі өзінің көркемдік құдіретімен бүкіл жан-дүниеңді еріксіз түршіктіріп, еріксіз тіксіндіріп, еріксіз шіміркендіріп, еріксіз шошынтып жібереді.
Михаил Шолоховтың «Адам тағдыры» атты классикалық әңгімесіндегі Андрей Соколов қалай сүйсіндірсе, мынау «Жоғалған дос» атты классикалық әңгімедегі Маңғас та соншама сүйсіндіреді. Ал Мырзахмет Естемесов болса соншама безіндіреді, соншама сұмдық жирендіреді десек, осы шығарманың оқырманға әсерлілігі жайлы сыншы С.Жұмабек: «Қазақстан Республикасының халық артисі, көркем сөз оқудың қазақ топырағындағы ұлы шеберлерінің бірі, диктор Әнуарбек Байжанбаев осы "Жоғалған дос" әңгімесін алғаш рет қазақ радиосының эфирінен оқығанда күңіреніп отырып түңілесің, түңіліп отырып күңірене түсесің. Лағнет толы өксік пен өксік толы лағнет қалқаңда қосақабат кептелгенде қалай тұншыға түскеніңді сезбей де қаласың. Өйткені классикалық әңгіменің барша драматизмі мен трагизмі көз алдыңда тітіркендірген – шіміркендірген күйі көпке дейін кетпей елестеп, көлбеңдеп тұрып алады[64], –дейді.
Адамгершілік! Бұл сөздік қорымыздағы сөлі ерекше, мәні мәңгілі айқын, салмағы пара-парсыз парасатты сөз. Сөз ғана емес, адамның ең асыл қасиетін анықтайтын бірден-бір аяулы ұғым. Ұғым ғана емес, тіршіліктің мәнін, дүниенің санын төрт тоғандап, ұстап тұрған ең ұлы принцип. Шынын айтқанда, жеке дара принцип қана емес, заңның да, заманның да, адамның да құдіреттілігін танытатын ең ұлы күш! Өйткені адамгершілікке негізделген жерде не нәрсеге де құдірет даритындығы мәлім.
Осы ұлы күш – адамгершілік қасиет жеке адамның ғана басындағы емес, жалпы қоғамның да қордалы байлығы. Ал, оның белгілі бір адамдар бойындағы аздығынан айналасындағы адамдарға ғана емес, қоғамға да тиетін кесірі көл – көсір. Олай дейтін себебіміз, бір кесірлі адамнан көп адамға тиетін зиянның шексіз болатындығын еске алсақ, адамдық қасиеті тапшы бір адамнан көп адам зор зардап шегуі мүмкін. Сондықтан да ең қауіпті адам ар – ұяттан ада, адамгершіліктен жұрдай адам.
Жазушының терең лирикалық толғанысқа, нәзік сезімдерге толы келесі әңгімесі – «Алғашқы ән». Бұл әңгімеде композитор өмірі сөз болады. Композитор Серәлі қаладан ауылға барады. Есік алдында тұрған Серәліге бір жігіт келіп хат ұстатып кетеді. «Бүгін қолыңыз тисе, біздің үйден дәм татсаңыз. Күн демалыс қой. Гауһар» [15], – деген жазулар бар. Серәлі Гауһардың кім екенін есіне алады. Серәлі ауылға демалысқа келген, себебі соңғы кезде маңдытып ештеңе жаза алмады. Алғашқы әндері мадақталып, біраз атақ-дәрежеге жетіп қалған еді. Кейін тоқырауға түседі. Себебін өзі де түсінбейді. Серуендеп келе жатқан Серәлі әлгі хаттың қолында екенін көреді. Қайтадан оқиды. Әңгіме желісіндегі лирикалық шегіністе өте қызық баяндалады. Серәлі мектепте оқып жүргенде алғашқы әнін Гауһарға арнап шығарады. Гауһармен үш шоқының баурайында ойда жоқта кездесіп қалды. Сол кездегі Серәлінің көңіл-күйін автор былай суреттейді: «Ол балалықпен қош айтысардағы қимастығы ма әлде көкірегінде жаңа жаңа ояна бастаған күйдің үнсіз толқуы, ішкі тебіренуі ме, ол арасын Серәлі білмеді. Тек туған жердің сәске нұрына малынған тамаша көрінісін жан сезіміне бөлеп көкірегіне сіңіріп алғысы келіп ұйып тұра берді. Сыңғырлап аққан бұлақтай әсем күлкі еркін төгілді. Дала қызының назы бар тартымды, жұмсақ, кәусар күлкісі. Оған қапелімде жасынан құлағына сіңген, осы ерке үн осынау төскейден, даланың тыныс алғысы келгенде бір толқып қалған кеудесінен шыққандай көрінді. Осы даланың қойнауы мен адырып талай желпіген шырайлы үн ғой бұл» [15], – деп кейіпкерінің ішкі жан толғанысын әсем жеткізген. Бала қиялының сан-тарапқа шарықтауы, алғашқы махаббат сезімінің ояна бастауы осылай суреттеледі. Балғын махаббат сезімі ән болып дүниеге келеді. Бұл да жазушы қиялының жемісі. Қыздың күлкісіне ғашық болу- өнер адамдарының, жаны нәзік адамдардың қолынан келетін іс. Серәлі Гауһарға ғашық болады. Гауһарды «мөлдіреген бота көзді, ақ құба талдырмаш қыз», – деп суреттейді. Одан кейінгі оқиға желісі әр түрлі эпизодтардан тұрады. Серәлі мен Гауһар екеуі араласа бастайды. Серәлі үлкен қалаға оқуға кетеді. Одан кейін соғыстың төрт жылы өте шығады. Соғыстан кейін Серәлі оқуға қайта кетеді. Осы кездердің бәрінде бір-біріне хат жазысып тұрады. Оқуда жүрген жігіт қаланың қызық өмірімен етене араласып кетеді. Сөйтіп жүріп Гауһарды ұмыта бастайды. Хат жазуға уақытының жоқ екенін айтады. Осыдан бастап аралары алыстай бастайды. Әңгімеде бұлардың бәрі іс-әрекет үстінде көрініп отырады. Серәлі үйленеді. Гауһар да тұрмысқа шығады. Автор Серәлінің әйелі жайлы көп айтпайды. Гауһардың күйеуі туралы мүлдем ештеңе жоқ. Серәлі мен Гауһар Жолтайдың үйінде кездеседі. Жазушы Гауһардың көңіл-күйін, жүрек дүрсілін лирикалық шегініс арқылы жеткізген. Гауһарды көрген Серәлі оқушы кезіндегі күйге қайта түседі. Баяғы сыңғырлаған әсем күлкіні қайта естиді. Ұзақ жылдар жүрегінің түбінде жатқан сезім қайта оянады. Серәлі осы кезде дүниеде адам жанының асыл қазынасы, әсем көрінісі, қуанышы, үлкен махаббаттың бар екенін түсінеді. Сөйтіп өмірге қайта келгендей болады. «Бұдан он бес жыл бұрын жас жүректің алғашқы лебізі ән болып шығып, күй аспанына қанат қаққан балғын талант осы арада ұшып еді. Енді адам тағдырына, дүние сырына тереңірек бойлайтын ер жеткен, есейген ойлы шағы басталмақ шығар, кім біледі. Серәлі қатты ойланып қалды.
Кімге болса да ойланған жақсы ғой»[15].
Кейіпкердің иррационалды ой қозғалысы, психологиялық жай – күйі Т.Ахтановтың барлық шығармаларында кездеседі. Ол негізінен, кейіпкердің еске түсіруімен байланыстырылады да, шарқ ұрып жауап іздеуге, тірек іздеуге ұластырылады. Кейіпкер кеудесінде екі түрлі сезімнің шарпысуы және шығармадағы диалогтар полемикаға алып келеді.
Әдебиеттің зерттеу нысаны адам, яғни адамтану екенін ескерсек, әрбір адам өзінше бір әлем, ашылмаған, зерттелмеген қазына емес пе? Барлық нәрсенің өлшемі болып табылатын – Адам болмысының табиғиғатын әр ғылым өз саласы тұрғысынан зерттеп, зерделейді. «Адам психикасы, оның құпиясы мол табиғаты, есті және ессіздік т.б. секілді психологиялық үдерістер философия, психология және әдебиеттану ғылымдарына жан талдау тәсілін тудырып, адам мәселесін тереңдей зерттеуге зейін қоя бастады» [21], - деген ғалым пікіріне ден қойсақ, көркем әдебиеттің ерекшелігінің өзі сонда, ол адам жанының құпия қалтарыстарын, күйініш-сүйініштерін, бір сөзбен айтқанда, адамды психологиялық барша болмысымен толық ашып беретіндігімен тікелей байланысты.
Автордың бұл туындыда айтайын деген идеясы – адам не істеседе ойланып істегені дұрыс. Ойланбай істеп опық жемеуді көздейді. Жазушының әрбір шығармасы тек өзіне ғана тән тартымдылығы мен табиғилығы, боямасыз шынайылығымен құнды. Біз қарастырған бұл әңгімеде кейіпкер бейнелерінің басқа да қасиеттері баршылық. Бұл әрине кейіпкердің тіршілік ету ортасына, рухани жаратылысына, өмірлік көзқарасына, талап-талғамына байланысты болмақ. Мысалы, олардың жан-дүниесін алып қарасақ та, іс-әрекеттеріне назар салсақ та бір-бірінен өзгеше. Мінездері мен ойлау парасаты бөлекше, таным-түйсіктері де ерекшеленіп көрінеді. Білім-білігі де, өмірге деген көзқарасы да бір-біріне ұқсай бермейді. Бірақ, олардың қай-қайсысы да ең алдымен адамгершілік қасиетімен көрінбесе өз мәнінен айырылмақ. Жазушының бұл әңгімесіндегі кейіпкерлері арасында өмірде кездесетін барлық адамдар психологиясы бар десек қателеспейміз. Сол өмір шындығын, адам мінезін бейнелеуде, көркемдік тәсілдерді қолдануда, көркемдік шешім табуда, тақырып таңдауда, жазушы қаламының жаралығы, шеберлігі, көркемдігі, ерекшелігі аңғарылады. Әр ақында немесе жазушының бір-бірінен өзгелендіріп тұратын шығармашылығында бір ерекшелігі болатын болса, Т.Ахтанов прозасының өзіне ғана тән айырмашылығы-тілінің қарапайымдылығы идеядық тұрғыдан, барлық тақырыпты, тек адамгершілікті насихаттауға көтеретіндігінде дер едік.
Т.Ахтановтың шығармаларында әр алуан лирика – эмоционалды баяндау формалары арқылы идеялық пайым, стильдік өрнектерді табиғи түрде тартыс, характер арналарынан байланыстыра, сабақтастыра отырып, шығармашылық өміршеңдігіндегі тіршілік тынысын жан-жақты баяндайды. Әдеби шындықты өмірге келтіруде жазушының дербес авторлық нысаны болады да, оқиғаны соған қатысты өрбітіп, негізгі желі соған байланысты таратылады. Ал, шығармаға өзек болған шындық көркем логикаға сай бейнеленеді. Онда автордың ұғым-түсінігі, ой-толғанысы анық жасырынған. Өйткені, автордың сезім дүниесінен екшеліп өтіп, талғамның таразысына тартылып барып, өмір шындығы көркем шындыққа айналады.
Әңгімеге тән қысқалық композициялық жинақылық, жеке детальдарға үлкен мән беру, т.б. Т.Ахтанов прозасының басты сипаттары болып табылады. Қаламгер шеберлігінің қайнар бұлағы – халық өмірін, ауыл тұрмысын жетік біліп, әр кейіпкердің бітім болмысын, мінез-құлқын, сөйлеу мәнерін даралап ала білуінде. Бұл тұрғыда Зейнолла Қабдоловтың: Талант қыран секілді, қанатты нәрсе! Талант ретінде Тахауида қос қанат бар: бірі – реализм, бірі – психологизм. Тахауи өзінің сөз өнеріндегі қазіргі биігіне осынау қос қанатымен парлап, самғап шықты…
Дәл осы арада айта кететін бір ерекшелік – Тахауаи ұшқанмен аспандамайды, реализм рельсінен шықпайды, орынсыз романтикаға ұрынбайды». [22],-деген пікірі байламды баға.
Сонымен, жазушы әңгімелеріндегі басты ерекшелік – кейіпкерлерінің жан – дүниесін психологиялық толғаныс үстінде ашуға ден қоюын кез келген әңгімесінен байқауға болады. Қазіргі қазақ прозасындағы психологизм мәселелерін зерттеуші ғалым А. Пірәлиева суреткер психологизміне тән екі қасиетті атап өтеді: біріншіден, күрделі психологиялық жағдай мен психологиялық процесті талдау. Екіншіден, кейіпкердің рухани жан әлемінде жиі болатын күйзеліс, психологиялық қиналысты беру атмосферасы. Осы психологиялық атмосфераны беру үшін ең алдымен жазушы сол сәтті дәл де нанымды беретіндей бейнелі, көркем сөздер пайдалану керек» [21],- дейді. Бұл айтылғандар жазушы әңгімелерінде молынан пайдаланылған. Көркем әдебиеттегі психологизм, оның көркемдік бейнелеу тәсілдері: ішкі монолог, портрет, көзқарас мимикалары, пейзаж бұлардың барлығы даралық сипатқа ие болып, әдеби процесте өзіндік өсу заңдылығымен дамуын біз осы шығармалардан көреміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет