Атрофиялы созылмалы колит кезінде призмапішінді эпителий аласарып,
крипталар азайып, бірыңғайсалалы бұлшықет талшықтары көбейеді. Кілегейлі
қабықшаға негізінен гистиоциттер мен лимфоциттер шоғырланып, дәнекер тін
өседі; кейде тыртықтанып, эпителиймен жабыла бастаған ойық жаралар
ұшырасады.
Созылмалы колиттің
коллагендік колит деп аталатын нысаны да бар: кілегейлі
қабықшаның крипталарының айналасына коллаген мен аморфты белок және иммундық
глобулиндер жиналады («перикрипталық фибробластылар ауруы»). Бұл колит коллаген
дұрыс түзілмейтіндіктен немесе аутоиммундану үдерісінен туындайтын сияқты.
Асқыну зардаптары . Парасигмоидит пен парапроктит, кейде гиповитаминоз
дамиды.
БЕЙСПЕЦИФИКАЛЫҚ ОЙЫҚ ЖАРАЛЫ КОЛИТ Бейспецификалық ойық жаралы колит (синонимдары:
идиопатиялық ойық жаралы колит, ойық жаралы проктоколит ) — созылмалы ағымды
қайталамалы ауру; ішектің қабырғасы іріңдеп, ойық жаралар қалыптасып,
қанталайды, ақырында шорланып, сиықсызданады. Бұл ауру айтарлықтай кең
тараған; әйелдерде жиірек байқалады.
Этиологиясы мен патогенезі . Бейспецификалық ойық жаралы колиттің даму
барысында ішектің қабырғасына өзіндегі микрофлора әсер етіп, жергілікті
аллергиялық жауап туындататыны сөзсіз. Аллергиялық жауаптың бейнесі
ретінде сырқат адамдарда есекжем, экзема, бронхылық астма, ревматизмдік
аурулар, Хасимото жемсауы жиі байқалады. Аурудың патогенезінде
аутоиммунданудың да маңызы зор. Өйткені ішектің кілегейлі қабықшасына
антиденелер бекіп, гиперсезімталдықтың баяу типіне тән жасушалар
шоғырланады. Ішектің қабырғасында регенерациялық үдерістер бүлініп,
аутоагрессия дамып, жүйкелік құрылымдар зақымдалып, метаболизм
бұзылатындықтан, бұл ауру, әдетте созылмалы ағымды.
Патологиялық анатомиясы . Үдеріс көбіне көтен ішектен басталып,
біртіндеп бүйенге дейін жайылады. Кейде көтен ішек пен қима шекті ғана
зақымдайды, енді бірде көтен ішек пен қима ішектің және тоқ ішектің көлденең
бөлігін қамтиды немесе тоқ ішекті түгел жайлап, тотал нысанда дамиды (207-
сурет).
Аурудың морфологиялық бейнесі оның жедел немесе созылмалы
ағымдылығына байланысты (Когой Т.Ф.,1963).