Әдебиеттер
1. А. Иманбаева, Оқу-тәрбие үрдісін ақпараттандыру ділгірлігі. Қазақстан мектебі, №2, 2000 ж
2.Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға алған мемлекеттік бағдарламасы-қазақстандық білімді жаңғырту негізі»
ХИМИЯ ПӘНІН ОҚЫТУДА АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ТИІМДІЛІГІ
Көшет Е.Ү. (Ақтөбе)
Қазіргі кезде ғылым білімнің қажеттілік көлемі мен пайдалану саласы бойынша мазмұны айрықша тез өсуде. Оқыту жүйесіндегі жаңаша мазмұн – жас ұрпақтың әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруінің басты нысаны. Психологияда дүние есігін ашқан әрбір сәби қабілетті болып туылады, оның әрі қарай дамып, жетілуі тәрбиешіге байланысты делінген. Олай болса, оқытушы педагогикалық ізденіспен бірге озық технологиялардың әдіс–тәсілдерін аса жоғары талғаммен қолдана білуі тиіс.
Сонда ғана қоғамның сұранысына қажетті пәндік мүмкіншілігі жетілген, құзіреттілігі мол, дарынды шәкірттер тәрбиелері сөзсіз. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деген данышпан Абай Құнанбаев. Ұлы ақын сөзі еш уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы білімдар адамдар әр заманда заманның дамуына өз үлесін қосуда. Дарынды, жас талапты жастар – бүгінгі егеменді еліміздің жарқын болашағы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Бізге керегі – шын дарындар. Нарық қол–аяғымызды қалай қыспасын мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті» деп еліміздің болашағы жастарға үлкен мән берген. Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңына» мемлекеттік саясат негізінде әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы жеке адамның дарындылығын дамыту секілді өзекті мәселелер енгізілген. Білім берудің негізгі мақсаты – білім мазмұнын жаңартумен қатар, окытудың әдіс–тәсілдері мен әр түрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Осы мақсатты жүзеге асыруда ақпараттық технологияны пайдалану әдісі зор рөл атқарады. Ақпараттық технологияларды оқытуда қолдану-оқытудың ғылымилық, жекелік тәсілі, көрнекілік сияқты маңызды дидактикалық принциптерін іске асырып, оның түрлі құралдары мен әдістерін оңтайлы үйлестіреді.
Көптеген жаңа технологиялармен қатар соңғы кездері химия пәні сабақтарында ақпараттық технологиялар жиі қолданылуда. Заттардың құрамы мен құрылымын, қасиеттерінің құрылымына тәуелділігін, қасиеттері белгілі жаңа заттар мен материалдар алуды, химиялық өзгерістердің заңдылықтары мен оларды басқарудың жолдарын зерделеу – мектепте химия пәнін оқытудағы негізгі мәселелер. Заттар әлемін (олардың құрамын, құрылымын, бір заттың басқа затқа айналуын) зерделей отырып, оқушылар практикалық қызмет үшін тиянақты білім алуы тиіс. Осыған байланысты компьютерлік бағдарламалар, интерактивті тақта, электронды оқулықтар, мультимедия, интернет материалдарын т.б. пайдалану күнделікті сабаққа өзіндік нәтижесін беріп отырады. Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын ояту мұғалімнің сабақ өткізу тәсіліне де байланысты. Қазіргі таңда оқудың интерактивті әдіс–тәсілдері өте көп. Педагогикалық ғалым мен озық тәжірибенің бүгінгі даму деңгейінде белгілі болған оқыту әдіс –тәсілдерінің бәрінде еркін игеріп, әрбір нақтылы жағдайларға орай ең тиімдісін таңдап алу және олардың бірнешеуінің жиынтығын түрлендіре тиімді, үйлесімді әрі шығармашылықпен қолдану–сабақтың сәтті өтуінің кепілі. Ақпараттық технология негіздері тұлғаның химия пәнінен алған білім сапасы мен сауаттылығын кеңейтуге жәрдемдеседі, мысалы: интернет сайты арқылы жоғары деңгейдегі көрнекіліктерді пайдалануға болады. Заман ағымына қарай сабаққа видео, аудио қондырғылары мен теледидарды, компьютерді қолдану оқушының дүниетанымын кеңейтеді. Әсіресе, оқулықтағы тарауларды қорытындылау кезінде оқушылар қосымша материалдар жинақтап, білімдерін кеңейтіп, танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, қисынды ойлау жүйесін қалыптастырып, шығармашылығын дамытады.
Химия пәнін оқытуда ақпараттық технология мұғалімге төмендегідей мүмкіндіктер береді:
- аудиовизуалды құралдарды қолдану оқу материалының мазмұнын түсінікті, қызықты етеді;
- оқу материалын түрлі динамикалық суреттермен жан – жақты бірнеше қырынан түсіндіруге болады;
- қарапайым жағдайларда қиындық туғызатын заңдылықтарды көрсетуге болады;
-химиялықэксперименттерді виртуалды лаборатория арқылы көрсетуге болады;
-оқушылардың білімін есепке алу мақсатында тез және тиімді жолмен тест алуға болады;
-оқушыларды өзіндік жұмыс және анықтамалықпен жұмыс жасауға үйретуге болады;
-оқушының жеке ерекшеліктеріне сай жағдай жасалады;
-ақпараттық мәдениеттің дамуына және ақпараттық құралдармен еркін жұмыс жасауына ықпалжасалынады.
Жалпы дәстүрлі оқыту жүйесі мен АКТ қолданылған оқыту жүйесі үлкен айырмашылықты көрсетеді. Басты айырмашылық мұғалім ретіндегі рөлі өзгереді, АКТ қолданған сәтте бағыт –бағдар беруші функциясын атқарады. АКТ сабақтың барлық кезеңінде пайдаланылады. Мысалы, жаңа сабақты меңгерту кезеңінде материалды құрастыруға, оқыту үрдісін өзектендіруге, тақырыпты слайд түрінде дайындау уақытты үнемдеуге әкеліп оқушыларға тақырыпты тез және жеңіл түсінуге ықпал етеді. Бекіту кезеңінде берілетін деңгейлік, танымдық тапсырмаларды слайд түрінде әзірлеп, орындауға уақыт беріледі. Оқушыға өзін – өзі тексерту мақсатында келесі слайдқа дұрыс жауаптары беріледі, яғни мұғалімнің де, оқушының да уақыты үнемделеді. Тәжірибелік сабақта маңызы тіпті ерекше. Себебі көптеген химиялық реактивтердің жетіспеуіне байланысты кейбір тәжірибелерді көрсету мүмкін емес. Сондықтан бұл тығырықтан шығуда бірден виртуалды лаборатория көмекке келеді. Қайталау сабағында қай мұғалімге болмасын ақпараттың көптігі проблема туғызады деп ойлаймын, осы тұрғыда мультимедиялық презентация, компьютерлік бағдарламамен құрастырылған тест, т.б. тапсырмалар оқушы білімін есепке алуда үлкен мүмкіндіктер ашады. АКТ–ның мұғалім үшін тағы бір үлкен пайдасы оқушы білімін дәстүрлі бақылау мен бағалаудан компьютермен бағалаудағы артықшылығында.
Мысалы: - бағалаудың обьективтілігі артады;
- оқушы өз қателіктерін көреді;
- бағаны жұмыстың соңында ғана емес, әр тапсырма немесе сұрақтан кейін (ұпай түрінде) көрсетуге болады;
- бағалауға аз уақыт кетеді.
Жаңа ақпараттық технологияның осы бір негізгі ерекшелігі – бұл оқушыларға өз бетімен немесе бірлескен түрде шығармашылық жұмыспен шұғылдануға, ізденуге, өз жұмысының нәтижесін көріп, өз – өзіне сын көзбен қарауына және жеткен жетістігінен ләззат алуға мүмкіндік береді. Ақпараттық мәдениет дегеніміз – тек компьютермен дұрыс жұмыс істей білу ғана емес, кез – келген ақпарат көзін: анықтамаларды, химиялық формулалар, сөздіктерді, теледидар бағдарламаларын т.с.с. дұрыс пайдалана білу деген сөз. Мысалы, бір ғана химиялық формуланың өзінен көп ақпарат алуға болады. Химиялық формула – химиялық тілдің ең маңызды бөлігі болып есептелінеді, себебі сол заттың химиялық құрамын ажыратып береді. Жаңа технологияны меңгеру оқытушының рухани адамзаттық және басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып оқу – тәрбие үрдісінің тиімді ұйымдастырылуына көмектеседі. Жаңа ақпараттық технологияларды химиядан үздіксіз білім беру ретінде қолдану оқытушының дайындық деңгейі мен мамандық сапасына үлкен талап қояды. «Ақпараттық технология» терминін академик В.М.Глушков енгізген. Білім беру процесін ақпараттандыру оқушыға білім берумен байланысты болғандықтан, В.М.Глушковтың анықтауынша, «Ақпараттық технологиялалар» ақпаратты өңдеумен байланысты процестер болып табылады. Ақпараттық материалдар блогында интернеттен алынған немесе қосымша ақпараттардан алынған материалдар енгізіледі. Білім бақылау тапсырмаларында оқушылар тест тапсырмаларына жауап береді және ең қажеттісі орындаған жұмысының жауабын бірден көре алады.
Құқықтық нормативтік құжаттар блогында сабақтың стандарт талаптары, типтік оқу жоспары ұсынылады.
Зертханалық жұмыстар блогынан жұмыстың орындалу барысымен, қолданылатын құрал – жабдықтармен танысып, жұмысты орындауға ат салысады.
Жаттығу жұмыстары, есептер блогына кірген оқушы есептер шығарып, түрлі жаттығу жұмыстарын орындайды.
Дидактикалық тапсырмалар блогынан оқушы кестелер, хронологиялық кестелер, сызбалар, ребустар т.б. тапсырмалар түрімен танысып, өз бетімен орындай алады.
Міне, қарап отырсаңыз ақпараттық технологияның оқытушы – оқушы арасындағы қарым – қатынасынан бастап, құзыреттілікке бағдарланған білім беру моделін жүзеге асыруда пайдасы шексіз деп айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |