Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет13/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

ЖОҒАЛҒАН ҚҰЛАҚШЫН
Сол қыста тағы бір қызық оқиға болды.
Жаманшұбарға, оның ішінде, біздің жақын туысымыз Рақымбайдың
үйіне, қалаша əдемі киінген, жұқалау қара мұрты бар, аққұба, əдемі
кескінді, биік денелі бір жігіт келе қалды. Бұрын көрмеген бұл жігітті
«кім?» деп сұрасақ:
— Бауырларың,— дейді үлкендер.
— Қайдағы?
— Бəріміз Байбарақ баласымыз. Одан Бектемір, Бекқара. Бектемірден
біздің бес-алты үй тарайды. Бекқарадан Ералы, Тінəлі. Тінəліден
Рақымбай. Ералыдан осы келген жігіт, аты Ыбыш.
— Бұл қайдан келді?
— Қорған қаласынан...
Онда не істейтінін Ыбыштың өзі баяндайды. Жасы жиырма бестен асып
бара жатқан ол, кедей шаруалы болғандықтан он алты, он жеті жасында,
Жаманшұбарға ең жақын деген қала — Қорғанға кəсіп іздеп кетеді. Онда
астық заводына жүк көтеруші боп қызметке орналасқан Ыбыш, ұзатқан
апасына кеткен жалғыз шешесіне ғана жыл тəулігіне бір соғып,
Жаманшұбарға келмейді. Биыл да оның келер ойы жоқ екен немере ағасы
Рақымбай Жаманшұбарда өледі, оған келмеу ұят.
Ыбыш бұл елден жүдеп-жадап, жалаңаш-жалпы қалпында кеткен екен
енді, үлкендердің айтуынша, «төре сияқты боп» келіп отыр: аяғында
«казанский» аталатын шұбар пима, сыртында ішіне тиін терісін салған,
тысы драп, жағасы қаракөл пальто, оның ішінде трико костюм, оның ішінде
тоқыма фуфайка, көйлек-көншектері де қалаша сəнді тігілген, білегінде
сағат, басында барқытпен тысталған тиін құлақшын.
Үлкендердің айтуынша мұндай киім, Нұртаза сияқты орта бай былай
тұрсың миллионер аталатын Əлтидің балаларында да жоқ. Соған қарап,
жұрт:
— Елде жүргенде, етіне жөні бүтін көйлек те тиген жоқ еді. Жетімшілік,
жоқшылықпен күн кешкен бейшара еді. Қорғанда еңбегі жанған екен. Бұны
жұрт, елден шығып қайда барады? «Жортуыл басы жолда қалады» деп,
қаңғырып жүргенде, сүйегі далада қалмаса не қылсын деп күлген еді. Міне,
енді, адам боп келді. Дұшпан көзі қып, киініп келгені де жақсы болды! —


деседі.
Айтуынша, Ыбыштың жұмысы да ауыр екен: жыл тəулігінің он бір
айына, заводтың етегінен биік төбесіне басқышпен бидай көтеріп шығып,
үн көтеріп түсіреді екен.
— Сонда қанша көтересің? — деген сұрауға:
— Əдетте алты пұттан екі қапшықты көтерем, ерегескенде он сегіз
бұтты əкетем, бəс тіккен бір-екі ретте, үш сатылы, алпыс басқышты биікке
төрт қапты шығарғаным бар, — дейді.
Көтерсе көтергендей: денесі аса сом, бұлшық еттері аса қатты.
— Күреске түстің бе?— десе:
— Маған жүктің күресі де жетеді, қайтем күресті? Күшімді көргендер
циркке бар деген еді, осы еңбегім өзіме жарайды деп барған жоқпын, —
дейді.
«Цирк» дегеннің не екенін ауыл адамы Ыбыштан бірінші рет естіп,
«күресті де ақшаға сатады екен-ау!» деп таң қалысады.
Қаланы Ыбыш мақтайды. Ауылда күнін көре алмай жүрген кедей
жігіттерді ол қалаға барып кəсіп етуге шақырады. Оның сөздеріне жігіттер
қызығады. Бірақ бұған дейін алысқа шығып кəсіп іздемеген ауыл жігіттері,
Жаманшұбардан екі жүз елу шақырымдай жердегі Қорғанды жердің түбі
көріп, «мен барам» деген жігіт шыға қой» майды...
Ыбышты алпыс үйлі Жаманшұбардың көпшілігі қонақ қып, ауылда ол
айға жақын жүріп қалды. Көп күндер сөйлесе, үйрене келе, оның қалаға
шақыруына еліккен жігіттер де болмай қойған жоқ. Бірақ, «қыс іші
қырауда» суырылып шығуға, көбінде киім жоқ.
Ыбыштың ауыл жігіттерін бұлай желіктіруі, кəсіпсіз жалшыны болмашы
ақыға ұстап жүрген ауыл байына ұнамайды. Олардың ішінен кейбіреуі,
«қаңғырған өзің қаңғыр, жұртты желіктірме!» дегенді ашып та айтады.
Ондайлар Ыбыштың Жаманшұбардан тезірек кеткенін де тілейді.
Ескішіл жəне діншіл адамдарға Ыбыштың киім-кешегі де, жүріс-тұрысы
да, сөзі де ұнамайды.
Сөзінен ұнамайтыны, — еркіндігі. Ол жалшыларға: «Ауылдың сасық
байына аз ақыға жүріп қайтесің. Қалаға барсаң тамағың тоқ, үстің бүтін
болады, таза жүресін» дейді. Біреулердің айтуынша Ыбыш патшаға да
қарсы. Ол кейбір сенетін сырлас адамдарына «патша кешікпей тақтан
құлады» деген сөзді айтқан деседі. Надан ауылдың шошқа десе жирене
қарайтын кезінде, Ыбыш: «Ол да хайуан. Оның да еті мен майы малдікі
сияқты. Айта берсең малдан да дəмді» дейді. «Өзің жеймісің?» десе,


«негізгі қорегім сол» деп күледі. Діншілдердің құлағына бұл сөз инедей
қадалады...
Жүріс-тұрысынан ұнамайтыны — өзі төре сияқты боп жүріп, қайдағы
сорлылардың үйіне барады жəне мезгілсіз кезде барады, «жұртты
желіктіретін сөздер» сонда айтылады...
Киім-кешегінің ескішілдерге ұнамайтыны — бəрінің орысша тігілуі.
Қала формасында тігілген киімдер, бұл арада бірінші рет Шəйіннің
қолынан тарағаны жоғарыда айтылды. Оған да жаңаға бейім, ауқатты
адамдар тіккізетін. Кедейде ондай киім тіккізуге күш жоқ. Ал, ауқатты
адамның көпшілігі — орысша киімді «шоқынудың нышанасы» деп маңына
жуыттырмайтын.
Ыбыш ол заңның бəрін бұза келді. Оның үстіндегі киімдерді көргенде,
жұрт: «Шəйінді шебер дейтін ек, шын шебер Қорғанда екен ғой!.. Не деген
сұлу киімдер бұлар!» — деп таң қалысты.
Аты орысша киімді ұнатпайтын ескішілдердің өздері де, Ыбыштың
үстіндегі сұлу киімдерді жаман дей алған жоқ. Бұл жағынан аузы жабылған
олардың аузында ерекше сөз болған киім — Ыбыштың құлақшыны.
Бұл ауыл орысша киімнің өзгесін көргенмен, «құлақшын» атты киімді
əлі көрген жоқ екен сондықтан Ыбыштың құлақшыны ауыл адамдарының
арасында ерекше сөз болды. Оның себебі де бар: бұған дейін қыстыгүні
басына жапырайған үлкен тымақ киіп жүретін жігіттер, Ыбыштың ықшам,
сəнді құлақшынын көрген соң, ауыл шеберіне қағаздан үлгі піштіріп
құлақшын тіктіре бастайды. Тымақтың көбі — сеңсең. Құлақшынға бұйра,
немесе күзен, түлкі сияқты аң терісі керек. Қаражаты барларға іздегені
ептеп табылады, таба алмағандары іздеп əуре болады...
— Бір пəле келген екен! — деп кейиді, мұны көрген ескішілдер, — бұл
құлақшынды құрту керек екен...
«Бар пəлені бастаған осы» дегендей, бір күні олар Ыбыштың
құлақшынын құрытады.
Оқиға былай болады: діншілдер «бұл бөрік емес, қулықпен берік қып
шығарған кіреш» деген сөз таратады. Мұны анықтау керек. Сонда, пəтуə
айтатын кім?
Əрине, Ағатай хазрет. Ол біздің Жаманшұбардан он бес шақырым
жердегі «Ақсуат» аталатын көлді қыстайды. Жұрттың айтуынша ол «Бұхар
шəріпте отыз жыл оқып, он екі пəнді тəмəм қып келген кісі». «Ол адам
түгіл жынның да оқуын біледі, жын-шайтан маңына жоламайды, жолаймын
десе, оқумен буып тастайды». Молдалығының үстіне ол емші де. Жазы-
қысы ауылына ауру адамдар келіп жатады, сондағы емі — кітап көтеріп,
аурудың иесін табу, оны кетіретін ішірткімен дұғалық жазып беру. Кейде


ол: «Осы маңнан пəлен уақытта жын көшіп етеді, алдын ала сақтанып
құрмалдық беру керек»,— деп жар салып жүреді. Діншіл жұрт оған нанып,
айтқанын орындайды да.
Ыбыштың құлақшынында жасырын сыр бар деушілер, со құлақшынды
Ағатай хазретке жіберіп, пəтуə алуға ойлайды. Ыбыш ондай сынға
құлақшының əрине, өз еркімен бермейді, ендеше ұрлау керек бірақ қалай?
Оның əдісін Нұртаза табады. Ыбышқа үш-төрт аталық жақындығы бар
ол, бір күні қонаққа шақырады да, түнде үйіне қондырып, ұйықтаған
шақта, құлақшынды Ағатай хазретке салт атпен жөнелтеді.
Суыт жүрген адам, таң атқанша қайтып келеді. Хазреттің пəтуасы:
«Кіреш екені рас. Бұл — білдірмей бастан шоқындырудың əдісі».
Нұртаза бұл сөзге нанады да, құлақшынды пешке тығып күйдіріп
жібереді.
Ыбыш таңертең тұрса құлақшыны жоқ!.. Іздеп таба алмаған оған
Нұртаза шынын айтады.
Ыбыш жатады да ашуланады. Ашуланғанда не істесін!.. Құлақшынның
құны үш сом екен. Нұртаза оған он сом бермек болады.
Ызалы Ыбыш құлақшынның төлеуін алмайды, бірақ Нұртазаға төлеуден
əлдеқайда ауыр сөз айтады.
— Жаңалықтың құлақшынын жойғанмен, басын жоя алмайсың, — дейді
Нұртазаға, — ол түбінде сен сияқты ескішілдердің басын жояды...
— Қашан?... — дейді ашуланған Нұртаза.
— Көп кешікпейсің! — дейді Ыбыш.
— Ə-ə-ə, — деп долданады Нұртаза, — патша құлайды деп жүр деген
еді, сені? Əлі, сен патшаны да құлатарсың?..
— Мүмкін, — деп жауап береді Ыбыш, — бірақ, оны істейтін мен емес,
— еңбекші халық!..
— Солай ма?.. Күттік ендеше!.. — дейді, патша құлайды деген қауіп
ойында жоқ Нұртаза.
Кейін патша түсіп, Совет үкіметі орнаған кезде білсек, Ыбыш Қорған
қаласындағы революцияшыл жұмысшылардың ой-пікірін айтады екен....




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет