АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ЖƏМШІК ЖОЛЫ
БАСЫЛҒАН КӨҢІЛ
Сырымбет сапарынан мен аса көтеріңкі көңілмен қайттым.
Өйтпегенде ше!.. Қанша жерді көрмедім мен!.. Қанша елді көрмедім
мен!.. Ес білгелі менің бір білетінім Жаманшұбардың айналасы ғана болса,
енді мен бізден жүз елу шақырым жерде тұратын Сырымбетке дейінгі
жерді де, елді де түгел шолдым.
Жалпы жобасын алғанда ауыл атаулының бəрі — бір екен. Қай жерде
ауыл көрсең де, ең алдымен, үй саны мөлшерлес келеді. Төрт-бес үйден кем
ауыл болмайды, оң он бес үйден аспайды.
Ауыл атаулының бəрінің құрылысы да бір сияқты: əр ауылдың тергі
жағында ақ үйлері, ық жағында қараша үйлері отырады; əр ауылдың төр
жағының малы көп, ық жағының малы аз...
Ауыл атаулының мəдениет дəрежесі де бірдей сияқты: олардың бəрінде
де тарантастан əдемі арба жоқ, көшкенде жегетіндері екі доңғалақты қазақ
арба, шел пен тігіндікі сияқты бірен-саран машиналар анда-санда ғана
кездеседі...
Ауыл атаулының киімдері де бір-біріне ұқсас, қай ауылдың киімін
көрсең де, көбі қолдан тігілген олпы-солпы, фабрика киіміндегі адамды
ілуде біреуден ғана көресің...
Ауыл атаулының тамағы да бірдей: бай үйлердің ішетіні — қымыз,
жейтіні — ет, нанды олар өте аз жейді, бір үй толы қонақтың алдына
жайылған дастарқанға төгілетін бауырсақтың мөлшері бір-екі аяқ қана,
қазіргі мөлшермен айтқанда бір килоға жетер-жетпес; кедей үйлердің
ішетін ағы — айран, жемі — құрт пен ірімшік олардың үйінен нанды ілуде
біреуде-ақ кездестіресің...
Ауыл атаулыдағы кедейлердің бəрі де біздің ауылдың кедейлеріндей
кəсіпсіз көрінеді. Бірен-саран ғана адам болмаса, ауылдан ұзап кəсіп
іздемей, не өз ауылындағы байға жалшылыққа тұрады екен де, ол болмаса,
өзінің қолындағы бірер қарасын бағып күнелтеді екен...
Жолшыбайғы кездескен ауылдардың адамдарының сана-сезімдері дəл
біздің ауылдың адамдарындай тар, төргі ақ үйде тұратын бірен-саран
байлар ғана болмаса, өзге үйдің адамдары төңірегіндегі жиырма, отыз
шақырымнан арғы дүниеде не боп жатқаннан хабарсыз...
Қысқасы, Сырымбет пен Жаманшұбардың арасындағы ауылдардың
шаруашылық жағынан да, мəдениет жағынан да, дүнияға көз қарасы
жағынан да ешбір айырмасы аз.
Бірақ осыларды көріп қайтудың өзі адамға қанша білдім!.. Бұрын менің
ұғымымда, жер жүзіндегі жалғыз ауыл Жаманшұбар ғана сияқтанса, енді
ауылдар менің көз алдымда тізбектеліп көбейіп кетті. Бұрын маған жер
жүзінде Нұртазадан артық бай жоқ сияқтанса, одан артық шешен жоқ
сияқтанса, енді мен ондайдың талайларын көріп қайттым. Маған
кейбіреулер одан дəулет жағынан да, «кісілік» жағынан да анағұрлым
артық сияқтанды...
Бұрын маған жер жүзіндегі ең мықты балуан Қанапия ғана көрінсе, енді
мен, балуандардың балуаны Балуан Шолақты көріп қайттым...
Бұл жолымда мен əншілердің де, күйшілердің де, жыршылардың да
талайын көрдім...
Бұл сапарға аттанғанша «орыс қаласы»
42
дегеннің не екенін мен атымен
білмеуші ем. Жол бойы біз талай поселкелерден өттік талайларына қондық.
Маған ең алдымен, орыс поселкелерінің көше-көше боп орнауы ұнады.
Əсіресе, — ұнағаны, — үйлері. Бұлардың ең сорлы үйі, біздің
Жаманшұбарда ең жақсы деген Нүртазаның үйінен əлдеқайда көркем,
əлдеқайда жинақы... Ал, кейбір ағаш үйлер ше?.. Бұларды менің серіктерім
«байлардың үйлері» дейді... Бұрын ондай үйлер көрмегендіктен, маған ол
үйлер кітапта суреттейтін жұмақ сияқты!.. Серіктеріме еріп, ондай
үйлердің бірен-саранына мен кірдім де!.. «Мебель» аталатын дүниені менің
бірінші көруім сонда... Міне, қайда тамаша!... Қора-қопсылары қандай ол
үйлердің? Кітаптан ғана оқыған сарайлар сияқты!.. Оларда мен кейбір асыл
тұқымды жылқыларды, сиырларды кездестірдім... Күтімді арғымақтар
маған кітаптан оқитын жұмақтағы пырақ сияқтанды... Мұндай жылқыны
мінген кісіде де арман бола ма екен!..
«Овощь» дегенді менің естуім де, көруім де осы жолы ғана... Менің
серіктерім орыс поселкесіне соқса-ақ, таңсық көріп қияр, морковь, картоп
сатып ап жейді... Не деген тамаша олар?.. Нан ше?.. Ашытып пісірген орыс
наның мен бұған дейін татпақ түгіл көрген жоқ едім... Енді көрсем, —
қандай дəмді!.. Ол нанды мен түгіл, менің ересек серіктерім де құмарта
жеп, «шіркін, орыстың наны-ай!» деп тамсанады...
«Егін» дегенді де менің бірінші көруім осы. Поселке маңайында
жайқалған сол жылғы егін шығымды екен. Серіктерім ол егіндерді əдейі
тоқтап көреді де, «шын байлық осы-ay!» деп сүйсінеді, қазақ ауылдарының,
олардың ішінде өздерінің егін салмауларын сөгеді...
Орыстың өмірін сөз қылғанда, менің, серіктерім: «дүние ғамалы орыста
ғой!.. Тұра білетін жұрт қой, бұл!» деп көтермелейді...
— Соның, бəрі бір орын теуіп отыруынан, — дейді Мəшік — орнығып
отырған соң, бір қазық болса да жинала береді, қора да, үй де күтіледі...
Біздің бұлай тұра алмауымыз, — көпшелілігімізден... Жерге тұрақты
мекендейікші, біз де осы орыстардай боламыз...
— Ол қашан! — деп уайымшыл Таспай алысқа сілтесе:
— Көп ұзаққа да бармас сол, — дейді Мəшік — заманның өзі қазақты да
солай тұрғызуға əкеле жатыр ғой!..
Бұрын мен іс тігетін, шөп шабатын машиналарды ғана көрсем, мына
сапарда адамша сөйлейтін машина, — граммофонды да көрдім...
Сырымбеттен елге беттеген сапарымызда, «шайтан арбаны» да кездестірдік
онымыз, — қазіргі велосипед!.. Бұрынғы көрген машинам көліктің күшімен
жүрсе, мынау машина адамның аяғының күшімен ғана жүреді. Бұған мен
түгіл, менің, қасымдағы Мəшік пен Таспай да таңғалып: «Апырай, бұдан
былай ат қалып, машинамен жүріп кетпегей едік те!..» — десті...
Ағаш арасында туып, өмірімнің алғашқы төрт-бес жылын ағаш
арасында өткізгенмен, ағашсыз Жаманшұбарға көшіп барғаннан кейін
«орман» дегеннің не екенін мен ұмытқам. Сырымбет жолында мен неше
түрлі қалың орманды да көрдім... Кішкене көлемді келдің өзі сирек
кездесетін Жаманшұбардың, шөлейт даласында өскен маған, Есіл сияқты
кең арналы, мол тоғайлы ұшы-қиырсыз өзенді көру қандай тамаша!.. Қай
жағына қарасаң да төмпеден басқа биігі жоқ Жаманшұбардың жазық
даласында өскен маған Сырымбет сияқты тауды көру қызық!..
Міне, осылар сияқты жердің толып жатқан жаңа көріністерін, елдің
толып жатқан жаңа көріністерің адамдардың толып жатқан жаңа
көріністерін ауылға қайтқаннан кейін мен əңгіме ғып айтпаймын ба!..
Менің бұл сапардан үйреніп қайтқан толып жатқан ертегілерім, толып
жатқан əңгімелерім, толып жатқан əндерім бар емес пе!.. Соларды да,
айтпаймын ба, ауылға бара мен!..
Осылай тасып келген көңіл Достың басында отырған ауылдың қотанына
кірмей-ақ басылып қалды.
— Қай үйге түсесіз? — деп сұрадым мен Мəшіктен, біздің ауылдың
төбесі көрінгенде.
— Нұртазаның үйіне, — деді ол.
Біздің елдің, салтында ауылға жақындаған жолаушы атын ақырын айдау
əдеті бар. Атты қатты айдаған адамға: «Мынау, жатақ емес пе, өзі» деп
күліп
отырады.
Сондықтан
ба,
болмаса
алыс
жолға
жорытып
қажыңқыраған аттарды аяғандықтан ба, ауылдың төбесі көрінген соң:
— Ақырын жүргіз, атты! — деді Мəшік.
Оның, бұл сөзі маған жаға қойған жоқ. Менің ықтиярыма салса, лепіріп
келе жатқан көңілдің екпінімен ауылға шауып кірер ем. Бірақ ат иесі айтқан
соң амал нешік аржағынан қаттырақ жортып келе жатқан атты бүлкілдеген
жортаққа ғана түсіруге тура келді...
Жаз күндері біздің арада жолаушы аз болады, əсіресе, нар ат жеккен
жолаушы аз болады. Сондықтан ба, болмаса бізді таныды ма, алдымыздан
бір топ бала жүгіріп шыға келді... Біздің ауылдың балалары!.. Бəрін де
танып келе жатырмын... Мен оларға көп қызық əңгімелер əкеле
жатырмын!..
Арбаға асылғандай екпінмен жүгіріп келген балалар мені көріп «Сəбит,
Сəбит» деп шуласқанмен, жат адамның арбасына жанаса алмай, қатарласа
жүгірді. Солардың ішінен, Мұстафаның кіші баласы Шəкен арбаға таянып
келіп қалды.
— Арбаның астына түсер ме екен мына бала! — деді Таспай.
— Кім баласы өзі? — деп сұрады Мəшік.
— Мұстафаның баласы, — деді Таспай.
— Е-е-е, — деді Мəшік. — Ағасын танып жүгіріп келеді екен ғой,
пақыр. Сағынғанын қарай гөр! Мінгізіп алайық, өзін!
Мəшіктің сөзіне емексіді ме, болмаса əдеттегі батылдығын істеді ме, —
тарантастың алдында отырған менің қасыма Шəкен қарғып мініп алды.
Екеуміз құшақтаса кеттік.
— Божыдан айырылады-ау, мынау! Не болды осынша бауырмалсырап?
— деп Таспай божыны қолына ала берді. Шəкенді мен құшақтап сүйіп
жатырмын, өйткені, ол — менен жеті жас кіші жəне жандай жақсы көретін
інім.
Шəкенмен құшақтасып мауқым басылғанша, аттар ауылға таянып та
қалды. Жол ауылды жанап тура тартады. Нұртазаның үйіне бару үшін
жолдан бұрылып, ауылды жағалау керек, өйткені жолаушы қотанменен
жүрмейді.
Мұстафаның үйі жолдан біздің Нұртазаның үйіне қарай бұрылатын
тұсымызда тұр. Бұл үйді мен анадайдан танып келем. Бір кезде араздасып
шыққан бұл қара құрым үйге кейінгі уақытта мен қайтадан қатынаса
бастағам. Қатынаспауыма болмаған, өйткені ол үйде менің дүние жүзінде
ең жақын көретін жалғыз адамым — апам Ұлтуғанмен, кішкене
қарындасым Мəржам бар... Қамқорсыған ағайындарым мені олардан
айырам деп қанша талаптанғанмен айырылмай қойғам. Сөзбен де, таяқпен
де тия алмауына көзі жеткен олар кейінгі кезде жолықсам да, үндемейтін
болған...
Сырымбетке сапар шегердің алдында мен апама амандасып кеткем.
Сонда ол менің жолға шығуымды бір жағынан қуаныш көргендей, екінші
жағынан алыс сапарға жіберуге қимағандай жылап тұрып бетімнен
сүйгенде:
— Бар, қалқашым! Аман барып, cay қайт! Жер көріп, ел көріп келесің.
Тек, көңілдің мұңдылығы ғой, əйтпесе, қуанышпен шығарып салатын жол
ғой, — деген.
— Маған базарлық алып қайт, — деген ол көз жасын тиып, күлімсіреген
кескінмен менің, бетімнен қайта сүйіп.
Сырымбет сапарынан менің оған əкеле жатқан екі базарлығым бар:
біреуі — бес тиынның түйреуіші, біреуі жиырма бес тиынға алған қызыл
жиек, ақ жібек орамал. Бұл сыйлықты мен тиындап жинаған ақшаларыма
алғанмын.
Ауылға жақындағанда маған келген ой — «Біздің аттар мен арбаны
Ұлтуған алыстан таниды да, есік алдына шығып, қарап тұрады... Мен аттар
барып тоқтаған үйден оған қарай жүгірем... Ол маған қарай жүреді...
екеуміз құшақтасамыз... Ол мені сүйеді... Мен оған базарлықтарымды
беремін...»
Ауылдың қарасы көрінген соң-ақ, менің екі көзім Мұстафаның үйіне
тігілді. Жақындаған сайын, əрбір минут сайын мен Мұстафаның қараша
үйінен апамның шыққанын күттім... Міне, ауылға жақындап та қалдық...
Міне... балалар да жүгіріп келді... Міне, Шəкен де кеп арбаға асылды...
Міне, жолдан да бұрылдық... Міне, Мұстафаның қара құрым үйінің
қасынан өтіп те бара жатырмыз.
«Ұлтуған қайда?»
Мен бұл сұрауды бүкіл айналамдағы дүниеге: ауылға, оның адамдарына,
далаға, жерге, көкке... қысқасы, бүкіл дүниеге қойғандай жан-жағыма
жаутаңдай берем. Дүнияда Ұлтуған атты кісі жоқтай бүкіл дүние мелшиіп
маған жауап қатпайды!..
«Не болды?»
Бұл сұрауды қойғанда көңіліме əлдене бір күдіктер туып, жүрегім
ойнақшып кетті. Нұртазаның үйіне аттарымыздың басы кеп тірелген соң,
бұл ойнақшу үдей түсті...
Бізді көрген ауылдың адамдары Нұртазаның үйіне қарай шұбыра
бастады. Біз таянғанша, олар топталып та қалды. Арбадан түскен
жолаушыларды шуласқан сəлеммен олар қарсы алды...
Мен ше?..
Мен Шəкенді оңаша алып шықтым да:
— Ұлтуған қайда? — деп сұрадым.
Шəкен жауап берместен теріс айналып кетті. Көңілге кірген күдік тағы
да үдей бастады. Қашқалақтаған Шəкенді ұстап алып, бетін бері қарай
бұрсам, көзінде мөлтілдеген жас тұр екен.
— Ұзатып жіберді ме? — деп сұрадым, мен.
Шəкен жауап берудің орнына солқылдап жылап қоя берді.
Ұлтуған ұзатылып кетіпті. Жұрттың айтуынша оны ойдағы Сибанда,
Жайылған аталатын ауылда Болатбай деген кісіге берген. Алғашқы күндері
жылап жүргенмен, артынан көргендерден Болатбайдың қандай адам екенін
сұрастыра бастадым.
— Əйелі өлген біреу екен — деді маған баяндаушы, — жас мөлшері
біздің Аткелтірлер шамалас болар...
Аткелтір деген адам — ол кезде жасы елуге келген қара сақалды кісі. Ал,
менің апам он бестен он алтыға жаңа шыққан жас қыз... Мұндай да сұмдық
болады екен!
Бірақ кімге сөзің етеді. Мұстафаға бұл туралы батып айта да алмаймын
жəне айтқанмен не пайда! Болар іс болған. Ауылдың өзге адамдарының
жамандайтыны Мұстафа. Бүкіл ауыл болып, жалғыз Мұстафаға шамалары
қалай келмегеніне мен қайран қалам...
Мен Сырымбеттен қайтып келгенде ауылда үлкен жаңалық боп қалған
екен. Бізді оқытатын молдамыз Хабибулла Ғазизуллин кетіпті. Ауылға жаңа
молда кепті. Ол — қырбықтау ғана мұрты бар, шаһарша киінген, басында
дөңгелек қара барқыт тақиясы бар, көк көздеу, шашы мен мұрты сарғылт,
аққұба өңді татардың жас жігіті. Жаманшұбардың балалары осыдан оқи
бастапты. Фамилиясын ұмыттым, аты — Идіріс: Жұрттың айтуынша, одан
бала бір айдың ішінде хат танып кетеді, есепке де жүйрік болады. Расында
солай екен. Кішкене молдадан əлденеше жыл оқып не хат, не есеп
білмейтін балалар, қазір екеуіне «жетіліп қалыпты»... Олардан басқа да
оқылатын «дүняуый» сабақтар да көп екен мысалы, хайуандардың,
өсімдіктердің тіршілігі, жердің, күннің, жұлдыздардың жаратылысы сияқты
ғылымдар. Шəйін ағай үгіттеп жүретін «жадид» осы екен қазақтар «Төте
оқу» деген ат қойып апты.
Идірісті Нұртаза алып кепті. Нұртазаның Рабиға атты бой жеткен қызы
бар. Со қыздың қалың берген күйеуі Ғаббас Уфаға барып, «Медресе Ғалия»
аталатын татардың жоғарғы мектебінде оқып жүреді екен де, жазғы
демалысқа шыққанда кластас Идірісті еліне ертіп қайтады екен. Оқудан
келген күйеуінің амандығын білуге барған Нұртаза, Идіріспен сөйлесіп,
жаздай бала оқытуға жалдап əкелді, ақысы — елу сом.
Нұртаза Идірісті алып келгенде, ауылдың өзге адамдары біріншіден:
«Мынау жап-жас жігіт молда боп не оңдырады?» деп; екіншіден: «Орысша
киінген біреу ғой мынауың, осындай молда бола ма екен?» деп; үшіншіден:
«Бағасы қымбат қой мұның, елу сом деген сұмдық емес пе, оң он бес
қойдың құны, сонша қымбат төлеп, балаларымызды оқытпасақ болмай
ма?» — деп ризаласпайды. Жұрттың қалпын көрген Нұртаза:
— Өздерің біліңдер, оқытпасаңдар, мейілдерің. Ал, мен өзімнің жалғыз
Молдағазиымды оқытсам да, бұл молданы енді қайтармаймын, азар болса,
жамандатып өлетін бірер жылқының, құны шығар, — дейді.
Идірістен алғашқы күндері Нұртазаның баласы Молдағазы жалғыз
оқиды. «Төте оқу» молдасының оқуы жеңілдігін көрген ауыл адамдары
біртіндеп балаларын бере бастайды. Мен келген кезде, Идірістен жиырма-
отыздай бала оқиды екен. Идіріс бұрынғы молдадай балалардың үйлеріне
жұмалап қыдырмайды екен. Ол Нұртазаның жиені Бірəлінің отауын
босаттырып алыпты да, баланы үнемі сол үйде оқытатын жəне өзі үнемі
сол үйде жататын бопты. Асты да ол, сол үйден ғана ақысын төлеп ішеді
екен.
Идірістің оқуы балаларға жылдам қонуына түп-түгел риза болатын ауыл
адамдары, оның бір ғана сабағына аса наразы екен ол — жаратылыс
сабағы. Ол оқытатын жаратылыс сабағының айтуынша,— жер жұмыртқа
сияқты домалақ жəне күн айналмайды, жер айналады...
Осы жөнде молданы жек көрушілер де аз емес екен. Соларды бастайтын
— Бəтжан молда... Жұрттың айтуынша, Бəтжан молда аз күннің, ішінде
Идіріспен бірнеше рет төбелесіп те қалған. «Ауылға осындай молданы
əкелдің» деп ол Нұртазамен араз да екен.
Жердің айналуын айтудан басқа тəңіріге нұқсан келтіретін сөзге молда
жоламайды екен. Оның айтуынша да «Құдай бір, құран шың пайғамбар
хақ».
— Бірақ, — дейді ол, ескі оқудың айтуындай адамның істейтін харакеті
лаухым-махфузда күн бұрын жазылып қойған жоқ. Адам тіршіліктегі
бақытын өзі қолымен жасайды. Ол үшін адамға ғылыммен байланысты
болу керек.
Идірісті ауыл адамдарының жəне бір ұнатпайтыны: Молда» боп ол
намаз оқымайды екен ораза ұстамайды екен, дəретпен жүрмейді екен
соның үстіне шылым тартады екен жəне шаш қояды екен.
— Мұның қалай? — дегендерге:
— Дін шартын ұстау жұртқа емес, əркімнің өз басына керек, — дейді
екен Идіріс — көпшіліктің алдындағы менің міндетім — еңбекақы
алғаннан кейін балаларын оқытып беру. Осы міндетімді дұрыс атқарсам,
менің
өз
басымның
дін
шарттарын
орындау-орындамауымда
жұмыстарыңыз болмасын.
Көпшіліктің ұғымында «бұл молданың оқуының түбі жоқ». Өйткені
Бəтжан сияқты шалағай молдаларды бұлай қойғанда, «он екі пəнді тамам
қылды» дейтін Ағатай хазіреттің өзін бұл молда бір жерде айтысып,
шоңқитып кеткен. Ағатай хазірет Нұртазаның үйіне келіп отырды да:
— Сені жəдиттің молдасын жалдап əкелді деп еді, рас па? — деп
сұрайды.
— Рас, — дейді Нұртаза.
— Ондай дін бұзғыштарды қайдан жолатып жүрсің? — дейді хазірет.
— Дінді бұзған молданы көрген жоқпын, — дейді Нұртаза. — Ол да
тəңіріге, пайғамбарға, құранға шек келтірмейтін көрінеді. Намаз оқып,
ораза ұстамауы жастығы шығар. Соның жасындағы қай бозбала дінді күтіп
жүр. Ал, оқытуына келгенде мен баланың миына оқуды мұндай
қондыратын молданы көрген емен. Мұның оқытуының қасында бұрынғы
оқулардың бəрі азап екен.
— Зиректің бəрі жақсы бола берсе, шайтаннан зирек кім бар? — дейді
хазірет.
Хазіреттің «төте оқуды» жек көретінін байқаған Нұртаза бұл жөнде
онымен көп сөйлесуді қажет көрмей:
— Хазірет,— дейді оған, — сіз ғұлама адамсыз, сыйлайтын кісімізсіз,
жасыңыз үлкен ақсақалсыз, сондықтан бұл жөндегі кеңесті доғаруыңызды
өтінем!
Нұртазаны сыйлайтын хазірет сөзін осымен доғарады. Хазіретке
сойылған малдың еті піскен кезде, Нұртаза Идірісті де шақыртады. Идіріс
үйге аузындағы шылымын сорған қалпымен кіреді. Шылымды күнə деп
жоритын хазірет сыпайышылығын ұмытып, Идірістің сəлемін алмай:
— Ақмақ, шылымыңды таста! — деп ақырады. Сонда Идіріс, шылымын
тастамастан кейінірек кеп отырады да:
— Хазірет, сіз маған неге ұрсасыз? Шылым тарту пайғамбардың
хадисінде бар ғой,— дейді.
— Бар болса, кəне айта ғой! — деді хазірет жекіп. Сонда Идіріс:
— Пайғамбар салла аллаһұ ғалайһи уəссəлəм, Əбубəкир Сиддик, шылым
туралы сұрағанда, рауаят қылған: — «Аддұхани кəйфиятəң уəлəу кəнə
махурқиятəн уа — ин кəнə папиросан тайбин» деп. Осы хадисті қалай
бекер деп айтасыз? — дейді.
Сонда хазірет. сасып қап:
— Бұл «хадиси мұтауатырдан» кездесуі мүмкін, оны біз оқыған жоқ едік
— депті.
Жұрт сонда: «Япырай, хазіретті сүріндіріп кетті-ау, мұның оқуы одан да
артық екен-ау!.. Хазіреттен де оқуы көп кісі болады екен-ау!..» — деп
тарасыпты.
Артынан сұрастырса, «оқуы көп» дейтін хазірет арабтың тілін шалағай
біледі екен де, соны естіген Идіріс өз жанынан «хадис» шығарған екен.
Мағынасы: «түтін адамның ажарын келтіреді, махорка тартсаң көңілің
ашылады, папирос тартсаң тіпті көңілденесің», — деген сөз екен. Надан
хазірет арабша айтқан бұл сөздің мағынасына түсінбейді. Оған арабша
сөздің бəрі де «хадис».
Осы Идірістен мен де оқуым керек еді, өйткені менің аңсаған оқуымның
өзі осы ғой. Бірақ мен одан оқымадым. Сонда мен оның оқуына
қызықпаған жоқпын. Сырымбет сапарынан қайтқаннан кейін оның бала
оқытатын үйіне барып, бірнеше күн отырғанның өзінде-ақ, мен ептеп
жазуға үйреніп қалдым.
Бұдан бұрын біз «жазу» дегеннің не екенін білмейтін біз. Бізді оқытқан
Хабибулла Ғазизуллиннің өз фамилиясын да жаза білмейтін кісі екенін біз
жоғарыда баяндадық. Ол молдадан оқып жүрген кезде бізге «жазу»
үйрететін — Тайжан, Бəтжан сияқты «хат білетін» адамдар. Олардың бізге
үйрететін «жазулары»: «Яна Тайжан, яна Аткелтір, яна Қайыз, яна Үкіжан,
яна Шақшау» деген сияқты кісі аттарын ғана жазу болатын. Бұл аттардың
да жазуында ешбір емле тəртібі болмай, мысалы: «Аткелтір» деген сөз
«Атклтр» боп, басындағы «а» дан басқа дауысты əріп араласпай
жазылатын.
Бірнеше жылдан кейін біз хат жазудың мынадай бір стандартты түрін
ғана үйренгенбіз: «Əл-хат, нисфы əлмалақат. Сізгə ғиззəтлу уа хұрмəтлу
ағамыз фəлəң фəлəн уғлина дұғай сəлəм. Мə бағдында біз тарафтан хал-
ахуал білмəк идараңыз олса, əлхамду лиллəһи сағ уə сəлəмəтміз...»
Кімге кім хат жазса да, алдына осы айтылған сөздерді салып алатын да,
басқа айтатынын содан кейін ғана қысқаша баяндайтын. Жəне де ешбір
емленің тəртібімен жазылмаған бұл сөздерді оқу, ілуде біреудің ғана
болмаса, көбінің қолынан келмейтін.
Идіріске жолыққанша менің қолымнан да келетін «жазудың» түрі, не
жоғарыда айтылғандай тізбектелген кісі аттары болатын да, немесе
жаңағыдай стандарттық хаттың түрі болатын.
Идірістің оқытуымен ес білген бала бір ай түгіл бір жұманың ішінде де
ойдағы пікірін татарша емлемен болса да, еркін жазып кететін. Тəртібі
жеңіл осындай оқуды оқығым келсе, маған мүмкіншілік те бар еді. Себебі
қыс болмаса, жаз күндерінде ауылда ақ көп болады, ірімшік құрт сияқты
жем де аз болмайды, бұндай асты маған біздің ауылдың қай үйі болса да
береді.
Молданың оқуы жаныма жаға тұра, ол орналасқан мына ауыл маған
құбыжық сияқтанды. Маған бүкіл ауыл боп менің жалғыз жетім апамды
борышына бергендей сезім пайда болды. Жатсам, да, тұрсам да, жүрсем де
менің, көз алдымнан апам кетпеді. Апамды жұтқан жалмауыздай бұл
ауылдан менің кеткім келді де тұрды.
Бірақ қайда бару керек?
|