ТЕМIP ЖОЛ ТОРАБЫНДА
Жылаған мені, жұпыны киімді қартаң қазақ ұрсып уатты. Жөнімді сұрап
алғаннан кейін:
— Мұндай жасық болсаң,— деді ол,— осынша алысқа оқуға келетін нең
бар еді? Аяқ-қолың, балғадай жас жігітсің, аштан өлем деп отырмысың?
Қой əрі, көзіңнен сораңды ағызбай! Мен сияқты жүк көтерсең, де аштан
өлмейсің.
Бұл сөздерден бойым ширап, жылауымды доғарғаннан кейін, қарттың
аты-жөнін сұрасам, бала көзінен осы вокзалда жүкші боп істейтін
Қайырбеков Қадыр деген адам екен. Хал-жайымды біліп алғаннан кейін:
— Күн кешкіріп қалды,— деді қарт,— мекемелер қазір жабылды.
Қалалы жердің адамы, танымаған кісісін қондырмайды.
— Неге?— дедім мен, қонам деп келген кісіні таныса, танымаса да бетке
қақпайтын ауылдың дағдысымен.
— Кім көрінгенді қондыра беретін ауылын, емес бұл,— деді Қадыр
менің ойымды түсінгендей.— Қалалы жерде ұры-қары көп болады, əсіресе,
мынадай кезде. Осы Омбыда не көп, аш, жалаңаш көп. Оларға жəрдем
беретін ешкім жоқ. Содан кейін ұрлық қылмағанда не істейді. Көшелерде
ғана емес, үйлерде де тонап кету, өлтіріп кету Омбыда қазір дағдылы іске
айналды. Сен бала, қалаға түнде бармай-ақ қой, ұры-қарыға кездесіп
жазым боларсың, ешкім тимегенде де, осындай суықта, көшеде сандалып
бос жүрудің сəні жоқ. Одан да біздің үйге барып бүгін қон. Тамаққа қарық
болам деп барма, ықыласқа қарық болам деп бар.
— Өз үйіңіз бе?
— «Үй» деп қайбір үй дейсің. Кішкентай ғана баспана. Кемпірімізбен
екеуіміз ғанамыз.
— Балаларыңыз жоқ па еді?
— Туған да, өлген,— деді Қадыр күрсініп,— екеуден екеу-ақ тұрамыз.
Əйелім сырқат, жұмысқа жарамайды. Менің азын-аулақ табысыммен зорға
деп күн көреміз, дүние күйіп тұрған қымбатшылық!.. Ал, сонымен, жүр,
шырағым, біздің үйге! Бүгін тынығып ұйықта, ертең өзім веткаға мінгізіп
жіберем.
Қартқа еріп кете бардым. Кешкірген далаға қою тұман түскен екен, көз
алдыңдағы əрең көрінеді. Біз бытықы-шытықы темір жолдардың үстімен
кеттік. Мұншама кеп жол болар ма!.. Жəне өрмекшінің ауындай айқыш-
ұйқыш кезіккен жолдар... Олардың бойын өрлей, ерсілі-қарсылы поездар да
жүріп жатыр, қиқуын сала, паровоздар да жүйткіп жүр. Əлдеқайда, аласалы
- биікті бағаналардың басында қызылды-жасылды, ақты, сарғылтты,
дегендей əлденеше шамдар жанып - сөніп тұр. Əр жерде қиқулаған
паровоздардың тұтасқан даусы құлақты тұндырады... Əлденелерді істеп, əр
жерде əбігер боп жүрген адамдар...
Қызылжар вокзалының маңында, салт мінген қалпыммен байқамай
жүрем деп поездың астына түсіп қала жаздаудан жүрегім шайлыққан мен,
Омбының бытықы-шытықы темір жолдарының үстін кезіп келе жатып,
жан-жағымды
жөңкілген
составтар
мен
паровоздардан
жасқанып
жалтақтасам:
— Қорықпа,— дейді Қадыр,— менімен жүргенде, сені бəрібір поезд
баспайды. Бұл бізге ауылда мінетін атың, сияқты.
Қадырмен қолтықтаса келе жатып, тарсыл-тұрсылға бойым үйренгеннен
кейін, поездың баспауына сенгеннен кейін, қарттан мен, «Анау не?.. Мынау
не?» деп көрінгеннің бəрін сұрай бастаймын...
— Айтқанмен түсінемісің, оның бəріне,— дейді Қадір.— Темір жол
бойында мəн кеп. Бұл үлкен шаруа. Не көзі қанықпай, не оқымай мұның
мəнін адам біліп болмайды.
— Сен бала, қандай оқуға келдім дедің?— деп сұрайды Қадыр менен.
— Мұғалімдік курсқа.
— Бала оқытатын ғой, ол «мұғалім» дегенің.
— Иə.
— Соның саған керегі не? — дейді Қадыр,— сомадай боп, тай үйреткен
адамдай, кішкене балаларды оқытып тұрасың ба? Одан да осы темір
жолдың оқуына неге түспейсің? Білгенге бұл тамаша жұмыс қой.
— Бар ма, ондай оқу?
— Бар еді, бірақ қазір жабылды.
— Неге?
— Колчактың жауып тастап жатқан школасы бір бұл емес, талай
школалар жабылып жатыр...
— Неге?
— Күші жоқ. Бар күші соғысқа кетіп жатыр.
— Ендеше, маған неге айтасыз, «Темір жол оқуына түс» деп?
— Тілеуіміз алдымызда емес пе? — дейді Қадыр күтіп,— үнемі осындай
қысаңқылық бола береді деймісің. Заман кеңімес деймісің?
— Колчак құлап па?
— Оны заман көрсетеді де,— дейді Қадыр.
— Заман түзелгенше мына оқуда бола тұрмаймын ба? —деймін мен
қуланған боп.
— Əй, сол оқуыңның да реті келсе игі еді! — дейді Қадыр.
— Неге келмейді?..
— Алашорда ашқан курс деген жоқсың ба?
— Иə?
— Сол Алашордаңда күш жоқ қой.
— Неге?
— Қоңсының күні жақсы болғанын қашан көріп ең? Колчакқа қоңсы
қонып отырған жоқ па, Алашорда? Өзінен артылғанын бермей ме, оған
Колчак?.. Колчактың өзінен артылары жоқ, артылу түгіл жарып та отырған
жоқ. Өзі аш кісі, қоңсының аштығын не қылсын, «өлмесе жаны шықсын»
деп отыра бермей ме?
— Өзіңіз барып кердіңіз бе, Алашордаға? — деп сұраймын мен.
— Неменеге барам, онда?
— Қазақтың мекемесі емес пе?
— «Қазақтың!»—дейді Қадыр кекеткен дауыспен.— Қай қазақтың
қамын жепті ол, «қазақтікі» болатын?..
Мен алашорда газеттерінен оқығанымды айтсам:
— Бəрі былшыл сөз! — дейді Қадыр — Қазақтың байлары мен бектеріне
ғана қамқор болғысы келеді. Онымен қанша ұзаққа барады ол? Ауыз
жаласқан досы Колчак. Оның жолы да бір, кешегі зəндем түбіне кеткен
Николай патшаның да жолы бір. Николайды құлатқан халық мұны да
құлатады. Онымен бірге, Алашорда да мүрдем кетеді...
Солайша кеңесіп отырып, біз Қадырдың үйіне де келіп қалдық. Оның
«үй» дегені, шынында да күркеден аз - ақ қалқыңқы, бір бөлмелі кіп-
кішкене үйшік екен. Сол арада, араның ұясы сияқты, біріне-бірі ұқсаған
жəне бірнеше үйшік бар, маңайларында қора-қопсы жоқ. Бұл үйшіктер,
жан-жағын түгел ораған шым-шытырық темір жолдардың ортасындағы бір
тар алаңдағы қыспақта екен.
Қадырдың əйелі төсек тартып жатқан сырқат боп шықты. Бұл ауру
көптен жабысып, шаруаға қарай алмағандықтан, үй ішіндегі төсек-орын,
ыдыс-аяқ... деген сияқты мүліктердің бəрі аса жүдеу...
Астарының жайы да шамалы екен, қара нан мен ішкен қара шайды
Қадыр қарт əрең ұйымдастырды.
— Көрген күніміз осы,— деді ол,— бұлай болмағанда қайтсін!.. Еңбек
ақы əрі аз, əрі құны жоқ...
— Бұрын ше?
— Бұрын ақшаны аз алсақ та, кекірік атпағанмен, тəп - тəуір тойынып
отыратын ек. Онда ақшаның құны бар еді. Колчак тиындық маркеден басқа
ақша шығарған жоқ, ұстайтыны Керенскийдікі. Ол да бір, қағаз да бір,
ешнəрсені сатып алуға болмайды жəне жоқ қой, сатып алатын ештеңе!..
— Қайдан аласыздар сонда, күн көрерлік нəрсені?
Қолдан, көбінесе, бірін мыңға сататын спекулянттан. Біз осы маңда
туып-өскен адамбыз. Қала-далада тамыр-танысымыз көп, солармен
елбесіп-селбесеміз. Ондайы жоқ адамдардың қалта толған ақшасы түкке
аспай, ашығып, бет-аузы ісіп жүргендері толып жатыр. Кейбіреулері өліп тe
қалды...
Шайдан кейін Қадыр əйелін жайғастырды да, өзі тер алдына менімен
қатар жатты. Кешегі түннің азабынан дем алуым болу керек, өткен күнді
ұйқымен еткізе тұра, шайдан кейін мен маужырай бастаған ем, төсекке
жата ұйқым ашыла қалды. Өйтпеуге болатын емес. Біз жатқан үйшікті
айнала, дамылсыз жүйткіген поездар, үйшік түгіл жерді солқылдатады...
Тарс-тұрс, сатыр-күтір, айғай-ұйғай дыбыс... Үйренбеген адам,
мұндайда қалай ұйықтамақ.
Үйренген Қадыр, жастыққа басы тие қор ете түсті. Бірақ оның ұйқысы
қызық екен, аумаған жылқышының ұйқысы. Далада жылқы баққан
жылқышылар да қосқа кіре қисайып, төз қор ете түсіп, аздан кейін ояна
беруші еді а:əне оянған сайын басын көтеріп ап, кейде жата қап, кейде дене
еркімен тысқа шығып кетуші еді, қорылдаған минуттарында да
тиышсызданып, əлденені былдырақтап, кейде қаттырақ сандырақтап
кетуші еді.
Қадыр де сөйтеді екен... Бірер рет басын көтеріп ап қайта жатып, тағы
бір ретте тысқа шыққан оған, мен ере шықтым. Тұман тіпті қалыңдап апты.
Үйге қайта кіре, ол ыңқылдаған əйелінің халін сұрап, сусын беріп
жайғастырды да, менімен тағы қатар жата беріп:
— Қазақта «тымау түбі құрт, тұман түбі жұт» деген мақал бар еді, бала,
— деді ол маған,— тұманның түрі жаман екен, биылғы қыс жұт болмағай
да.
— Сізге қанша залалы бар оның? — дедім мен,— жұтайтын малыңыз
жоқ.
— Неге жоқ? — деді Қадыр,— осы бағып отырған темір жол мен
поездар емес пе, біздің малымыз?
— Олар да жұтай ма?
— Жұтайды.
— Қалай?..
— Қар кеп жауса, темір жолдарды аршу қиынға түседі, оған жетерлік
күш жоқ. Жолды қар басса поезд тоқтайды...
— Өзі сырып кете алмай ма?
— Ойбой, бала - ай, білмейді екенсің ғой, темір жол жайын. Жолды қар
басса, поездың тырп ете алмайды.
— Күші көп емес пе, паровоздың?
— Доңғалағы қарға малтыққанда, түк те күші болмай, шіреніп тұрып
алады. Қар аршитын машиналар болушы еді, қазір Омбыда оның бірі де
жоқ.
— Неге?
— Ол түгіл паровоз да, вагон да жетпейді.
— Неге?!..
— Вагондардың да, паровоздардың да шығатын жерлері қызылдардың
қолында. Америка, Япония сияқты шеттен сатып алайын десе, əрі алтын
мен кеп ақша керек...
— Қағаз ақшаға бермей ме?..
— Ақша ма, мұның қағазы?.. Қол сүртетін қағазбен бірдей емес пе,
бағасы...
— Алтыны ше?
— Ондай қымбат, Колчактың банкесінде жоқ. Ірі банкелердің бəрі
қызылдардың қолында.
— Сонда, несі бар, мұның?!..— дедім мен.
— Түгі де жоқ. Бары —- шет жердегі байлар мемлекеті берген соғыстық
қару-құрал... Тамақсыз, киімсіз, темір жолсыз не істейді ол қарулармен?..
— Паровоз бен вагонды неге бермейді ол байлар?
— «Əрі алтыны жоқ» дедім ғой, əрі, бере қалған күнде де, біздің
Россияның темір жолдарымен жүре алмайды олар.
— Неге?
— Біздің жолдар кең, олар жасаған паровоздар мен вагондардың
доңғалақтарының арасы тар...
— Кеңітуге болмай ма?..
— Жо-о-оқ! — деді Қадыр күліп,— Ол қазақ арба емес, арасын қалай
қысқартсаң да көне беретін. Заводқа жасалған доңғалақтарын да, арасын да
өзгерте алмайсың.
— Солай ма? —деп таңданып қойдым мен.
— Бұл Омбы,— деді Қадыр ауыр күрсініп ап,— Сібірдегі темір жолдың
ең күшті станциясы еді. Батысында — Самара, шығысында —
Новониколаевка, осы екі араның ең үлкен темір жол басқармасы осында
тұрушы еді. Жыл сайын жаңа вагондар, жаңа паровоздар келіп, ескілеpiн
қарамағындағы басқа станцияларға жіберуші еді. Он төртінші жылы соғыс
басталғалы, олай жаңару тоқталды. Революциядан кейін, ескілердің де
дұрысы келмейтін болды. Қазір паровоздар да, вагондар да тозды.
Осындағы депода түзейін десе, керекті құралдар да, запас бөлшектер де
жоқ.
— Сонда не болғаны? — дедім мен.
— Не болсын, осылай тозады да бітеді....
— Колчак не мінеді?
— Жел мінеді! -— деді Қадыр күліп. — Қазір де желді мінуге жақын.
Тас көмірмен жүреді ғой паровоз. Ондай көмір Кузнецкіден келетін. Колчак
ол көмірді дұрыстап қаздыра алмай, шахталардың көбі жабылып қалды.
Қазір Омбыда көмірге аса тарыншылық. Паровоздарға əрең жетеді.
Қыстыгүні
көмірмен
жылынатын
пассажирлық
вагондар,
қазір
жағылмайды...
— Оны жолшыбай көріп келдім...
— Завод-фабриктер де кемірмен ғана жұмыс істейді ғой, көмір
жетпегендіктен, олардың да көбі тоқтап тұр... Киім-кешек, азық-түлік
жетпеуі де соған байланысты... Көмірмен жылынатын үйлердің, көбі қазір
суық...
Сонымен, Колчагыңның өзі іштей мүжіліп, таусылуға жақын екен ғой?..
— Соған келе жатыр,— деді Қадыр...
— Кеңес айтам деп қонақты ұйықтатпадың ғой,— деді Қадырдың анда-
санда ыңырси оянып жатқан əйелі,— өзің де ұйықтасайшы, жұмыстарың
көп қой...
— Ал, бала, қалғиық онда! — деді Қадыр əрі қарай аунап түсіп.
Елегізе, шатаса, түс көре қалғып жатып қатып қаппын. Түрткенге
оянсам,— Қадыр. Үй іші сəулеленіп қапты.
— Ал, шырағым, мен жұмысыма барам,— деді ол,— сені веткаға
мінгізіп жіберейін. Нан жеп ал, азырақ. Одан басқа тамақ жоқ.
Ұйқым қанбағандықтан, керіліп-созылып, нанды жөнді жеген жоқпын.
Бір кесе ғана қара шай іштім.
— Біздің үй осы,— деді Қадыр,— оқуға кіре алмасаң қайтып кел де,
осында тұрып, жұмыс қып тамақ асыра.. Колчак енді көп болса бір-ақ жыл
шыдар, ар жағында заман түзеліп кетуі мүмкін. Оған дейін, аш та, тоқ та
болмай, осылай күн керерсің. Ал, егер, оқуға орналаса қалсаң, қолың
тигенде, ара-тұра, келіп кет, біз сен сияқты адамды жатырқамаймыз...
— Иə, шырағым, сөйт!—деді əйелі.
«Қандай жақсы кісілер!» деп ойладым мен ішімнен.
Біз барсақ, ветка тұр екен. Қоштасып, вагонға мінерде:
— Айттым ғой, шырағым,— деді Қадыр,— «Алашорданың қайда екенін
білмеймін» деп. «Сұрай-сұрай меке барады» дегендей, қалаға барып
сұрасаң, білетін біреу табылар. Таба алмасаң кешке қайтып кел!..
Қадырдың орысша газет жəне жеңіл-желпі кітап оқуға шамасы келетінің
орысша таза сөйлейтінін кешеден бері көргем. Бұл маған саясаттан да,
тіршіліктен де хабары мол, ақылды адам көрінген. Оның үстіне, соншалық
жылы шырай бергендіктен, мен оны туысымдай керіп қалған екем,
сондықтан қимай аз тұрдым да:
— Жақсы, келіп жүрейін, ағай, адресіңізді жазып беріңіз, маған! —
дедім.
Ол адресін жазып берді де, қалтама үш сом ақша салып, веткаға
отырғызып жіберді.
ҚАҢҒЫРУ
Жүрісі шабандау ма, əлде жері жырақ па, ветка қалаға недəуір жүріп
жетті. «Қала» дегенмен, ветка тоқтайтын жер, алысырақ шет-пұшпағының
біреуі екен. Поездан қаптай түскен жұртқа еріп, мен де жүріп келем.
Омбының да шеті, Қызылжар сияқты, тапырайған кішкене ағаш үйлер мен
жер үйлер екен. Еріп келе жатқан жұрттың қазағынан да, орысынан да,
татарынан да «Облыстық Алашорда комитеті қайда?» деп сұрасам,
біреулері:
— Білмеймін,— деп қысқа жауап береді де, енді біреулері:
— Адресін білмеген мекемені сұрап, жындымысың, өзің?! — деп
ұрсады. Енді біреулердің:
— Ол сонау жақта! — деп сілтеген жөніне кетсем, алдаған боп, босқа
қаңғырып қайтам.
Сөйтіп əуре-сарсаң боп жүргенде, қас қарайып, түн боп кетті. Сонда да
табам ба деген үмітпен қаңғырып жүргенде, түн ортасы жақындап қалды.
Ол күні табудан күдер үзіп, Қадырдың үйіне қайту мақсатымен ветка
тоқтайтын жерге барсам, жүретін уақыты өтіп, кешігіп қаппын. Жаяу
жетуге болмайтын жер, əрі, тағы да тұман түсіп тұр. Сол арадағы бір бос
үйшікке жата кетуге бір ойлап тұрдым да, ұры-қарыдан қорқып, қалаға
тағы қайттым. Енді не істеу керек?
Ол кездегі менің ұғымымда қазақ, татар сияқты мұсылман адамдар
біріне бірі қайырымды болуға тиісті. Сол ұғыммен, «осы татардың»...
немесе «қазақтың үйі» дегеннің қақпаларын қақсам, біреулері ашпайды да,
енді біреулері ашқанымен түрімнен шошып, «кет, кет!» деп итермелеп
қуып шығады...
Сол сенделумен Ом өзені арқылы салынған сатылы биік көпірдің
маңында ерсілі-қарсылы жүргенімде, көшенің көп жүрісі сиреп, адам азая
бастады... Бір кезде қасыма қақпақ мұрт, мосқалдау бір милиция келді де,
«Кімсің?» деп аты-жөнімді сұрап ап, документімді тексермек болды.
Документім жоқ мені милиция күдікті адамға санап, штабына апарайын
деп еді, мен білген тіліммен мəн-жайымды айтып жалбарынғаннан кейін.
— Ендеше, бұл маңайдан кет,— деді ол.— Шеткері бір жерге барып жат!
Жарығы бар үлкен көшеден кетуге тура келді. Былайғы көшелердің, бəрі
де қараңғы екен. Кейбір үйлердің қақпаларына ілінген кəрəсін лампылары
қою қараңғылықты жеңе алатын түрі жоқ... Танымайтын қала, танымайтын
көшелер!.. Анда-санда сып етіп өте шыққан бірен-саран арбалылар
болмаса, қай көшеге шықсам да менен басқа жан ұшырамайды. Көңілім
көрінген үйдің қақпасына кіруге соққанмен, батылым жетпей тайқақси
берем... Əлде небір ұрыларға я бұзықтарға кездесіп өлтіріп кете ме деп те
зəрем ұшады....
Сөйтіп жүргенде, алдағы бір орамнан арбалы біреу кездесе кетті, жеккен
фаэтоны мен үстіндегі киімі извозщикке ұқсайды. Көлденеңдеп кегі қалған
ол, менен сескенгендей, атын құнтпен бір-екі рет тартып қап өте берді,
жобасы қазақ сияқты...
— Ағатай, тоқта! — дедім мен, дірілдеген дауыспен.
— Иə, не керек?— деді ол атын тежеп.
— Ағатай, мен елден оқу іздеп келген баламын... ақшамды,
документтерімді жоғалттым... тоңдым... ашықтым...
— Қай жақтан келдің? —деп сұрады ол.
— Қызылжардың ар жағынан...
— Мұнда танысың бар ма еді?
— Торсанның Қазиы дейтін танысым бар еді...
— Білем,— деді извозщик, — бірақ, қызмет істейтін жерін білем де,
пəтерін білмеймін.
— Ендеше, ағатай, мені бір күнше үйіңізге алып барыңыз да, ертең
Қазидың қызмет орнын сілтеп жіберіңіз.
— Жарайды, мін арбаға! — деді извозщик.
Ол кеңесші кісі екен. Жөн-жобамды толығырақ сұрастырып алғаннан
кейін:
— «Шпана» дегенді білесің бе?— деп сұрады ол.
— Ол не?
— Ұрылар. Бұл қалада қазір не көп,— панасыз, үйсіз жетім көп. Солар
бастарын қосады да, шайке боп ұрлық жасайды: пəтерлерге түседі, қораға
жайған кірлерді əкетеді, базарға барсаң қалтаңа түседі, дүкендерді де ұрлап
шыдатпайды, өздері ұйымшыл келеді, бірін-бірі ұстап бермейді. Түнде
кездесе қалсаң, өзіңді де тонап алады...
— Милиция тыйым салмай ма оларға?
— Қайдан салады? Біреу болса, екеу болса, тіпті бес, он бес болса
тыйым салар еді. Бұл қалада олардың жүздеген тобы жүреді. Оның бəрін
аулап қашанғы тауысады...
— Қайда мекендейді олар?
— Осы қалада есік, терезесі жоқ, бүлінген, я күйген, кісі тұрмайтын
үйлер көп, соларды мекендейді.
— Қыстыгүні қалай күн көреді?
— Қай бір күн көріп жариды дейсің. Өлмешінің күні де!..
Одан əрі бұл темада сөйлесуді мен қажет көрмедім, өйткені, мына
қалпымда «мен солардың бірі боп кетпегей ем» деген қауіп туады. Сол
ойымды сезгендей, біраз уақыт тым-тырыс отырған извозщик:
— Іздеп келген Торсаныңның Қазиы көмектессе жөн ғой, оқуға
орналассаң дұрыс, егер, орналаса алмасаң «есің барда етегіңді жап»
дегендей, шермаш болмай тұрғанда амалдап еліңе қайт. Бұл қалада кесіпсіз
тұрсаң, амалсыз шермаш боласың,— деді.
Ұмытып барады екем, извозщиктің аты Бексейіт екенін мана сұрап
алғам. Бойы үйренгеннен кейін, ол маған үй - ішінде кімдер барын айта
бастады.
— Əйелім шала қазақтың қызы еді,— деді ол,— əкесі қазақ, шешесі
татар. Одан көрген екі перзентім бар,— біреуі — ұл бала, аты Мақсұт, биыл
гимназияның алтыншы класында оқиды. Жəне бір кішкентай бұйра шашым
бар, биыл беске шығады, оның түсі басқалау... Өзім бұрын пимокат
заводында жүмысшы едім. Былтырдан бері завод жабылды, басқа жұмысқа
түсейін десем, денсаулығым кеміңкіреп жүр. Сонымен, былтырдан бері
осы бір істемеген кəсіпті істеп, извозщик болдым. Күн көру керек қой.
«Ұрлық қылсаң өлесің, шөп жесең қақаласың». Измизщик дегенің де
түсімді боп тұрған жоқ. Бейнеті де аз емес. Құлқын - сəріден тұрып, үйге
осы кезде қайту оңай деймісің. Бірақ, жүк көтеруден жеңілдеу. Табысы аз.
Шықпа жаным шықпа деп, қысқа жіпті күрмеуге əрең келтіріп, қатын-
баланы асырап отырған жайым бар, шырағым...
Бексейіттің үйі қаланың шығыс жақ шетінде екен. Үй дегені: маңайында
қора-қопсысы жоқ, есігінің алдында ат иен арба ғана сиятын кішкене
сарайшығы бар землянка екен. Жеңгейдің аты Мафтуха боп шықты.
Татаршалау жұпыны киінген, татаршыландырап сөйлейтін адам екен.
Мақсұт деген бала сабақтарын оқып отыр екен, үріп ауызға салғандай,
аққұба кескінді, талдырмаш денелі, сұрықтылау келген бала. Əкесі «Бұйра
шаш» деп атаған кішкене семізше қыз біз үйге кіргенде нарттай жанған
пішінмен кроватта ұйықтап жатыр екен. Шешесі ас қамдау жабдығында
жүргенде, сағынып келген əкесі сырт киімін шешінгеннен кейін тұмсығын
ғана тигізіп иіскейін деп еді, бала оянып түрегелді. Бүлдіршіндей бала
«пəпə» деп саусақтары быртиған семізше білегін соза бергенде, мейірімді
əке қолына көтеріп ап, «Бұйра шашын» құшырлана сүйді.
Кешікпей алдымызға жайған дарстарханның үстіне, кішірек шөгенге
асқан кеспе қойылды. Тауық етінен жасаған бұл кеспе аса дəмді піскен
екен. Əрқайсымыздың алдымызға қойылған қаңылтыр тарелкелерге
Мафтуха жеңгей кеспені толтыра құйып берді, біз іше бастадық... Ac
үстінде менің байқағаным: осы бір іші үйшіктей ғана тап - тар бөлмедегі
төрт жанның өз ара бір-біріне деген тəтті махаббаты...
Бексейіт мені ертеңіне «Ақмоланың облыстық Алашорда комитеті»
деген мекемеге алып келді. «Комитет» шағындау екі қ.абат үйде екен:
астыңғы кірпіштен қаланған қабатында арақ-шараптардың дүкені, үстіңгі
қарағай бөренелерден салынған қабатында «комитет».
Төрт-бес бөлмелі «комитеттің» əр бөлмесінде бірер ғана адамнан. Бұл
үйге сапырылысып кіріп, шығып жатқан ешкім жоқ. Сондықтан ба, əлде
істер қызметтері жоқ па, барлық бөлмедегі комитет адамдары да
жайбарақат кеңесіп, өз ара қалжыңдасып отыр.
Олардың, қайсысына жолықсам да, менің сұрағаным Қази болды.
Біреулері менің үсті-басыма қарайды да, теріс айналып жауап бермейді,
енді біреулері:
— Ол кімің еді?— деп сұрайды.
— Туысым еді,— деймін мен, өзімді бұлды көрсету үшін.
Біреулері «туысым еді» дегенге таңданған кескін білдіреді де, енді
біреулері «сендей де туысы бар екен-ау» дегендей күліп жібереді.
Іс жүргізушілік қызметін атқаратын бір жас жігіттің айтуынша, Қази
комитет председателінің орынбасары Ережеп Итбаевтың кабинетінде отыр.
Егер рас болса, Қази онда ұзақ айналады. Кабинетке кірейін десем, іс
басқарушы «рұқсат жоқ» деп жібермейді.
Біраздан кейін сəті түсе қалды. Іс басқарушы əлденемен бөлмеден
шыққанда, мен кабинетке сып беріп кіріп кеттім. Алдымнан ғажап картина
шыға келді: маған таныс Қазидың қарама - қарсысында танымайтын
шоқша қара сақалды, қалынң қара мұртты, қара кескінді, кішкене денелі
біреу отыр, екеуінің ортасындағы кішірек столға арақ жəне ол-пұл жеңіл
закуска қойылған.
Ойда жоқ біреу кіре бергенде, екеуі де сасып қалған сияқтанды. Қази
столды газетпен қалқалай бергенде, қара сақал тəлтіректей түрегелді де,
мастықтан өлеусіреген кездерімен маған сүзіле қарап, тілі күрмеле, тұтыға
сөйлеп:
— Это что за мразь?! — деді.
— Өй, сен қайдан жүрсің?— деді Қази маған жалт қарап.
— Ауылдан.
— Выгони, сволоча! — деп қара сақал Қазиға қолымен мені нұсқады.
— Бар, бала, бар! — деді Қази маған жақындап.
— Сізге келдім мен...
— Ол туралы кейін сөйлесеміз. Менің пəтеріме бара бер!
— Адресіңіз?
— Шыға тұр, жазып берейін.
Кабинеттен шықтым. Бірақ, «кеңседе де кісі арақ ішеді екен-ау!» деп
таңдана шықтым. Артынан білсем, Алашорда комитетінің мүшесі Ережеп
Итбаев сол екен, атақты алькаголик екен ол. Кейін араққа күйіп өліпті деп
естимін.
Қолына тілдей қағаз ұстап шыққан Қази, маған уысына беріп:
— Сен біздің ауылдағы Ыбырай хажының ЬІсқақ, Мұхаметжан деген
балаларын білесің ғой?—деп сұрады.
— Білем.
— Білсең, сол ЬІбырай хажының Кəмилə деген қызы, ана жылы ояздың
почтабайы Атымтай деген жігітпен қашып кеткен. Артынан Атымтай екеуі
айрылып, Сейтахмет деген жігітпен қосылған. Менің пəтерім сол
Сейтахметтің үйінде. Сен мына записканы ал да сонда бар.
Мен жылдамдата мəн-жайымды айта бастап ем:
— Ол туралы кейін дедім ғой саған,— деді Қази кейіп,— бара берсейші,
бар деген соң!..
Былай шыға записканы оқысам «Кəке! — деп жазыпты Қази,— мына
бала біздің елден келіпті. Жаманшұбардағы Сибан, Мұқан деген кісінің
баласы. Өткен күз елге барғанымда оқуға келем деген соң, «келсең кел,
орналастырармын» деп уəде берген ем. Сол уəдемен келіп қапты. Өзге
жайын кейін сөйлесерміз, мен барғанша ас-су беpiп күте тұрарсыз!»
Сейтахметтің пəтері жатағандау кішірек ағаш үй екен. Жабық қақпаны
мен ұзағырақ қаққаннан кейін, ар жағынан біреу кегі ашты: биік бойлы,
сүйегі томпақтау бетті, шүңірек көзді, кертештеу мұрынды, үстін басқан
сиректеу сарғылт мұртты, қапсағай денелі сақа жігіт. Мен сəлем беріп
үлгірмей, ол «кет, кет» деп кеудемнен кейін итермеледі де, қақпаны жаба
қойды. Мен қақпаны қайта қағып ем:
— Əй, таяқ жегін, келмесе кет, кет деген соқ! — деп ақырды ол іш
жақтан.
— Сейтахметтің үйі осы ма?— дедім мен.
— Онда нең бар еді?
— Қазидан записка əкелдім.
Жігіттің дауысы аз саябырлады да, қақпаны қайта ашты. Мен записканы
ұсындым. Со кезде, ар жақтан «о кім, əй?» деген əйел дауысы естілді де,
үйдің бұрышынан бері қарай: орта бойлы, толық денелі, сопақтау қызыл
шырайлы бетті, үлкен қара көзді, қыр мұрынды, қалың қасты, көркем əйел
шыға келді, үстінде қара барқытпен тыстаған, жағасын құндыздатқан түлкі
ішік, басында жұқалау қара түбіт шəлі, қызғылттау түсті көйлегін
тобығына жақындата түсіріп киіпті, аяғында оюлы өзбекше мəсі, оның
сыртында жұқа резеңке.
— О кім, əй?—деді əйел тағы да қақпаға жақындай беріп, маған ит
керген ешкідей одырая қарап.
— Мына бір жігіт,— деді еркек, қылжақтаған кескінмен екі көзі əйелде
боп, мені иегімен ғана нұсқап,— сенің інің көрінеді.
— «Кəмилəсі осы екен» деп ойлап, оның аузынан мейірімді
бауырмалдық сөз күттім.
— Қойшы əрі!—деді əйел иланбағандай, шырайлы кескініне күлкі
жүгіртіп, былай да əдемі кескіні күлімсірегенде одан да əдемілене түсіп,
жымия ашқан аузынан ұзын аппақ тістері көрініп.
— Қази мырза солай деп записка жіберіпті...
— Көтек - ай, не дейді! — деп əйел күлкісін тыйды да, сұлу көзін маған
бажырайта бір қарап ап, «кəне, оқышы» деді жігітке. (Артынан білсем, бұл
əйел орысша да, қазақша да хат танымайтын сауатсыз адам екен.) Жігіт
записканы оқып берді. Əйел: «əй, Қази мырза -ай!» деп таңданған
кескінмен иығын кетерді де қойды.
— Иə, бала, жүр үйге,— деді жігіт. Үшеуміз үйге қарай келе жатқанда:
— Сейтахмет жездей сіз боласыз ба?— деп сұрадым мен жігіттен.
— Болсақ болармыз.
— Кəмилə апай осы кісі ғой?
— Енді кім деп ойлап ең?
Алдында басқышы бар үйдің сенегіне кіре бергенде, Кəмилə апай «əй
бала, мында кел, мында!» деп мені бастап қараңғылау бір бөлмеге кірді,
ішінде ас-су салған ыдыстар, үй ішінің кейбір тозған керексіз жиһаздары
тұр, өзі мұздай суық...
— Бала, сырт киіміңді осында шеш,— деді Кəмилə.
Ішімде костюмім жоғына қымсынған мен, күпімді шештім де шегеге
ілдім.
— Етігіңді де шеш,— деді Кəмилə.
— Оны шешпесем қайтеді, апай?— дедім мен.
— Неге?
— Ішінде шұлғаудан басқа дəнеңе жоқ.
Кəмилə менің бас-аяғыма дейін таңдана қарап алды да:
— Өзің бұл Омбыға неге келген баласың?— деді.
— Оқуға.
— Оқуға?! Мына түріңмен бе?!.
— Оқуды адамның түрі емес, ақылы оқымай ма, апай?— дедім
жəбірленіп.
— Сөзі нығыз! — деп қойды Сейтахмет қалжыңды кескінмен. Əйел: «О,
сорың құрғыр, бейбақ» деп, ернін бір тамсанды да:
— Сонда да етігіңді шеш, табаның саз көрінеді, аяғың одан таза шығар,
— деді.
— Жоқ, шешпеймін, апай! — дедім мен.
— Апасы болған соң еркелейді де,— деді Сейтахмет күліп,— «құлан өз
қағынан жерімейді» деген. Туысыңнан месіне жеркенесің, кірсін үйге!
Біз кірген бөлме, іші жылы кухня екен.
— Бала, əне бір жерге отыр! — деді Кəмилə апай, бұрышта тұрған леген
мен құманның қасындағы орындықты көрсетіп.
— Асығысы не. Отырам ғой,— дедім мен, ол араға отырғым келмей.
Сейтахмет əйеліне бір, маған бір күлімсірей қарап алды да:
— Баяғыда бір ұзатқан қыздың інісі іздеп барған екен дейді, сонда,
біреулер келіншекке «інің кеп қалды» десе, келіншек, «інім інге кірсін»
деген екен дейді, сонда біреу ініңнің сенен басқа несі бар» деген екен дейді.
Сол айтқандай, қоржынында тесі болмаған соң ініңді менсінбеуге
айналдың - ау, сен! — деді.
— Ə, қойсайшы, қалжыңды,— деді Кəмилə наздана қарап қойып.
— Қази мырза бұл балаға ас беріңдер деп жазыпты, даяр ас бар ма еді?
— деп сұрады Сейтахмет.
— Шəген түбінде кешеден қалған кеспе болу керек, соны жылытып
берейін,— деп Кəмилə терезеде аузы ашық тұрған шойын шөгенді алды да,
оты жанып тұрған плитаның үстіне қойды. Лезде ысыған кеспені Кəмилə
қаңылтыр тəрелкеге құйып маған ұсынды, татып көрсем шулығып, ашып
кетіпті, ауыз тидім де қайтып бердім.
Бауыр санап келген апайдың кекірлігін, күйеуінің қылжақбастығын
көргеннен кейін, Қази келгенше олардың қасында отырғым келмей, мен
киіндім де, қала аралап кеттім.
Омбы!..
Бірінші Петрдың бұйрығымен, 1716 жылы іргесі қаланған бұл қала, екі
жүз жылдың бойында сібірлік қазақтардың, экономикалық, əкімшілік жəне
мəдениеттік орталығы боп келді. Қазақ халқының бірінші просветителі
Шоқан Уəлиханов Омбыдағы кадеттік корпустың ұясынан ұшқан балапан.
Одан кейін де нелер балапандар ұшпады оның төменді - жоғарылы
мектептерінен!.. Орыстың көлемі кең, арнасы терең, бейнесі жарқын
мəдениет сəулесін сібірлік қазақтарға екі ғасыр бойына алғаш таратқан
Омбы емес пе!.. Ендеше, оның атын қай қазақ білмейді, қай қазақтың оны
көргісі келмейді!..
Омбыны көруге, менің, туған елімнің адамдары да құмартатын. Бірақ
оның бəріне көру қайда!.. Жүз шақырымдай жердегі ең жақын темір жол
станциясына атпен, одан əрі бес жүз шақырымдай жерге поезбен жүріп
Омбыға баратын күш, революциядан бұрынғы ауылдың кедейіне қайдан
кепті!.. Жəне, неменеге барады ол?.. Саудамен баруға пұлы жоқ... Мұңын
айтып баруға, патшаның əкімдері тыңдай ма оларды!..
Сондықтан, революциядан бұрынғы ауылдан, əсіресе мойны қашық мен
туған өлкеден Омбыға не саудагерлер, не əкімшілік қызметтегі байлар ғана
баратын да, кедей шаруалар «барсам - ау!» деген арманмен күн кешетін.
Осы қиял, ес білгелі менің де басыма орнаған...
Міне, мен, сол қиял еткен Омбының ішіндемін!.. Ауылмен
салыстырғанда — Исаевқа шаһардай көрінсе, онымен. салыстырғанда
Кпитан шаһардай көрінсе, онымен салыстырғанда Қызылжар керемет
көрінсе... Омбы одан да керемет сияқтанды... Мысалы, Омбының сол
кездегі ең зор үйі — Омбы темір жолының басқармасы, Қызылжарда жоқ.
Қызылжардың ең зор үйі, ол басқарманың қасында, маған түйенің
қасындағы қой сияқтанды... Кадеттік корпустың бір орамды түгел алып
тұрған төрт қабат үйі ше?.. Қызылжарда оңдай үй де жоқ... Өзге биік
үйлердің көпшілігі Қызылжар үйлеріне ұқсайды... Тек, олардың саны
Қызылжардағылардан көп... Екі-үш қабат үйлер Қызылжардың бірер
көшесін ғана бойлай салынып, өзге көшелерде сирек ұшырасса, Омбыда
бірнеше кешені бойлай салынған...
Омбының да «Ойқаласы» мен «Дөңқаласы» бар екен, екі қаланы орысша
«Ом», қазақша «Омбы» өзені біледі екен. Бұл өзен бүйірлеп барып,
қаланың батысын жиектей ағатын Ертіске құяды...
Соның бəрін күн ұзын аралап, Сейтахмет үйіне іңірде оралсам, Қази дем
алып жатыр екен. Түн ортасы жақындай оянған ол, ел жайын біраз
сұрастырып отырғаннан кейін:
— Мен елге барғанда саяси жағдай бір халде еді, енді бір халде, ол кезде
қызылдарға қарсы күштің басым боп тұрған көзі еді, сондықтан Колчак
үкіметінің бейілі де кең, болатын. Қазір қызылдар шабуыл жасап, бергі
бетте Қазан мен Самарды алып қойды. Ендігі беті Орал тауы. Колчак
үкіметі қазір қолдағы бар қаражатты жаумен күресуге жұмсап жатыр.
Омбыда қазақ тілінде мұғалімдер курсы ашылуына рұқсат июнь айында
берілген. Колчак үкіметі керекті қаражатты бермек болған. Оқушылар
жатақ үймен, стипендиямен қамтамасыз етілмек те. Қазір оның бірі де
болмайын деп тұр: жатақхана жоқ, стипендия жоқ, тек қана оқу үйі мен
оқытатын мұғалімдер ғана қазына күшінде болады. Оқушылар өз
қаражатына ғана сүйенеді: пəтерді өздері табады, тамақ, киімді өз
ақшаларыңа алады,— деді.
— Онда мен қайтем? — деп сұрадым.
— Қайдам!—деп, Қази біраз үнсіз отырды да,— бұлай деу саған ауыр да
болар, бала. Əдейі келген соң, оқымай қайтуын, да қиын. Дегенмен
қаражатсыз қалай оқисың? Менімше, қиналсақ да елге қайтасың ғой
деймін,— деді.
— Жоқ, мен қайтпаймын, жұмыс қылсам да оқимын.
— Егер табылса...
— Осынша үлкен Омбыдан тамақ асырарлық жұмыс неғып
табылмайды?..
— Ойбой, байғұс бала - ау, білмейсің - ау, əлі ештеңені! Безработный»
дегенді білемісің?
— Жоқ.
—Білмесең, Омбыда тұратын халықтың тең жарасы безработный, то-
есть жұмыс таба алмай жүргендер...
— Неге жұмыс жоқ?
— Оған сен түсінбейсің, бала.
— Неге түсінбеймін?
— Оны қой, бала, — деді Қази, сағатына қарап,— мен қызметке кетем.
Бүгін осында қон. Ертең курстың директорына алып барайын, мүмкін бір
ретін келтірер.
Кешікпей Қазиға ат келді де, жүріп кетті. Маған апай» боп əлі де жылы
қабақ көрсетпеген Кəмилə, Қази кеткеннен біраз кейін:
— Бала, жататын боларсың енді,— деді.
— Жатсам жатайын, — дедім мен.
— Ендеше шоланға төсек сап берейін.
— Жоқ, мен онда жатпаймын.
— Неге?
— Суық қораға қамайтын мал емеспін.
— Ойбой, не дейді мынау?!—деп Кəмилə тікіленіп келе жатыр еді:
— Тимеші осыған,— деді төргі бөлмеден бері қарай шыға берген
Сейтахмет,— өзі бір ағып тұрған тіл мен жақ. Қазиға таныс болған соң
дəсиді де, əйтпесе біздің немізге керек бұл? Желкесінен алып далаға бір-ақ
лақтырмаймыз ба? Бүгінше жатсын, осы кухняда. Сасық күзенше
шақылдатпай, ертең қуу керек, қайда барса да мейлі.
Кəмилə үн-түнсіз тергі бөлмеге кірді де:
— Мə, төсек,— деп тілдей ескі кигіз бен қамыстың ұлпасынан істеген
ескілеу жастықты маған қарай лақтырып тастады.
«Мəссаған туыс!.. Мұндай да мейірімсіз туыс болады екен-ау!» — дедім
мен ішімнен.
|