«КƏПІР-АЙ»
Колчак үкіметі Россиядағы революцияға қарсы күштердің ішінде өзін ең
бас күш көріп, 1919 жылдың басында Москваға шабуыл жасауға
жиналғаны тарихи документтерден мəлім. Бұл жиналудың қарқыны,
Колчак үкіметінің орталығы болған Омбыда ерекше байқалды. "Үкіметтің
тілі «Заря» газетінің хабарларына қарағанда, Совет үкіметін Кавказ жақтан
да, Украина жақтан да, Солтүстік жақтан да Антантаның жəрдемімен Ақ
армиялар қысып келеді, енді Сібір жақтан мықты бір шабуыл жасалса,
Совет үкіметі біржола тұншықпақ. Осы əрекетті жүзеге асыру үшін Колчак
үкіметі қаражат жинау жөнінде де, əскер жинау жөнінде де бұйрық үстіне
бұйрық беріп жатады. Бұл бұйрықтарда Колчак «Верховный правитель и
верховный
главнокомандующий
всеми
сухопутными
и
морскими
вооруженными силами России» деп қол қояды.
Колчак газеттерінің қиқуынан Алашорда газеттері де қалыспайды.
«Сарыарқа» газетінің хабарлауынша, Батыс Қазақстанда «Ойыл полкы»
деген атпен құрылған, Торғайда, Семейде жəне Жетісуда құрылған
Алашорда əскери бөлімшелері де «Большевиктерді қырып жатыр». Газет,
əсіресе Жетісу жақта большевиктермен соғысып жүрген «Торыала атты
Алаш полкы» дегенді ерекше мақтайды...
Бұның босқа көпіру екенін, көшеде кім көрінген айтып жүреді... Колчак
туралы да жұрттың сөзі солай. «Егер,—- деседі олар.— Колчактың беті
соншалық жүріп тұрса, тынысы осынша неге тарылады?.. Алым-салықтан
елге дем алдырмайтын болды ғой бұл!.. Əкімдері де қол күш жұмсап елді
қырып барады... Күйіп тұрған қымбатшылық мынау!.. Маңына жан жолай
алар емес... Ақшасы қағаздан арзан... Қолынан шығарып жатқан түк
бұйымы жоқ... Ең аяғы сіреңкені де шет мемлекеттен алады... Заводы қайда
мұның?.. Фабрикасы қайда мұның?.. Осындай түгі жоқ үкімет бола ма
екен?!. Түгі жоқ үкіметте күш бола ма?.. Ендеше, мұның «большевиктерді
қырып жатуы» былшыл... Көрерсіңдер, мына алқынуымен ол ұзаққа бара
алмайды... Осыныкі— елер алдындағы жан ашуы!..»
Революцияға қарсы Колчактың асыранды итіндей шəуілдегенмен,
Алашорда «үкіметі», материалдық жағынан да, əскер беруден де Колчакқа
айта қаларлықтай жəрдем көрсете алған жоқ. Мысалы, өткен күзде Қази
Торсанов Колчак армиясына қазақ елінен ат жинауға шыққан екен. Сол
сапарынан ол сəтсіздікпен қайтып, бірен-саран байлар ғана берген жүз
шақты аттың басын əрең құрастырған. Оларды айдап əкелуге ұялып,
базарларға сатқан да, Колчак үкіметіне ақшасын ғана əкеп берген.
Халықтың еркіне салса жарымайтынын көрген Колчак үкіметі, енді қол
күшке сап, зорлықпен талап алып жатыр...
Колчак үкіметі Москваға қарай шабуыл жасауға жиналған кезде,
Омбыдағы Алашорда адамдары, Колчак армиясының пайдасына жəрдем
жинау мақсатымен сауық кешін жасау мəселесін көтерді. Алғашқы
ұйымдастыру жиналысы қаладағы «Учительская семинария» аталатын
мектептің
клубында
етті.
Жиналысқа
Алашорданың
басқарушы
қызметкерлері, орта жəне жоғары мектептерде оқитын жастар қатынасты,
біздің курстан да біраз адамдар барды, барлығы екі жүздей кісі.
Жиналыста баяндама жасаушы жалпы саяси халді айта кеп, Колчак
үкіметінің болашағын зорайта көрсетті де сөзінің аяғын:
— Колчак армиясы қызылдарды əрине, жеңеді. Алдағы жазға дейін
Москва алынады. Содан кейін Учредительное собрание ашылады. Біз Алаш
автономиясын жариялаймыз. Ендеше, Колчак үкіметінің большевиктерге
қарсы бұл шабуылына мүмкіндігі бар барлық жəрдемді аямауымыз керек.
Бүгінгі талқылағалы отырған «сауық кеші» Алашорда азаматтарының
Колчакқа беретін жəрдемінің бір түрі,— деп бітірді.
Сауық кеші қалай өтудің планын алашордашылдардың екінші біреуі
баяндап шықты. Оның айтуынша, бұл жөнде қолданылатын шаралар
төмендегілер:
1. Бір шеті Семей, бір шеті Орынбордан бастап артистікке бейімі бар
алаш жастарының бəрі жиналады да, Омбының театрында қазақша
спектакль қояды. Спектакльдің билеттері қымбат бағамен арнаулы
кісілерге түгел сатылу керек.
2. Спектакль уақытында театрда буфет ұйымдасады. Ол үшін фойенің
ішінде қазақша қостар тігіледі, əр қосқа қазақша киінген сұлу қыз-
келіншектер отырып, ащы-тұщы құрт, құйрық-бауыр, қазы-қарта, қоспа -
жент тағы сол сияқты қазақша тамақтарды сатады. Бұлардың бəрі күн
бұрын қаладағы жəне ауылдағы қазақ байларынан жиналып даярланады.
3. Сауық кеші күні, антракт уақыттарында, фойеде. Американский
аукцион болып, онда: алтын, күміс сияқты қымбат металдардан, немесе
қымбат тастардан жасалған білезік, жүзік, сақина, сырға, алқа, пышақ,
қасық, вилка, табакерка сияқты қымбат заттар бəсекемен сатылады. Ол
заттар күн бұрын қазақ байларынан жиналады.
4. Сауық кешіне байланысты, Ақмола мен Семей облыстарына қарайтын
қазақ болыстарына арнаулы кісілер шығады да, қазақ байларынан жылу
жинап əкеледі.
5. Спектакльден жиналған түсімнің бəрі түгелімен Колчактың
қазынасына түседі.
Бұл
жұмыстардың
бəрін
басқаруға
Алашорданың
басқарушы
адамдарынан комиссия сайланды. Жоғарыда аталған бес жүйелі жұмыстың
əрқайсысын басқаруға комиссиялар құрылды. Қази Торсанов спектакль
күнінің тəртібін басқаратын комиссияның бастығы болды.
— Бала,— деді маған Қази, бір күні пəтеріне барғанда,— саған тегін
алатын ақша таптым.
— Қандай?..
Вешалка дегенді білесің ғой, сен?
— Киім ілетін бе?
— Иə, сол. Спектакль күні, қасыңа бірер бала қосып, сені вешалка
жұмысын басқаруға қойдым. Саған одан көп пайда түседі. Киімдерді қалай
алып, қалай берудің жобасын сендерге маман адам түсіндіреді,. оны
орындау қиын емес. Спектакль бітіп, жұртқа киімін үлестіріп бергенде, «за
охрану» десең, саған ақша береді...
Қази мені осыған көндірді. Оның ойынша, «за охранудан» көп ақша
жиналуға тиісті.
Шамасы ай жарым көзінде комиссия ісінің қорытындысы туралы
жиналыс шақырылды.
— «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендейден бастады
комиссия бастығы сөзін,— біз ойлағанның ешқайсысы да көңілдегідей боп
шықпай отыр. Жоспар бойынша елге жылу жинауға шыққандар ең кемінде
бір мыңдай мал əкелуге тиісті еді, жиналғаны: елу шақты қойдың, жиырма
шақты сиырдың стагы олардан басқа жиналғандары: қойы, ешкісі,
жылқысы, сиыры бар — екі жүз шақты малдың терісі... одан басқа —
қырық-елу қарындай май бар...
— Бұларды жəрдем деп үкіметке көрсетудің өзі ұят,— деп кейіді
баяндамашы,— неліктен бұл? Кедейлерге қызылдың келгені жақсы. Ал,
байларға не болған? Тіршілігі Колчак үкіметіне байланысты екенін неге
ұқпаған олар?!
Ойыны ма, шыны ма, қылжақбастау біреу:
— Оның несіне таңданасыз? Марксистер айтпай ма «жеке шаруалар,
əсіресе буржуалар, антагонист келеді, басы бірікпейді» деп?.. Сол емес пе
осы?.. — деп күлімсірей беpiп еді...
— Сондай да ойын бола ма екен?.. Қою керек, орынсыз қылжақты! —
деп баяндамашы кейіп тастады...
Сөз қаладан жəрдем жинаушы комиссияның бастығына берілді.
Трибунаға ол, қолына қампиған бір дорбаны ұстай шықты.
— Ұзақ сөзді мен білмеймін,— деп бастады ол,— мен фактыны ғана
айтамын. Менің фактым мынау қолымдағы дорба,— деп дорбасын оң
қолымен жоғары қарай көтерді. Жұрт қыран-топан күлді. Өзі де біраз күліп
алған баяндамашы,— аз болсын, көп болсын қаладан жиналғанның
барлығы осы дорбада, ауырлығы да осы,— деп дорбаны тағы да жоғары
көтеріп, салмақтап - салмақтап қойды...
— Ойбай-ау, бары сол ғана болса, жеп-жеңіл ғой,— десті əркімдер.
Жұрт та, баяндамашы да тағы біраз күлісіп алды.
— Сонымен, қысқасы,— деді баяндамашы,— мен бұл дорбаны сіздердің
алдарыңызға ақтарып төкпей-ақ қояйын. Мұның ішінде асыл да көп, жасық
та көп. Кейбір заттарды беруші ұялмағанмен, сіздерге көрсетуге мен ұялып
тұрмын. Қысқасы, бұл дорбаның ішіндегі дүние, сараң байдың, өлген кəрі
əкесіне шығарған педия малындай ала-құла. Жорға, жүйрігі жоқ. Бірен-
саран құлынды бие, бұзаулы сиыр сияқтылары бар, бірталайы ақсақ ешкі,
қотыр қой сияқтылар...
Жұрт тағы да ду күлді.
— Азаматтар, бұларын, не? Ойын деп отырсыңдар ма бұны? — деп
жиылыс бастығы кейіп қалды.
— Сонымен,— деді баяндамашы — дорбаны ақтармай - ақ, мөлшермен
жалпы суммасын айтайын...
— Сөйт, сөйт! — деп ду етті жұрт.
—
Суммасын
Николай
ақшасының
бағасымен
айтайын
ба?
Керенскийдің бе, болмаса Колчактың ба?
— Николайдың! — деген дауыстар шықты көпшіліктен.
— Ол ақшаның құнымен айтсам,— деді баяндамашы,— мұнда мың,
сомның бұлына жетсе жетіп, жетпесе жетпейтін ғана мүлік бар...
— Онда түк емес екен ғой!.. Қалаң да өндірмеген екен ғой онда! — десті
əркімдер.
— Дегенмен,— деді жиналысты басқарушы,— ел берген жəрдемнен бұл
əлдеқайда артық. Бұл, американский аукционмен сатылады ғой...
— Сол өзі немене? — деген сұрау қойды біреу.
— Мен айтайын, — деді баяндамашы,—мысалы, күміс сағатты
американский аукционмен сатады екенбіз дейік. Оған орта мөлшермен,
мысалы — жүз сом баға қоямыз да, «кəне, осыдан кім артық береді?» деп
көпшіліктен сұраймыз. Біреу «мен бес сом артық берем» деп бес сомын
салады, енді біреу «он сом артық берем» деп оның салады, солайша,
біреуден біреу асырып, ақыры тоқтаған бағаны берген кісі алады. Сол
тəртіппен жүз сомның сағаты екі-үш жүз сомға өтуі мүмкін...
— Түсінікті,— деді сұрау беруші,— бірақ, жұрттың бұлайша қызығып
саудалауы үшін, қызғылықты нəрсе керек қой. Ондай нəрсе аз деп тұрсыз
ғой сіз?
— Көзінде көрерсіз оны...
Ендігі сөз буфетке азық жинаушылар комиссиясының бастығына берілді.
Ол аузын толтыра сөйледі.
— Мен жинаған жал-жая да, қазы-қарта да, құрт-май да, қоспа - жент те
бір сауық түгіл əлденеше сауық кешіне жетеді,— деді ол.— Ата десеңіздер
қадақтап емес, пұттап - ақ атап берейін.
— Өтпейтін нəрсенің қажеті не? — деді біреу.
— Неге өтпейді? — деді баяндамашы.
— Менің естуімше,— деді анау,— спектакльдің билетін қазақтың жəне
татардың байлары ғана алған. Орыстан алушылар бірлі-жарымды ғана
деседі. Татар мен қазақтың байлары, əсіресе, ауыл қазағының байлары
билеттерді алуын алатын көрінеді де, «ақшасын сенің көңілің үшін төлеп
отырмын, əйтпесе өзім бара қоймаспын» дейтін көрінеді. Көрерсіз, билет
түгел жатылғанмен театр залының тең жарасында кісі болмайды. Ал,
болған кісілер, өз үйінде қазы-қартасы, құрт-майы толып тұрғанда, театр
ішіне тігілген қостан жапырақтаған тамақ сатып алып жей ме?
— Ұйымдастыру керек қой соны, түсіндіру керек қой,— деді жиылыс
бастығы.
— Сол ұйымдастырушылар мен түсіндірушілердің біреуі өзіміз ғой,—
деді қосарланушы,— бірақ түсінбейді жұрт. Түсінсе де түсінгісі келмейді...
Сонымен, қысқасы, алашордашылар, қолда бармен спектакльді өткізбек
болды...
Біздің, яғни киім ілушілердің комиссиясы қызметіне спектакльден төрт -
бес-ақ күн бұрын кірісті. Вешалка ісіне кəнігі біреу бізді Омбының
Дөңқаласындағы театр үйіне алып барды да, əдеттегі спектакльге
келушілердің киімдерін, дағдыланған киім қабылдаушылардың қалай алып,
қалай беретінін көрсетті. Осы «репетиция» үш-төрт күнге созылып, біз де
кəнігіленіп алдық. Менімше, онда тұрған түк қиындық көрінбейді: киімді
алып номерлеген орынға қою, иесінің қолына номер беру, сол номермен
иесіне киімін табыс ету оп-оңай-ақ сияқты. Спектакль болатын күні біз,
киім ілушілер, өзгелерден театрға бірер сағат бұрын келдік. Жұрт
жиналғанша бастығымыз бізді:
— Əйтеуір, жігіттер, сақ бола көріңдер, не ұрлатып, ие ауыстырып ала
көрмеңдер, тірі масқара боп жүрмейік,— деп əлсін-əлсін сақтандырады.
Міне, жұрттың алды енді келе бастады... Алғашқы киімдерді бойымыз
қалтыраңқырай, абыржыңқырай қабылдасақ, аздан кейін үйреніп алып,
киімдерді қабылдап, иелеріме номер бергенде, аяқ-қолымыз жып-жып
етеді... Міне, енді вешалканың көпшілігі толуға да айналды... Киім
берушілер сирей бастады... Міне, енді киім берушілер бітті... Біраз
вешалкалар бос тұр. Біз солардың иелері келер деп күтеміз, əйтпесе, ана
жақтағы залда ойнаған духовой оркестрдің даңғаза əдемі даусы бойды
желіктіріп, көңілді көтеріп барады... Біздің де кезектесіп залға барып,
жиналған жұртты көріп, музыка тыңдағымыз келеді...
Бір кезде музыка тынды, шу басылды, зал мен фойе жақ тым-тырыс бола
қалды. «Неге бүйтті?» деп біреуімізді жіберіп ек, ол біраздан кейін оралды
да:
— Американский аукционный, да, буфеттің де халі нашар екен,
нəрселері жөнді өтпепті... спектакль басталыпты,— деп қайтты.
Спектакльдің картиналарын біз кезектесіп көрмек болдық.
Менің көзегім спектакльдің екінші антрактысында келді. Фойеге
шықсам, төрінде ойнаған оркестрдің күшті даусынан үй дірілдейді. Жұрт
опар - топар араласып билеп жүр, үстерінде əр түсті қағаздардан мəнерлеп,
ұсақтап кескен конфетти. Осы топтың ішінде, орыс офицерлерімен
араласып бірен-саран қазақ офицерлері де жүр.
Би арасында американский аукцион бастады. Оқушылар атын «Сары
шаян» қойған, гимназияда оқитын бір байдың баласы, орындық үстіне
шықты да, қолына алтын білезік көтеріп, саудаға салды. Ол əрине,
кешікпей өтті... Одан кейін, көнетоз қызыл жібекке тіккен күміс алқаны
көтеріл еді, саудалайтын жан табылмады.
Аукцион саудасы солай жүріп жатқанда, мен фойенің буфет жасалған
жағына бардым. Онда тігілген қостардың ішінде бірен-саран ғана адам
болмаса, тамақ жеуші жоқ... Тек қана, беттерін опа-далаппен бояп, қасы -
кездерін əдемілей керілген, қазақша малынып киінген сұлу қыз,
келіншектер
отыр,
олардың
бірталайын
танимын.
Омбыдағы,
Қызылжардағы байлардың қыз, келіншектері.
Антракт бітіп, спектакль басталғанда, мен сахна жаққа бардым.
Артистердің көпшілігін танимын, олар осы ойында роль атқару үшін
Семейден, Орынбордан, Қызылжардан əдейі арнап келген алашордашыл
оқыған жастар, біразы омбылықтар...
Менің мақсатым Колчакты көру. Сыбыр-күбірден естуімше, Омбыдағы
Алашорда комитетінің бастығы əдейі барып Колчакты спектакльге
шақырған, ол ризашылық беріп, армиясының бас қолбасшысы генерал
Сергеевті
ертіп
келген...
Сыбырлаушылардың
айтуынша,
Колчак
свитасымен жеке ложада отыр...
Сұрастырып көрсем, артистердің біреуі Колчак отырған ложаны біледі
екен. Сахна шымылдығының тесігінен сол ложаға сығаласам, арық ұзын
бетті, сүйриген кем иекті, имиген ұзын мұрынды, қушық арық денелі,
сақал-мұрты жоқ біреу шамы сөнген залдың ложасынан бұлдырап əрең
көрінеді. Сол көрінісінде ол, Көкшетаудағы хан тұқымдарының қолында
кездесетін жүні тақыр арық тазы иттерге ұқсайды... Оның қасында мұрты
қақпақтай боп отырған біреудің басы, жүндес мысықтың басы сияқты...
— Көрдің бе? — дейді маған артист, сығалап тұрғанда.
— Көріп те оңдырып тұрған жоқпын, — деймін мен.— Бұл арадан тым
көмескі, ал көмескі көрінген түрінде маған ұнаған түгі де жоқ.
— Тек, жағың қарыссың — дейді артист,— менен басқаға естіртпе
оныңды! Колчактың құлағына тисе, кəллəңді жұлып алады...
Біз киім ілушілер, спектакльді кезектесіп көріп те болдық. Тарауға
ыңғайланған жұрт киімдерін алып жатыр, біз номерлерімен беріп
жатырмыз... Əрбір номерді алып, иесіне киімін берерде, мен Қази үйреткен
«за охрануды» сыбыр ете түсем... Киім иелерінің маған кейбірі күле,
кейбірі кейін қарап қояды да, біреулері қалтасынан алып қолыма
Колчактың почта маркесіне ұқсаған ұсақ тиындарынан кейде кішілеу, кейде
үлкенірек қып ұстатып кетеді... «Көп түкірсе көл болады» дегендей,
жиналған тиын - сиындар молайып, қалтамды қалыңдата түседі... Менің
серіктерім де соны істеп жүр. Уəдеміз — бəрін араластырып, бірдей ғып
бөліп алу...
Бір мезетте киім алушылар сиреп барып, аяғы сұйықталды. Со кезде
алашордашыл бір гимназист, «мə» деп номерін ұсына берді. Мен номерге
қарап құлақшының пальтосын жəне галошын алып берсем, гимназист өзге
киімін алады да галошты «менікі емес» деп алмайды. «Сіздің номеріңізде
тұрған осы» десем, «галошымды танимын, менікі жаңа, мынау ескі,
өзімдікін тауып бер, əйтпесе ақысын төле!» — дейді...
Ақыры, амал қанша... «за охранудан» жиналған тиын-тебенді
гимназистің алдына тастадым да, шығып жүре бердім! Гимназист
қанағаттанды ма, жоқ па, ол арасы маған күні бүгінге дейін белгісіз...
Менің жинағыма кіріп жүрген «Кəпір-ай!» деген өлеңім сол күні түнде
жазылған еді...
|