Өмірзақ айтбайұлы



Pdf көрінісі
бет16/27
Дата05.02.2017
өлшемі1,46 Mb.
#3428
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   27

қазақ тіліНіҢ қайраҒы –  
ұлттық НамыС
Құрметті байқоңырлықтар!
Тіл жанашырлары!
Байқоңыр  қаласындағы  бүгінгі  басқосуымыздың  қазақ 
тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғандығына және 
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 20 жыл 
толуына орайластырылып отырғаны игі нышан деп білемін. 
Тарих  үшін  20  жыл  деген  қас-қағым  ғана  сәт.  Ал  біздің 
еліміз  үшін  бұл  20  жылдың  салмағы  зор,  көтерген  жүгі  
ауыр. Ғасырға барабар десек, қателесе қоймаспыз. 
Бұл  кезеңді  қазақ  халқының  өзін-өзі  тану,  жоғын  тү-
гендеу, ұлттық санасын жаңғырту, ана тілін түлету, ұлттық 
рухын  асқақтату  кезеңі  десек,  артық  айтқандық  болмас. 
Бүгінгі  күннің  биігінен  қарағанда  біраз  нәрсе  атқарылды 
деуге болады. Алайда барша жоғымыз түгенделді, барымыз 
бағамдалды деп көңіл көншіте алмаймыз. Тек тіліміздің өзін 
алсақ, мәселенің толық шешімін таппағандығын бәріміз де 
көріп,  біліп  отырмыз.  Енді  бұдан  былайғы  уақытта  «Кім 

206
кінәлі?», «Не істеу керек?» деген сұрақтарды жиып қойып, 
нақты  мынаған  кірісейік  деген  қажырлы  әрекетке  көшу  
керек  деп  білемін.  Бұл  үшін  не  істеу  керек?  Меніңше, 
қоғамның белсенділігін арттыру керек. Осы кезге дейін біз 
қазақ  тілін  дамытуға  мемлекет  тиісті  көңіл  аудармайды, 
шенеуніктер  қазақша  сөйлемейді  деп  келдік.  Мұны  қазір 
де айтып жүрміз. Бұл өзі солай болуы тиіс те. Бірақ қоғам 
тарапынан  да  қарымды  қозғалыс,  табанды  пікір,  тұрақты 
ұстанымдар қажет. 
Сіздердің  бүгінгі  күні  «Қазақ  тілі»  қоғамының  жанына 
ұйысып,  осынау  басқосуға  қатысып  отыруларыңыздың  өзі 
қоғамдық  жауапкершіліктеріңізді,  қазақ  тіліне  деген  адал 
ниеттеріңізді  танытады.  Осы  орайда  Байқоңыр  қалалық 
«Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен өтіп жатқан бүгінгі 
шараны  ұйымдастыруға,  оның  лайықты  деңгейде  өтуіне 
қолдау  көрсетіп  отырған  Президент  Әкімшілігі  өкілдігінің 
қызметкерлеріне, Байқоңыр қаласының басшылығына, Қар-
мақшы  ауданы  әкімдігінің  азаматтарына  алғыс  білдіруге 
рұқсат етіңіздер. 
Қазақта  «Халық  қаласа  –  хан  түйесін  сояды»  деген  сөз  
бар.  Бұл  нені  білдіреді?  Бұл  мемлекеттің  тек  қоғаммен, 
халықпен  мемлекет  екенін,  ел  басшылығындағы  адамдар-
дың халықтың қызметшісі екендігін білдіреді. Олай болса, 
халықтың  өз  ана  тіліне  деген  құрметі,  өз  еліне  деген  
отаншыл  сезімі,  өз  тарихына  деген  көңілі  қалтқысыз  түзу 
болса,  әрі  соны  сөзбен  емес,  іспен  тиянақтап  отырса,  ұлт 
мәселесіне  келгенде  енжарлық  танытпай,  жанып  түссе, 
онда  билік  те  халықтың  айтқанынан  шықпайды,  дегенін 
орындайды.  Демократияны  ту  еткен  өркениетті  елдердің 
баршасында бұл мәселе осылай шешіліп отыр. Бұл бізге де 
шет болмауы керек. 
Мұның бәрін мен неге айтып отырмын? Бұндағы айтпа- 
ғым,  біз  енді  қоғамдық  белсенділікті,  қоғамдық  жауап-
кершілікті,  қоғамдық  бақылауды  арттырайық  деу.  Әрине, 
бұл бәріміз аттандап көшеге шығайық деген сөз емес. Қазір 
аттан мен айғайдың уақыты өткен. Мәселені білік пен білім, 
парасат  пен  пайым,  талап  пен  талғам  шешеді.  Біздің  қай-

207
қайсысымыз  да  осынау  биік  талап  үддесінен  табылмағы-
мыз абзал. 
Жоғарыда  айтылған  сөздің  бәрі  сарқып  келгенде,  на-
мысқа келіп тіреледі. Егер әрбір адам намысын жанымаса, 
намысқа  шаппаса,  одан  үлкен  тұлға  тұрмақ,  толыққанды 
адамның  өзінің  шығуы  қиын.  Бұл  жалпы  жұртшылыққа, 
тұтас  елге  де  қатысты.  Отар  болған  елдердің  бұғаудан  бо-
сану  үшін  жан  аямай  күресуі  де  осы  ұлттық  намыстың  
әсері  емес  пе?  Қазақты  қазақ  етіп  отырған  да,  осы  күнге 
жеткізген де осынау намыстың арқасы деп білемін. 
Жасыратыны  жоқ,  қазіргі  кезде  намысымыздың  бәсең  
тартқаны  рас.  Егер  намысымыз  тасқындап  тұрса,  жиырма 
жыл  өтсе  де,  ана  тіліміздің  өз  тұғырына  қонбауына  жол 
берер  ме  едік,  аты-жөніміздегі  -ов,  -ев,  -ович,  -евич  деген 
жат  қосымшалардан  құтылмай  жүрер  ме  едік,  қазақы 
аты-жөніміздің  орыс  тілінің  ережесіне  сай  түрліше  бұр-
малануына  мүмкіндік  берер  ме  едік,  балаларымызды  орыс  
тіліндегі  мектептерге  жетелеп  барар  ма  едік,  қазақ  мек-
тептерінің  басқа  елдің  бағдарламасымен  оқуына  көніп  
отыра берер ме едік? Өзін-өзі сыйлайтын бір де бір мемле-
кет, бір де бір адам бұндайға ешқашан жол бермейді. Мұндай 
кереғар  құбылысты  намысымыздың  кемшін  тартуының 
көрінісі демегенде, не дейміз? Бұл жерде мен өзімізді-өзіміз 
тұқыртайын деп отырған жоқпын. Керісінше, намысымызды 
қамшылап,  жігерленейік,  бар  мәселені  ақыл  таразысына 
салайық,  өзімізді  қор,  басқаны  зор  тұтуды  қояйық  дегім 
келеді. 
Өткен ғасырдың басында Алаш ардагерлерін тарих сах-
насына шығарған да осы ұлттық намыс болатын. Қазақтың 
мүддесі  болатын.  Олардың  арманы  толық  орындалмаса 
да,  көздеген  мұраттары  мен  ұстанған  жолдары  бізге  мұра  
болып  қалды.  Аманатқа  адалдық  таныту,  Алаш  ардагер-
лерінің  жолын  жалғау  бізге  парыз.  Биыл  құрылғанына  
20 жыл толып отырған «Қазақ тілі» қоғамының да көздегені 
осы еді. Ұлттық намысы оянған азаматтардың мақсат-мүд-
десі еді. Бүгін ана тілімізге арналып отырған осынау алқалы 
жиынға  Сіздерді  алып  келіп  отырған  да  бойларыңыздағы 

208
қазақы  қандарыңыз,  ұлттық  намыстарыңыз  деп  білемін. 
Және  мұның  ешқашан  да  сөнбеуін,  қайта  жалын  атып, 
алаулай беруін тілеймін.
Қазақстанның  жер-жеріндегі  ұйымдарымыз  бен  бөлім-
шелеріміз  арқылы  сол  өңірлердегі  қазақ  тілінің  ахуалынан 
кеңінен  хабардармыз.  Байқоңырға  келсек,  Серік  Шағатай 
бауырымыз  басшылық  жасайтын  «Қазақ  тілі»  ұйымы  
арқылы  мұндағы  толғақты  мәселелер  бізге  белгілі.  Қала-
дағы  қазақ  мектептерінің  Ресейдің  бағдарламаларымен 
оқып жатқанын да білеміз. Әрине, басқа өңірлерге қарағанда 
Байқоңырдың  жағдайы  бөлек.  Алайда  Ресейге  Қазақстан 
азаматтары  емес,  қала  мен  ұшыру  алаңдары  ғана  жалға 
берілгенін  ескергеніміз  жөн.  Қаладағы  мектептердің  оқу 
бағдарламасына  байланысты  Қазақстанның  Мемлекеттік 
хатшысына,  Білім  және  ғылым  министріне  арнайы  хат 
жолдадық. Сондай-ақ бұл мәселені Премьер-министр Кәрім 
Мәсімов  төрағалық  ететін  Үкімет  жанындағы  мемлекеттік 
тілді  одан  әрі  жетілдіру  жөніндегі  мемлекеттік  комиссия-
ның  отырысында  да  көтердім.  Олар  алдағы  уақытта  екі  
елдің уәкілетті органдары арасында өтетін ресми келіссөз-
дер  барысында  бұл  мәселелердің  оң  шешімін  табуына  қол 
жеткізетінін айтып, жауап берді. Мұны біз бақылауда ұстап 
отырмыз.  Бұл  ретте,  қадірлі  ұстаздар,  ата-аналар  ұлттық 
мүддеге  келгенде  Сіздер  де  белсенділік  танытқандарыңыз 
жөн  дегім  келеді.  Өз  елімізде  мұндай  жағдайдың  орын 
алуының  өзі  іс  басындағы  кейбір  азаматтарымыздың  ұлт-
тық  намысының  кемшіндігінің,  өз  елінің  мүддесіне  атүсті 
қарауының  салдары  емес  пе?  Сондықтан  бұдан  былайғы 
уақытта  отаршылдық  кезеңнің  санамызға  сіңірген  өз  ұл-
тымызға  қатысты  теріс  пікірлерінен  барынша  арылуға 
тырысуымыз  қажет.  Өзімізді-өзіміз  қорсынатын,  ұлттық 
құндылықтарымызды  қомсынатын  құлдық  мінезден  құты-
луға тиіспіз. 
Ашығын  айтсақ,  өзгенің  алдында  бүгежектейтіндей  қа-
зақтың  өзі  де,  тілі  де  ешкімнен  кем  емес.  Қайта  көп  жа-
ғынан  артықшылықтарымыз  бар.  Өз  басым  біраз  елдерде 
болдым.  Шығысты  да,  Батысты  да  көрдім.  Азуын  айға 

209
білеген  Американың  Конгресінде  де  болдым.  Сондағы 
байқағаным, адамшылық, мәдениеттілік, білімділік, пайым- 
дылық,  парасаттылық,  қабілеттілік  жағынан  алғанда 
қазақтар ешкімге дес бере қоймайды екен. Біз тек барымыз-
ды  бағалай  алмай  жүрміз.  Егер  қазақтың  ұлттық  рухы 
көтеріліп,  ешкімге  еліктеп-солықтамай,  өз  жолымен  даму 
арнасына  түссек,  оны  тоқтататын  ешбір  күш  болмайды. 
Бұған ешбір күмәндарыңыз болмасын. 
Елбасымыз айтқандай, қазақтың өз тарихында ұялатын-
дай ешқандай ісі жоқ. Керісінше, мақтанатын, рухтанатын 
жайларымыз көп. Әлемде жер көлемі жағынан тоғызын- 
шы  орынды  алып  отырмыз.  Өздеріңіз  ойлап  қараңыз-
даршы, осындай жерді ұстап тұру үшін қандай қажырдың, 
қандай  рухтың,  қандай  намыстың  қажет  екендігін. 
Дүниедегі қандай халық болмасын, дербес дамуы үшін өз 
ана  тілінің  маңына  ұйысып,  өз  ұлттық  құндылықтарына 
арқа сүйейді. Өзгеге еліктеп, солықтаудан аулақ болады. 
Өзгенің  тілін,  өзгенің  мәдениетін,  өзгенің  құндылығын 
өз ұлттық дүниесінен артық санау, өзгеге еліктеу, өзгенің 
тілінде  сөйлеу  өзіндік  мені  жоқ  әлсіздердің,  құлдық 
санадан арылмаған жандардың әдеті. Мұны қазақ «Жаман 
үйді  қонағы  билейді»,  «Жақыныңды  жаттай  сыйла,  жат 
жанынан  түңілсін»  деп  тұжырған.  Сондықтан  біз  өз 
Отанымызды,  Қазақ  елін  жаман  үйге  айналдырмайық 
дегім  келеді.  Бұл  әрқайсысымызға  қатысты.  Әр  қазақ  өз 
тіліне, өз дініне, өз отбасына берік болса, бізді дау да, жау 
да алмайды. 
Жұлдызды қалада қазақ тілінің жұлдызы әрқашан жана 
берсін, бағы шаба берсін дегім келеді.
қазақ ӘйЕлДЕріНЕ маДақ!
Жыл басы – көктем келген сайын адам баласы өзгеше бір 
сезім жетегінде болады. Айнала құбылып, құлпыра бастайды. 
Қыс бойы құрсауда жатқан жер-ана да бусанып, оянғандай 
жасана  түседі.  Бұл  кезеңнің  тағы  бір  тамаша  ерекшелігі 

210
әйелдер  мерекесінің  дәл  осы  мезгілде  тойлануының 
символдық  мәні  бар  сияқты.  Өйткені  ояну,  түрлену,  құл-
пыру, гүлдену тәрізді құбылыстың бәрі осы кезеңмен және 
ана  атты  ғажап  жандармен  байланысты  ғой.  Яғни  осының 
бәрінің түп негізі әйел анаға байланысты.
Бір  кезде  орыстың  ұлы  жазушысы  Максим  Горкий 
«мадақтасақ ананы мадақтайық, өйткені ол тіршіліктің кө-
зі»  деген  еді,  ал  біздің  қазақ  «Ана  бауырыңдағы  бұлақ», 
«Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық», 
«Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас», «Анадан 
алып  туады»,  «Бүкіл  адамзат  анаға  борышты»,  «Жарық 
дүниенің  иесі  ана»,  «Жұмақ  ананың  табанының  астында 
жатады» деген нақылдарды тіліне тірек еткен.
Ананы құрмет тұту, оны дәріптеу қазақ халқының ежел-
гі  ұстанымы.  Адам  ананы  қадірлеу  арқылы  құрмет  төріне 
көтеріледі.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстан жұртшылығының да әйел қа-
уымына деген ықылас-бейілі ерекше. Әйел ана өмірдің бар 
саласының  белсенді  қайраткері,  олар  сонымен  бірге  ұрпақ 
тәрбиелеп  отырған  ардақты  ана,  өзара  сүйіспеншіліктің 
отын  маздатушы,  махаббат  иесі.  Оларсыз  өмірдің  мәні  де 
жоқ, сәні де жоқ.
Сондықтан  бүкіл  ер-азамат  бұл  күнді  ерекше  күтеді.  
Біреу  өзінің  асыл  анасын,  екіншілері  аяулы  жарын,  үшін-
шілері  ақылшы  әпкелерін,  қырмызы  гүлдей  қарындастары 
мен  қыздарын  құттықтауға  асығады.  Жан  жылытар  жақсы 
сөзден артық не бар дүниеде. Наурыздың басы міне сондай 
асыл  сөздердің  тығыны  ашылатын  күн.  Мына  жарық  дү-
ниеде өзіңнің сыйласқан қадірліңнен аянар қандай сөз бар, 
соның бәрінің айтылар сәті осы, ағайын!
Адам  не  нәрсені  болса  да  дер  кезінде  орындап  үлгеруі 
керек екен. Мұны айтып отырғаным, менің қазір мейірленіп 
маңдайымнан  иіскейтін  екі  анам  да  әлдеқашан  о  дүниелік 
болып кетті. Оларға арналатын сөздердің бәрі адыра қалды. 
Тәубе  деп  шүкіршілік  жасайтын  да  жағдайым  бар.  Құр  
алақан емеспін. Ардақ тұтар қарындастарым, қатар-құрбы-
ларым,  азамат  қатарындағы  қызым  және  қыз-немерелерім 

211
бар.  От  басымды  қисайтпай  гүлдендіріп  отырған  жарым 
бар.  Бар  мейір-шапағатымды,  құттықтауымды  соларға 
арнаймын. Солар арқылы тәуелсіз қазақ елінің бақ беделін 
арттыруда  аянбай  еңбек  етіп  жүрген  және  өмірге  перзент 
әкелуден  тыйылмаған  күллі  ұлылы-кішілі  аналарға  Алла-
ның шапағаты болсын деп тілеймін! Ойымды түйіндей келе 
айтарым, біздің тәуелсіз еліміздің береке-бірлігі ынтымағы 
жарасқан  әйелдерге  байланысты.  Ендеше,  қадірлі  ағайын, 
әйел  қауымының  аман-есендігін,  олардың  қабағына  кірбің 
түспеуін  қадағалайық.  Қазақ  сөзінің  асыл  маржандарын 
олардан  аямайық.  Сөздің  киесі,  қуаты  керемет  қой.  Ана 
сүтінің бой өсіретінін, ана тілінің ой өсіретінін ұмытпалық.
Мереке құтты болсын!
бЕрЕКЕ баСтаУы – 
Әз-НаУрыз
Ғасырлар  бойы  халқымызбен  бірге  жасасып  келе  
жатқан,  тұрмыс-тіршілігімен  біте  қайнасқан  төл  мереке-
леріміздің  ұлығы  –  Наурыз  екені  көпшілікке  аян.  Кеңестік 
кезеңде  бүкіл  халық  болып  тойлауға  тыйым  салынғанына 
қарамастан,  әз-Наурыз  ел  жадынан  толықтай  өшкен  жоқ. 
Ауылдық  жерлерде  көнекөз,  ескі  құлақ  ата-әжелеріміздің 
бастауымен  әрқандай  тәсілдермен  арагідік  аталып  өтіп 
тұрды. Ұзақ жылғы үзілістен кейін төл мерекеміздің қайта 
жаңғырып, бағы жанған кезі Тәуелсіздік алар қарсаңға сай 
келді.  Сол  тұста  халқымыздың  біртуар  ұлдарының  бірі  – 
Өзбекәлі  Жәнібеков:  «Наурызды  елден,  елді  Наурыздан 
ажыратуға  болмайды»,  –  деп  әз-Наурыздың  Алаш  жұрты 
үшін  қаншалықты  маңызды  екенін  дөп  басып  айтып  қана 
қоймай,  оның  бүкілхалықтық  сипат  алып,  ресми  мереке 
болып орнығуына көп күш салды. 
Қазақ  халқы  үшін  Наурыздың  орны  бөлек.  Халқымыз 
бағзы замандардан бері Наурызды сағына күткен. Бұл күні 
үлкен-кіші,  кәрі-жас  тайлы-таяғымен  жұмыла  жиналып 
бас  қосқан,  өткенге  салауат,  барға  береке  айтқан.  Асқақ 

212
армандары  мен  үкілі  үміттерін  келер  күнге  ұштастырған. 
Алдан тек жақсылықтар күткен. Өткенді саралап, болашағын 
болжаған.  Өйткені  Наурыз  –  мереке  атаулының  ұлығы, 
жылдың  басы,  тіршіліктің  бастауы,  күн  мен  түннің  теңел-
ген,  тіршілік  атаулының  жанданып-жасанған,  жер-дүние- 
нің  түлеп-түрленген,  мал-жанның  өсіп-өнген  күні.  Бұл 
мейрам – дін мейрамы емес, діл мейрамы. Сондықтан да дана 
халқымыз осынау күнді – Ұлыстың ұлы күні деп ардақтап, 
оны  қай  кезде  де  еңсесі  биік  ерліктің,  іргесі  сөгілмес 
бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесіне балаған.
Халқымызбен қайта қауышқан Наурыз мерекесімен бірге 
еліміздің  бағзыдағы  бай  тарихы,  мәдени  мұрасы,  ана  тілі 
қайта  түледі.  Ұлт  жадынан  өше  бастаған,  көмескі  тартқан 
ұғым-түсініктер  жаңғырды.  Бастысы  еліміздің  ұлттық 
санасы оянып, рухы көтерілді. Осының бәріне де Наурыздың 
қосқан, қосып келе жатқан және қоса беретін үлесі ерекше 
деп білемін. 
Соңғы  кездері  баспасөз  беттерінде  Наурыз  мерекесін  
атап  өтуге  байланысты  әртүрлі  пікірлер  айтылып  жүр. 
Олардың сарқып құяр сағасы – Наурыз мерекесін тойлаудың 
әлі де ретке түспегендігі. Арнайы тәртібінің жоқтығы. 
Сонымен  бірге  Наурыз  мерекесін  атап  өтуге  арналған 
арнайы  күн  ретінде  21-23  наурыз  аралығы  ресми  түрде 
мемлекеттік мереке болып белгіленгеніне қарамастан, әрбір 
мекеме  өзі  қалаған  кез  келген  күні,  тіпті  сәуір  айының  
ішінде де үздік-создық өткізіп жатады. Мерекеге мән бер- 
мей, мүлдем елеусіз қалдыратындар да бар. Тәуелсіздіктің 
алғашқы  жылдары  Наурызға  деген  ерекше  құлшыныс  
болса, жыл өткен сайын ол қарқын бәсең тартып, солғындап 
бара жатқан сыңайлы. Мұның бәрі де ұлтымыздың ең ұлық 
мерекесі  әрі  төл  мейрамын  атап  өту  тәртібін  ретке  келті- 
рудің, айрықша назар аударудың қажеттігін көрсетеді. 
Сондай-ақ, Наурыз мейрамының шығу төркінін, тарихи 
тамырын, жөн-жоралғыларын тектеп тексерудің де өзекті-
лігі айқын. 
Наурызды  Ұлыстың  Ұлы  күні  деп  жатамыз.  Осындағы 
ұлысымыз  не?  Біздіңше,  «ұлыс»  сөзінің  мәні  ел,  халық 

213
ұғымынан бөлек секілді. Күн мен түннің теңелуін, тіршілік-
тің жандануын, дүниенің ұлы дүбірге толуын алсақ, мұның 
барлығы  да  ұлы  құбылыс,  ұлы  іс  емес  пе?!  Сондықтан 
ұлысымыз – «ұлы құбылыс», «ұлы іс» болуы әбден мүмкін. 
Қазақтың  бойынан  бір  жылтыраған  жақсылық  көрсек, 
өзімізге қимай, оны өзгеден іздейтініміз бар ғой. Сол әдет-
пен Наурызды парсы тілінен енген сөз, парсыша «нау» (жаңа) 
және «руз» (күн)  –  Жаңа  жылдың  бірінші  күні  деген  ма- 
ғынаға  ие  деп  жүрміз.  Осы  мәселені  қайта  қараған  жөн  
секілді. Табиғатпен біте қайнасып өмір сүрген, күн райы-
ның  қабағын  баққан  ата-бабаларымыздың  күн  мен  түннің 
теңесуін  білмеуі,  оны  жаңа  жылдың  басы  деп  қарамауы 
мүмкін  емес.  Мереке  астарына  тереңдей  үңілер  болсақ, 
оның жай ғана табиғат жағдайының әсерінен туған, өзгеден 
көшіріп алған мереке емес, тұла бойына ұлтымыздың дүние 
танымын,  ғарыштық  түсінігін,  тылсым  сырларын  бүккен  
төл мейрамымыз екенін аңғаруға болады. 
Қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Наурыз –  
қазақша  жыл  басы.  Біздің  Жаңа  жылымыз  –  Наурыз 
марттың  басындағы  болсын,  ортасында  болсын,  әйтеуір 
мартта келетін болса, шын мағынамен Жаңа жыл деп айтуға 
лайық», – десе, Міржақып Дулатұлы: «Наурыз – қазақтың 
шын  мағынасындағы  ұлт  мейрамы.  Наурызды  қазақтан  
басқа  күншығыс  жұрттарының  көбі  мейрам  етеді.  Бірақ 
бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың 
мейрамы  етуі  айрықша  сыйымды,  артықша  дәлелді.  Неге 
десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен  
түн  теңеледі,  қыс  өтіп,  жаз  жетіп,  шаруа  кенеледі»,  –  деп  
ойын сабақтайды. 
Ал Мағжан Жұмабаев: «Қазақ Жаңа жылы – жазғытұрғы 
күн мен түннің теңелген күні (22 март) болады. Жаңа жылдың 
ертеңіне  жарық,  жылы  күн  қараңғы  суық  түннен  ұзара 
бастайды.  Бұл  реттен  қазақ  Жаңа  жылы  ғылым  қойнына 
да  басып  кіріп  қалады.  Қазақ  Жаңа  жылын  «Наурыз» 
дейді. Наурыз әулиенің, әнбиенің аты болмаса керек. Сон-
дықтан  қазақтың  Наурызы  –  дін  мейрамы  емес,  тұрмыс 
мейрамы.  Шаруашылық  мейрамды  тұрмыспен,  ғылыммен 

214
байланыстырып,  қоғамға  пайдалы  игі  іс  жасайтын,  ауыл, 
адамдармен ұйымдастыратын мейрам ету керек.
Әр  халықтың  өзінше  Жаңа  жылы,  жыл  басы  болады.  
Азияда Жаңа жыл – жазғытұрым, қазақ елінде – наурыздың 
жиырма  екісі.  Жаңа  жыл  күні  қазақ  күн  райына  қарай  
алдағы  жазды  рақатты,  рақатсыз  болады  деп  болжау  жа-
сайды.  Қар  тез  кете  ме,  жаз  жылдам  бола  ма  деп  болжам 
жасайды»,  –  дейді.  Осы  пікірлерді  саралай  келгенде,  Нау-
рыздың  дүниетанымдық  астарларына  әлі  де  тереңдей  үңі- 
лудің қажеттігі байқалады. Тілімізде «нау» түбірінен тамыр  
тартатын  көптеген  сөздер  бар.  Наурыз  ұғымына  лингвис-
тикалық,  герменевтикалық,  мифологиялық  талдаулар  жүр-
гізсек,  оның  қазақтың  төл  сөзі  екендігін  дәлелдеуге  бо- 
лады.  Мұның  барлығы  да  арнайы  зерттеудің  еншісі  бол-
ғандықтан, бұл жерде оған кең тоқталудың реті жоқ. 
Жоғарыда  айтқанымыздай,  соңғы  кездері  Наурыздың 
жалпыхалықтық  мереке  сипаты  солғындап,  ұлттық  салт-
дәстүрді  бейнелейтін  тар  ауқымды  көрме  деңгейіне  түсіп 
бара  жатқандай  әсер  қалдырады.  Мереке  деген  алаңда  
сеңдей  соғылысып,  шектеулі  топтың  сахналаған  көрінісін 
қызықтап,  концерт  тыңдап,  сауда  жасап,  ас  ішіп  қайту  
болмаса  керек.  Сондықтан  да  мерекені  әрбір  адам  атса-
лысатындай, бүкіл ел болып тойлайтындай, заман талабына 
сай  өзіндік  нышандары  мен  сипаттары  қалыптасқан 
бүкілхалықтық мереке дәрежесіне көтерген жөн. 
Елбасы «Наурыз – Қазақстан халқын біріктіретін ортақ 
мерекеге айналады» деген болатын. Бұның негізі жоқ емес. 
Өйткені Наурыз – нағыз халықтық мереке, көпшілік болып 
тойлайтын  төл  мейрамымыз.  Сондықтан  алдағы  уақытта 
Наурыз мерекесін ұлтты ұйыстыратын ұлыстың ұлы күніне 
айналдырғымыз  келсе,  оның  мынадай  қасиеттері  мен 
сипаттарын ескергеніміз жөн деп білеміз.
1.  Жылдың  ауысуы,  түлеу,  жаңғыру  мерекесі  (22  нау- 
рызда  күн  мен  түн  теңеседі,  тіршілік  жанданады,  жан-
жануарлар төлдейді, көктем келеді).
2. Ынтымақ, татулық, достық мерекесі (араздасқан жан-
дар өкпе-реніштерін ұмытып, бір-бірін кешіріседі, бір-бірі- 

215
нің  үйіне  барып  көріседі,  тарту-таралғы,  сый-құрмет 
жасайды).
3.  Теңдік,  еркіндік,  азаттық  мерекесі  (бұл  күні  барша 
жан  тең  болады,  бүкіл  қызметкерлер  жұмысын  тоқтатып, 
көпшілікпен бірге мерекелеп тынығады, тіпті құлға да ер-
кіндік беріледі).
4. Тазалық мерекесі (үйдің іші-тысы тазартылады, күл-
қоқыс шығарылады, ескі-құсқы нәрселер аласталады).
5.  Табиғатқа  қамқорлық  мерекесі  (ағаштар  отырғызы-
лады,  бұлақтардың  көздері  аршылады,  өзендердің  арнасы 
тазартылады).
6. Ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту мерекесі.
7.  Ірі-ірі  елдік  мәселелер  кеңесіледі,  алдағы  маңызды 
мәселелер жөнінде бәтуа жасалады.
8.  Ұлттың  ұйысу  мерекесі  (Наурызда  әрбір  отбасы 
оқшауланбай, керісінше, көппен бірге ұжым болып, қауым 
болып, ауыл болып тойлайды).
9. Өткенге құрмет, ата-баба рухына тағзым жасау мере- 
кесі.
Міне, осы қасиеттерінің өзінен-ақ Наурыздың неліктен 
ұлыстың ұлы күні деп әспеттелгеніне көз жеткіземіз. Мұнда 
қазақ халқына тән биік адамгершілік, шынайы имандылық 
қасиеттері  тоғысқан.  Қазақтық  қалпымыз,  ұлттық  кел- 
бетіміз, төл дүниетанымымыз көрініс тапқан. 
Төл  мерекеміздің  керемет  қасиеттерін  ұтымды  пай- 
далану және қайта жаңғыртып, түлету мақсатында Үкімет-
тің  қаулысымен  мемлекеттік  деңгейде  белгілі  этнограф 
ғалымдардан, тарихшылардан, мәдениет қайраткерлерінен, 
әлеуметтанушылардан  арнайы  жұмыс  тобы  құрылып,  
оларға  Наурыз  туралы  жан-жақты  зерттеу  жүргізу,  Нау- 
рызды  мемлекеттік  деңгейде  атап  өтудің  жөн-жосығын, 
дәстүр-қағидаларын  әзірлеп  шығу  жүктелсе  деген  тіле- 
гіміз бар. 
Бұл ретте мынадай жайттар қамтылса, жөн болар еді деп 
санаймыз:
1) Наурыз мерекесін тойлауға Қазақстан бойынша ресми 
дайындықты  бір  ай  бұрын  немесе  1  наурыздан  бастау 

216
(көшелерді,  ғимараттарды  Наурыз  нақыштарымен  безен- 
діру,  баспасөз  беттерінде  тұрақты  хабарлар  беру,  элек-
тронды  ақпарат  құралдарында  Наурызға  арналған  сюжет- 
тер, роликтер беру);
2)  Наурыздың  арнайы  символын  жасап,  орнықтыру 
(мысалы, Жаңа жылдың символы – шырша, Аяз ата мен Ақша 
қар, жаңа жылдық сыйлықтар болса, Наурыздың символы –  
Қыдыр  ата  мен  Ұмай  ана,  наурызкөже,  жыл  он  екі  айға 
ие  болған  жан-жануарлар  бейнесі,  т.б.).  Осы  символ  бей- 
неленген ашық хаттар, конверттер, кәдесыйлар дайындау. 
3)  Мерекеге  орай  балаларға  және  ересектерге  «наурыз-
дық» деген сыйлықтар беру (мұны берудің, сыйлықта ненің 
болуын ойластыру қажет).
4)  22  наурыздан  бір  апта  алдыңғы  жұма  күні  бүкілха-
лықтық «наурызақ» – тазалық күнін ұйымдастыру (аулалар, 
өзен-көлдер  тазартылып,  ағаштар  отырғызу,  ағаштардың 
семген бұтағын отау, діңін әктеу, т.б.).
5)  Елбасының  қатысуымен  шаралар  өткізу:  22  наурыз 
күні  Елбасының  сотталғандардың  белгілі  бір  тобына  (кез- 
дейсоқ  қылмысты  болғандар,  жеңіл-желпі  қылмыс  жаса-
ғандар,  тәубесіне  келіп,  имандылық  жолына  түскендер, 
т.б.) рақымшылық жасауы; тұрмысы төмен отбасылары мен 
жетім балаларға қайырымдылық шараларын өткізу, т.б..
6)  жалпыұлттық  «Наурыз  қорын»  құрып,  оның  қаржы- 
сын  ұлтты  ұйыстыратын,  дамытатын  шараларды  қаржы-
ландыруға жұмсау.
Сөзімді  түйіндей  келе,  ұлысымыз  оң,  ағымыз  мол  бол-
сын  дегім  келеді.  Лайым,  еліміздің  алға  басқан  қадамы 
қашан  да  құтты  болып,  әрбір  отбасында  ырыздық  пен  
береке нұры шалқысын! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет