Өмірзақ айтбайұлы


Дүниеде  ең  қиыны  –  сананы  өзгерту  және  шыңдау



Pdf көрінісі
бет14/27
Дата05.02.2017
өлшемі1,46 Mb.
#3428
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   27

Дүниеде  ең  қиыны  –  сананы  өзгерту  және  шыңдау. 
Сана  барынша  консервативті  болып  келеді.  Баяу  өзгеріске 
ұшырайды. Бұл оның табиғатына байланысты. Таптаурынға 
айналған  қателіктердің  өміршең  болатыны  да  осыдан. 
Сананың шұғыл өзгеруіне аса үлкен оқиғалар, зор сілкіністер 
әсер  етеді.  Табиғи  ырғақты  аяңмен  жүру  ұзақ  уақытты 
қамтиды.  Тәуелсіздіктің  жиырма  жылдығына  қадам  басар 
қарсаңға  дейін  атқарылған  істерді  елдің  санасына  жаңа 
тұрпатты мемлекет құруға лайықтап өзгертуге бағытталған 
шаралар,  елдің  болашағын  баянды  ету  жолындағы  өрелі 
істер деп бағалауға негіз бар.
Айтарлықтай хандарымыз бен бектерімізді, батырларымыз 
бен  билерімізді,  ақындарымыз  бен  жазушыларымызды, 
ғалымдарымыз бен дарындарымызды айтулы күндеріне орай 
адақтап, айтулы мерекеге ұластыруымыз да тарихи сананы 
қалыптастыруға, елдік дәстүрді жалғастыруға арналған игі 
істер деп білеміз. Ұлыларын ардақтай алмаған ел қадірсіз, 

169
қайраткерлерін бағалай алмаған жұрт қадірсіз. «Ерім дейтін 
ел  болмаса,  елім  дейтін  ер»  қайдан  шықсын.  Тәуелсіздік 
алып,  төңірегімізді  түгендей  бастаған  шақтағы  біздің  де 
алдымен  қолға  алған  шаруаларымыздың  бастысы  осы  еді. 
Талайлы  тарихымыздағы  ақтаңдақтарды  аршып,  ардагер 
ұлдарымызды  халқымен  қайта  қауыштыру,  көкірегіне  сөз 
қонған,  өнер  тұнған  өнерпаздарымыздың  мерейтойларын 
атап  өту,  ел  бастаған  көсемдерімізді,  сөз  бастаған 
шешендерімізді,  найза  ұстаған  батырларымызды  еске  алу 
секілді  сан  алуан  шаралар  –  осы  мақсаттың  көрінісі  еді. 
Экономикалық жағдайымыз қиын, тұрмысымыз шатқаяқтап 
тұрған  кездің  өзінде  осындай  қадамдар  жасалды.  Бұл  – 
санамыз  оянсын,  рухымыз  шалқысын  деген  амал.  Бұл  іс 
нәтижесіз болған жоқ.
Дүниенің  төрт  бұрышында  тарыдай  шашылып  жүрген 
бар  қазақтың  басы  қосылып,  қара  шаңырақта  тоғысты. 
Соның  арқасында  қандастарымыз  Отанға  оралып  жатыр. 
Елге ел қосылса, құт емес пе?!
XXI  ғасыр  –  білім  мен  ғылым  ғасыры.  Ақыл  мен 
сананың,  білім  мен  біліктің  бәсекеге  түсер  ғасыры.  Білімі 
асқан ел көркейетін, білігі кемшін ел кері кететін кез де осы. 
Бұл  әлем  жұртшылығы  мойындаған  ақиқат.  Сондықтан  да 
ертеңін ойлайтын, болашағына үмітпен қарайтын көшелі ел, 
ең алдымен, ұрпақ тәрбиесіне, шәкірт біліміне ерекше көңіл 
бөледі. Елбасының бұған үнемі назар аударуы да сондықтан 
деп білеміз. 
Шама-шарқымыз  жеткенше  елдікті  танытар,  елдікке 
бастар  шаралар  туралы  бірқатар  мәселелерді  қозғадық. 
Десек  те  қандай  бір  істің  өміршең  әрі  ғұмырлы  болуы 
үшін  ол  негізінен  жастар  тарапынан  қолдау  табуы  тиіс 
екендігін  ұмытпағанымыз  жөн.  Жастардың  ойын  қозғап, 
жүрегінен орын алып, алға құлшындырмаса, бұл істің аяғы 
сұйылатыны  сөзсіз.  Қазір  үгіт-насихаттың  уақыты  өткен. 
Жастар  –  прагматик.  Бар  нәрсеге  байыппен  қарап,  оның 
тиімділігі, берер пайдасы тұрғысынан кесіп-пішеді. Жалаң 
ұран,  жадағай  сөз,  даңғаза  аттанға  бой  алдыра  қоймайды. 
Сондықтан ұлттық мұраттарға бастайтын жобаларды қолға 
алғанда  оның  жалпы  жұртшылықтың  ойынан  шығуын, 

170
жүрегін иітуін, алға құлшындыруын, ұзақ мерзімді қамтитын 
ауқымды болуын ескерген орынды. Оның шешімін көрсету 
де  жеткіліксіз.  Нақты  іс  қана  мәселені  шешеді.  Қоғамдық 
ұйымдарымыздың  қоғамдық  ойға  қозғау  салумен  ғана 
шектелмей, қол жәрдемдерін де ісімен көрсеткендері абзал. 
Қазіргі  кезде  қоғамдық  ұйымдардың,  олардың  ішінде 
жастар  ұйымдарының  саны  артты.  Алайда  бұлардың 
қатарында  тіл,  ұлт  мәселесімен  айналысатындары  аз. 
Осы  кезге  дейін  олардың  бірде-біреуі  тіл  мәселесіне  бас 
қатырмайтын.  Соңғы  жылдары  ғана  қазақ  жастарының 
белсенділіктері  артуда.  «Болашақ»,  «Тіл  және  рух»  деген 
жастар ұйымдарының жұмыстары көзге түсіп жүр. Сондықтан 
тіліміз  бен  дініміздің,  салтымыз  бен  санамыздың,  еліміз 
бен  жеріміздің  болашағын  ғұмырлы  етеміз  десек,  жастар 
ұйымдарының осы тараптағы жұмыстарымен айналысатын 
қатарын көбейтуге күш салғаны жөн. Мемлекеттік органдар 
жағынан  жыл  сайын  әлеуметтік  жобаларды  жүзеге  асыру 
үшін бөлінетін гранттарды анықтағанда осынау бағыттарға 
басымдық  берілуі  керек.  Өйткені  біздер  үшін  болашақ 
туралы сөз – тіл мен діл, салт пен сана, дәстүр мен үрдіс, 
ілім мен білім, тәлім мен тәрбие, өсиет пен өнеге, әдебиет 
пен мәдениет сияқты қазақ халқы үшін аса қасиетті ұғымдар 
деген сөз. 
Қай  кезде  де  жүйелі,  жоспарлы  түрде  жүргізілген  жұ-
мыстар ғана нәтижелі болады. Мақсаттың айқындығы, оған 
жету  жолдарының  дәлдігі  көздеген  нәтижеге  жеткізбей 
қоймайды.  Олай  болса,  тәуелсіздіктің  тұғыры  –  туған 
тіліміздің  өрісті  болуы  үшін  мемлекеттік  тілге  көшудің 
бірыңғай өлшемдері белгіленуі тиіс.
Сол  секілді  біз  сөз  барысында  мемлекет  құраушы  ұлт 
қандай болуы керек, оған қандай міндеттер жүктеледі деген 
сұрақтар  төңірегінде  аз-кем  өз  ойымызды  ортаға  салуға 
тырыстық.  Бірақ  бұл  аздық  етеді.  Осы  мәселені  де  жан-
жақты талқылай түсу қажет. Бұл айтылғандардың барлығы 
да  елдікті,  тәуелсіздік  пен  мемлекеттіктілікті  нығайту 
бағытындағы  көкейде  жүрген  ойлар.  Ой  ойды  қозғаса, 
амалға жол ашса, мақсаттың орындалғаны. 

тӘрбИЕ баСы – 
тіл

172
аНалар тУралы аНа тілі СөйлЕйДі
Қар  борап,  қаһарына  мініп  қанша  тұрғанмен,  қыстың 
буыны  босап,  екпіні  қайта  бастады.  Енді  аз  күнде  келетін 
наурыз айы өзінің қыз қылығымен адамдарды да, табиғатты 
да елжірете жөнеледі. Жер-дүние бусанып, ақ көрпесін сілки 
тастап, айнала егіл-тегіл селдетеді. Ағаштар бүршік атады. 
Айнала  тіл  жеткісіз  түрге  енеді.  Адамдар  сыртқы  ауыр 
киімдерін  тастап,  наурыздың  ыңғайына  қарай  икемделудің 
қамына кіріседі. Жер жасана бастайды. 
Жыл  басы  –  көктем  келіп  кіреді.  Бүкіл  тіршілік  атаулы 
қалың  ұйқысынан  оянғандай,  түрлене  түседі.  Бір  қызығы, 
адамзат  қауымының  тамаша  өкілі  Аналар  әулетінің  бұл 
кездегі  сымбатына  қызықпасқа  мұршаң  жоқ.  Өмірдің  сәні 
де,  мәні  де  әйелдер  қауымы  екеніне  тағы  сүйсіне  түсесің. 
Дүние гүліндей боп өмір бастайтын Ана атты ұлы тұлғаның 
қоғамдағы  орны  мен  болмыс-бітімін  ойлап  тебіренесің. 
Анадан  тудық,  апа-қарындастарың  бар,  алайда  солардың 
қадір-қасиетін  танып-біліп,  бағалай  алдым  ба  деген  ой 
үнемі мазалайды. Жаңару мен жаңғыруға жетелейтін наурыз 
басында  осындай  неше  алуан  сезімдерге  бөлене  отырып, 
қасиетті  ана  тілім  аналар  жайында  не  айтады  екен  деген 
оймен неше түрлі кітаптарға бас қойдым, қазақтың мақал-
мәтелдеріне үңілдім. Ғажап қой! Біздің қазақ бәрін айтқан 
және қалай айтқан. Ендеше қадірменді оқырман, соған назар 
аударалық. 
Ең алдымен айтарым, маған осы ана тілі және қазақ әйелі 
дейтін екі сөз бір-бірінен ажырағысыз табиғи тұтасып кеткен 
киелі ұғым тәрізді көрінеді. Аңғарғанға ананың ақ сүті мен 
аялы  алақанысыз  ана  тілінің  қанат  жаюы  мүмкін  бе,  сірә. 
Меніңше, мүмкін емес.
Мен бұл тақырып бойынша сөз қозғау үшін көп ойландым, 
көп  толғандым.  Қазақтың  халық  өлеңдері  мен  мақал-
мәтелдерін, ертегі-аңыз әңгімелері мен эпостық жырларды, 
қазақ  жазушылары  мен  жыраулар  дүниелерін,  ғұламалар 
толғауларын  шарлап  шықтым.  Өз  аналарымыз  бен  әпке, 
қарындастарымыздың  тағылымға  толы  табиғатын  барлап, 

173
көз  алдымызда,  алақан  аясында  өскен  және  білім,  ғылым 
саласындағы  қыздарымыз  бен  немерелердің  алып  отырған 
тәрбие мен өнегесін ой әлемінен өткізіп, саралап шыққандай 
болдым. Жақсы ма, жаман ба, осы бір табиғаты мен тақылеті 
өзгеше,  болмыс-бітімі  ерен,  өмірдегі  орнын  ешқандай 
сөзбен айтып бағалап тауысуға болмайтын жандар жөнінде 
мейір-шапағатқа,  ықылас-бейілге  толы  өз  топшылауымды 
оқырманмен бөліскім келді.
Мұның  өзін  аналар  мен  ана  тілі  туралы  жыр  десе 
де  болғандай.  Рухани  тарихымыздың  тарғыл  беттерін 
парақтасақ, қазақ қыздары мен қазақ әйелдері, жалпы аналар 
әлемі туралы толғанбаған тұлғалар сирек екен. Оның үстіне 
жүрек  тербер,  сезім  қоздырар  қазақтың  халық  әндеріне 
немесе мақал-мәтелдеріне бір сәт көңіл аударып көрелікші. 
Нені  меңзеп,  не  айтар  екен.  Бұларға  дендей  берсек,  сөзді 
ұзатып алар ек.
Бұларда аналарға, қыздарға тән әрі тәрбиелік, әрі тағы-
лымдық мәні ерекше толғамдар бар. Соларды саралай келе, 
мынадай сөз үйірлерін байқадық. Әрине, әлгі тақырыптар-
дың  бәрін  толық  баяндау  мүмкін  емес.  Сондықтан  бұл  
жолы  халықтық  мақал-мәтелдер  төңірегінде  ғана  кейбір 
ойларды алқаға салған жөн-ау дедік. Сонымен, ой қозғайық.
Қазақ  қауымында  қыз  баланың  орны  айрықша  болған. 
Оны  мынандай  мақал-мәтелдерден  анық  аңғарамыз.  Ата-
бабаларымыз  қызды  қонақ  деп  есептеп,  барған  жерде 
бағының  ашылуын  үйде  отырып  қамдаған.  Барынша  ізет-
ті,  сыпайы,  мейірімді  де  ісмер,  қылықты  да  қырмызы  бо-
луын  үнемі  қадағалап  отырған.  Еркін  ұстаған,  бірақ  тым 
еркінсітпеген.
«Қыз – өріс, ұл – қоныс» деп білгендіктен қазекем өрісін 
кеңейтер  қыз  балаға  айрықша  көңіл  бөлген.  «Қыз  мінезді 
келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден 
тыйым»  жасайды.  Қыз  тәрбиесіндегі  жеңге  рөлі  де  көзден 
таса  болмайды.  «Қызы  бар  үйдің  жеңгесі  сүйкімді  келеді». 
Өйткені  әке-шеше  айта  алмайтын  сырды  жеңге  жеткізеді. 
Қыздың балғын болмыс-бітімі мен тәрбиесінің басы-қасында 
аяулы жеңгелер жүреді. Сүйген жігіті мен екі арадағы әдепті 

174
қарым-қатынастың  табиғи  өрбуіне  себеп  болатын  осы  жең-
гелер. Бұларды жеңгетайлармен шатастыруға болмайды.
Ата-ана қызынан ешнәрсені аямайды. Оның ешнәрседен 
мұқтажсыз, бұла өсуін қадағалайды. Өйткені қызға бергенді 
қызыр  өтейді  деп  біледі.  Сонымен  бірге  қазекең  қызды 
бетімен де жібермейді. «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» 
дей  отырып,  оларды  қанаттыға  қақтырмай,  тұмсықтыға 
шоқыттырмай өсіруді парыз санайды. Олардың ар-ұятының 
сақшысы бәріне жауапты екенін еш уақыт ұмытпаған. Содан 
да  болар,  бір  жағынан  «қыз  бен  жылқы  жаудікі»  деп  қыз 
тәрбиесіне мейлінше сақ қарайды. «Қыз баққаннан қысырақ 
баққан  оңайлығын»  жадынан  шығармай,  баянды  отанын 
тапқанша өзінің жауапты екенін еш ұмытпаған. Сөйте тұра 
қызды жағадағы құндыздай күтеді.
«Күйеу жаман болса қызыңнан» деуінде үлкен мән бар. 
Өзінің  отбасында  керекті  тәрбиенің  бәрін  көріп  өскен  қыз 
бала,  соған  қоса  мінезді  де  қылықты  болса,  парасатты  да 
пайымды болса екен дейді. «Қызды күте алмаған күң етеді, 
жібекті  түте  алмаған  жүн»  етеді.  Мұның  көбі,  негізінен 
қыздың  шешесіне  байланысты  дүниелер.  Сондықтан  қыз 
көретін жігіттер, алдымен жеңгесі арқылы шешесінің қандай 
адам екенін анықтағысы келеді. «Шешесі жаманның қызын 
алма»  немесе  «Шешесін  көріп,  қызын  ал»  деуде  осындай 
мақсат бар.
Заманның  бағыт-бағдарына  қарай  мақал-мәтелдер  де  
түрленіп,  өзгеріске  түсіп  отырады.  «Шешесі  отырып, 
сөйлеген қыздан безін» дей келе, қыздың жақсысын іздейді. 
«Ақылды  қыз  білімге  жүгінер,  ақылсыз  қыз  сөзге  ілігер» 
деп біледі. Осындай негізгі тәрбиелік жұмыстарды жүргізіп 
алған  соң,  қазекеңнің  құдайдан  тілейтіні  қызының  барған 
жеріне тастай батып, судай сіңуі. Барған жерінде бағының 
ашылғанына  қатты  қуанады,  бағы  тайса  қатты  күйінеді. 
Қорқатыны – «қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз 
жаман» екені. 
«Шыққан  қыз  шиден  тысқары»  қыз  баланың  ендігі 
жердегі тіршілігі шектеулілеу болатыны белгілі. Ол келіндік 
және  әйелдік  дәуір.  Бұл  қыз  бала  үшін  мейлінше  жауапты 

175
кезең. Жаңа түскен келінге сыншы да, мінші де көп. Ол енді 
төркінінде  алған  тәрбиенің  қаншалықты  мағыналы  екенін 
көрсетуге  тиіс.  Жеңгесі  мен  шешесінен  көргенін  істеп, 
қайын жұртының көңілінен шығуға тырысады. 
Қазақ  қыздың  өз  жұртымен  бірге  қайын  жұртының  да 
тәрбиеге жауапты екенін қатты сезінеді. Оның қандай елге, 
қандай отбасына келін болып түсуіне көп нәрсе байланысты. 
«Жақсы  елге  түскен  келін  келін,  жаман  елге  түскен  келін 
келсап».  Бұл  жерде  қайынененің  рөлі  көріне  бастайды. 
Көбінесе  «келіннің  қайынене  топырағынан  жаралғандай» 
болып  келуін  қалайды.  Шынында,  көргенді  елден  шыққан 
қыздың көсегелі елге тап болуы зор бақыттың кепілі.
Жас  келіннің  бетін  ашу  рәсіміне  қазақ  халқы  айрықша 
мән  берген.  Мұндағы  мақсат  ақынның  астарлы  да  ойлы, 
көркем де шебер тілімен жас келінге келген жерінің үлкен-
кішісімен, елі-жұртымен таныстырып, ізет-құрмет күтуі өзге 
елдерде  бола  бермейтін  ұлтымызға  тән  тамаша  дәстүрдің 
бірі.  Бұл  мәңгі  есте  қалар,  ұмытылмас  сәттер.  Сондықтан 
«келіннің  бетін  кім  ашса,  сол  ыстық»  дейтін  нақыл  сөз 
көптің  көкейінде  қалып  қойған.  Сөйтіп  келін  енді  келген 
жерінің тәрбиелік мектебінен өте бастайды.
Қазақтың  бұл  тұстағы  тәсілі  де  өзгеше.  Ата-ене  кө-
ңіліндегі  ойды  келінге  туралап  емес,  тұспалдап  жеткізуге 
тырысады.  Тіпті  көбінесе  қызына  сөйлеп  отырған  болып, 
келінінің құлағын діттейді, «Қызым саған айтамын, келінім 
сен  тыңда»  дейді.  Түбі  келіннің  іс  тірлігі  «Еркек  үйдің 
иманы, әйел үйдің жиғаны, жақсы әйел – ырыс, жаман әйел –  
ұрыс»,  «Бірліктен  бездіретін  де  әйел,  сұмдықты  сездіретін 
де әйел», «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған 
әйелдің бір ісі артық», «Жақсы әйел – жігіт біткенге бақ», 
«Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» 
деген нақылдарға сай жетілуін қадағалайды. Сонымен бірге 
келген келін татулық жаршысындай болса деп армандайды. 
Әсіресе абысындар арасының ынтымақты болуы көзделеді. 
«Ағайын  тату  болса,  ат  көп,  абысын  тату  болса,  ас  көп», 
«Ағайынның азары болса да, безері жоқ», «Ағайынға қарап, 
мал өсір, ағашқа қарап тал өсір». 

176
Қыз,  әйел,  қатын,  абысын-ажын,  ағайын  туралы  мақал-
мәтелдерді  саралай  отырып,  халық  даналығына  қайран 
қаласың. Атам қазақ ешбір жарғы, нұсқау жазып әуре болмай-
ақ  әрі  қысқа,  әрі  нұсқа  нақылдармен  тәрбие-тағылымның 
тамаша үлгісін түйіп айтып отырған.
Осының бәрінде ананың орны айрықша. Барлық ізгілік, 
мейірім,  шапағат  адам  баласының  бойынан  ананың  ақ 
сүтімен дарыса керек.
«Ана  сүті  бой  өсіреді,  ана  тілі  ой  өсіреді».  Әрбір  ана 
бойындағы  тағдыр  берген  бар  асылын  тоғыз  ай  толғатқан 
перзентінен  аямаған.  Олардың  арасынан  сөз  ұстаған  ақын 
да,  ел  қорғаған  батыр  да,  шежіре  шерткен  ғалым  да,  ел 
қамын жеген дана да, үлгі-өнеге шашқан ұстаз, тағысын тағы 
талай дүлдүлдер мен шешендер, өмір гөй-гөйін түйіндеген 
шеберлер де шыққан. Елі-жұртына ойран салған опасыздар 
да,  қатыгез  қара  ниеттілер  мен  халқын  қан  қақсатқан 
жауыздар да болған.
Соған  қарамастан,  анаға  табынбайтын,  оған  тоқтамай-
тын,  оның  алдында  тізе  бүкпейтін  жан  сирек.  «Анадан 
алып  туады»,  «Ана  бауырындағы  бұлақ».  Сондықтан  ана 
алдындағы  қарыздың  өтелмегені  өте  ауыр.  «Анаңды  Мек-
кеге үш арқалап барсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың», 
«Анасыз  қыз  жасауға  жарымайды».  Ендеше  «Анаға  қарап, 
қыз өсер, әкеге қарап, ұл өсер». Сол себепті «Анасын көріп, 
қызын ал».
Бұлар  ана  туралы  халық  даналығынан  алынған  бірен-
саран мысалдар ғана. Тағылымға толы осынау толғауларды 
тарата  отырып,  қазақ  тілінің  түпсіз  де  терең  байлығына, 
ойыңды көріктендіріп, көңіл сарайыңды нұрландыра түсер 
асқан қасиетіне қалайша шаттанбайсыз.
Осыншама  байлықтың  көзін,  біздің  ендігі  жастарымыз 
аша, арши түссе, керегіне жарата білсе мемлекеттік тіліміздің 
көсегесі бүгінгіден де көркейе, еңселене түсер еді-ау деген 
арманды оймен аналар мен ана тілі туралы жырымды әзірге 
осымен тоқтата тұрсам деп едім.

177
аНа тіл – ұлттық тӘрбИЕНіҢ 
алтыН ДіҢГЕГі
Осы бір киелі ұғымды ұлы түрколог М.Қашқари айтқан 
«Тәрбие басы – тіл» деген тәмсілмен бастағанды жөн көр-
дім. Өйткені қай заман тарихын қаузасаңыз да, тілдің адам 
тәрбиелеудегі орны орасан зор екені даусыз. Алайда «тілдің 
тәрбиелік негізі неде, оның нақты көрінісі қандай болмақ?» 
деген сауалдарға жауап беру оңайға түспейді. Әйтсе де ойға 
азық, пікірге қазық болар негізді қазақтың ұлы тұлғаларынан 
ел тағдырын шешуге араласқан би, шешендерінен, ел, жер, 
тіл  туралы  ой  толғаған  ақын,  жазушыларынан,  ғұлама 
дарындарынан табуға болады. 
Ендеше: 
Бір Аллаға сиынып, кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық, – 
деп  басталатын  тағылым  қалдырған  ұлы  ұстаз  Ыбырай 
Алтынсариннен  бастап  ана  тіліміздің  тәрбиелік  мәні  мен 
адамгершілікті  шыңдаудағы  айрықша  қасиетіне  көңіл 
бөлген қазақтың сол данагөй бабалар қалдырған сөздеріне 
құлақ түрелік. Сондай-ақ бір сөзін алып тастап, алмастыруға 
болмайтын мақал-мәтелдеріміз бен мәдени мұраларымызға 
бойлап көру ләзім. 
«Туған  ел  –  тұғырың,  туған  тіл  –  қыдырың»  деген 
нақылға қанша мағына сыйып тұр. Үнемі осылайша ұғып, 
осылайша қадір тұтқанда ғана тілдің тағылымдық тынысын 
тануға  болады.  Ана  тілінен  жерініп,  жат  тілдің  жетегінде 
жүргендерді  көргенде  Абайдың  «Қайран  тіл,  қайран  сөз  – 
наданға қадірсіз» деген ұлағатты ойлары еріксіз еске түседі. 
Ердің  құнын  екі-ақ  сөзбен  шеше  білген  бабаларымыз- 
дың  бүкіл  өмір-тіршілігіне  тірек  еткені  –  тіл.  Өйткені  ана  
тіл  –  қазақтың  ең  басты  құндылығы.  Түркі  тілдес  туыс  ел 
ішінде,  әсіресе  қазақ  халқының  сөз  қадірін  білуі,  содан 
тағылым,  тәрбие  алуы  өлшеусіз.  Сөзге  тоқтай  білу  деген  
әрбір қазақтың басты қасиеті. «Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз 
сөз  иесін  табады»  дейтін  қазақ  ә  дегеннен-ақ  өз  ұрпағын 

178
жүйелі  дөп  сөйлеуге  баулыған.  Қазақ  ортасынан  би,  ше-
шендердің,  ақын,  жыраулардың  көп  шығуы  жайдан-жай 
емес.
Қазақ  тілінің  тәрбиелік  қасиетін  қазақ  билері  мен 
шешендерінің  сөз  саптау  қабілетінен  айқын  аңғаруға 
болады. Сөздің күші, қуаты болады, нұры, шапағаты болады. 
Әңгіме  соны  орнымен  қолдана,  іске  жарата  білуде.  Қазақ 
сөзінен  осындай  шексіз  де  шетсіз  тәрбиелік  мәні,  әсіресе, 
әйгілі Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке іспетті билер 
қалдырған насихат сөздерден айқын аңғарылады.
Тілдің  ұлтты  тәрбиелеудегі  айқын  мысалы  ретінде 
Қаздауысты  Қазыбек  би  қалдырған  мына  бір  шешендік 
үлгіге көңіл аударалық. 
... Ілгеріде қалмақтың қаны Қоңтажы қазақ елін үш рет 
шауып,  малмен  бірге  ұл  мен  қыздарын  алып  кеткен  екен.  
Соны  даулап  қазақтар  елші  жіберсе  де  Қоңтажы  еш  есе 
бермейді.  Сонда  қазақ  билері  бас  қосып:  «Ұлымыз  құл, 
қызымыз  күң  болып  кеткені  ме?  Қол  жинап,  шайқасқа 
шықсақ  қайтеді?»  –  деп  Абылай  ханға  ақыл  салады. 
Абылай: «Шамасы, біз әлі тілі шебер шешен елші жіберіп 
сынасқанымыз  жоқ,  іріктеп  елші  жіберейік,  оған  есе 
бермесе, сосын шайқасайық», – дейді. Бұл жұмыс Келдібек 
биге жүктеледі. Ол өзі бара алмай, өзіндей кісі таба алмай, 
ақыры  өз  баласы  Қазыбекті  елшілерге  қосып  жіберіп 
сынамақ болады. Іздеп келсе бала үйде жоқ, желі басында 
екен. Баласын жөн біле ме екен деп сынаққа алады:
– Балам, сен кімнің баласысың, жөніңді айтшы? – дейді.
–  Атым  Қазыбек,  әкем  Келдібек,  Шаншардың  немересі 
боламын, – дейді.
– Балам, сенің осылай асық ойнап, тай үйретіп жүргенің 
жақсы ма, жоқ әлде жақсылардың қасына еріп, ел танып, жер 
танып, сөз танығаның жақсы ма?
– Балалық дәуірді де тастағым келмей тұр, бірақ жақсы-
лардың  қасына  еріп,  ел  танып,  жер  танып,  сөз  танығаным 
теріс болмас, – дейді Қазыбек. 
Сонымен  Келдібек  он  кісінің  қасына  әлі  жас  баласын 
қосып, астына Телқоңыр дейтін тайды ерттетіп беріп, қалмақ 
ханына жібереді.

179
Телқоңырды  мін  деуінде  мәніс  бар  екен.  Бір  күні  Кел- 
дібек  жылқысын  қаптатып  келе  жатып,  қара  жал  құла 
қулықтың  жер  сызып,  жылқыға  ере  алмай  келе  жатқанын 
байқайды. «Мынаның ішінде тас па, әлде тұлпар бар ма? Бір 
құлынды  мұнша  неге  ауырлайды?»  –  дейді  де,  жаңа  туған 
құлынды көріп Келдібек:
–  Бұған  бір  қулықтың  сүті  не  болар  дейсің,  екі  бие 
сүтін  емсін,  қызыл  тарлан  бас  мама  сүтті  бие  еді,  соның 
құлынын  өздерің  сойып  жеңдер  де,  мына  құлынды  соған 
теліп жіберіңдер, – дейді жылқышыға. Сөйтіп сол екі биенің 
сүтін емген құлын Телқоңыр атаныпты. Келдібектің тауға-
тасқа салса қайтпайтын бір жарамды жігіті бар екен. Соны 
Қазыбектің қасына қосады. 
–  Қанша  айтқанмен,  мынау  бала  ғой,  бақылап  жүрер- 
сің, – деп тапсырыпты баласын. 
Бұларды қадағалап, төбе басында тұрған Абылай тобын 
көріп,  самсап  тұрған  сары  қолға  атының  басын  бұрады. 
Қазыбек Абылайға сәлем беріпті. Абылай: 
– Кімнің баласысың? – деп сұрайды.
– Атым Қазыбек, әкем Келдібек, – дейді. – Мен ауылда 
жүргенде  балалардың  басшысы  едім,  енді  ағаларымның 
атшысы болайын деп келдім. Тай бәйгесі мен құнан бәйгесін 
көріп едім, енді ат бәйгесіне қосылайын деп келдім, – дейді 
бала. Сонда Абылай кеңк-кеңк күліп: 
– Жарайды, балам, жарайды, барсаң бар. Тайың да жақсы 
екен, сөзің де жақсы екен, – дейді.
Сосын  Абылай  бұларды  біраз  жерге  шығарып  салмақ 
боп сар желіп береді. Кілең сәйгүлік жер танабын суырып, 
жөңкіле  жөнеледі.  Телқоңыр  алды-артын  орап,  ортекедей 
орғып,  ойнап  отырады.  Ауыздығымен  алысқан  баланың 
қолы қарысып қалмас па екен деп Абылай назары тағы да 
балаға ауды. 
–  Балам,  сен  шыныңды  айтшы,  атшы  болғың  келе  ме, 
басшы болғың келе ме? – дейді. Сонда бала: 
–  Тәйірі,  мен  жол  көрген  ағаларымның  қасында  басшы 
болып не қылайын, атшы болсам да жарар! – дейді. Сонда 
Абылай бір төбе басына жұртты иіре тоқтатып:

180
–  Ал,  жігіттер,  жол  болсын.  Басшыларың  Тайкелтір  би 
болсын,  хандарың  Бертіс,  батырларың  Малайсары,  атшы-
ларың  мына  Қазыбек  бала  болсын.  Елдестірмек  елшіден.  
Жауды алмас қылышпен де көндіруге болады, өткір сөзбен 
де көндіруге болады, – дейді. 
Қалмақ  ханы  бұларды  менсінбей  қарсы  алады.  Сойыс 
жасап  шығынданбай-ақ,  бұларды  бөліп-бөліп  жібермек 
болады.  Сонда  Қазыбек:  «Менің  жүз  атым  бар,  жүз  атшы 
жоқ,  атты  тарата  алмаймын,  бір  жерден  орын  берсін»,  – 
дейді. Ат  сиятын  басқа жер  таба алмаған  хан өз  албарына 
байлатқан екен. 
Аттарды он-оннан топтап байлатып тұрған бала Қазыбек-
ті хан әйелі көріп тұрады. 
Кешкісін хан уәзір, билерін жинап, ішінде әйелі де бар, 
кеңеседі. 
–  Қазақ  бізді  қамап  кеп  жатыр,  тайға  мінген  бала  да 
жіберіпті.  Абылайдың  бізді  келеке  қылғаны  ғой.  Бұларды 
қырып  тастасақ,  аттарын  жылқыға  қоса  салсақ  қайтеді,  – 
дейді. Сонда ханым тұрып: 
– Хан, ол дұрыс болмас. Қазақ қабырғалы халық. «Елшіге 
өлім  жоқ»  деген.  Елші  келгенде  хандық  қасиетіңді  сақта, 
сөзін тыңда. Жүз кісіні өлтіріп жайлана алмассың, жүз атты 
жылқыға қосып бай бола алмассың. Тай деген тұлпар болып 
жүрмесін,  бала  дегенің  сұңқар  болып  жүрмесін,  –  дейді. 
Сонда хан: 
– Ендеше, елшілерді ордаға жинаңдар, өзіме өзі, сөзіме 
сөзі  сай  келер  адамы  болса,  оны  көремін,  сай  келмесе 
жазасын сол арада беремін, – депті. 
Ертеңіне  хан  ерте  тұрып,  өзінің  бір  сұңғыла  сыншы 
қариясы  бар  екен,  соған  мына  елшілерді  байқап  кел  деп 
тапсырма береді. Ол ханға: 
– Мен мынау елшілер ішінен сен шошитындай адам таба 
алмадым. Мен басқа бір нәрседен шошып келдім, – депті.
 – Неден шошыдың? – дегенге, Қария:
– Жылқы ішінде бір бала жатыр, екі аяғы екі жақта, екі 
қолы  екі  жақта,  құлаш  ұрып  жатыр  екен.  Аузынан  жалын 
атқылап  тұр  екен.  «Аузым  жеткенше  сөйлеймін.  Қолым 

181
жеткенше  сермемеймін,  аяғым  жеткенше  жүремін,  төңі-
ректің  төрт  бұрышына  болса  да  сөйлесуге  жараймын,  ха-
лықты қара шыбындай аузыма үймелетемін», – деп тұр екен. 
Сонда хан қаһарланып:
–  Сен  де  аузыңды  басып,  ақылыңнан  шатасып  жүр 
екенсің. Ол өзі бала болса, өзі аттың ішінде жатса, бұл өзі 
атына ие боп қайтар. Ол ержетіп сүбемізді суырғанша талай 
өмір өтер, – дейді. 
Содан  соң  хан  жігіттері  қазақтарға  келіп:  «Сөзге 
дәмелілерің  қалмаңдар»  деп  шақырып  кетеді.  Қазыбек  те 
қалмай бірге келеді. Хан оларға ашулы жүзбен түсін суытып: 
– Ия, қазақтар, айтарыңды айтыңдар, – депті. Бұлардың 
басшылары  Тайкелтір  би  асып  айтпайтын  бұқпа  кісі  екен, 
шаңқылдасып қайтеміз деген кісіше: 
Өлеңді өзгеге бердік, 
Өрлікті төменге бердік. 
Алдияр тақсыр алдыңа келдік,
Берсең алдық, 
Бермесең қалдық, 
Сөзді өзіңе салдық, – 
деп үш-төрт ауыз тақпақ айтады. 
Хан Тайкелтірдің төменшіктегеніне мерейі тасып:
–  Олай  болса,  кешке  дейін  бір  жауап  қайтарармын, 
жауап  қайтпай  қалса,  ат-тонның  амандығында  елдеріңе 
қайтқандарың теріс болмас, – депті. Тайкелтір тағы үш-төрт 
ауыз тақпақтай жөнеліп еді, хан оны екі ауыз сөзбен тыйып 
тастады. Үзілген сөзді қазақ жағынан ешкім жалғай алмады. 
Тығырыққа тірелген тұс. Қазыбек есік жақта өзінің жігітінің 
жанында  қалжыңдасып  отырған.  Бір  мезгілде  айнала  бір 
қарап еді, ешкім ештеңе демеген соң, орнынан атып тұрып, 
хан Бертіске жетіп барады да: 
Елден ердің несі артық
Ептестірген сөзі артық. 
Малдан малдың несі артық, 
Бір-ақ асым еті артық. 

182
Жерден жердің несі артық, 
Бір-ақ уыс шөбі артық. 
Міндетіне алған сөзден 
Шегінген жігіттен
Өлген аюдың өті артық, – 
дейді. Содан кейін Қоңтажыға жетіп келіп:
– Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат! – дейді. Сонда хан:
– Өй өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті. 
–  Атым  Қазыбек,  әкем  Келдібек,  халқым  қазақ,  руым 
қаракесек. 
– Дауысың қаз дауысындай екен, қаңқылдап тұр екен, ал 
датыңды айтшы, – депті хан. Сонда Қазыбек: 
–  Біз  қазақ  деген  мал  баққан  елміз,  бірақ  ешкімге 
соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт қашпасын деп, 
жеріміздің  шетін  жау  баспасын  деп  найзаға  үкі  таққан 
елміз.  Ешбір  дұшпан  басынбаған  елміз,  басымыздан  сөзді 
асырмаған  елміз.  Досымызды  сақтай  білген  елміз,  дәм, 
тұзын ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын 
таптай  білген  елміз.  Атадан  ұл  туса,  құл  боламын  деп 
тумайды,  анадан  қыз  туса,  күң  боламын  деп  тумайды.  Ұл 
мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ та, біз қазақ, 
Қарпысқалы келгенбіз. 
Сен темір де, біз көмір, 
Еріткелі келгенбіз. 
Екі еліктің лағын
Теліткелі келгенбіз. 
Танымайтын жат елге,
Танысқалы келгенбіз. 
Танысуға келмесең, 
Шабысқалы келгенбіз. 
Сен қабылан, біз арыстан
Алысқалы келгенбіз. 
Жаңа үйреткен жас тұлпар, 
Жарысқалы келгенбіз. 
Тұтқыр сары желімбіз, 

183
Жабысқалы келгенбіз. 
Берсең жөндеп бітіміңді айт, 
Бермесең дірілдемей жөніңді айт,
Не тұрысатын жеріңді айт! – 
депті.  Сонда  сөз  қуатын  қатты  сезінген  Қоңтажы  хан  не 
дерін білмей абдырып: 
– Өзің сөзге келетін бала болсаң, отырған жерің қандай 
төмен еді, былай жоғары шықшы, жоғары, – деп қолтығын 
аша беріпті. Қазыбек: 
–  Біздің  қазақтың  әдетінде  жасына  қарай  отырып, 
жағына  қарай  сөз  сөйлей  береді,  өзімнен  үлкен  ағаларым 
төрде отырса, маған төбеде отырғанмен бірдей, – деп жалт 
бұрылып орнына қайта барып отырады. 
Қазыбек  сөзі  ханның  басынан  асып,  Қоңтажы  не  дерін 
білмей қалады да:
– Елшілер әр үйде қонақтап жүр. Бір жерден жөндеп күтіңдер, – 
дейді. Сонда хан нөкерлері: 
–  Бір  жұдырықтай  баладан  қара  суға  түсіп,  осыншама 
дірілдеп кеткеніңіз не? – дейді. Қоңтажы сонда: 
–  Сендер  білген  жоқсыңдар.  Сөзді  өңменімнен  сұғып 
айтқан кезде, екі иығынан екі аю аузынан от шашып, «тыпыр» 
етші,  «көрейін»  деп  тұрды.  Мен  содан  қатты  сескендім. 
Сендерге  көрінбегенмен,  маған  көрінді.  Менің  енді  бұған 
қайтарып айтар сөзім жоқ, мал мен жанын есептеп, алдына 
салып беріңдер, – депті. 
Міне,  айтатын  жерін,  жөнін,  көзін  тауып  сөйленетін 
сөздің құдіретін осы мысалдан айқын аңғарамыз. 
«Ана  тілі  –  бүкіл  ақыл-ой  дамуының  негізі  және  бүкіл 
білімдердің қазынасы», – депті К.Д. Ушинский. Адам ана-
томиясын  зерттеуші  ғалымдардың  сөзіне  қарағанда,  ана  
тілдің  негізі  тіпті  сәби  құрсақта  жатқаннан  бастап  жаса- 
лады  екен.  Ол  ананың  қай  тілде  сөйлеуіне  тікелей  бай-
ланысты  болса  керек.  Яғни  ата-ананың  ұрпақ  алдындағы 
жауапкершілігі  баланың  құрсақ  дәуірінен  басталатынын 
ұмытпаған  жөн.  Ұрпақ  тәрбиесіндегі  бұл  аса  жауапты 
кезеңді елеусіз өткізіп алатындар қаншама!
Ал  сәбидің  жарық  дүниеге  келуінен  басталатын  өмір 
сапарындағы  ғажайып  сәттердің  жөні  бөлек.  Ана  кеудесін 

184
аймалап,  ана  сүтін  емін-еркін  қылқылдата  жұтып  жатқан 
сүйкімді сәбиін айналып-толғанған мейірбан кеудеден «жа-
ным»,  «күнім»,  «ботам»,  «қошақаным»,  «құлыным»,  «шы- 
быным»  тәрізді  жүректі  елжіретер  сан  алуан  сөздер  легі 
еріксіз төгіледі. Сәби уілінен қилы-қилы дыбыстар, әуендер, 
буын-бунақтар,  жекелеген  сөздер  де  туындай  бастайды. 
Сәби  құшақтаған  ана  емізулі  баласын  айналып,  толғана 
отырып оның құлағына нендей сөздерді құя алады. Мұның 
айрықша  мәні  бар.  Ұлт  тәрбиесі  бесіктен  десе  де  болады. 
М.  Қашқаридың  «Тәрбие  басы  –  тілден»  деуі  тегін  емес. 
Қазақтың  «баланы  –  бастан,  келінді  –  жастан»  дейтіні  де 
соны  меңзейді.  «Ұлт  боламын  десең,  бесігіңді  түзе»  депті 
ұлы М. Әуезов. Бесіктен басталған тәрбиенің негізі берік. 
Әлемге  әйгілі  ұлы  тұлғалардың  адам  болып  қалыптасу 
дәуірінде олардың кеудесіне ана тіл дәрісін ұялатқан әжелер 
мен  аналар  болған.  Ұлы  Абайдың  теңдесі  жоқ  сөз  шебері 
болуына  ең  алдымен  әжесі  Зере  мен  анасы  Ұлжанның, 
сондай-ақ ақын, жазушылардың ықпалы айрықша болғанын 
баяндайтын  М.  Әуезов  шығармасынан  мына  бір  үзіндіге 
көз жүгіртелік: «Ол (Абай) атқа мініп жүруге жарағанымен, 
үйден көп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бө-
лек бір дос тапты. Онысы, әсіресе, әжесі. Одан қала берсе –  
шешесі.  Бұның  әжесі  біртүрлі  шебер  әңгімеші  еді.  Қызық 
сөйлейді, әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып қызықтырып 
айтады.  Абай  ...  бір  күні  кешке  ұйықтай  алмай  жатып 
әжесінен әңгіме айтуды сұрады. Сонда ол ойланып отырып: 
– Е, е ... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыдан кім өт-
кен?  –  деп  кішкене  тақпақтап  бастап  еді,  Абай  соны  ұғып 
қапты.  Келесі  жолы  әңгіме  сұрағанда,  әжесін  тізесінен 
ақырын  қағып:  –  Е,  е  ...  Бұлдыр-бұлдыр  күн  өткен. 
Бұрынғыдан  кім  өткен?  –  деп  тағы  да  әңгіме  тілегенін 
білдіруші еді. Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-
Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» – бәрі де айтылды. 
Оның  әңгімелерін  түсте  де,  кеште  де,  тіпті  көш  бойы  да  
Абай айтқыза беретін болды...
Тағы  бір  күндер  Мамыр,  Еңліктей  қыздардың  қайғыла-
рын да айтып берді. Абай қажымай, талмай, жалықпай ылғи 

185
ғана ынтыға тыңдайды. Кейде әжесі шаршап айтпай қойса, 
өз  шешесіне  жабысатын.  Ұлжан  да  көп  әңгіме  білуші  еді. 
Және ол өлең сөзді көп айтады».
Немесе  Абайдың  Барлас  пен  Байкөкше  ақындармен 
кездескен  жері  де  қызықты  баяндалады.  «Тілі  ұғымды, 
өмірі  таныс  болғаннан  ба  немесе  Барлас  пен  Байкөкшенің 
кезектеп  айтқан  жырларының  кейде  шырқаған,  кейде 
қалқып баяулаған, кейде лекітіп соқтырып, ескектете келген 
әнінен  бе?  Бебеу  қаққан  қоңыр,  майда  баяу  домбырадан 
ба? Қалайда болса Абай бұл күнге шейін өмірінде дәл осы 
Барлас пен Байкөкше баян еткен дастан, жырларға барабар 
еш нәрсе есітпеген сияқты болады». 
Осы жолдарды үздіге оқи отырып, кейінгі – қазіргі заман 
ұрпағының  әжелері  мен  аналарының  жағдайын  ойлап, 
салыстырып  байқайсың.  Өз  ана  тілінде  тәрбие  берудің 
бұл  ғажап  үлгісінің  орыстану  аясында  мүлде  ұмытыла 
бастағанын көріп ойланасың.
«Ақыл мен білімнің тілмашы – тіл», – депті Ж. Баласағұни. 
Бұл  не  деген  сөз?  Яғни  ақылдың  да  көрінетін  жері  –  тіл, 
білімнің  де  байланатын  тұсы  –  тіл.  Тілсіз  тірліктің  мәні 
жоқ. Ж. Баласағұнидің мына бір тәмсілі де адамды еріксіз 
толғандырады. Қараңыз: «Адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі – 
тіл, бірі – ділің жүректегі», – дейді. 
Сол  ғұламалармен  Абайдың  үндесіп  жатқанына  таңға-
ласыз.  Ж.  Баласағұни:  «Сөздің  де  естісі  бар,  есері  бар, 
сөкпе тым – көкейіңді тесері бар», – десе, Абай сөзді әнмен 
алмастырып: «Әннің де естісі бар, есері бар. Тыңдаушының 
құлағын  кесері  бар.  Ақылдының  сөзіндей  ойлы  күйді. 
Тыңдағанда  көңілдің  өсері  бар».  Ойды  да,  сезімді  де  сөз 
құйылту арқылы түрлендіре түседі. 
Барлық игі істің бастауында тілдің тұратынын көне дәуір 
ғұламалары  үнемі  есінде  тұтқан.  М.  Қашқари  тағы  бірде: 
«Игі  істің  басы  –  тіл»  деп  тәптіштейді.  Ал  А.  Игүнеки: 
«Әдеп басы – тіл», – депті. Ол тілді абайлап тұтыну керек 
екенін еске салады. Мұның бәрі тілді марапаттаудан туған 
жай  нәрсе  емес.  Өмірдің  мәңгілік  тынысында  шыңдалған 
шындық, ғасырлар қойнауында жүйеленген тәжірибе, содан 

186
түйінделген  қорытынды.  Халықтың  тіршілік-тынысында 
мәңгі серіктес өмір кешіп келе жатқан тағылым таразысы. 
Тіл  құдіретін  адамдар  оны  күнделікті  қажетіне  құрал 
есебінде  жаратып,  көне  дәуірлерден-ақ  осылайша  сезіне 
бастаған.  Тіпті  оны  әуелде  тылсым  құбылыс  деп  танып, 
кие  тұтып  неше  алуан  аңыз  әңгімелер  де  туындатқан. 
Жалпы тілдің пайда болған тұсынан бергі тарихты саралап 
отырсаңыз, Ана тілдің алдында тізе бүгіп, бас иетіндей неше 
алуан қасиетін көруге болады. Бірақ мұны елдің бәрі бірдей 
сезіне бермеуі мүмкін. Мұхаң (Мұхтар Әуезов) суреттеген 
жоғарыдағы  осы  бір  үзікті  үздіге  оқи  отырып,  ана  тіліне 
баулудың  осындай  үлгісін  аңсайсың.  Әрине  қазір  кітап 
оқудың  өзі  мұң  болып  бара  жатқан  мына  техникаланған 
заманда мұны арман етуге ғана мүмкіндігің бар және қазіргі 
заман жастарына ана тілді игерудің бірден-бір жолы осы деп 
те ұсына алмайсың. 
Алайда  ұлттық  тәрбие  мәселесінде  ең  алдымен  тіл 
тәрбиесіне көңіл бөлу – парыз. Адам баласы белгілі-бір қо-
ғамдық ортада өмір кешетін болған соң, бір-бірімен қарым-
қатынас, тілдесу барысында қазақ сөзінің мағына арқалаған 
сан алуан түрі сарапқа түседі. Сөйтіп сөздерді сарапқа салу, 
саралау  арқылы  адам  өзін  де,  сөзін  де  тәрбиелейді.  Сөз 
жаратушы  әрбір  тұлға  өмірінен  осыны  байқауға  болады. 
Жоғарыдағы мысалдардан осыны аңғарамыз. 
Ана  тілінің  адам  тәрбиелеудегі  өлшеусіз  құны  мен 
бағасын  қазақ  ақындарының  қай-қайсысы  да  суреттеуге 
тырысқан. 
Қазақ сөзінің зергері Ғабит Мүсірепов ана тілдің қадір-
қасиетін  мейлінше  терең  түсініп,  аялап  тұтына  білген 
жазушы. Ол арқылы өзін де, өзгені де тәрбиелеген. Өйткені 
оның өз сөзімен айтқанда: 
Тілден биік асқар жоқ,
Тілден асқан байлық жоқ
Тілден терең теңіз жоқ.
Сұрапыл  соғыста  қан  кешіп  жүріп  ана  тілінің  қамын 
жеген  қаһарман  жазушы  Бауыржан  Момышұлының  әрбір 

187
сөзі  жүрек  тебірентеді.  Ол:  «Анамыздың  ақ  сүтімен 
бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, 
тарихымызды ұмыту», – деп өле-өлгенше ана тіліне тағзым 
етумен өтті. 
Тілдің  тәрбиелік  мәні  дегенде  тіпті  тек  қазақ  мақал-
мәтелдерінде  түйінделген  ойлармен  шектелуге  де  болар 
еді.  Өйткені  сөзді  өмірінің  басты  құндылығы  деп  түсінген 
қазақ,  әманда  ойын  нақты  да  қысқа,  шешен  де  шебер 
түйіп  айтқанды  мақұл  көрген.  Өмірдің  қай  саласына  да 
қатысты  туындаған  мақал-мәтелдердің  қай-қайсысын 
алсаңыз  да  сондай  дөптілікті,  нақтылықты,  әсерлілікті 
байқайсыз.  Содан  өз  орнында  қолданыла  білген  сөздің 
өзгеше  бір  қуатқа,  өткірлікке  ие  болатынын  сезесіз.  Қазақ 
мақал-мәтелдері  сан  салалы.  Олар  өмір  тәжірибесінен 
түйілген,  сүзілген,  басқаша  айтуға  болмайтын  түйін, 
тұжырым.  Сондықтан  да  әрбір  тілдің  сөз  байлығы,  шебер 
де  шешен  үлгідегі  болмыс-бітімі  осы  мақал-мәтелдерден 
айқынырақ  байқалады.  «Ауыз  көркі  –  тіл,  тілдің  көркі  –  
сөз».  Әрбір  тілдің  әуезділігі  де,  өзгеге  ұқсамайтын  му-
зыкалық мақамы да, бар байлығы да осыдан көрінеді. Бұл 
жолғы біздің көздеп отырғанымыз тілдің өзі туралы мақал-
мәтелдер.  Мақал  сөздің  ажарын,  делдал  малдың  базарын 
келтіретіні  рас.  Мақалды  орынды  жерінде  ретін  тауып 
қолдана  білген  жанның  сөзі  қашанда  өтімді,  әрі  ұтымды 
болмақ. Сондықтан да өнер алды – қызыл тіл. Алайда өнер 
алды – қызыл тіл деп, оны кез келген уақытта, қалай болса, 
солай қолдана беруге болмайды. Өйткені «Тіл тас жарады, 
тас  жармаса,  бас  жарады».  Қолданар  адам  абайламаса 
«бал тамар тілден у да тамуы» мүмкін. Бәрі сөзді ретімен, 
жөнімен  қолдана  білуге  тікелей  байланысты.  Тіл  буынсыз 
екен деп оңды-солды сілтей берсең, ол «ерді қабырға салады, 
нарды қазанға салады» – осыны сезінген адам сөзді шайқап 
емес,  байқап  сөйлеуге  тырысады.  Аңдамай  сөйлеген  адам, 
ауырмай өлуі әбден мүмкін. Әр сөзі орынды айтылған сөз, 
орнына  қағылған  шеге  сияқты.  Қазақ  ойнап  сөйлесең  де, 
ойлап  сөйле  дейді.  Себебі  сөздің  сүйектен  өтетінін  біледі. 
Ол  еттен  ғана  өтетін  таяқ  емес.  Сондықтан  «еттен  өткен 
таяқтан, сүйектен өткен сөз жаман». 

188
Қазақтың  бала  тәрбиесінде,  сөз  қолданысында  мақал-
мәтелдің орны айрықша. Кез келген қазақ өз сөзінің ұтымды, 
мәнді  болуын  қалайды.  Көбіне  мақал-мәтелге  жүгінеді. 
Өйткені  тұздың  астың  дәмін  кіргізетініндей,  мақал  сөздің 
мәнін кіргізетінін біледі. Ең тәтті де – тіл, ең ащы да – тіл. 
Ең  жұмсақ  та  –  тіл,  ең  қатты  да  –  тіл  екенін  қазақ  ежел- 
ден-ақ  сезінген.  Сондықтан  «артық  сөйле,  кем  сөйле, 
таразылай  тең  сөйле»  деп  әрдайым  өзін-өзі  тәрбиелеп 
отырады.  Сөз  біледі  екем  деп  артық  кетпе  дейді.  Өйткені 
«ел арасын сөз бұзады, жол арасын сел бұзады». Үнемі сө-
зіңе, өзіңе абай бол дегенді айтып өзін-өзі тежеп отырады. 
Сөз білемін деп жөнді-жөнсіз жөңкіле беру тағы да артық. 
Шындық жадыңнан шықпасын дейді. Себебі «судың түбін 
шым бекітеді, сөздің түбін шын бекітетінін» білу керек. 
Сөзіңді асықпай айтқан жақсы. Себебі «тамақты асығып 
ішпе  түйілесің,  сөзді  асығып  айтпа  күйінесің».  Қысқасы, 
адам  баласының  азамат  болып  қалыптасуында  тілдің 
тәрбиелік  мәні  айрықша.  Біз  соның  кейбір  тұстарына  ғана 
тоқтап, мақал-мәтелдерді тілге тиек еттік. 
Жоғарыда  сөз  болған  мәселенің  бәрі  түптеп  келгенде, 
қазақ  тілінің  мейлінше  бай,  шебер  де  шешен,  көркем  де 
көсем  тіл  екенін  байқатады.  Бір  кездері  біз  осы  ғажайып 
қазынамыздан  айырылып  қала  жаздаған  да  кезіміз  болған. 
Кешегі  кеңестік  дәуірде  коммунизм  дейтін  арманға, 
болашаққа  тезірек  барудың  амалы  тек  орыс  тілін  білу 
арқылы  ғана  жетесің  деген  насихаттың  күшті  болғаны 
соншама,  өз  тілімізді  кейінге  ысырып  тастап,  жаппай 
орыс  тілін  игеру  жарысына  түстік.  Ана  тіліміздің  қадір-
қасиетін  ұмытарман  халге  жеттік.  Ол  тіпті  күнделікті 
қолданыс  дәрежесінен  шыға  бастады.  Ұлттық  санасы 
әлі  лайланып  үлгермеген  білікті  қауым  бұл  жан  төзгісіз 
жағдаймен келісе алмады. Қазақтың озық ойлы азаматтары 
оқтын-оқтын  (1956,  1986  жж.)  үн  көтеріп,  қазақтың  қал-
ғып  кеткен  санасын  оятумен  әлек  болды.  Нәтижесінде,  
1989  жылы.  қазақ  тілі  мемлекеттік  тіл  ретінде  заңды  құ-
қыққа ие болды. Тіл туралы заң қабылданды. 
Бұл  қазақ  халқының  тағы  да  жаппай  ояну  дәуірі  еді. 
Соның  дүмпуімен  еліміз  тәуелсіз  мемлекет  ретінде  көк 

189
туын  көтеріп  шықты.  Мемлекеттік  тіл  үшін  күресті 
тоқтаусыз  жүргізе  бастаған  «Қазақ  тілі»  қоғамы  дүниеге 
келді  (1989  ж.).  Қазақ  радиосы  қазақ  елінде  мемлекеттік 
мәртебе  тек  қазақ  тіліне  берілу  керек  деп  сайрады. 
Баспасөзде,  ақпарат  құралдарында  ғалымдар,  жазу- 
шылар, ұстаздар үн көтерді. Қазақ тілінің тағдырын ойлап, 
бұқаралық  ұйым  құру  қамында  жүрген  біздер  (біздер  деп 
отырғаным  академик  Әбдуәли  Қайдар  бастаған  тілшілер 
қауымы) әлденеше рет жиын жасап, жоспар құра бастаған 
едік.  Сондай  басқосулар  тұсында  Әбдуәли  Туғанбайұлы 
«Шіркін,  қазақ  тілінің  еңсесін  көтеріп,  мәселелерін 
толғайтын  бұқара  атынан  сөйлейтін  қоғам  құрсақ,  оның 
өзінің  әні  болса»  деген  ой  айтып  қалды.  Ана  тілінің  сол 
кездегі жайы туралы толғанып, әр алуан ойда жүрген кезім 
еді.  Әлгі  сөз  көкейімнен  кетпей  қойды.  Кеудемді  әуен 
кеулеп,  көкейімді  әр  алуан  өлең  жолдары  торлай  бастады. 
Сонда  туған  «Ана  тіл»  деп  аталатын  ән  еді  бұл.  Соны  да 
еске ала отырғанды әбес көрмес қадірменді оқырман. Қазақ 
радиосындағы  ұлтжанды  қызметкерлердің  өтінішімен  тіл 
туралы хабарлар жүргізе бастаған кезім болатын. Осы әнді 
өзім орындап, хабардың алды-артында беріп отырдық. Сол 
әннің мәтіні былай басталушы еді. 
Ана тіл, ана сүтім, арым менің, 
Баяным, бақ-дәулетім, барым менің.
Өзіңменен рухым көтеріліп, 
Өзіңмен атады ылғи таңым менің. 
Елдігім, есендігім, ерендігім, 
Ақыл-ой, арда сезім, тереңдігім.
Сеніменен аспаным арайланып,
Сеніменен нұрланар келер күнім. 
Өзге елмен сен арқылы теңесемін, 
Кемеңгер, даналармен кеңесемін.
Ән айтып, өз тілімде сөз сөйлесем, 
Шабыттың айдарынан жел еседі. 

190
Көрсе де неше түрін зілзаланың,
Құлатпай келген қорғап тіл қамалын.
Аталар аманатын мықтап ұстар, 
Жас ұрпақ, сенің бүгін сын заманың. 
Сен үшін осыншама жерді сақтап,
Сан түрлі тезге салып тілді баптап. 
Бабаңның жан жалауы – тілсіз сенің
Қалай күнің жарқырап, таңың атпақ. 
Аспаны тілдің талай бұлттанып, 
Қайта өрлеп, қайта көктеп, құрып барып. 
Өр қазақ жаныменен суарылып, 
Ғасырдан ғасыр өтті сұрыпталып. 
Ана тіл қазақтың бас қазынасы, 
Кез келген ұқпас оның мағынасын.
Дүниеде наннан асыл ештеңе жоқ, 
Тілге де нанмен бірдей табынасың. 
Тіл менің – күш-қуатым өмірдегі,
Тірлікте онсыз қиын көрінбегім. 
Ол барда ұрпақ тірі, өшпес үнім. 
Сен өлсең, бар қазақтың көмілгені! 
Азамат, барыңды күт, мәпелегін,
Ұмытпа ана тілін, әке үнін.
Кезінде мұны ұмытқан ағайынның 
Келешек кешірмейді қателігін. 

191

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет