50-жылдардан бергі түркологиялық грамматикалардың ішінде сөзжасам мәселелерін біршама дербес қараған еңбек деп Н. А. Баскаковтың ’’Қарақалпақ тілін’’ атауға болады. Мұның ’’Части речи и словообразование’’ деген бөлімінде сөз таптарының әр түрлі категориялары бөлек сипатталғаннан кейін барып әр сөз таптарының сөзжасамы лексикалық, морфологиялық және синтетикалық тәсілдер арқылы беріледі (1952).
Э.В. Наджип ұйғыр тілі туралы зерттеуінде сөздерді құрылысына қарай бес топқа бөледі: түбір, туынды, біріккен сөз, қос сөз, қысқарған сөз. Сөзжасамдық аффикстер сөз таптары бойынша емес, жеке қарастырылады. Автор өнімді аффикстердің мағыналарын ашып көрсетеді (1960). Ұйғыр тіліндегі сөзжасам, ондағы қос сөздердің жасалуы туралы мәселе Ә.Т. Қайдаровтың еңбегінде де қарастырылады. (1969,287-308).
Осы кезеңдегі зерттеушілердің ішінде сөзжасамды тіл білімінің бір саласы етіп қарастырған – Ф. А. Ганиевтің татар тілі туралы еңбегі (1974). Ол аффикстік сөзжасам мәселелеріне арналғанымен, сөзжасамның тарихы мен теориялық мәселелерін кеңінен қамтитын құнды еңбек.
60-жылдардағы кейбір зерттеулерде синтетикалық, аналитикалық тәсілдерге қосымша фонетикалық тәсіл туралы мәселе қарастырыла бастады. Оны қолдаушылар: С. Джафаров (1960), Т. Гарипов (1959, Э. Севортян (1962), Л. Покровская (1963), А. Гулямов (1964), С. Усманов (1964), Ф. Ганиев (1971),т.б. Ал сөзжасамның лексика-семантикалық немесе лексика-грамматикалық тәсілдері А.Н. Кононовтың (1960), С. Джафаровтың (1960), А. Гулямовтың (1964), Т. Гариповтың (1959), Э.В. Севортянның (1962), Б. Орузбаеваның (1964) еңбектерінде баяндалады
Ғ. Айдаров туынды сөздер аффикстер, сөздердің қосарлануы, бірігуі, белгілі бір формада қалуы (жоғары, бері) арқылы жасалады деп көрсетеді (1959, 97-145).
А.М. Щербак көне өзбек және шығыс түркі ескерткіштерінің тілінде кездесетін көптеген аффикстерді атап, сөзжасамның лексикалық және грамматикалық формалары деген терминдер енгізеді (1961, 100-172). Бұл кезеңдегі сөзжасам мәселесін арнайы зерттеген көлемді еңбектер ретінде А.Есенғұлов (1969) пен А.Раджабовтың 1977) диссертацияларын айту керек. А. Есенғұлов Орхон-Енисей, Талас ескерткіштеріндегі сөз тудыратын жұрнақтарды түгелдей алып қарастырса, А. Раджабов Орхон-Енисей ескерткіштері тіліндегі етістіктердің жасалу тәсілдерін зерттейді. Ол етістіктердің сөзжасамының үш түрлі тәсілін (лексика-грамматикалық, морфологиялық және аналитикалық) көрсетеді.
ХІУ ғасырдағы түркі ескерткіштерінің тіліндегі сөзжасамдық аффикстерді арнайы зерттеген тағы бір еңбек - Ә. Керімовтің кандидаттық диссертациясы (1980). Онда автор түркі тілдеріндегі сөз тудырушы аффикстердің зерттелу тарихына жан-жақты шолу жасаумен қатар, аффикстерді өнімді-өнімсіздігіне қарай саралап көрсетеді. Түркологиядағы сөзжасам мәселелері бұдан басқа да ортағасырлық ескерткіштер тілін зерттеген диссертациялардан өз көрінісін тапты деуге болады.
. 1930 жылы ’’Жаңа мектеп’’ журналында Қ. Басымовтың ’’Қазақ тілінің жалғау-жұрнақтары’’ деген мақаласы жарық көрген (N 6, 38-б.) Ол сөз тудыратын аффикстер деп негіз сөздерден жаңа мағыналы сөздер жасайтын қосымшаларды көрсетеді.
Қ. Жұбанов 1936 жылғы ’’Қазақ тілі грамматикасы ‘’ оқулығының бір бөлімін сөз формаларына арнайды. Сөздерді алты топқа бөле отырып, әр топтағы сөздердің жасалуын жеке-жеке қарастырады. Ол сөзжасамдық аффикс деп сөздің алғашқы мағынасына жаңа мағына үстейтін аффиксті айтады (22-б.). Бұдан кейін шыққан оқулықтардың бірі – І.Кеңесбаевтың 1939 жылғы ’’ Қазақ тілі‘’ оқулығында аффикстерді сөз тудырушы және сөз түрлендіруші деп бөле отырып, зат есім мен сын есім тудыратын аффикстердің мағыналарын ашып береді. Сөзжасам аффикстері кең көлемде алынып, мағыналары, қолданылу ерекшеліктері көрсетіледі (УІІІ-ІХ-Х кл. 43-53-б). Осы кезеңде шыққан педучилище мен мектепке арналған оқулықтарда (Сауранбаев, 1948; Балақаев,1941; Бегалиев, Сауранбаев,1944) және 1954 жылғы ’’Қазіргі қазақ тілінде’’ сөз тудыратын аффикстердің жалпы тізімдері келтіріліп, мысалдар беріледі.
А. Хасенова өз еңбектерінде етістік тудыратын жұрнақтарды зерттеп, олардың мағынасын ашып береді, сөзжасамдық тәсілдерге тоқтайды, өнімділік-өнімсіздік критерийлерін қарастырады (1959,1957).
Ы. Маманов сөзжасамның теориялық мәселелерін, оның ішінде сөз тудырушы және сөз түрлендіруші аффикстердің ара жігін ажырату мәселесін қарастырады (1972, 14-33; 1975,87-88). Ал негізгі грамматикалық еңбегінде туынды етістік жасайтын аффикстерді өнімді-өнімсіз деп бөле отырып, мағыналары мен қызметтерін ашып береді (1966).
1964 жылы щыққан ’’Қазіргі қазақ тілінде’’ А.Ысқақов сөз тудыруды ’’ Морфология’’ саласында, сөз таптарының жасалуы ретінде қарай отырып, сөз тудырудың екі тәсілі – морфологиялық, синтаксистік тәсілдерін бөліп көрсетеді.
1967 жылы жарық көрген академиялық грамматикада сөзжасам морфология бөлімінде қарастырылады. ’’Сөздердің жасалу жолдары мен формалары ‘’ атты бөлімде сөз тудыру жүйесі үлкен екі саладан құралады (морфологиялық және синтаксистік тәсілдер) деп көрсетіледі (14-16).
Н. Оралбаеваның сан есім сөзжасамы (1988),
Ә. Төлеуовтің зат есім мен сын есімнің сөзжасамы туралы (1973,1975,1980) еңбектері
Сөз тудырушы жұрнақтардың жиынтығын жасаған Ә.Ибатовтың еңбегін ерекше атауымыз керек (1988).
Ғ. Қалиевтің, Н. Оралбаеваның, Е. Жанпейісов пен С.Нұрхановтың, Ә. Ағманов пен Е. Ағмановтың, Қ.Есеновтің, Г. Жексенбаеваның, Р. Өрекенованың, К.Молдабековтің, З. Бейсембаеваның, т.б. мақалалары да себеп болды. Ақырында, осындай зерттеулердің нәтижесі іспетті ’’Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі’’ атты авторлар тобының еңбегі тілшілердің қолына тиіп, пән ретінде оқытыла бастады (1989)