Байланысты: Орындаған Мәдениет Мадияр инф 203 группа
Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру (193-бап) Қылмыстық кодекстің 193-бабында «Көпе-көрінеу заңсыз жолмен алынған ақша қаражатымен немесе өзге де мүлікпен қаржылық операциялар немесе басқа да мәмілелер жасау, сондай-ақ аталған қаражатты немесе өзге де мүлікті кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыру үшін пайдалану» қылмысының анықтамасы көрсетілген. Заңда мұндай әрекеттер заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру деп аталады. Қылмыстың тікелей объектісі экономикалық қызмет аясындағы ақша қаражат айналымын реттеудің қоғамдық қатынастары болып табылады. Осы қылмыс құрамының міндетті белгісі-оның заты болып табылады. Қылмыстың затына ақша қаражаты немесе заңсыз жолмен алынған өзге мүліктер жатады. Ақша қаражаты теңгелік немесе валюталық көріністе болады. Мүлік қозғалатын немесе қозғалмайтын (ғимараттар, құрылыстар, кешендер), сондай-ақ меншікке немесе жалға алынған жер учаскелері болуы мүмкін. Қылмыстың объективтік жағы-заңда белгіленген мынандай нысандар арқылы:
1)ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен қаржылық операциялар жасау;
2)басқа да мәмілелер жасау;
3)қаражатты немесе өзге де мүлікті кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыру үшін пайдалану.
Ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен қаржылық операциялар жасау деп заңсыз жолмен алынған ақша қаражаттарын пайдаланып банктік есеп ашу немесе жүргізуді, оны төлем қаражаты ретінде пайдалануды, осы қаражатқа акция, вексель, облигация, басқадай бағалы қағаздарды алуды немесе оларды басқадай айырбас құралы ретінде пайдалануды айтамыз. Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе мүлікті кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті одан әрі дамытуға жұмылдыру, жарғылық қорға айналдыру кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті заңсыз жүзеге асыру үшін пайдалану деп танылады. Қылмыс құрамы жағынан формальдық құрамға жатады. Қылмыс объективтік жақтың осы белгілерінің біреуі жасалған уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам көрінеу заңсыз жолмен аталған ақша қаражатын немесе өзге де мүлікті заңдастыруды ұғынады және соны тілейді. Қылмыстық ниет субъективтік жақтың қажетті белгісі болып табылғанымен, ол сөз жоқ соттың жаза тағайындау барысында есепке алынады.
Қылмыстың субъектісі-16-ға толған есі дұрыс кез келген адам. Қылмыстық кодекстің 193-бабының 2-тармағында мынадай ауырлататын белгілер көрсетілген:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
2) әлденеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдаланып жасаған әрекеттер.
Егер заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге де мүлікті заңдастыруды бірлесіп жасау туралы күні бұрын-қылмыс істелгенге дейін уағдаласқан адамдар қатысса, ол адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған қылмыс деп танылады. Талданып отырған қылмыстың объективтік жағынан белгілерін екі немесе одан көп жасау, егер адам бұрын жасалған қылмысы үшін заңмен белгіленген тәртіппен қылмыстық жауаптылықтан босатылмаса, не соттылығы жойылмаса немесе қылмыстық жауапқа тарту мерзімі өтпесе онда қылмыс әлденеше рет істелген деп танылады. Осы бап бойынша қызмет бабын пайдаланып жасаған әрекетке мемлекеттік органның, коммерциялық немесе өзге де ұйымның заң бойынша лауазымды адамы деп танылғандардың қылмыстары жатады.