«орталық ҚазақстандағЫ Әлеуметтік гуманитарлық дискурстың ДӘСТҮрлері мен келешегі»



бет82/153
Дата05.11.2022
өлшемі2,45 Mb.
#47777
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   153
Аханова М.Т.


МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖӘНЕ ОНЫ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕСІ

Қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі қоғамның психологиялық денсаулығы және оны сақтау болып отыр. «Салауатты өмір салтын қалыптастыру», сөз тіркесі мектепке дейінгі ұйымдардан бастап барлық білім беру салаларындағы педагог-психологтардың тәрбиелік жұмыстарында елеулі орын алып отыр. Қазіргі таңда да бұл мәселе өзекті болып отыр. Көп жылдық зерттеулердің көрсеткіші бойынша мектепке дейінгі жастағы балалардың денсаулықтары жақсармай отыр. Дені сау балалардың саны 15-20% құрап отыр, функционалды бұзылыстардың қатары өсіп отыр. 3-5 жаста диагностикаланып анықталатын созылмалы аурулардың қатары өсіп отыр [1].


Аурушаңдықтың артуы, жағымсыз экологиялық жағдай, күрделі әлеуметтік жағдай және басқада жағымсыз факторлар баланың денсаулығын ерте жастан сауықтырудың белгілі бір кешендік жүйесін талап етіп отыр. Отан және шетел ғалымдарының зерттеуінің көрсетуі бойынша мектепке дейінгі жас кезеңі-бала өміріндегі елеулі көңіл бөлуді қажет ететін кезең. Осы кезеңде баланың жүйке жүйесі, физиологиялық және психикалық денсаулығы қалыптасатын кезең.
Бiлiм беру жүйесiндегi негiзгi мәселелердiң бiрi – ұлттың болашағын анықтайтын балалар мен оқушылардың денсаулығы болып табылады. Денсаулық – комплекстi түсiнiк. Ол аурулар мен физикалық ауытқулардың болмауын ғана бiлдiрмейдi, сонымен қатар, тұрғылықты жердегi экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, жанұя жағдайларымен, тамақтану, дәрiгерлiк көмек сапасымен, педагогтар мен психологтардың балалармен жұмысымен байланысты.
«Психикалық денсаулық» терминiн ғылыми лексиконға ДДСҰ енгiзген. Эксперттер Комитетiнiң «Балалардың психикалық денсаулығы мен психосоциалды дамуы» баяндамасында (1979) психикалық саулықтың бұзылуы соматикалық науқастар, физиологиялық дамудағы ауытқулармен қатар, психикаға әсер ететiн, әлеуметтiк жағдайларға тәуелдi әр-түрлi жағымсыз факторлар мен стрестермен де байланысты болатындығы айтылған [2]. Ұйымның анықтамасы бойынша, психикалық саулық – адамның толық физикалық, эмоционалды, саналы дамуына негiз болатын қалып. Эксперттер әсiресе балалық шақта психикалық денсаулықтың бұзылуы қоршаған орта жағдайларымен тығыз байланыста болатындығын, баланың психосоциалды дамуына әсер ететiн мектептегi тәрбиесiн, ересектермен дисгармониялы қарым–қатынас рөлін ерекше атайды. Мектептегi рухани ортаның шешушi рөлдi атқаратындығы, ал мектептiң материалды жабдықталуының маңызды еместiгi көрсетiледi. Бiздiң ойымызша, ДДСҰ эксперттерiнiң тағы бiр қорытындылары өте маңызды: материалды байлықтың өсуi баланың психосоциалды дамуына мiндеттi түрде үлес қоспайды; әлеуметтiк-экономикалық жетiстiктердiң жаңа қиыншылықтардың тууына әкелмей, психосоциалды дамуға жақсы әсер етуi үшiн арнайы жағдайлар сақталуы қажет.
Медициналық әдебиеттер мен практикада «Психикалық денсаулық» терминi кең қолданылады, және психикалық денсаулық қалпы баланың психосоциалды даму жағдайымен түсiндiрiледi [3].
Ғылымда «психикалық денсаулық» және «психологиялық денсаулық» түсiнiктерi қатар қолданылады. Бiрiншiсi – медициналық категория, екiншiсi – практикалық психологиялық қызметтiң мақсаты болып табылады. Психикалық денсаулықтың бұзылуы жүйке-психикалық науқастардың пайда болуымен анықталады. Психологиялық денсаулықтың бұзылуы адамның әлеуметтік бейімделуіне теріс әсер ететін эмоционалды тұрақсыздықпен, яғни мазасыздықтың өсуімен, өзінің беке басына негативті қатынастың қалыптасуымен, өзіндік баға деңгейінің төмендеуімен, тұрақсыздығымен, адекватты болмауымен байланысты. Зерттеушiлер психикалық денсаулық мәселесiнiң психологиялық аспектiлерiн жiктей отыра, баланың психикалық ауытқуларын зерттеуден, оны стрестiң әсерiнен қорғайтын факторларды талдауға көшкен. Психологтардың алдында жеке адамның iшкi резервтерiн белсендiретiн, күшейтетiн әдiстер мен механизмдердi, психикалық, психологиялық денсаулықты сақтауға және қамтамасыз етуге көмектесетiн амалдарды iздестiру мiндетi тұр.
О.В. Хухлаеваның анықтауы бойынша психологиялық денсаулық – адамның толыққанды өмiр сүрiп дамуының негiзгi шарты болып табылады; адамның жас ерекшелiк, әлеуметтiк, мәдени рөлдерiн адекватты орындау шарты; адамның өмiр бойы үздiксiз даму мүмкiндiгiне байланысты. Мұндағы дамуды қарапайым өзгеруден ажырату керек. Дамудың өзгеруден айырмашылығы – тоқтаудың жоқтығы мен қозғалыс қана емес, адамның позитивтi тәжiрибиенi бiрте-бiрте жинақтауына әкелетiн қандай да бiр мақсатқа талпынысы. Дамуды пәнаралық контексте қарастыру қажет. Психологияда психологиялық көмектi ұйымдастыру үшiн даму мақсаты – адамның өзiнiң өмiрлiк мiндеттерiн орындауы, өз мүмкiндiктерiн жүзеге асыруы [4].
«Психологиялық денсаулық» терминi екi категориялы сөз тiркестерiнен тұрады: адам психологиясы және денсаулық психологиясы; олар психологияның ғылыми-практикалық пән ретiнде даму перспективасы үшiн фундаменталды категориялар болып табылады [5].
Тұлғаның психологиялық денсаулығы биологиялық, әлеуметтік, психикалық, рухани дамуға негізделеді. Адамның психологиялық денсаулығы мәселесі психология ғылымында ұзақ уақыт бойы өз деңгейінде қарастырылмай келді. ХХ ғасырдағы психология ғылымы адамның психикалық ауытқулары мен тұлғалық дағдарыстарын зерттеуге бағытталды, ал психикалық және психологиялық денсаулық назардан тыс қалып отырды. Бұл денсаулықты ауытқулар мен науқастың болмауымен және статистикалық норма көрсеткіштерімен түсіндіруден келіп туған шектеу еді.
Ғылымда беделді психоанализ бағыты адам жан-дүниесін психикалық науқас, патология, ауытқу, тұлғаішілік қақтығыс тұрғысынан зерттеп қарастырды; адамдағы невроз, жүйке күйзелістері, басқа да ауытқуларға іс-тәжірибеде тиімді жүзеге асатын теориялық сипаттамалар бергенмен, денсаулық мәселесі қозғалмады. Әйтсе де, тұлғалық үйлесімділік, психикалық саулық мәселелері көтерілсе де философиялық, медициналық ұстанымдардан аса алмады. Ал адам табиғаты тек ауытқулар мен күйзелістерден құралмайтыны белгілі.
Тек ХХ ғасырдың екінші жартысында психологияда гуманистік және трансперсоналды бағыттарын ұстанған Г. Олпорт, А. Маслоу, К. Роджерс, С. Гроф және т.б. ғалымдардың еңбектерінде адам тұлғасының толыққанды дамуының негіздерін зерттеу басталды. Оның нәтижесі адам денсаулығының әлеуметтік-мәдени және психологиялық аспектілерін зерттейтін жаңа ғылыми бағыт – денсаулық психологиясы пәнінің қалыптасуына әкелді. Сондықтан, бүгінгі ХХІ ғасыр ғылымында тұлға теориялары Б.С. Братусь, В.Я. Дорфман, Е.Р. Калитеевская, Ю.М.Орлов, Д.А. Леонтьев сынды ғалымдардың еңбектерінде психикалық және психологиялық саулық тұрғысынан дамып келеді.
Балалардың психологиялық және психикалық денсаулығы мәселелерiмен мемлекеттiк бiлiм беру саласындағы психологиялық қызмет контекстiнде айналысқандар қатарына келесi авторларды жатқызуға болады: А.М. Прихожан, Н.Н. Толстых, И.В. Дубровина, Н.И. Гуткина, В.В. Зацепин, В.Э. Пахальян, Т.В. Вохмянина, А.Б. Николаева, Н.В. Шурова, А.Д. Андреева, А.А. Воронова, Е.Е. Данилова, Д.В. Лубовский, В.И. Екимова.
А.М. Прихожан зерттеулерi көрсеткендей, соңғы жылдары баланың мазасыздығы мен интенсивтi қорқыныштары ата-ананың мектеп психологынан көмек сұрауының себебi болып табылады. 1980-1993 жылдары жүргiзiлген арнайы зерттеулер мазасыз балалардың санының 12-16-дан 72-75 дейiн өскендiгiн көрсетедi. Балалардың мазасыздық деңгейi жас кезеңi нормасына сәйкес емес, одан анағұрлым жоғары болып шыққан. Мазасыз балалар санының бастауыш сыныптарда өсуiмен қатар, мазасыздық формаларының да өзгергендiгi байқалған. Ол әдетте ересектерге тән терең, тұлғалық проблемалармен байланысты болған [4].
Бұл педагогикалық психологияда, психологиялық кеңес беру мен қызмет көрсетуде, психокоррекцияда түбегейлі өзгерістерге әкелді.
Қазақстанда соңғы 10-15 жылдарда психологиялық көмекке сұраныс пайда болып, қазір күн өткен сайын молаюда. Бұл түсінікті де, өйткені ересектер өмірінің стреске толы болуы, уақытының басым бөлігін жұмыспен өткізуі, балаларға зейіннің жеткілікті бөлінбеуі соңғыларда психологиялық, психикалық, физикалық бұзылулардың өсуіне әкеледі. Экологиялық фактордың физикалық денсаулыққа ғана емес, психикалық қалыпқа да қауіпті әсері еліміздің өндірістік, экологиялық апат аудандарында анықталып, өзекті мәселелердің қатарында аталады. Баланың денсаулығына бүгінде кең етек жайған мектепке дейінгі кезеңде ерте оқытуды бастау, оқушыларды интенсивті оқытуды қолға алу да көп жүк салады. Денсаулыққа қауіпті фактор ретінде ересектердің неғұрлым көп білім беріп, интуицияны, қиялды, шығармашылық қабілеттерді дамытуға мән бермеуінен туған бала тұлғасының дамуындағы тепе-теңдіктің бұзылуын да атауға болады.
Соңғы жылдары бала дамуын диагностикалау, топтық дамыту бағдарламалары мен әдістері Қазақстандағы психология ғылымының жетістіктеріне сәйкес қарқынды дамып отыр. Бұл бағыттағы әлсіз аймақ – мектепке дейінгі балалардың психологиялық денсаулығын қамтамасыз ету жолдары мен амалдары. Баланың психологиялық денсаулығын қамтамасыз ету жолдары мен амалдары негативті симптомды немесе күйді әлсіретуге, жоюға бағытталған емес, баланың тұлғалық қасиетерін, адаптивті қабілеттерін күшейту, мобилизациялау үшін олардың конструктивті мүмкіндіктерін қолдануға бағытталуы қажет.
Әлеуметтiк бейiмделу және психикалық денсаулық мәселесi гуманистiк педагогика мен психология үшiн өзектi болып табылады. Жас буынды тәрбиелеуде антропоцентрикалық бағытты ұстану философиялық (Т. де Шарден, М. Шелер), психологиялық (В.И. Слободчиков, И.Ф. Исаев), педагогикалық антропология (К.Д. Ушинский, Б.М. Бим-Бад), гуманистiк психология (К. Роджерс, А. Маслоу, А. Бандура) желiсiнен шығады.
Психологиялық денсаулықтың балалардың жеке тұлға ретiнде дамуында алатын орнына, рөлiне және психологиялық денсаулықтың даму ерекшелiгiн анықтауға арналған зерттеулер ғылыми қорда аз емес. Аталған кеңiстiкте И.В. Дубровина, А.В. Шувалов, В.И. Слободчиков, О.В. Хухлаева және т.б. ғылыми зерттеулерi кеңiнен таралған. Бастауыш мектеп жасы кезеңiндегi балалар тәрбиесi, оқуы және дамуы жайлы теория мен тәжiрибе психологиялық денсаулық мәселесiнде қиылысады. Баланың психикалық қасиеттерiн, танымдық үрдiстерiн, психикалық қалып-кейiптерiн тұтас қамтитын, балалар психикасының және жеке тұлғасының дамуындағы басты көрсеткiш әрi фактор болатын, әмбебап ерекшелiк – баланың психологиялық денсаулығы.
Психологиялық денсаулық негiзiнде балалардың жеке басының қасиеттерi дамып, психикалық кейiптерi қалыптасады. Сонымен қатар, психологиялық денсаулық балалардың танымдық үрдiстерiнiң жетiлуiн қамтамасыз ететiн бiрден-бiр фактор және жағдай болады. Балалардың өзiн-өзi дамытып, жетiлдiруiн, реттей алуын, яғни өзiндiк бағаның дұрыс болуын қамтамасыз ететiн де, балалардың ересектермен және басқа балалармен қарым-қатынасын реттейтiн психологиялық денсаулығы болып табылады. Ғылымдағы балалардың психологиялық денсаулығының мәндiлiгi әркiмге – психологтарға, педагогтарға, дәрiгерлерге, ата-аналарға аян, алайда ол әртүрлi балалардың әлеуметтенуiне қатысты зерттеулерден белгiлi болғанымен, балалардың психологиялық денсаулығында зерттелмеген, шешiлмеген, қарастырылмаған мәселелер жеткiлiктi.
Балалардың психологиялық денсаулығы генезисiндегi негiзгi заңдылықтар, яғни критерийлерi мен факторлары өз халқының тарихына, экономикасына, мәдениетiне тiкелей байланысты. Осыған орай, қазiргi кезең жағдайында қазақ балаларының психологиялық денсаулығын қамтамасыз ету, жетiлдiру мәселелерi өзектi болып келедi.
Баланың мығым психикалық денсаулығы оның жұмысқа қабілеттілігінен, үйреткенді тез қабылдау, қоршаған ортасымен жағымды қарым-қатынас орната білу және өз мінез-құлық әрекеттерін басқара білу білігінен көрінеді. Мұндай нәтиежеге кешенді сауықтыру шараларының көмегімен, сауықтыру принципін жүзеге асыру негізінде жетуге болады. Бұл үрдіске барлық ерсек адамдар қатынасуы керек: ата-аналар, тәрбиешілер.
Бала шарасыз, бірақ ересек адамдардың ақылы балаға қорғаныс береді, баланың толыққанды дамуы үшін жағдай жасайды. В.Е. Дружинин баланың психикалық денсаулығын бiрнеше тұрғыдан қарастырады. Сана-сезiмнiң қалыптасуы эмоционалды және ақыл-ойдың дамуымен қатар жүредi. Оның алғышарты баланың ересек адаммен қарым-қатынасы болып табылады. Нәтижесiнде балада өзiндiк «мен» механизмi, өзiндiк сана-сезiмi дамиды. Биологиялық дамудың әлеуметтiк дамуға ауысуы бала тұлғасының қалыптасуында ерекше орын алады. Бұл процесстiң негiзiнде күрделi психикалық функциялардың пайда болу механизмдерi, ерiктi әрекеттердiң пайда болуы жатады. Оның биологиялық негiзi – рефлекс. Рефлекс келесi микроәлеуметтiк процесстердiң негiзiнде дамиды: жанұядағы ересектермен тiлдiк қарым-қатынас, өзiмен жасты балалармен тiлдiк қарым-қатынас және баланың жас кезеңiне сәйкес ойын, оқу, еңбек әрекеттерi. Анасымен эмоционалды қарым-қатынастың болмауы – баланың психикалық дамуының тежелуының негiзгi себебi [2].
Баланың физиологиялық қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға болады, ал қауiпсiздiк сезiмi мен гармониялы психикалық дамуын қамтамасыз ету – балаға анасының сүйiспеншiлiк, жылылық көрсетуiмен байланысты. Психикалық, әлеуметтiк қажеттiлiктердiң қанағаттануы қауiпсiздiк сезiмiн туғызады, оның дамуын жеделдетедi, гармониялы психикалық дамуын жүзеге асырады.
Баланың сана-сезiмiнiң дамуы тiлiнiң дамуымен байланысты. Баланың нәрестелiк кезеңде алған әсерлерi сөйлеу, тiл қорының дамуы үшiн маңызды. Сөйлеуiнiң дамуы баланың анасымен тiлдiк қарым-қатынасының болуына тiкелей тәуелдi. Баланың сезiмi, түсiнiктерi, тiлi 7-12 айлық кезiнде өзара байланысты дами бастайды.
Адам психикасының дамуы қарапайым және үйренiшiктi нәрселеден басталады және тұрмыстық заттар мен адам жасаған заттар дүниесiнде өмiр сүрүден басталады. Осылайша балада логикалық және интелектуалды ақыл-есiнiң дамуына негiз болатын практикалық ақыл-есi дамиды.
Психологиялық денсаулық үшiн эмоционалды сфера ерекше рөлдi алады. Мектепке дейiнгi және мектеп жасы кезеңiнде эмоциялардың тұрақтылығы мен күшi өседi. Эмоциялардың мазмұны күрделенедi. Бала төрт негiзгi эмоцияны (қуаныш, ашу, қорқыныш, қайғы) дұрыс қабылдап, түсiне алады. Эмоцияларды дұрыс түсiну және тану басқа адамдарды дұрыс қабылдаудың аспектiсi. Мектепке дейiнгi кезеңдегi балалар үшiн психикалық дамуының бұзылғандығының көрсеткiшi – бұл қылықтың ауытқуы. Ол зейiннiң жетiспеушiлiгiнен, импульсивтiлiктен, бөтен сигналдарға алаңдаушылықтан көрiнедi. Нәтижесiнде тапсырманы орындауда, сабақта, ойын кезiнде сыртқы бақылаудың және өзiндiк бақылаудың қиыншылықтары туады. Қылықтың бұзылуы мазасыздықтан, шыдамсыздықтан, әр-түрлi әсерлерге жылаумен жауап беруден немесе қашып кетуге тырысудан көрiнедi. Баланы жиi ренжiтетiн болса, оның өзiндiк бағасы төмендеп, өзiн сәтсiз адам ретiнде қабылдай бастайды [3].
Мұндай дамудың негізі адамның жалпы денсаулығы тәуелді болатын психологиялық денсаулық болып табылады.
Бала денсаулығы білім беру жүйесінің ең негізгі құндылығы ретінде атала бастады. Психологиялық қызметтің ең негізгі мақсаты – мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың психологиялық денсаулығына жағдай жасау [29; 51]. Бұл тезис практикалық психологты психологиялық денсаулық проблемаларының маманы деп қарастыруға мүмкіндік береді. Психикалық және психологиялық денсаулық түсiнiктерiн айыру өте маңызды. Психологиялық денсаулықты сақтау, ауытқуларына коррекция жүргізу мәселелерін шешу үшін бұл түсініктің ғылыми анықтамасын белгілеу керек. Адамның денсаулығы – оның өмiр жасының максималды ұзақ болуымен қатар, физикалық және психикалық сапаларын, оптималды жұмыс iстеу қабiлетiн, әлеуметтiк белсендiлiгiн дамыту және сақтау процесi, ағзаның қоршаған ортаға бейiмделе алу қабiлетi.
Балалардың психологиялық денсаулығын кәсіби қамтамасыз ету - бiлiм беру жүйесiндегi психологиялық қызметтiң негiзгi функциясы, мектепке даярлықтың психологиялық негізі болып табылады.
Педагогикалық ұжым мектеп жасына дейінгі балалардың денсаулықтарын дамыту және сауықтыру жұмысы бойынша тәжірибе жинақтауда. Бірақ өмір ағымы жылма жыл өзгеріп отырғандықтан мектеп жасына дейінгі білім модернизациялануда.
Ата-аналар, тәрбиешілер және педагогтар психологиялық инструментарилерді меңгерулері қажет, яғни балалардың жас кезеңдік психологиялық мәселелері жөнінде хабардар болғандары жөн. Бұл бағытта оларға психологиялық қызмет көмектеседі. Оқыту және тәрбиелеу үрдісін психологиялық қолдау, психологиялық денсаулықты сақтау бағдарламаларын қолдану оқыту және тәрбиелеу үрдісінің ажырамас бөлігіне айнала қойған жоқ, бірақ фрагментарлы жүзеге асып келеді. Сондықтан балабақшаларға баланың балабақшаға келгеннен балабақшамен қоштасқанынша жүзеге асып отыратын психологиялық денсаулықты сақтау және нығайтуды мақсат ететін жұмыс жүйесін енгізу өзекті мәселе болып отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   153




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет