Көмекші есімнің мағынасы мен қолданысындағы ерекшеліктер олардың морфологиялық тұлғасына әсер етіп, басым көпшілігі тәуелдеулі тұлғада жұмсалады.
Көмекші етістіктен айырмашылығы: көмекші етістіктер есім сөзге де, етістікке де тіркесіп, лексика- грамматикалық жағынан түрлі қызмет атқарса (айтса екен, жаман емес),
көмекші есімдер тек зат есімдермен немесе зат есім орнында жүретін сөздермен тіркеседі (мектептің қасы, үстелдің үсті).
Шылаудан айырмашылығы: көмекші есімдердің мағынасы дерексіз, жалпы болғанымен, шылау сөздердің мағынасы сияқты бүтіндей не жартылай жоғалып кетпей, керісінше, сол деңгейде сақталып қалған. Көмекші есімдер жалғау, жұрнақтарды қабылдаса, негізгі сөзден дараланып, жеке қолданылады: маңынан табылады, алдынан шықты. Мұндай сипат шылауларда жоқ.
А.Ысқақов
Семантикалық жағынан: синонимдес (арты, сырты, басы, қасы), антонимдес (алды, арты, асты, үсті);
негізгі сөздерге үстейтін қосымша мағынасына қарай: көлемдік және мезгілдік деп бөледі.
Н.Оралбаева
Көмекші есімді аналитикалық септіктің құрамында қарастырады: көмекші есімдер септік категориясының бір көрсеткіші ретінде септелген зат есімдердің құрамында ғана қолданылады. Олар зат есімдерге үстейтін түрлі грамматикалық мағынасымен ерекшеленеді, зат есім құрамында тұтас бір грамматикалық сөзтұлға жасайды.
“Қазақ грамматикасында” (2002)
Зат есімнің кеңістік ұғымын білдіретін тобы ретінде қарастырылады да, олардың мәнінің айқындалуы барыс, жатыс, шығыс септіктерімен қолданылуында деп түсіндіріледі.
“Қазіргі қазақ тілінде” (1954)
Көлемдік ұғымы бар зат есімдер ретінде сипатталып, алты мағыналық топқа жіктеледі.
Көмекші есімдер
Горизонталь бағыттағы кеңістік қатынасты
Вертикаль бағыттағы кеңістік қатынасты
Көлемдік кеңістікті білдіретіндер
Алды, арты, қасы, жаны
Үсті, беті, түбі
Іші, сырты, ортасы
Зат есімнің грамматикалық категориялары
Қазақ тіліндегі сөз таптарының ішінде грамматикалық құрылысы жағынан түрленуге бейім, сөз таптары жүйесінде грамматикалық категорияларының түрі мен саны жағынан етістіктен кейінгі екінші орында зат есімдер тұрады.
Зат есімдердің көптік және тәуелдік жалғауымен түрленуін А.Байтұрсынұлы зат есімдердің “айырысы” және “қалпы” деп анықтап, оның жекелік және көптік айырысы, оңаша тәуелді және ортақ тәуелді қалыптарын бөліп көрсетеді.
Көптік категориясы мен көптік жалғауы, септік категориясы мен септік жалғауы, тәуелдік категориясы мен тәуелдік жалғауы , жақ категориясы және жіктік жалғауы ұғымдарының арақатынасындағы межені анықтау зат есімдерге тән грамматикалық категория түрлерінің тілдік табиғатын нақтылауға негіз болады.