А.Ысқақов: “Тілімізде көптік категориясы да, көптік жалғау категориясы да бар. Ал, осы екеуі бір де емес және бірдей категориялар емес. Көптік категориясы деген тым жалпы ұғым да, көптік жалғау категориясы - одан гөрі жалқы ұғым”.
С.Исаев: “Көптік жалғау- көптік ұғымның бірден-бір грамматикалық көрсеткіші. Көптік жалғаудың негізгі грамматикалық мағынасы – көптік ұғымды білдіру. Осы негізгі мағынасымен бірге көптік жалғау басқа да мағыналық реңктерді, мәндерді білдіруі мүмкін”.
Қазақ грамматикасында (2002) сандылық категориясы көптік категория деп аталып, оның тек көптік жалғаумен шектелмейтінін, көптік мағына грамматикалық жағынан жекелік мағынаға қарама-қайшы мағына ретінде заттың сандық ұғымының шеңберінде өмір сүретіндігін атап көрсетеді.
Жалпы сандылық категориясының пайда болуы тіл-тілдегі бір заттан көп затты ажырата білумен байланысты. Осыған орай әр тілде даралық пен көптік ұғымды ажыратудың өзіне тән ерекшеліктері қалыптасқан. Даралық және көптік ұғымдар затпен тікелей байланысты болғандықтан, сандылық категориясы сөз таптарының ішінде зат есімдерге тән категория ретінде қарастырылады.
Көптік жалғауларының беретін семантикалық мағынасы да, атқаратын стилистикалық қызметі де сан алуан.
1. Зат есімдерге жалғанып көптік мағынасын білдіреді. Көптік мағына сандық ұғымды білдірмейді, әрі нақты болмайды. Тек жалпы түрде ғана көптік ұғымды білдіреді.
2. Сын есімдерге, есімшелерге жалғанған кезде сол сөз таптарын зат есімге айналдырады, әрі көптік мағынасын үстейді. Мыс: жақсылар, келгендер т.б.
3. Сан есімдерге жалғанған кезде мөлшер не болжал мағынасын береді. Мыс: Мен сағат бестерде ораламын.
4. Көптік жалғаулары зат есімдерге жалғанып, көптік мағынасын емес, топтау, жинақтау мағынасын да бере алады (апамдар келді).
Зат есімнің тәуелдік категориясы - түркі тілдерін басқа жүйедегі тілдерден құрылымдық жағынан ерекшелейтін категория.
Түркі тілдерінің ерекшелігі болып табылатын тәуелдік категориясы – бір заттың екінші затқа меншіктілігін білдіретін категория. Нақтырақ айтқанда, тәуелденіп тұрған зат есімнен әрі біреудің иелігіне жататын сол заттың өзі, әрі оны иемденуші адам - мұның екеуі де қоса ұғынылады "немесе" иеленуші үш жақтың біріне белгілі бір заттың меншікті екенін білдіретін грамматикалық категория".
Тәуелдік категориясының мағынасы тәуелдік жалғаулары арқылы беріледі, яғни тәуелдік жалғауы грамматикалық мағынасы жағынан ең алдымен тәуелдік мағынаны, екіншіден, сол тәуелдік мағынаны белгілі жаққа байланысты жекеше, көпше түрде білдіреді.