«Қараша... желтоқсан... қаңтар... ақпан... наурыз... көкек... жұлдыздың... Қыркүйек-көкек... Кешеден бері... бүгін... бүгін... тағы... Күйек алған уақыт — былтырғы қараша...»
Отамалы бүкіл денесімен селкілдеп, дірілдеп кетті. Ерні кемсең-кемсең етіп, түсі бұзылып қоя берді. Қойлардың жаппай қоздайтын уақыты жеткен ғой! Кешеден бастап! Боранда! Мына әлемет ақ боранда! Аязда!!!
Кешегі артта қалған екі қой көз алдына қайта жетіп келді. Бишаралар! Тууға қалған екен ғой. Қазір дүниеге келген жас қозылармен бірге қатып жатыр!
Мына алдында гүрілдесіп келе жатқан қойлардың жартысынан көбінің ішінде бүгін-ертең туатын қозылар. Бишаралар сыртта дүлей боранның соғып тұрғанын білмей, жарық дүниеге шығуды аңсап келе жатыр екен ғой.