Осы сөздің аузынан қалай шығып, боранмен араласа, топ қойдың үстіне шашылып кеткенін де байқамай қалды. Ол үсігенін, жөтелін, бөтен қатерлердің бәрін ұмытып кетті.
Түстен кейін топтан жеті қой бөлініп қалды. Отамалы алғашқысының қасына ентіге жетіп келіп, ішін байқап еді, қозы тыпыршып-ақ тұр екен.
«Алда, бишарам-ай! Сорлым-ай! Жарықтығым-ау, енді не істейін?!» — Отамалының көз жасы үсіген бетінің үстіне мұз болып қатып қалды. Ащы у өкпесін тырнап, кеңірдегін жыртып, жөтел болып шықты. Қалған алтауы да әр жерде бір шоңқиып, ақ боранның ішіне жұтыла берді.
«О, Жапан бай! Айтпап па едім саған! Ашқарақ! Қарғыс атқыр!» — Амалы құрыған Отамалы тобырдың соңынан жүгірді.
Боран кешке дейін тоқтамады. Қойлар ыға берді, ыға берді. Күндізгі аяз мынаның қасында ойыншық екен. Түннің ауасы мұз болып қалып, шартылдап сынып-сынып жатқандай. Отамалы сол мұз кесектермен әрең дем алып, жаны кеткен аяқтарын қозғай берді. Қойлар түнде маңырауды қойды. Маңырауға да күш керек екенін Отамалы жақсы білетін. Өзінің белі сынып қалғандай. Әрең көтертеді. Аяғы саз балшықтан жасалғандай, ауырлап кетті. Арқасынан жел өтіп, жүздеген істік тұмсықтарын тыға айдап келеді. Тіпті жел үлкен төбелерді де аударып тастауға ниет еткендей, өкпесіндегі барлық демін үрлеп, түтігіп тұр.