Жер беті ақ түтінмен жанып жатыр. Аяз оттан жаман. Тиген жерін қарып, күйдіріп барады. Суық от бетті шымшып, көмейге толады. Демді буады.
Отамалы алғаш рет өзінен әл кете бастағанын сезді. Белі сырқырап ауырып барады. Сүйектерінің ауырлығы өмірінде бүгін білінді. Оларды баяғыдан бері қалай арқалап жүрген?!
Ол бетін уқалап, белбеуін тартыңқырап буды. Іші қабысып қалыпты. Мына шекпеніне қатқан мұздың бір кесегі түсіп кеткендей ішкі сарайы да сап-салқын.
Жел енді қара тілдерін жалақтатып, Отамалының тізесін, бетін, шекпенін, етігінің қонышын жалап келеді. Қазір өзі би, өзі құдай. Сонысына масаттанғандай кейде сықылықтап күледі. Сосын ашу шақырып, барпылдап ала жөнеледі. Енді
бірде қаһарлана қорқытқысы келгендей әртүрлі үнге салады. Сол кезде маңай біресе бұралқы иттің ұлығанындай, біресе тағы мысықтың мауыққанындай, біресе су өгіздің ыңыранғанындай дыбыстарға толып кетеді. Бәрін жасап, бәрін игеріп, бағындырып тұр. Тек күші келмейтін бір заты — қараңғылық. Сондықтан оны көтеріп тастай алмай, әзірше осы қара бояудың ара-арасымен зулап, денесіне соның күйесін жаға ызғиды. Бұл түн Отамалының бағына тағы да қасқырсыз өтті.
Таң алабұртып атты. Әрине, ешқандай сәуле де, ашық жарық та, көкжиек те жоқ. Тек буалдыр, бұлдыр, су қосқан сүттің түсіндей бірдеңе. Сол сүт ағара береді, ағара береді. Таң да, таңертеңгілік те осы.
Аяз күн өткен сайын басылмақ түгіл, қылышын қайрап, найзасын үшкірлей түскен сияқты. Бүгін таңертең Отамалының тымағы, сақал-мұрты, қастары ақ қырауға малынды да қалды. Қырауға бөккен қойларды да жел ұшыртып айдап келеді. Иттің қара көздері қыраудың арасынан моншақтай жылт-жылт етеді. Аяз қарлардың біразын қатырып тастаған екен, қойлардың жүрісі сәл жеңілденейін деді.
Боран сәл серпілгендей. Отамалы түсім емес пе екен деп, көзіне сенбей, қайта қарап еді, шынында да бір өзгеріс бар сияқты. Үш-төрт төбе де көрінді маңайдан. Отамалының іші жылып, денесін әлсіздік билеп қоя берді.