Отамалының көзінен жас ыршып кетті. Артына ұзақ қарады. Ішін белгісіз бір у тырнап өткендей, қатты күйзеліп кетті. Бірақ тоқтауға мүмкіншілік жоқ, топ алға кетіп барады. Отамалы да желмен жылжи берді. Олардың қиын өліммен, азапты өліммен өтетінін біліп кетті. Біраздан соң оларды боран ажал көрпесіне орап алып, жоқ қылып жіберді.
Түнде бұлар бір топ қамысқа тап болды. Аяқтарында әрең тұрған қойлар қамыстың ішіне кірісімен қарға бауырларын төсеп жата-жата кетісті. Қамыстың арасы желден де ықтасын.
Отамалы қуанып кетті. Қамыстың о шеті мен бұ шетіне бір шығып еді, қомақты-ақ. Қойлардың бәрі түгелдей соған сыйған. Жануарлар қамыстың ызылын жамылып жым-жырт жатыр. Тек қамыс бастары ғана бір-біріне тие сартылдасып, ызы-қиқы үн шығарады.
Отамалы ық жақтан келіп, біраз қамыс сындырды. Белі еңкейгенде сырқырап, әрең иліктірді. Жүріспен байқамапты, қолдары, тізесі де үсіген сияқты. Сындырып алған қамыстарын әрірек апарып үйді де, бір шетінен жел ұшырып кетпесін деп, аяғымен басып тұрып, шақпақ тасын сартылдата бастады. Қолы илікпейді, екі тасты бір-біріне әрең тигізеді. Ұшқын көпке дейін білтеге тимеді. Бірер уақыттан кейін ғана қу қамыс лап берді. Әуелі от Отамалыға шапшыды, бірақ Отамалы бұрылып үлгірді, сосын ол желдің ыңғайына құлап, дүрілдей ала жөнелді.
Отамалының денесінде ыстық қан ойнап кетті. Беті балбырап, тізесі ысыды. Қолдарына әл кіргізді. Шекпенін шешіп, былай алып қойды. Ондағы ойы — сыртындағы жел жібермейтін қатқан мұзын ерітіп алмау. Отамалыны ұйқы мен көмескі ойлар шырмап, денесін балбырата берді. Сақалындағы қатқан мұзы еріп, иегінен су болып ақты. Отамалы өзінің ескі ошағын есіне алды. Тап кетер күні кеште ошақтың жанында осылай отырып еді-ау. Көзін гүрлеп жанып жатқан қамыстан айырмай, өткен өмірін ойша бір сүзіп өтті. Адам дегеннің өмірі жыланның бойындай қысқа екен ғой. Бірақ соның өзі тұнып тұрған азап, азап, азап...