ОқУ Әдістемелік кешені пәні «Қыпшақтану»


Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтар мен тапсырмалар



бет34/79
Дата20.04.2022
өлшемі1,31 Mb.
#31662
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   79
Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтар мен тапсырмалар:

1.Көне қыпшақ тілі мен қазақ тілінің байланыстылығы қандай дәрежеде?

2.Мағынасы да, тұлғасы да ортақ сөздерді мысалға келтір?

3.Қандай дыбыстық өзгерістер бар?

4.Тұлғасы бірдей болғанмен, семантикалық өзгеріске түскен сөздер.

5.Мағынаның тарылуы мен кеңеюі дегенді қалай түсінесің?



Дәріс №-10. Көне қыпшақ тіліндегі араб-парсы элементтері
Орта ғасырларда ислам діні мен мәдениетінің өркендеуі Дешті-Қыпшақ даласына өз ықпалын тигізді. Арабтардың басқыншылық саясатының қылышы далалықтарға жетпегенмен, мұсылманшылық пен араб жазуына негізделген ғылым мен білім, оқу-ағарту ісі дендеп кірді. Түркі тілдерінің құрамына араб-парсы сөздері ене бастады. Кірме сөздер жай ене салған жоқ, бірте-бірте өзі енген тілдің лексикасының құрамды бөлігіне айналды.

Лексикаға кірме сөздер екі жолмен кіреді: біріншіден, халықтардың тікелей қарым-қатынасқа түсуімен; екіншіден, жазба әдебиет арқылы. Көне және қазіргі қыпшақ тілдеріндегі араб-парсы кірме сөздерінің басым көпшілігі осы екінші жолмен кірді.

Араб шапқыншылығынан кейін парсы тілі көптеген мөлшерде араб элементтерін өзіне сіңірді, осының нәтижесінде кейінгі ғасырларда түркі тілдеріне араб сөздері парсы тілі арқылы да кіре бастайды. Орта ғасырлық жазба мұраларда араб-парсы элементері жиі кездеседі. Солардың бірі XIV ғасырда жазылған Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» (әрі қарай ХШ) поэмасында да араб-парсы сөздері жеткілікті. Э.Фазыловтың есептеуі бойынша 790 араб, 424 парсы сөзі бар. «ХШ» - араб поэзиясының аруз өлшемімен жазылған, эпикалық шығарма. Ондағы араб сөздерінің көпшілігі жалпы халыққа түсінікті сөздер. Түркі халықтары парсы халықтарымен тығыз байланыста болып, қарым-қатынас жасап тұрған және парсы әдебиеті түркі халықтарының әдебиетіне игі әсер еткені белгілі. Бірақ ескерткіште парсы сөздерінің араб сөздерінен аз болуы парсы тілінің өз бойында араб элементтерінің өте көп болуынан. Яғни, түркі тілдеріне енген парсы сөздерінің көпшілігінің түп-төркіні араб тілінде жатыр.

Тарихи ескерткіштерде кездесетін араб-парсы сөздері оқшау өмір сүре алмайды, сол мұрағат жазылған тілдің даму заңдылығына бағынады. Кірме сөздердің ескерткіш тіліне енуінің нақты себептерін профессор Б.Сағындықұлы көрсетіп берді:

1. Түркі халықтарында бұрын-соңды болмаған ұғымдар мен зат атаулары ескерткіштерде араб-парсы сөздері арқылы берілген. Мұндай сөздердің көпшілігі діни ұғымдарға, ел басқару істеріне, ғылым мен мәдениетке, қоғамдық өмірдің басқа салаларына байланысты терминдер. Мысалы, Билур ол һандаса илмини езгү "ол геометрия ғылымын жақсы білетін" (59а7). Мұнда һандаса (геометрия) парсы сөзі, ғылыми термин.

2. Араб-парсы сөздерінің енуінің бір себебі өлең өлшеміне байланысты. Өлеңдердің араб-парсы поэзиясының аруз өлшемімен жазылуы араб-парсы сөздерін пайдалануды талап еткен.

3. Араб-парсы сөздері ұйқас мақсаты үшін алынған. Яғни, ақындарға түркі сөздерін тыңнан ұйқастырғаннан гөрі дайын ұйқастарды ала салу жеңіл тиген.

4. Орта ғасырларда түркі халықтарынан шыққан ақын-жазушылар ана тілімен бірге араб-парсы тілдерін жақсы білген. ( Сағындықов Б. Сравнительный анализ лексики тюркоязычных памятников XIV века. Автореферат диссерт. канд. филол. наук. - Алма-Ата, 1977 г.). Бұл туралы В.В.Бартольд былай деп жазды: «В мусульманский период даже авторы туркестанского происхождения писали или на арабском или на общеперсидском литературном языке...». Әрі ол авторлар таза түркі тілінде жазуды мақсат етпеген.

«ХШ» жәдігерлігіндегі араб тілінен енген сөздерді қазақ тілі тұрғысынан қарасақ, оларды үш топқа бөліп қарастыруға болады:

1. «Поэмадағы» беретін мағынасы мен тұлғасы қазіргі қазақ тілінде еш өзгеріссіз, сол күйінде сақталған сөздер.

2. Не сыртқы тұлғасында, не мағынасында кейбір өзгеріске ұшыраған сөздер.

3. Қазіргі қазақ тілінде қолданылмайтын, мүлде кездеспейтін сөздер.

Бірінші топқа жататын сөздер өте көп. Бірнеше мысал келтіруге болады: уафа (опа), уафат (опат), даулат (дәулет), даур (дәуір), дауа (дауа, дәрі) дин (дін), жауаб (жауап), адәб (әдеп), асар (әсер), жүфт (жұп), мадх (мадақ), рауза (роза), сабаб (себеп), хаир (қайыр), шакар (секер), ажаб (ғажап), ашық (ғашық), тақыт (тағат, шыдам) т.б.

Екінші топқа жататын сөздердің сыртқы тұлғасынан гөрі мағынасына көңіл бөлген жөн. Өйткені ескерткіштегі бірнеше мағына берген араб сөздері қазақ тілінде бір мағына береді немесе араб тілінде бірнеше мағына беретін сөздердің ескерткіш тілінде бір мағынасы ғана қолданылған. Мәселен, уәбал сөзі «обал» мағынасымен қатар «қылмыс» мағынасында қолданылған: оның уэбалы иңэн улуғ турур «оның қылмысы үлкен» (19165). Ал қазіргі қазақ тілінде «обал» сөзі біреуге «қысастық жасау, тізе батыру» мағынасы болғанымен, «қылмыс» мағынасы ұмытылған. Сол сияқты дәлил сөзінің «дәлел, куәгер, белгі, жол бастаушы» мағыналары ескерткіште кеңінен қолданылған: Билүр ерди дәлилләр бирлә аны, ачуқ ерди ашиқлықның нишаны «әңгімесінен білді, ғашықтық белгісі көрініп тұрды» (32 а 6). Тіпті ескерткіштегі кейбір сөздердің қазақ тілінде сыртқы тұлғасы екі түрлі айтылып, екі түрлі мәнде қолданылып жүргендері де ұшырасады.

Үшінші топқа жататын сөздер де біраз. Әсіресе «ХШ» поэмасы жазылған дәуірде бұл сөздер жергілікті халыққа түсінікті болып кеңінен қолданылған. Кейінгі дәуірде колданылу аясы тарылып ұмытыла бастаған. Қазіргі кезде бір түркі тілінде ұшыраспаса келесі бір түркі тілінде өмір сүруі әбден ықтимал. Мұндай сөздерге аблах (ақмақ), аййам (күндер), асрар (құпия), барқ (найзағай), бурч (планета), васл (кездесу), вужуд (дене), давэт (шақыру), жадд (қарт), латафат (нәзіктік), рақс (би), унс (махаббат), фазл (көргенділік), хажалат (ұят) т.б. Мысалы, Йүрэким титрәр ерди кечкәй аййам "менің жүрегім дірілдеді, күндер өтіп жатқан соң" (162). Ашиқләр өфкәси чын барқ болур "шынында да, ғашықтардың өкпесі найзағай іспеттес" (92610).

"ХШ" ескерткішіндегі парсы сөздерін де қазіргі қазақ тілі тұрғысынан қарастырсақ, қазақ тілінде ешбір өзгеріссіз қолданылатын, кейбір фонетикалық, мағыналық өзгерістерге ұшыраған және қазіргі таңда қазақ тілінде қолданылмайтын сөздер деп үш топқа бөліп жіктеуге болар еді.

Бірінші топқа дост, диуана, дүшман, дузах, дуруст, жаухар, жафа, жан, дариға, дад, дайим, дастан, гөр (көр), гулзар, бәла (бәле), бағ (бақ), бұлбұл тәрізді сөздерді жатқызуға болады. Бұл сөздердің қазақша айтылуында сәл-сәл болмашы дыбыстық өзгеріс болғанымен, мағыналарында еш өзгеріс, ауытқу жоқ. Бірнеше мысал келтірелік: Миң ерсә достларың хәм аз теб бил «егер сенің мың досың болса да, аз деп біл» (52а18). Үкүш душман башыны берди йелгә «көп дұшпанның басын жойды» (765). Тили бұлбұл мэңиз хэм мэңзи гулзар «оның тілі бұлбұлдай, ал жүзі – гүлзар» (75 62).

Ескерткіште қолданылған кейбір сөздерді қазіргі қазақ тілінде мағыналық, тұлғалық өзгерістерге түскендіктен, екінші топқа жатқызамыз. Оған мынадай сөздерді мысалға келтіруге болады: жан (жан, өмір, сүйіктім), дад (әділдік, мейірімділік, жомарттық), дағ (дақ, қайғы, азап), дил (жүрек), афтаб (күн), базар (базар, құн, баға) т.б. Кейбір сөздердің ескерткіштегі мағыналары қазақ тілінде кездеспейді. Мәселен, Латафат мүлкидә султан сен эй жaн «әдемілік патшалығында сен ханшасың, о сүйіктім» (29в6). Осындағы. жан сөзінің, «сүйіктім» мағынасы қазір қолданылмайды. Дад сөзінің қазіргі таңда «әділдік, мейірімділік, жомарттық» мағынасы жоқ. Негізінен дат әділеттік талап ету, тілек айту мағынасын білдіреді: - Дат, тақсыр! Бас кеспек болғанмен, тіл кеспек жоқ деген. Төре, бір ауыз сөзге мұрша бер. - Айт датыңды (І.Есенберлин, ҚаҺар). Ал діл (дил) сөзін қазіргі уақытта «менталитет» мағынасында қолданып жүрміз, оның «жүрек» мағынасы ұмытылған. Афтаб сөзі ескерткіште «күн» мәнін берсе, қазақ тілінде «ыстық леп» мағынасын береді.

Үшінші топқа қазіргі тілімізде қолданылмайтын, ескерткіште кездесетін мына сөздерді жатқызуға болады: дуруз (табыну, мақтау), дун (бақытсыздық), жам (бокал), дөргах (сарай), ваз (ашық), густах (өжет) т.б.

«ХШ» поэмасындағы араб-парсы сөздерінің лексикалық ерекшеліктері көңіл аударарлық. Сөздердің лексикалық мағынасы тұрмыстық затгар мен құбылыстарға қатысы жағынан тура және ауыспалы, деректі және дерексіз болып бөлінеді. Ескерткіште кездесетін араб-парсы сөздерінің басым көпшілігі тура мағынасында қолданылады. Ауыспалы мағынада ұшырайтын кірме сөздер некен-саяқ. Мысалы, хур - жұмақ қызы: Йүзүңдин кизләнибтур хулд ара хур «сенің жүзіңнен хордың қызы жасырынды» (13 а 7). Хур сөзінің ауыспалы «асқан сұлу» мағынасы қолданылмаған. Яғни, ортағасырлық автор бірнеше мағыналы сөзді пайдаланған кезде өзіне қажетті деген мағынаны таңдап алған. Мәселен, «хайал» деген сөздің араб тілінде үш мағынасы бар: 1) қиял, арман, 2) елес, бейне, 3) көлеңке (Арабско-русский словарь). Бұл мағыналар ішінен «ХШ»-да «қиял» мағынасы ғана айналысқа түскен: Бу көкләр нақшынға бақма хайал ол «бұл көктер нақышына қарама, қиял ол» (2р15). Сөйтіп жазба жәдігерлікте бір мағынада ғана жұмсалу - көп мағыналы араб-парсы сөздерінің басым көпшілігіне тән. Ескерткіштегі араб-парсы сөздері деректі және дерексіз болып екіге бөлінеді. Бірыңғай деректі немесе бірыңғай дерексіз емес. Бірақ парсы сөздерінің көпшілігі деректі мағынада колданылған.

Араб және парсы элементтерінің грамматикалық сипаты күрделі. Араб тілінен енген сөздер негізінен зат есімдер, сын есімдер және үстеу. Зат есімнің көпшілігі - масдар. Араб тілінде масдар дегеніміз - етістіктің түбірінен жасалған есім сөздер. Аталмыш ескерткіште мынадай масдарлар кездеседі: фарах (қуаныш) сөзі бірінші баптан, ташриф (құрмет) сөзі екінші баптан, нифақ (екіжүзділік) сөзі үшінші баптан, изза (құрмет, сыйластық) деген сөз төртінші баптан, такаббур (тәкәппарлану) сөзі бесінші баптан жасалған масдарлар.

Ескерткіште парсы тілінен енген сөздердің көпшілігі зат есімдер мен сын есімдер. Бірен-саран үстеулер мен етістіктер де кездеседі. Парсы тілінде род категориясы жоқ. Сөйлемдегі сөздер аналитикалык тәсіл арқылы, кейде жалғаулықтар арқылы қиысады. Парсы тілі сөз табы жүйесіндегі негізгі ерекшелік - зат есім мен сын есімді ажыратудың қиындығы, көптеген сөздерді сөйлемнен тыс алғанда тек семантикалық мағынасына қарап, сын есім немесе зат есім екенін айыруға болады, өйткені олардың морфологиялық белгілері жоқ. Негізінен мәтіннің ішінде ғана танылады. Зат есімнің негізгі көрсеткіші - көптік жалғауы. «ХШ» ескерткішінде көптік жалғаулы парсы сөзі кездеспейді. Парсы тіліндегі зат есімдер, сын есімдер өздерінің морфологиялық құрылысы жағынан түбір сөздер, туынды сөздер және біріккен сөздер болып үшке бөлінеді, Ескерткішке енген парсы сөздері одан әрі бөлшектеуге келмейтін түбір сөздер.

Ескерткіштегі араб-парсы сөздері қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларын қамтиды және көпшілігі қазіргі қазақ тіліне ортақ. Оларды мынадай тақырыптық топтарға бөліп қарастыруға болады.

1. Оқу, ағарту ісіне байланысты сөздер: қалам, ғалым, қисса, ұстаз, хат, дәптер, кітап т.б.

2. Астрономиялық ұғымдарға, күн системасына байланысты сөздер: сенбі, жексенбі, дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, амал, сәуір, зауза, саратан, әсет, қараша, қауыс, сүмбіле, афтаб (күн) т.б.

3. Саяси әкімшілік атаулары: хаким, әкім, шарт, мәжіліс т.б.

4. Үй-тұрмыс, шаруашылыққа қатысты заттар мен ұғымдарды білдіретін сөздер: шам, қант, шақар, гүлабшы (гүл өсіруші), бағбан.

5. Ислам дініне катысты сөздер: құрбан, шариғат, шайтан, дұға, қағба, дузах.

6. Абстракты ұғымды білдіретін сөздер өте көп: ашық (ғашық), фирасат, мақсұт, мухаббат, жан, бахт (бақыт) т.б.

Қазіргі қазақ тілінде көптеген сөздерге араб-парсы тілінен енген деп айдар тағылған. Бұл - бір жақты пікір. Көшпенділердің мәдениеті де араб әлеміне өз ықпалын тигізгені тарихтан белгілі. XIII-XIV ғасырларда Алтын Орда мәдениеті гүлдеп тұрған кезде сонау шығыста Мамлюк Мысыр мемлекеті орнады. Оның негізін салған мамлюктер (ақ құлдар) қазіргі қазақ даласынан әртүрлі себептермен барған немесе сатылған оғыздар мен қыпшақтар еді. Сұлтан Бейбарыс билігінен бастап мамлюктер Мысырды екі жүз елу жылдай билеп тұрды. Мысыр мамлюктері Алтын Ордамен тығыз әскери-дипломатиялық байланыста болды. Мамлюк мемлекетінде қыпшақ тілі үстемдік рөлде болып, араб мәдениетіне ерекше үлес қосты, араб тіліне туркизмдер де дендеп енді. Мысалы, алп (алып), улуқ (ұлы), кутлуг (құтты), ақ арслан (ақ арыстан), сунқур (сұңқар), билге (ғалым), буга (бұқа) т.б. Сондықтан қазіргі таңда көптеген кірме сөздерді ана тілден мына тілге енді дегеннен гөрі араб-парсы және түркі тілдеріне ортақ құбылыс деп таныған жөн.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   79




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет