Оқу құралы Шымкент -2022



бет36/43
Дата27.01.2023
өлшемі182,05 Kb.
#63378
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   43
Байланысты:
МОЛДАБЕК Қ дентология

«Халықтық педагогика» ұғымына берілген анықтаманың мазмұндары

1

2

3

1

Волков Г. Н.

«халықтық педагогика дегеніміз – жеке адам санасын халықтық ұғым түсінігіне сай дамыту мақсатында халық қолданған тәрбиелеу мен оқыту, педагогикалық дағдылар мен тәсілдер мақсаттарының жиынтығы және өзара байланысы», «ол тәрбие мәселелері жөніндегі эмпирикалық мәліметтер мен білімдер жиынтығы», «ол ауызша тарайды және өзіне жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу жөніндегі халықтың практикалық қызметін қамтиды».

2

Афанасьев В. Ф.

«... балалардың және халықтың өзінің күнделікті өмірі үшін қажетті білімдерді меңгеруін қамтамасыз еткен және қамтамасыз етіп келе жатқан халық білімдерінің жиыны халықтық педагогиканың мәнін құрайды»

3

Гашимов А. Ш.

«кең мағынасында алғанда халықтың тәрбие мәселелері жөніндегі көзқарастарының, идеяларының, әдет-ғұрыптарының, дәстүрлерінің жиынтығы. Оның нысанасы – тәрбие, ал тәрбие объектісі – адам».

4

Измаилов А. Э.

«...халықтың тарихи және әлеуметтік тәжірибесінің өнім ретінде көбіне ауызекі түрде ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келген, жинақталған және тәжірибеде тексерілген эмпирикалық білімдердің, мәліметтердің, іскерліктер мен дағдылардың жиынтығы...»

5

Виноградов Г. С.

«...халықтың педагогикалық мәдениетінің құрамдас бөлігі, ...білім мен дағдылар жиынтығы».

6

Қалиев С. Қ.

«...ұлттар мен ұлыстардың ұрпақ тәрбиелеудегі әлденеше ғасырға созылған ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің, мәдени ойлау жүйесінің эмпирикалық негіздегі озық үлгілерінің жиынтығы».

7

Ұзақбаева С. А.

«...тәрбие мен оқыту саласындағы халықтың білімдерінің, іскерліктерінің, дағдыларының жиынтығы, солардың негізінде ұрпақтан-ұрпаққа халық шығармашылығы арқылы беріліп отыратын әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер қалыптасқан. Халықтық педагогиканың мақсаты – ата-бабалар тәжірибесінің ең жақсы мұраттарын бойына сіңірген рухани бай ұрпақты тәрбиелеу».










8

Жарықбаев Қ. Б.

«...тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы».

9

Төлеубекова Р
Жұматаева Е

«...тәрбиенің бастауы және қайнар бұлағы, тәрбие жөніндегі халықтың білімі мен тәжірибесі».

Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болуы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл құқына көтерілуі, білім беру және мемлекеттік жастар саясаты туралы заңдардың қабылдануы тәрбие мәселесіне жаңаша қарауды талап етеді. Өкінішке орай, көлеңкелі іс-әрекетімен қоғамқа жат қылықтардың жастарымыздың бойынан жиі көрінуі ұлттық тәлім-тәрбиенің дұрыс жүргізілмеуінен туындап отырған құбылыстар. Осылардан құтылудың негізгі жолы – уақыт тезінен өткен ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы - халықтық педагогика.


Халық педагогикасын оқыту арқылы жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беретін мамандар даярлай отырып, егемен еліміздің мәдениетті, еңбекшіл де іскер, бойында халықтық білімге негізделген парыздылық қасиеттері жоғары қалыптасқан «сегіз қырлы бір сырлы» ұстаз тәрбиелеу – бүгінгі таңдағы басты міндет.
Зерттеуші-ғалым С. Қалиев халық педагогикасының негізгі қағидаларын былай жіктейді:
1. Келер ұрпақтың ақылды, намысқор, арлы, өміршең азамат болуын тілеу. Жас нәрестенің дүниеге келуі ата-ана, ағайын-туыс, қауым-көпшілікке зор қуаныш әкелумен бірге, борыш та жүктей келеді. Дәлірек айтсақ, ұрпақты тәрбиелейтін халық мектебінің есігі сәбидің алғаш дүниеге келген күнінен бастап айқара ашылады. Ол белгілі мақсат-тілекпен байланысты туындайды.
2. Баланы жастайынан еңбексүйгіш, елгезек азамат етіп тәрбиелеу. Ол бесік жырлары мен тұсау кесер жырларынан, бата, тілек, терме өлеңдерден көкейкесті орын алған. Еңбек қағидаларын жастардың бойына сіңіру отбасындағы маңызды істерімен ұштасқан.
3. Халық педагогикасында «бірінші байлық - денсаулық» - деген ұғым өзекті орын алған. «Дені саудың жаны сау», «Ас - адамның арқауы», «Ауру астан» деп, рухани, материалдық байлықтың, тәрбиенің негізін жеке бастың, яғни тәннің саулығына байланысты қарастырған. Баланы туған күннен бастап тұзды сумен шомылдыру, маймен сылау, дене күтіміне ерекше мән беріп шынықтыру, мерзімінде жақсы ас беріп тамақтандыру мен ұйықтатудың бәрі тән саулығы үшін жасалған әрекеттер.
4. Халық педагогикасында адамгершілік қасиеттерді баланың бойына дамыту, ізгерлікке, имандылыққа, адамдыққа тәрбиелеу, ар-ожданды қастерлеу басты қағида болып есептелген. «Жаным – арымның садағасы» - деп, арды адамгершілік қасиетінің үлгісі ретінде санаған.
5. Гуманизм мен патриотизм - халықтық тәрбиенің басты қағидаларының бірі. «Отан от басынан басталады» деп, ұққан ата-бабамыз от басының, ананың, рудың, отанның намысын қорғауға, ауру, кемтарларға көмектесуді, басқа ұлт өкілдерін сыйлауға отбасы тәрбиесінің өзекті принциптері деп бағаланған. «Атаның баласы болма - адамның баласы бол», «Жақсы - көпке ортақ», «Ел үшін еңбек ет» деген өсиет тәрбиеден өзекті орын алған.
6. Елді, жерді қорғайтын еңбек ететін азамат болу үшін денені шынықтыру кажет. Халық педагогикасында «Шынықсаң шымыр боласың» деп ой қорытқан ата-бабамыз ұлттық ойынға жаттықтырып үйрету арқылы дене тәрбиесіне басты көңіл бөлген.
7. Тіршіліктің тұтқасы, өмірдің шамшырағы өнер мен ғылым деп түсінген халқымыз жастарға «Өнерлі өлмейді», «Білегі жуан бірді жығады, білімі жуан мыңды жығады», «Білім таусылмас кен, өнер өлмес мұра» дегенді насихаттап ертегі, өлең-жыр, мақал-мәтел, аңыз әңгімелер ұсынған.
8. Адам өмірі мәнгі табиғат құшағында өтетін болғандықтан, ата-бабамыз өз ұрпағын ағаш бесіктен жер бесікке жеткенше табиғи ортаны аялауға тәрбиелеп келген. Ол туралы әлденеше жұмбақ, өлең-жыр, ертегі, аңыздар шығарған.
Халықтық тәрбиенің аталған басты қағидаларының педагогика, педагогикалық деонтология, психология ғылымдарымен үндестігіне тоқталар болсақ:
1. Халық педагогикасында тәрбие ісін адамның жас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді талап еткен. Мәселен, «Ұлыңа бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшындай сана, он бес жастан асқан соң ақылшы досыңдай бағала» деген мәтел баланы еркін тәрбиелеудің, көмекші деп үмітпен қараудың, ақылшым деп тең санаудың қажеттігін меңзейді. Ал, жантану ғылымының салаларына тоқталар болсақ, жас психологиясы – жантану ғылымының негізгі салаларының бірі. Оның зерттеу объектісі – адамның дүниеге келген күнінен бастап, қартайғанға дейінгі әртүрлі жас кезеңдеріндегі психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиелеу.
2. Халық педагогикасында тәрбие ісін әр адамның жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып жүргізуді де ескертеді. «Бір биеден ала да туады, құла да туады», «Балаға үміт арту - әкенің парызы, ақтау - баланың қарызы» деп, ой түйіндеген. Жеке тұлғаның өзіндік ерекшеліктері және оның педагогикалық үдерісте ескерілуіне келер болсақ, әрбір оқушының танымдық іс-әрекетінің, ерік-жігерінің, мінезінің, жүріс-тұрысының тек өзіне ғана тән сапалық ерекшелігі болады. Жеке ерекшеліктерді есепке алу – бұл әрбір жеке тұлғаның қызығушылығын, бейімділігін, сапасын, қасиетін, талабын және мүмкіншілігін ескере отырып, өскелең ұрпақтың әлеуметтік қалыптасу процесінде сәтсіздіктер мен қателіктерді барынша кеміте отырып тәрбиелеуде педагогикалық құралдардың, әдістемелердің барлық түрлерін пайдалану. Тәрбиеленушінің жеке тұлғалық ерекшеліктерін есепке алу өте маңызды жағдай. Мұғалім бұл мәселеде шектен шығып кетпеуі керек, яғни, баланың мүмкіншілігін артық бағалауы да, ескермеуі де баланың жеке дамуына зиянын тигізеді. Бұл педагогикалық деонтология ғылымы бойынша ұстаздық кәсіптің ең негізгі мақсаттары: оқушының ден саулығын, жан саулығын сақтауды көздей отырып, оқушы тұлғасының жан-жақты дамуына жағдай жасау ұстанымына сай келеді.
3. Халық педагогикасы ұрпақ тәрбиесі туған, өскен ортасына, ата-ананың, отбасы үлкендерінің, ұстазының үлгісіне байланысты деп қараған. Мұғалімнің кәсібіне байланысты әлеуметтік, психологиялық қарым-қатынас аясына байланысты педагогикалық деонтологияның негізгі аспектілерінің бірегейі – мұғалім және ата-аналар (жанұя). Жанұя тәрбиесі туралы алғашқы педагогикалық түсініктер мен идеялар халық педагогикасында пайда болған. Педагогикалық ғылымның даму барысында жанұя тәрбиесінің мәселелері нақты ғылыми-теориялық және әдістемелік мазмұнға ие бола бастады. Жанұядағы тәрбиенің субъектілері – ата-ана мен бала, әлеуметтік мақсат, міндет, педагогикалық тәсілдер, әдістер. Осы элементтерді біріктіретін негіз – іс-әрекет. Ұстаз бен оқушы, бала мен ата-ана арасындағы сыйластық пен қалыпты қарым-қатынас тек бағыну мен бағындырумен шектелмейтіндігін, қайта баланың дербес өздігінен өмір сүруге дағдылануы керектігін педагогикалық деонтология ғылымы да қолдайды.
4. Халық педагогикасының тағы бір принципі - ұрпаққа үлкен талап қоя білуге, оның жеке басын қадірлеуге негізделген. Жастардың жіберген қателіктерін үлкендер дер кезінде бақылап, дұрыс жолға салуды мақұлдаған. «Ақырып айтқаннан ақылмен айтқан артық» деген мәтел тәрбиешінің жылы жүректі болуын, тапқырлық тәсілмен тәрбиелеуін көздейді. Осыған орай педагогикалық деонтологияда ең жауапты іс – тұлғааралық эмоционалды қарым-қатынас мәселесі. Педагогика негіздерін және педагогикалық деонтологияны терең меңгеру – мамандық тұрғысынан оқушыларға дамытушы әсер ететін психологиялық амалдарды зерттеп, қолдануға жол ашады. Мұғалім мен оқушылардың арасындағы нақты рухани, соның ішінде эмоционалды байланыс сауатты қарым-қатынастан байқалады. Баланың жан дүниесіне үңіле отырып, ұстаз оның жан-жақты даму жолын білуге тырысып, соған сәйкес әрекет етуге бағытталады. Оқушының мінезін, талап-тілегін, әуестігін, алға қойған мақсатын, көңіл-күйін білу ұстазға баланы жеке тұлға ретінде терең танып, оның жанына жайлы педагогикалық әсер етуге көмектеседі. «Балаға жақсы үлгі-өнеге көрсет, оны жаны мен тәніне келер қауіпті нәрселерден сақта», - дегені - ата-бабаларымыздың ойы мен тарихи тәжірибесінің асыл қорытындысы.
5. Шәкіртті тәрбиелеу, оқыту барысында ақыл-ойын дамыту - бүгінгі педагогиканың ең көкейкесті мәселелерінің бірі. Дамыта оқытып тәрбиелеу ісі асқақ арманмен байланысты. Осыны құптаған ата-бабамыз «Армансыз ұлан - қанатсыз қыран», «Арманы жоқтың пәрмені жоқ», деп, келешекті қиялдай білетін арманға, ой дербестігіне тәрбиелеуді мақсат еткен. Жаңа дәуірдің мектебі жаңаша өмірге лайық болу үшін жаңару үдерісіне бар ынтасымен бейімделуі қажет. Осы жаңалықтың бірі ұлттық ерекшелікке, ұлттық педагогикаға сүйене, уақыт ерекшелігін ескеріп, дамыта оқыту идеясын тәлім-тәрбие ісіне қолдану. Және бұл істе оқушы денсаулығына салмақ салмау үшін осының барлығын педагогикалық деонтология негізінде атқару қажет. Дамыта оқыту үрдісінде оқытушының басты міндеті өз тәрбиеленушісінің қасиеттері мен қабілеттерін зейін қоя зерделеу арқылы, басқаларға көрінбейтін оның ең жақсы рухани күштерін өмірге шығаруына жатады.
«Дамыту» деген сөздің анықтамасы психологиялық бағдарды білдіреді, яғни ол өзінің бағытталған ішкі ой-өрісі бар үрдісінде ықпал етуші, тәрбиеге өзінің көзқарасын ашып көрсетуші болып саналады.
6. Халық педагогикасының негізгі принциптерінің бірі - тәрбиенің біртұтастығы. Халқымыз жас ұрпақты өмірге дайындап, «сегіз қырлы, бір сырлы», жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеу үшін бір мүмкіндікті сарқа пайдаланған. Кез келген тәрбие құрамына талдау жасасақ, тәрбиенің түрлері (еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, әсемдік т.б.) іштей сабақтасып жатады. Оны бесік жырынан, бата тілектер мен терме-толғаулардан байқауға болады. Тәрбие ісін кешенде жүргізуді ғылыми-педагогикалық еңбектер де қуаттайды. Педагогикалық іс-әрекетте еңбек субъектісі мұғалім болады. Мұғалімнің еңбек құралдарының өзіндік сипаттары – ол оның білімі, білігі, тұлғалық қасиеттері. Осыған байланысты, білім «сананың біртұтас объектісі» болып есептелуі керек.
7. Тәрбие ісінің туғаннан өмір бойы үздіксіз жүргізілуін халық педагогикасы да, ғылыми педагогика да құптайды. Қазақ халқының да бала тәрбиесі жөнінде атам заманнан жиып-терген мол тәжірибесі бар. Халық өз бойындағы ең жақсы қасиеттерін жеткіншек ұрпаққа күнделікті тұрмыста үйретіп, оның бойына сіңіріп отырған. Ананың бесік жырынан басталатын қарым-қатынас, іс-әрекет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр – осылардың бәрі адамның дүниетанымын, сана сезімін, мінез-құлқын қалыптастыратын тәлімдік мұра.
8. Халық педагогикасы отбасы үлкендерінен бастап, ауыл ақсақалдары, өнер иелері түгел қатынасып ұжымдық тәрбие ісіне негізделген. Қазақ халқыңын бір керемет құдіреттілігі мен қуаттылығы олардың ұйымшылдығы мен бірлігінде болған. Бірлік-ынтымақ, ұйымшылдық - қай заманның адамына болса да қажетті ескермейтін қасиет. Сондықтан қазақ халқы қашаннан-ақ «Адам болсаң, қауым бол», «Ырыс алды - ынтымақ», «Саусақ бірікпей, ине де икемге келмейді», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп өздерінің ұрпақтарын татулыққа, достыққа шақырған. Ал, ұжымдық оқу-тәрбие ісін ұйымдастырудың педагогикалық-психологиялық мағынасы әрбір оқушыны іс-әрекет субъекті тәртібімен қамтамасыз етуде, оның өзін-өзі көрсетуіне көмектесуде. Орынды әдістемелік тұрғыда дұрыс ұйымдастырылған ұжымдық сипаттағы оқу іс-әрекеттері арқылы педагогикалық үдерістің қарама-қайшылықтарын шешуге, яғни әрбір оқушыны тұлға ретінде қалыптастырып дамытуға мүмкіндік жасайтыны сөзсіз.
Халық педагогикасының негізгі қағидаларын зерделей келе болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда пайдалану мүмкіндіктерін төмендегідей жіктедік:

  • оқушының жас ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиелеу;

  • тәрбиеленушінің жеке тұлғалық ерекшеліктерін есепке алу;

  • ұстаз бен оқушы арасындағы сыйластықты сақтау;

  • оқушының жаны мен тәніне келер қауіпті нәрселерден сақтау үшін

мұғалімнің жылы жүректі болуы;
- шәкіртті тәрбиелеу, оқыту барысында ақыл-ойын дамыту;

  • тәрбиенің үздіскіз жүргізілуін, біртұтастылығын сақтау.

Ата-бабаларымыз ежелден өз ұрпағын жақсы адам, абзал азамат етіп тәрбиелеуді ерекше қастерлеп, мақсат тұтқан. Қай заманда болмасын жас ұрпақтың өнеге тұтар тәлім-тәрбиесі болатыны хақ. Егемен қазақ мемлекетінің болашақ ұрпақтарының сана-сезімін сонау ерте замандағы ата-бабалар жолымен сабақтастыра тәрбиелеу – қазіргі күннің ең өзекті мәселесі. Ұлтымызға тән асыл қасиеттерді, халық ұстанатын тәлім-тәрбиелік нормаларды жүйелі баяндап жас маманның бойына дарыту біздің зерттеуіміздің басты нысанасы болып табылады. Болашақ мұғалімдеріміздің бойында халқымыз ғасырлар бойы қастерлеп келген ар-намыс, ождан, парыз, борыш, имандылық, инабаттылық, кішіпейілділік, ата-мекеніне, еліне деген сүйіспеншілік сияқты асыл қасиеттерді тәрбиелеу – заман талабынан туындап отырған мәселе.
Болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың бірден-бір амалы ретінде біз халықтық педагогика құралдарын таңдаған себебіміз, бұл болашақ маманның өскен ортасына, ұлттық психологиялық ерекшеліктеріне, шыққан тегіне жақын, сондықтан басқа құралдарға қарағанда тиімді болып табылады.
Халықтық педагогика – өте бай, тарихи терең, тағылымдық мән мағынасы зор тәрбие құралы, қазақ халқының сан ғасырдан бері атадан балаға өлмес мирас, өмірлік мұра болып келе жатқан келер ұрпақты өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақталған тәжірибесі. Ол бір ұрпақтан екіншісіне ауысып, бірте-бірте қорланып, бай тәжірибемен кемелдене келе «халық айтса, қалт айтпайтын» кемшіліксіз, ақаусыз дәрежеге жеткен. Ізгілікке, кісілікке бастап, қоғамның моральдық принциптерімен іштей қабысып, үйлесім тауып жатады.
Ұлттық мектебімізге өз ісіне жан-тәнімен берілген талантты, толық қалыптасқан, тек қана өзі қалаған пәнін ғылыми-теориялық тұрғыдан өте терең игерумен қатар, педагогикалық технологияны асқан шеберлікпен жете игерген, моральдық санасы жоғары дамыған, имандылық, адамгершілік қасиеттерін басты парызы санайтын, халықтық педагогика қағидаларын бойына терең сіңірген, деонтологиялық даярлығы қалыптасқан тұлға (мұғалім) қажеттігі туындайды. Бұл іс еліміздің тәуелсіздігін алуына байланысты жаңа мазмұнға ие болды.
«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», - деп ұлы Абай өте орынды айтқан. Барлық ұлттардағы секілді, қазақтардың халықтық педагогикасының да өзіне тән ерекшеліктері, өзіндік нақыш-белгілері, қолтаңбасы бар. Көне замандарда-ақ халықтың көркем шығармашылығының белгілі үлгілерін дүниеге келтірген өкілдері – білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған, мұны халық фольклорының бастау көздері айғақтайды. Өз көзқарастары мен қызметінде олар халық тәрбиесі туралы белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраты мен арман-тілектеріне сүйеніп отырған. Өздерінің педагогикалық ой-пікірлері мен нақты іс-әрекеттерін олар да, сондай-ақ олардың замандастары мен ізбасарлары да жазбаша қалдырмаған. Бірақ олардың педагогикалық мұрасы бір ұрпақтан екінші ұрпаққа беріліп, үздіксіз дами отырып, халықтық педагогика қазынасына қосылып отырды.
Қазақ халқының педагогикалық ойларының тарихи қалыптасуы мен дамуы жөнінде Қ. Б. Жарықбаевтың, халықтық педагогикадағы эстетикалық тәрбие туралы С. А. Ұзақбаеваның, қазақ халық педагогикасының ғылыми-педагогикалық негізі жайында С. Қ. Қалиевтің, этностық-мәдени білім берудің ғылыми-педагогикалық негізін зерттеген Ж. Ж. Наурызбайдың және қазақ этнопедагогикасының теориялық-әдіснамалық негіздері туралы проблемеларды қарастырған К. Ж. Қожахметованың және т.б. ғалымдардың еңбектері жарық көрді.
Осы тағы да басқа ғалымдардың анықтамасына сүйене отырып халық педагогикасы құралдарының жіктемесін төмендегідей көрсетеміз:
Бұл құрылымдық жіктемені талдай келе, болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда ғасырлар шежіресі болып табылатын қазақ халықының шығармашылығы маңызды орын алатыны айқындалды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет