Даралық қабілет – идеялық және моральдық тазалығынан, мұғалімнің балаға деген ынта-ықыласынан, достық қарым-қатынас орната алуынан, әдептілік қасиетінен, ұстамдылығынан, сабақты қызғылықты өткізе білуінен;
дидактикалық қабілет – өз пәнін терең меңгере білуінен, сөйлеу мәдениетілігінен, тіл байлығынан, рухани ойлау дәрежесі биіктігінен, шеберлік және іскерлік қасиетінің жоғары деңгейде қалыптасуынан;
ұйымдастырушылық қабілет – мұғалімнің оқушылар ұжымын құрап, олардың мақсаттары мен міндеттерін дұрыс белгілеп, өздігінен жұмыс жүргізуге бейімдеуінен, оқушының ден саулығына, жан саулығына зиян келтірмей ықпал етудің тиімді әдіс-тәсілдерін таңдай білуінен байқалады.
Адамның өзін-өзі тәрбиелеу жан мен тәнді үнемі шынықтырып, жаттықтырып отыруды тілейді. Адамның күш жігерінің мүмкіндігі ұшан-теңіз екендігі соншалық, кез келген адам өзі жеке тұлғалық қасиеттерін және кәсіптік педагогикалық қызметтегі талантын жан-жақты өрістете алады. Орыс педагогы А. С. Макаренко өз шеберлігін жетілдірудегі тәжірибесіне сүйене отырып, былай деп жазғаны тегін емес: «Менің педагогикалық талантым болған емес және де педагогикаға ешбір әуестенбей-ақ кездейсоқ келдім…, бірақ мен үйрендім. Мен өз ісімнің шебері болуға тырыстым. Ал, әркім-ақ өз ісінің шебері бола алады, ол үшін оған көмектесу керек, ол өзі де жұмыс істеуге ынталы болуы тиіс». Көрнекті педагог бұл сөзінде өзін тым сыпайы етіп көрсеткен болар. Бірақ бір нәрсе анық: педагогикалық қабілеттілікті, шеберлікті қалыптастыруға болады. Болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыру барысында біз де дәл осы көзқарасты негіз етіп алдық.
Мұғалімнің оқу-тәрбие қызметіндегі табыстары көбінесе оның шеберлігіне байланысты. Ол өздігінен келмейді. Қайта мұғалімнің кәсіптік мәртебесін арттыруда, мәдени және саяси ой-өрісін кеңейту жөніндегі табанды және күнделікті жұмысының нәтижесі болып табылады. Қазіргі кезде оқу-тәрбие процесін ізгілендіруде оқытудың тәрбиелік сипатының басымдылығына, сондай-ақ тұлғалық бағдарына назар аударыла бастады. Бір қуанарлығы, қазіргі балалар өте алғыр. Олардың қай-қайсысының бойынан дарындылықты табуға болады. Тек тұтанып тұрған мезгілінде үрлеп, дұрыс бағыт-бағдар беру талабын қанағаттандырып отыруда мұғалімнің асқан шеберлігі қажет. Ол педагогикалық мамандығын арттыру жөніндегі мәдени және саяси ой-өрісін кеңейтудің табанды да күнделікті жұмысының нәтижесі болып табылады. Кәсіптік шеберлік өз пәнін терең білуді, тәрбие мен оқытудың жаңа заңдылықтарын білуі жүргізу шеберлігін көздейді. Кәсіби шеберліктің маңызды көрсеткіші - оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізу шеберлігі мен дағдысының болуы. Ол оқушылардың мінез-құлқын бақылау, зерттеу және олардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруына көмектеседі. Ал ол үшін педагог жұмысқа әрдайым әзір тұруы, кейбір кездескен қиыншылықтарды жеңуі, тез арада шешім қабылдауы, оқушылардың ыңғайын табуы, ортақ тіл табысып араласуы керек.
Мұғалімнің шеберлігі дер кезінде оқушылырға ықпал ету, дұрыс жолын көрсетіп, иландыра білу, жаңаша іздестіру жолдарын жүргізу, ғылыми негізін менгеру сияқты әрекеттерден көрінеді, және ол өзінің кәсіби шеберлігін кеңестерде, жиналыстарда, ғылыми-практикалық конференцияларда көрсетуі керек. Күрделі сан қырлы оқу-тәрбие қызметінде мұғалімдердің білімін арттыруда әрдайым жүйелі жұмыс қажет. Қызметін жаңа бастаған жас мұғалім ғана емес, көп жылдар бойы еңбек еткен ұстаз мұғалімдерде өз біліктілігін арттыру қажет. Егер мұғалім бұрын жаттап алған педагогтық ережелер мен әдістемелік тәсілдерге сүйенсе, оқушыларды тәрбиелеуде елеулі табысқа жетуі қиын болады, өйткені өмірден артта қалады, өзіне жүктеген міндеттерді орындай алмайды. Мұғалімдердің кәсіптік шеберлігін, оның біліктілігін арттыруда әдістемелік бірлестіктің рөлі зор.
Мұғалімнің мәдениеті адамның кісілік келбетіне, соған лайықты бола білуіне, адамның табиғатпен, әлеммен үйлесімділігіне, оқу-тәрбие процесінің халықтық дәстүрмен сабақтасып жатуына, рухани мәдениет негізінде болашақ ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін жаңа сатыға көтеруге негізделген. Жеке тұлғаның бойындағы жалпы адамзаттық құндылықтардың қалыптасуы да осы бағытта жүзеге асады. Оқу-тәрбие саласында жүргізілетін жұмыстардың тиімділігін арттырудың негізгі шарттарының бірі - мұғалімнің мәдениеттілігі, әдептілігі болып табылады. Мұғалімнің ішкі және сыртқы мәдениеті мыналардан құралады:
- оқушының сабағы мен мінез-құлық кемшіліктерін, себептерін табандылықпен анықтауы, көкейге қонымды кеңестер беруі;
- алғашқы әсер ықпалы мен ашу үстінде шешім қабылдауға және себебін білмей, асығыс ойластырылмаған баға қоюға болмайтындығы;
- мұғалім, оқушы қылығы мен әрекетінің ішкі себептерін түсінуге, анықтауға талпынып, содан кейін барып педагогикалық ықпал етудің белгілі бір шараларын қолдануы;
- мұғалімнің оқушыға қатынасы оның жеке өзіне деген терең сый мен сенімге негізделуі. Сенім мен сый жоқ жерде педагогикалық мәдениеттілік бұзылуы мүмкін;
- талап қоя білуі;
- мұғалімнің мәдениетіне киім-киісі, жүріс-тұрысы, жалпы жан дүниесі сұлу болуы, эрудициясының бай болуы, ерік-жігерін және мінезін қалыптастыруда өзіне талап қойып, баға беруі, оқушы жүрегіне жол таба білуі, эстетикалық талғамға сай болуы, сыртқы пішінінің жарастығы;
- шамадан тыс қамқорсу, әкімшілік етуге жол бермеуі, сенімді, мінез-құлқы болуы;
- мұғалімнің сөйлеу мәдениеті, өздерін ұстай білуі, ерік-жігерін және мінезін қалыптастыруда өзіне талаптар қойып, өз-өзіне баға бере білуі.
Осы орайда білім ордасы - мектеп, ал мектептің жүрегі-мұғалім екендігі бәрімізге белгілі. А. Байтұрсынов: «Мұғалім-қандай болса, мектеп те сондай болмақшы», - деген. Яғни мұғалім білімді жан-жақты болса, болашақ ұрпағы да сауатты болады. Олай болса, жаңаша өмірге бет бұрып, жаңа ой түзеген егемен еліміздің ұрпағын білім нәрімен сусындатып саналы тәрбие, сапалы білім беретін жеке тұлға, мәдениеті мен кәсіби шеберлігі шыңдалған мұғалім ғасыр көшін бастаушы болып табылады.
Мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеу мәселесі имандылық пен жоғары адами қасиеттердің биік принциптерімен ылғи да ұштастырылса, жеке мүддені жұрт мүддесімен орайластырып, туған халқы мен от басына адал қызмет ету, оларға ылғи «менің кәсіби парызым» секілді ізгі ниеттерден туындап жатса, оның осы саладағы тыныс-тіршілігі мазмұнды да жемісті болады. Өйткені борыш пен жауапкершілік, парыз бен қарыз, ар-ұят, намыс сезімінің болуы өзін-өзі тәрбиелеу ісіне зор түрткі болып, кісінің қиыншылықтарға төзуіне және оларды жеңе білуіне, әркез жарқын да шат-шадыман өмір сүруге жету жолындағы күресіне демеу болып отырады.
Педагог-ғалым Ю. Н. Кулюткин де педагогтың кәсіби маңызды тұлғалық қасиеттерінен үш топты іріктеп бөліп алады:
- басқа адамдардың ішкі дүниесін түсіне білу қабілеті;
- оқушыға белсенді әсер ете білу қабілеті;
- эмоционалдық тұрақтылық, яғни өзін-өзі басқара білуі.
Аталған ғалымның еңбегінде педагогтың тұлғалық мінездемесі оның кәсіптік іс-әрекетінің құрылымдық ерекшеліктеріне ғана сүйене отырып сипатталады. Адамның өзін-өзі басқара білуі - яғни тұлға санасының оянуы. Өзіңе-өзің үніліп, тәрбиелеуге тырысу, белгілі бір мақсат көздеу – ең негізгі дұрыс қадам.
Жоғарыдағы аталған зерттеулерде педагогты кәсіби даярлау проблемалары терең қамтылғанмен, оларда деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастыру мәселесі ерекше мән беріліп қаралмаған. Басқа көптеген кәсіптермен салыстырғанда педагогтік кәсіп мұғалім еңбегінің адамгершілік мазмұны бай болумен ерекшеленеді.
Педагогикада жеке тұлғаның «қалыптасуы» термині жиі қолданылады. Бұл жеке тұлғаның дамуының нәтижесі дегенді және оның пайда болып, тұтастыққа, бір қалыпты қасиеттерге және сапаларға ие болғанын білдіреді. Қалыптастыру дегеніміз – бір нәрсеге пішін (форма) мен тұрақтылық беру; толықтық пен нақты бір түр беру.
Адамзат алғаш пайда болған күннен бастап осы уақытқа дейін қоғам алдындағы ең басты міндет – қоғам мүшелерінің адамгершілік, парасаттылық қасиеттерін тәрбиелеу болып келді. Бұл тәрбие әр адамды ар-ұятты, әділетті, адал, кішіпейіл, қамқоршыл, көпшіл, басқа адамдарға тек қана жақсылық тілеуші, мейірімшіл еңбеккор болу сияқты қоғамға пайдалы сипатты қасиеттерге ие болуға баулиды. Бұл қасиеттер педагогикалық деонтолгияның еншісінде.
Педагогтың деонтологиялық дайындығының мақсаты: егемендігіне ие болып еңсесін көтеріп келе жатқан халықтың денсаулығын сақтауына әрдайым күресе алатын, өзінің кәсіптік парызына тұла бойы берік, еліміздің игілігіне ауқымды үлес қосатын ұлы-қызын тәрбиелеп өсіретін ұстаз тұлғасын дайындау. Оның бойына педагогикалық қызметтің гуманистік жүктемесіне сәйкес адамгершілікті психологиялық қасиеттер дарыту, ғылыми тәжірибелік ізденіске жалықпайтын, қажымай-талмай өзінің жеке тұлғалық қасиет-қабілеттерін жетілдіруге бейімделген, кәсіптік сана-сезімін қалыптастыру болса, осының барлығы өткен ғасыр ойшылдарының ой-түйіндерінде байқалады, бұлар болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың теориялық негізі болып келеді.
Ешкім де педагог болып тумайды, педагог болып қалыптасады. Ол үшін оның бойында:
- психологиялық-педагогикалық білім;
- шеберлікпен шектесетін ептілік;
- деонтологиялық мүмкіндіктері, ерекше ұстаздық мінез-құлық, ойлау қабілеті болмағы ләзім. Деонтология – жүріс-тұрыстағы, қылықтағы, әрекеттердегі парыздылық туралы ілім. Зерттеу жұмысымыздың басты мақсаты - өз ұлтының тарихын, мәдениеті мен тілін қастерлейтін және оны жалпы адамзаттық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра алатын парыздылық сана-сезімі кемелденген маман даярлау.
Сонымен, жоғарыда аталған қазақ халқының біртуар данышпандары, ағартушы-педагогтар, педагогтарды кәсіби даярлау мәселесін қарастырған ғалымдар еңбектері болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастырудың теориялық алғышарттары болып келеді және төмендегі тұжырымдар мен қағидалармен айқындалады:
Мұғалім мен оқушының арасындағы қарым-қатынастың ізгілік-адамгершілік қағидаларына негізделуі, болашақ мұғалімнің этникалық қасиеттерінің жоғары деңгейде дамуы (ұлттық сана-сезім, ұлттық тарих, ұлттық дүниетаным, ұлттық әдеп), «Обалына қалмау» қағидасы, ғылыми-теориялық ойлау дәрежесінің, рухани және танымдық қажеттіліктері мен қызығушылықтарының жоғарылығы, тәрбиеленушінің жан-дүниесіне үңіліп, жеке басына сүйіспеншілікпен қарауы, табиғатына сай дамуына жәрдемдесуі, психологиялық-педагогикалық көрегендігі, әділдігі мен адалдығы, байсалды іс-әрекеті деонтологияның «Зиян келтірме» ұстанымына негізделуі және кәсіби борышы мен азаматтық жауапкершілігін саналы түсінуі.
Жоғарыда аталған еңбектерді оқып, үйрене отырып, солардың бәрімен үндесер педагогикалық деонтологияда мұғалім тұлғасына белгіленген талаптар төмендегідей:
- «Жаным – арымның садағасы» дегендей, парыз, ар, сезім, ұят, тәртіп сақтау ережесін сақтауы керек;
- мінез-құлық мәдениетін қалыптастырып, жат қылықтар мен жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ ұстауы қажет;
- рухани ойлау дәрежесін, өз бойына игі адами қасиеттерді қалыптастырып, әлемдік мәдениетке ұлттық құндылықтар арқылы жетуге талпынуы тиіс;
- ұлттық тәрбие – ұлттық болмысынан нәр алып, ұлттық құндылықтарын өшпес мұра ретінде өрбітуге, жол ашуға міндетті.