Көршілерден кім бар? Қазір ДСҰ-ға 149 ел мүше болса, олардың арасында жақын көршілерден ДСҰ қатарында Қырғызстан мен Қытай бар. Ал бұрынғы кеңестік елдерден Литва, Латвия, Эстония, Грузия, Армения, Молдова, Қырғызстан, Украинаны таба аласыз. Соңғы аталған ел ДСҰ-ға үш жыл бұрын ғана енді. Ресей биылғы жылдың соңына дейін енуді жоспарлап отыр. Тәжікстанның билік өкілдері жақын уақытта сол ұйымнан табылуды көздеп отыр. Айта кетерлігі, бірер жыл бұрын Украина саясаткерлері ДСҰ-ға ене отырып, Кедендік одаққа «жоламайтындарын» мәлімдесе, дәл сол ұстанымды жуырда Тәжікстан әкімшілігі де қайталады.
ДСҰ-ға кіретін елдердің үлесі әлемдік тауар айналымының 95%-ын құрайды, яғни Ресейді қоспағанда, бүкіл дүниежүзілік нарықты қамтып отыр деуге болады. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі жұмысшы топқа осы ұйымның 38 мемлекеті кіреді, сонымен бірге нарыққа тауарларды шығару жөніндегі келіссөздерге – 14 ел, ал қызмет нарығына қатысты 10 ел қатысады.
ДСҰ-ға дейінгі дайындықтар қажет Дүниежүзілік сауда ұйымына ену барысында түрлі қиындықтарға ұшырамау үшін алдын ала дайындықтар жүргізу қажет екені айтылып келеді. Ол үшін алдымен ДСҰ-ға соңғы 20 жылда енген елдер ұрынған қиындықтарды зерттеу керек. Мәселен, 2008 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына енген Украинаның жаңа талаптарға бейімделуі оңай құбылыс болған жоқ. Ал ДСҰ-ның Қырғызстанға айтарлықтай артықшылықтар әкеліп жатқанына сарапшылар қауымы қазір де күмәнмен қарайды. Экономикалық құрылысы негізінен шикізат экспорттауға негізделген Сауд Арабиясы бұл сауда құрылымына 2005 жылы ғана енді. Демек, бұл елдің экономикалық тарихынан сабақ алуға болады.
Сауда ұйымына енуге дайындық ретінде еліміздің заңнамасын ДСҰ-ның басты ұстанымдарына сәйкестендіру шаралары басталуы керек. Сондай-ақ Кедендік одақ ұстанымдары мен ДСҰ ұстанымдарымен сәйкестендіру жұмыстары қазірден басталуы тиіс. Дайындық ретінде еліміздің қаржы саласын, телекоммуникация және көлік секторын либерализациялау жұмыстары жүргізілуі қажеттілік болып отыр.
ДСҰ-ның негізгі ұстанымдары және артықшылықтары:
– саудада еш кемсітушіліктің болмау шарты, яғни бірде-бір мемлекеттің қайсыбір мемлекетке экспорт пен импортқа шектеушілік қоюға құқығы болмайды; – сауда кедергілерін азайту немесе қайсыбір елдің нарығына шетелдік тауарлардың келуіне кедергі келтіретін факторларды жою; – тұрақтылық пен сауда шартының алдын ала болжамдылығы, бұл шетелдік компаниялар, инвесторлар мен үкіметтердің қолданыстағы сауда шарттарының кенеттен және бір тараптың еркімен өзгермейтініне кепілдік береді;