Байланысты: «Қ Р әлемдік қауымдастықта» курсы бойынша дәрістер Смағұлов С 09
Газет-журналдар мен басқа да мерзімдік басылымдарды емін-еркін жаздырып алып отыруға мүмкіндік беру.
Телевизия мен радио хабарларының таратылып отыруына қолайлы жағдайтудыру.
Азаматтарға бір-бірінде берілген орта білім жөніндегі аттестаттарды, жоғары және орта арнаулы білім туралы дипломдарды және ғылыми атақтар мен дәрежелер жайындағы құжаттарды жарамды деп мойындау. Сондай-ақ, лайықты дайындығы бар азаматтардың бір-бірлеріндегі оқу орындарына түсіп оқуларына бірдей құқық пен мүмкіндік болуын қамтамасыз ету.
9. Қауымдастыққа мүше елдердің арасындағы пошта байланысын, бір-біріне хат-хабар, ақшалар жіберу тәртібін жеңілдету. 10. Кіші және орта кәсіпкерлікпен айналысуға барынша жеңілдетілген жағдай жасау. Бұл Үндеудің мазмұнынан көрініп тұрғандай, алға қойған мақсат-міндеті бұрыңғы посткеңестік аумақта бір тудың астында өмір сүріп, аралас-құралас болып қалған адамдардың ендігі жерде бір Қауымдастыққа біріккен елдердің территориясында бір-бірінен азаматтық алуында, шекарадан әрі-бері өтуінде, жеке басына пайдаланатын мүліктері мен жүктерін алып өтуде, білім алу мен медициналық көмектер көрсетуде, сондай-ақ, газет-журналдар, басқа да мерзімдік басылымдарды жаздырып алуда, т.б. көп қиындық көрмей, керісінше жеңілдіктер болуын қамтамасыз ету болып табылады. Мұндай шараларды жүзеге асыру мақсатында 1998 - 2002 жылдар аралығында ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер арасында 14 базалық-құқықтық құжатқа қол қойылды. Осының арқасында біраз шаралар іске асырыла бастады және іске асырылу үстінде.
Дейтұрғанмен, бұл бағытта шешілмей жатқан түйіндер де жоқ емес. Олар нақтылай айтқанда, мәселен, Қауымдастыққа мүше елдердегі тұрғындардың барлық категорияларының азаматтық алу тәртібін оңайлатуға, ортақ білім кеңістігін құруға және сондай-ақ, еңбек көші-қоны мен көшіп-қонушыларды ең төменгі деңгейде әлеуметтік жағынан қорғау мәселелеріне қатысты. Тіпті, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер азаматтарының уақытша еңбек ету жөніндегі келісім-шарттың жобасының өзі әлі күнге дейін қолға алынып, қаралмай, кейінге ысырылып келеді.
Сондай-ақ, телерадио хабарларын алмасу, газет-журналдарды жаздырып алуға да байланысты әлі шешілмеген мәселелер кездеседі. Мәселен, сіз Ресейде немесе Белоруссияда жүріп Қазақстаннан берілетін телерадио хабарларын емін-еркін естіп, көре аласыз деп айта алмаймыз. Осы сияқты Орта Азия республикаларының арасындағы бір-біріне телерадио хабарларын тарату , газет-журналдарды жаздырып алу мәселесі де жеткілікті дәрежеде шешіле қойған жоқ.
Бір айта кетерлігі, ЕурАзЭҚ-тың қызметіне халықаралық деңгейде де мән беріліп, назар аударылып отыр. Мәселен, ол 2003 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды. Ал, 2007 жылы 6-желтоқсанда Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының 62-сессиясында бірауыздан: «БҰҰ мен Еуразиялық экономикалық Қауымдастық арасындағы ынтымақтастық» жөнінде қарар қабылданды. Өйткені, Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің ұстанған бағытына сәйкес әр түрлі салалардағы, әсіресе, сауда-саттық пен экономикадағы, көлік пен энергетика, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп, кедендік одақ құру, т.б. жөніндегі аймақтық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты үнемі қолдап-қуаттап отырады. Өзінің мақсат-мүддесіне сәйкес әлемнің қай бұрышының да өркендеп-өскенін, гүлденгенін қалайды (Ә. Амангелді, ЕурАзЭҚ Хатшылығы ұйымдастыру-талдау департаментінің консультанты. Экономикалық интеграция дамуға даңғыл жол ашады. - Алматы ақшамы, 20 қыркүйек 2008 ж).
Сөйтіп, ЕурАзЭҚ – посткеңестік аумақта табысты жұмыс істеп тұрған бірден-бір халықаралық ұйым. «Егер қауымдастықтың жалпы аумағын айтатын болсақ, ол бұрынғы КСРО-ның 93 пайызын қамтиды және онда 206 млн. адам тұрады. Қауымдастыққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімінің көлемі 2007 жылы 1,5 триллион долларға жетті, ал тауар айналымы 700 млрд. долларға жақындады. Қазір Қауымдастықта ешқандай кедергісіз әрі алымсыз еркін сауданың режимі қалыптасып, осы елдердің аумағында өндірілген тауарларға ешқандай кедендік алым-салықтар төленбейді. Осының нәтижесінде Қауымдастық елдері арасындағы тауар айналымы үш еседен артық өсіп, 2007 жылы ол 102 млрд. доллар көлеміне жетті. Аса ірі инвестициялық жобаларды іске асыруда Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) маңызды орын алады. Жарғылық капиталы 1,5 млрд. доллар болатын оны Қазақстан мен Ресей 2006 жылы құрған болатын. Қазіргі уақытта банкінің кредиттік қоржынында Қазақстан, Ресей және басқа да Қауымдастыққа мүше елдер аумақтарында іске асырылуға тиісті маңызды жобалар бар» (Бірлескен іс табысты болады. ЕурАзЭҚ бас хатшысы Т. Мансұровпен сұхбат. - Егемен Қазақстан. 20 тамыз 2008 ж.).
Бұл тұрғыдан алғанда екі құрылықтағы алты мемлекеттің мүдделерін ұштастырып отырған ЕурАзЭҚ-қа үлкен үміт пен сенім артылады.