– халықаралық саудадағы бәсекелестікті ынталандыру, яғни түрлі елдер фирмаларының тең құқықты бәсекелестігі үшін «әділетсіз» тәсілдерді жою, оған экспорттық субсидиялар. Автор: Сәкен Көкенов.Алаш айнасы, 2.08.2011.
25 – лекция. 1 сағат. ҚР-ның Каспий теңізінің халықаралық-құқықтық мәртебесі бойынша сыртқы саясаты және Мұнайды сыртқа шығарушы елдер ұйымымен байланысы. 1. Каспий теңізінің халықаралық-құқықтық мәртебесіне байланысты мәселелер бойынша ҚР саясаты.
2. Каспий теңізі аймағындағы ҚР экономикалық саясаты.
3. Қазақстан Республикасы және Мұнайды сыртқа шығарушы елдер ұйымы (ОПЕК).
Қазақстан және Каспий проблематикасы Бұрынғы тарауларда аталып өткеніндей, халықаралық қатынастар құрылымындағы түбірлі өзгерістерді және халықаралық сахнадағы күштердің арасалмағын белгілеген XX ғасырдың соңындағы басты саяси оқиға КСРО-ның ыдырауы болды. Бұрынғы метрололияның орнына жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуымен жаңа проблемалар жарыққа шықты, оның ішінде республикалардың егемендігін халықаралық құқықтық тұрғыдан ресімдеуге және оларды аумақтық межелеуге байланысты проблемалар да бой көтерді. Ең бір күрделі проблемалардың бірі - ауқымы 440 мың шаршы километрге жуық әлемдегі ең ірі құрлықішілік су айдыны Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін белгілеу болды. Егер 1991 жылға дейін Каспий екі елге тиесілі болса, енді оның суы бес мемлекеттің - Қазақстанның, Ресейдің, Иранның, Әзербайжанның және Түрікменстанның жағалауларын шайып жатыр. Осындай жолмен жаңа тарихи және саяси болмыста Каспий теңізін ұлттық секторларға өркениетті жолмен бөлудің жаңа халықаралық құқықтық негізін жасаудың шынайы қажеттілігі туындады.
Каспийдің бұрынғы құқықтық режимі ресейлік-персиялық (1921 ж.) және кеңестік-ирандық (1940 ж.) шарттармен белгіленді. Бұл құжаттар бес Каспий жағалауы мемлекеттерінің арасындағы қатынастарды реттеу үшін қандай да негіз қызметін атқара алмайды. Бірнеше себептерді ғана келтірейік:
• Жоғарыда аталған құжаттардың тараптары РСФСР және КСРО мемлекеттері болатын, олар қазір халықаралық құқықтың субьектілері ретінде өмір сүрмейді. Сондықтан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін Каспий жағалауы мемлекеттерінің арасындағы жаңа шартта белгілеу және бекіту қажет;
Аталған шарттарда Каспий теңізі бойынша бұрынғы одақтас республикалар арасындағы шекараға қандай да бір сілтеме болған жоқ, өйткені кеңес заңдары бойынша шекаралық режимнің мәселелері тек қана федеральдық деңгейдегі құқыққа жататын. Каспий теңізінде одақтас республикалар арасында шекара болған жоқ, өйткені бұрынғы КСРО-ға тиесілі теңіздің бір бөлігі федеральдық болды, ал республикалардың Каспий теңізін межелеу мәселелерін қарауға құқығы болған жоқ;
Аталған шарттар сауда мақсатында теңізде жүзу мен балық аулау мәселелерін ғана реттейді, бірақ Каспийдің құқықтық мәртебесін толық көлемде, оның ішінде теңіздің түбі мен қойнауының ресурстарын пайдалану шарттарын белгілемейді.
Каспийдің құқықтық мәртебесі проблемасын жеделдетіп шешуге бағытталған Каспий жағалауы мемлекеттерінің іс-қимылының негізінде осы теңіздің минералдық ресурстарының тиесілілігін айқындау тілегі жатқаны құпия емес. Осы жерде бар көмірсутегі ресурстарының қорлары әртүрлі бағаланады, бірақ көптеген сарапшылар осы аймақ көмірсутегін өндіру жөнінде әлемде Таяу Шығыстан кейін екінші болуы мүмкін деген пікірге тоқтайды. Сондықтан "ойынның" өзара қабылдауға болатын және анық ережелерін белгілеместен Каспий байлығын кең ауқымды игеру перспективасы дау туғызуы әбден мүмкін.
1992 жылы Каспий теңізінің жаңа құқықтық мәртебесін жасау мақсатында Каспий мемлекеттері арасында келіссөздер процесі басталды. Бірінші кезеңде проблеманы шешудің үш түрлі көзқарасы байқалды.
Ресей табиғи ресурстардың барлық түрлеріне қолданылатын бірлесіп билік жүргізудің негізінде Каспий теңізі ортақ пайдалануда болуы тиіс деп санады. Әрбір Каспий мемлекеті өзінің заңды құқығын тар жағалау алабына ғана қолдана алады, ол жерде теңіздің түбімен оның минералдық ресурстарын барлауға және игеруге ерекше құқық алады. Тар жағалау аймағынан тыс минералдық ресурстарға қатысты айтсақ, олар ресейлік нұсқа бойынша ортақ пайдалануда болуы тиіс.
Әзербайжан нөлдік нұсқа деп аталатынды талап етіп, су айдынын, оның түбін және қойнауын ұлттық секторларға бөлуді ұсынды. Бұл нұсқа қатаң сипатымен ерекшеленеді.
Қазақстан бір-біріне қайшы Ресей мен Әзербайжанның ортасында теңдестірілген, ымыралық позиция ұстанды. Оның мәнісі мынадан көрінді, қолданылып жүрген халықаралық құқық нормаларын мейлінше пайдалану, атап айтқанда, 1982 жылғы Теңіз құқығы жөніндегі БҰҰ конвенциясының жекелеген ережелерін Каспийге қолдану, бұл ретте оларды біртұтас экологиялық жүйе ретінде теңіздің ерекшеліктерін ескере отырып қолдану. Теңіздің түбі мен ресурстарын барлық Каспий мемлекеттері арасында экономикалық аймақтарға бөлу ұсынылды. Тараптар осы аймақтардың шегінде табиғи ресурстарды барлауға және оларды игеруге ерекше құқықтары болады. Кеме қатынасы, балық аулау, табиғи ортаны қорғау және қызметтің басқа да түрлері саласындағы ынтымақтастық мақсатында теңіздің биологиялық ресурстарына, суын пайдалануға қатысты қазақстандық тарап бірлесіп билік жүргізуге дейін ең бір кең ауқымды ымыраға баруға дайын екенін білдірді.
Түрікменстан мен Иранның позициясы ол кезеңде анық тұжырымдалмады және барлық үш позицияның жекелеген ережелерінің басын қосуға әрекеттенді.
Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау 1994 жылға дейін таза теориялық мәселе болып қала берді, осы жылы Әзербайжан Каспий қайраңының өзінің бөлігіндегі мұнай кен орындарын игеруге арналған "ғасыр келісім-шартына" қол қойды. Теңіз ресурстарын практикалық тұрғыдан игерудің басталуы келіссөз процесін жандандыру белгісіне айналды.
1995 жылы Каспий мемлекеттері Сыртқы істер министрлері орынбасарларының кездесуінде (Алматы) жұмыс топтары түрінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің мәселелері бойынша тұрақты жұмыс істейтін келіссөздер тетігін құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы жылы жұмыс тобының екі отырысы болды. Жұмыс тобының шеңберіндегі консультациялар мен пікір алысулар кезінде Каспий теңізіндегі қызметтің ортақ принциптерін жасауда белгілі бір деңгейде ілгерілеуге қол жеткізілді. Каспий проблемасын жағалаудағы мемлекеттер ғана шешуге құқылы деген принцип ең басты уағдаластық болатын. Осы принцип Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ажырамас бөлігі болуға тиіс деп ұйғарылды.
Бір мезгілде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция, Кеме қатынасы туралы шарт, Каспий теңізінің минералдық ресурстарын барлау және игеру туралы шарт жобаларын келісу жөнінде екі жақты және көп жақты үлгідегі жұмыстар жалғасып жатты.
Кейінірек үлкен тиімділікті қамтамасыз ету үшін Каспий жағалауы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі Арнайы жұмыс тобының (АЖТ) шеңберінде консультациялар өткізіле бастады. Мұндай шешім сыртқы істер министрлерінің Ашгабат кеңесінің қорытындылары бойынша қабылданды (1996 жылғы қараша). АЖТ-ның бес мәжілісі болды: 1997 жылғы мамыр, 1998 жылғы желтоқсан, 2001 жылғы ақпан, маусым және қыркүйек.
Сыртқы істер министрлерінің осы кездесуінде ресейлік тарап Қазақстан делегациясын Каспий теңізінің минералдық ресурстарын игеру үшін бірлескен мұнай компаниясын құру туралы Ресейдің, Иранның және Түрікменстанның меморандум жобасымен таныстырды. Құжаттың мәтінінде айтылғанындай, аталған компания қазақстандық және әзербайжандық секторларды қоса алғанда, теңіздің бүкіл аумағында жұмыс жүргізуге құқылы екен. Жауап ретінде Қазақстан делегациясы мұндай көзқарастың заңсыздығы туралы мәлімдеді. Қазақстандық позицияны Баку қолдады. Ашгабат кездесуі тоқтап қалатындай нақты кауіп төнді. Ресей делегациясымен болған қызу келіссөздердің нәтижесінде үш жақты Меморандумның мәтініне өзгерістер енгізілді. Мұнай компаниясының іс-қимыл ауданы қатысушы елдердің жағалау аймақтарымен шектелді.
Осы тұрғыдан алғанда Түрікменстан Президенті С. Ниязовтың Қазақстанға сапарының (1997 жылғы 27 ақпан) қорытындысы бойынша Мемлекеттер басшылары қол қойған Бірлескен мәлімдеме назар аударарлық. Құжатта Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтағанға дейін орта сызық бойынша әкімшілік-аумақтық шекара делимитациясын тараптардың ұстанатын міндеттемесі мәлімденеді. Шын мәнінде бұл теңізді пайдалану туралы кез келген қызмет бұрынғы КСРО-ның бар кезінде белгіленген бөлу аймағы шегінде жүзеге асырылуы тиіс дегенді білдіреді (1970 жылы Каспийдің кеңестік бөлігі мұнай операцияларын жүзеге асыру үшін Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және Түрікменстан арасында халықаралық практикада қабылданған орта сызық әдісі бойынша секторларға бөлінген болатын).
1997 жылы маусымда Мәскеуде Ресей мен Иранның сыртқы істер министрлері Әзербайжан мен Қазақстан теңіздің минералдық ресурстарын игеруге белсенді түрде кірісіп жатқан кезде бес жақты келіссөздерде елеулі прогрестің болмауына алаңдаушылық білдірді. Кейінірек Мәскеу мен Тегеран біздің еліміздің мұнай жобаларына ресейлік және ирандық компаниялардың кепілдендірілген түрде қатысуы арқылы өздерінің экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанмен екі жақты байланыстарды басшылыққа алды. Ресей мен Иран басқа жағалау мемлекеттерінің Каспийді іс жүзінде игеруіне кедергі келтірудің мүмкін еместігіне көз жеткізді.
Сонымен бірге шаруашылық жүргізуші субъектілер кызметінің теңізде келісілген тетіктерінің болмауы бұрынғысынша пікір таласы мен келіспеушіліктердің туындауына ықпал етті. 1997 жылғы 4 шілдеде Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы мен ресейлік "ЛУКойл" және "Роснефть" компанияларының арасында "Кяпаз" кен орнын (түрікменше атауы "Сердар") бірлесіп игеру туралы келісімге қол қойылды. Бұл Ашғабаттың мүлде теріс үн қатуын туғызды, Ашғабат аталған кен орнының Түрікменстанға тиесілілігі туралы мәлімдеді және келісімді кідіріссіз жоюды талап етті. Түрікменстан Сыртқыісминінің мәлімдемесінде әзербайжандық халықаралық консорциум қызметінің объектілері болып табылатын "Чираг" және "Азери" кен орындарына қатысты талаптар да айтылды. Ашғабат бірқатар практикалық қадамдар да жасады, атап айтқанда "Сердарды" игеруге тендер жариялады (рас, оған ешкім де қатысқан жоқ) және даулы учаскеге қатысты әуе бақылауын орнатты.
Түрікменстанның үзілді-кесілді позициясы Әзербайжанмен даулы кен орны бойынша келісімді Мәскеудің қайта қарауына мәжбүр етті. Кейінірек бұл шешімді Түрікменбашымен кездесу барысында Президент Б.Ельцин растады, ол келісім РФ Сыртқыісминімен және Үкіметімен келісілместен қол қойылғандығын атап өтті. Өз кезегінде Баку "Кяпаз" кен орнының даулылығын таныды және Түрікменстанмен диалог жүргізуге дайын екенін білдірді.
Оңтүстік Каспийдің мұнай учаскелерін игеруге байланысты тағы бір оқиға Иран мен Әзербайжан арасында 2001 жылы жазда болды. Тегеран даулы кен орнын игеру жөніндегі бір жақты қадамдары туралы Бакуді айыптады, өзінің мәлімдемесін әскери күш көрсетумен қуаттамақшы болды. Екі жақтан да алма-кезек қатаң түрде ескертулер жасалды. Каспийдегі қызметті реттейтін анық құқықтық тетіктердің болмауы жоғарыдағыдай оқиғаларға ірі державаларды тартып, мұның арты жағдайды ушықтырып жіберуі ғажап емес еді. Оның бір мысалы, 2001 жылғы тамызда АҚШ Президентінің арнайы өкілі Э.Джонс Бакудің Тегеранмен қарым-қатынасы шиеленіскен жағдайда Бакуді қолдауға Вашингтонның дайын екені туралы мәлімдеді.
Осындай жағдайларда 1998 жылғы қаңтарда Каспий проблемасын реттеу процесіне оң сипатты серпін берілді, сөз болып отырған уақытта Қазақстан мен Ресей Каспий түбін әділетті түрде бөлу туралы бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл басынан бастап-ақ Иранмен бірге бірлесіп басқаруды талап еткен Ресей тарабы позициясының түбегейлі өзгергендігін білдірді. Осындай ілгерілеушілікке қол жеткізуде ресейлік мұнай лоббиінің де рөлі аз болған жоқ, олар теңіз түбін бөлу туралы мәселеде одан әрі қасарысу ресейлік мұнай өндіру саласының дамуына теріс ықпал ететінін түсінді. Бұл ретте қазақстандық сектордың келешегі зор кен орындарынан ресейлік мұнай компанияларының айрылып қалуы әбден мүмкін болатын.
1998 жылғы 6 шілдеде Президент Н.Назарбаевтың Мәскеуге сапары барысында жер қойнауына арналған егеменді құқықтарын жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы ҚР мен РФ арасындағы келісімге қол қойылды. Бұл келісім, сөз жоқ, қазақстандық дипломатияның табысына айналды, отандық дипломатия қызу дискуссия жағдайларында әрдайым дәлелдеп келген өзінің тұжырымдамасын сақтап қалды.
Тараптар еркін кеме қатынасы, балық аулаудың келісілген нормаларын және қоршаған ортаны қорғауды қоса алғанда, су айдынын ортақ пайдалануды сақтай отырып, шектес мемлекеттер арасында теңіздің түбін бөлуді жүргізуге уағдаласты. Бөлу сызығы өтуін айқындау негізіне әлемдік практикада кеңінен қолданылатын бірдей қашықтықтағы нүкте принципі алынды, басқаша айтқанда тараптардың уағдаластығы бойынша жетілдірілуі мүмкін орта сызық алынды.
Осы Келісімнің 5-бабы туралы айрықша атап өту керек, бапта Каспий теңізін шаруашылық мақсатта пайдаланудың әрқилы түрлері, оның ішінде суасты құбыр желілерін төсеу, Каспийдің құқықтык, мәртебесі туралы конвенцияны жасасқаннан кейін жекелеген келісімдермен реттелуге жататындығы айтылады.
Тараптар жер қойнауына арналған егеменді құқықтарын жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы ҚР мен РФ арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі келісімге Хаттамамен жұмыс жасауды жалғастыруда. Бұл құжатты әзірлеу тынымсыз жұмысты және техникалық тұрғыдан машақаты мол еңбекті талап ететін процесс, өйткені Хаттамада жетілдірілген орта сызықтың және оның жергілікті координаттарының егжей-тегжейлі сипаттамасы болуы тиіс.
Ресей-Қазақстан келісімін заңды түрде әлемдік практикадағы бірегей құжатқа жатқызуға болады. Бірақ оның ең басты құндылығы Каспий делимитациясы сияқты күрделі аумақтық проблеманы реттеудің үлгісі дүниеге келді. Келіссөздер процесіне тартылған күштердің арасалмағы Қазақстан позициясының пайдасына елеулі түрде өзгерді. Консультациялар, әсіресе, олардың екі жақты үлгісі қуатты серпін алды. Аталған құжатқа Мәскеуде қол қойылғаннан кейін тек бір айдың ішінде түрікмен-иран, ресей-иран, ресей-әзербайжан және қазақстан-иран консультациялары өткізілді. ҚР мен РФ арасындағы келісімге басқа да Каспий жағалауы мемлекеттерінің үн қатуы бір мәнді болмағанына қарамастан сындарлылық салтанат құрды.
Әзербайжан теңіз түбін бөлуге Ресейдің келіскенін құптады, алайда теңіздің түбін де, су айдынын да ұлттық секторға бөлу қажеттілігі туралы өзінің бұрынғы ұстанымын мәлімдеді. Түрікменстан 45 мильдік жағалау аймақтары туралы Ресейдің бұрынғы ұсынысына артықшылық беретінін айта отырып, егер бұл қалған жағалау мемлекеттерін қанағаттандыратын болса, теңіздің түбін ғана бөлуге келісуге дайын екені туралы мәлімдеді. Ирандықтар Каспийді бірлесіп пайдалану туралы ресейлік-персиялық (1921ж.) және кеңестік-ирандық (1940ж.) шарттарды алға тартып, Мәскеуді екі жақты уағдаластықтарды бұзды деп айыптады. Сонымен бірге Тегеранда тұңғыш рет бес жағалау мемлекеттері арасында Каспий теңізін "тең әрі әділетті түрде" бөлуге ирандық тараптың принципті келісімі туралы айтылды. Бұл ирандықтар тарапынан анағұрлым шынайы көзқарастың көрінісі болды, бұрын олар ресурстарды тең үлеспен бөлуді ұсынып келген болатын. Рас, Иранның осы сөздерінің астарында Каспий жағалауы мемлекеттерінің әрқайсысында ұлттық сектор аумағы бірдей болсын, яғни 20 пайыз болсын деген ұғым жатыр. Оның үстіне Тегеран Ашғабат сияқты теңіздің түбін ғана емес, сонымен бірге судың қалыңдығын және теңіз айдынын бөлуді қажет деп санайды.
Осындай жолмен Каспийдің түбін бөлу идеясын Каспий жағалауы мемлекеттерінің ешқайсысы жоққа шығармайды, мұның өзі, сөз жоқ, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі түпкілікті ымыраға қол жеткізудің аса маңызды алғышарты болып табылады. Бұл сондай-ақ Каспий аймағының болжамданатын болашағын қамтамасыз ету мүддесі жолында келіссөздер процесінің басынан бастап Қазақстан тарабы таңдап алған сындарлы және парасатты көзқарасты қолдауды білдіретін. Алайда, әлі күнге дейін төмендегідей аспектілер бойынша келіспеушіліктер бар және олар сақталып отыр:
Нені бөлу керек теңіз түбін ғана ма немесе түбімен бірге судың қалыңдығын және су айдынын (теңіз бетін) бөлу керек
пе;
Теңізде мемлекеттік шекаралар қажет пе;
Қандай жолмен бөлу керек.
Алғашқы екі тармаққа қатысты Астана мен Мәскеудің көзқарастарында айырмашылық жоқ. Екі тарап та теңіз суын бөлуді, сондай-ақ мемлекеттік шекараларды орнатуды қажет деп санамайды, өйткені бұл Каспий экожүйесіне теріс ықпал етуі мүмкін. Теңіздің түбін әділетті түрде және тең бөлу принципіне қатысты да олардың көзқарасы жақын, бірақ бұл орайда осы мәселелер ортақ шекарасы бар Каспий жағалауы мемлекеттерінің арасындағы келіссөздер тақырыбы болуы тиіс. Яғни Ресей жағдайында Ресей, Қазақстан және Әзербайжан арасында немесе Иран жағдайында Иран, Әзербайжан және Түрікменстан арасында.
Мәскеу мен Тегеран 1998 жылғы шілдедегі келіссөздер барысында әділеттілік әрі теңдік негізінде (20 пайыз үлеспен) теңіз түбін бөлуді жақтап пікір білдірген болатын. Мұндай тұжырымдаманың мағынасы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімде бекітілген, Қазақстан-Ресей уағдаластығына мүлде қайшы келеді. Тиісті сұрау салуға жауап ретінде Ресей тарабы бірлескен мәлімдемеге осы тармақты енгізуге не себепті келіскенін түсіндірді, оның мәнісі мынада екен, егер Тегеран басқа Каспий жағалауы мемлекеттерін Иран мен Ресейдің пайдасына өз секторларының аумағын азайтуға көндірсе, онда Мәскеу қарсы болмайды.
Теңіздің түбін 20 пайыз бойынша "тең" бөлу деп аталатын Иран ұсынып отырған нұсқаға егжей-тегжейлі тоқталу керек. Егер әлемдік практикада жалпыға бірдей қабылданған орта сызық әдісі бойынша су кеңістігін бөлу принципін басшылыққа алатын болсақ, Каспий теңізінің бүкіл аумағының шамамен 29 пайызы Қазақстанға, 21 пайызы Әзербайжанға, 19 пайызы Ресейге, 17 пайызы Түрікменстанға және 14 пайызы Иранға тиесілі болуы тиіс. Бұл 20 пайыздық бөлу идеясы Каспийде қалыптасқан тарихи және саяси болмысты бұзуды білдіреді, демек аймақтағы жалпы жағдайды тұрақсыздандыруға әкелуі мүмкін. Иран ұсынысы Каспий теңізінің географиясына, оның жағалауларының кескініне сәйкес келмейді және құрылықтық аумақтағы жағалау сызықтарының ұзақтығын, сондай-ақ жағалау мемлекеттерінің шекарасын ескермейді. Су кеңістігіне және оның астына қатысты мемлекет құқығы құрылықтық аумақтағы құқығының жалғасы екенін назарда ұстайтын болсақ, онда Тегеранның позициясы халықаралық құқыққа да сәйкес келмейді. "Тең" бөлу тіпті де "әділетті" бөлу дегенді білдірмейді. Міне, сондықтан барлық шекаралық су айдындары (теңіз, көл, өзен) тең бөлу принципі бойынша бөлінбеген. Оның үстіне Каспийдің кеңестік бөлігінің түбі 1970 жылы мұнай операцияларын жүзеге асыру үшін Әзербайжан, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан арасында бөлінген. Осы бөліністі аталған мемлекеттер әлі күнге дейін таниды. Осы бөлініске Иран да қарсы болған жоқ, мұның өзі халықаралық нормаларға сәйкес келісімді білдіреді.
Қазақстан Иранмен туындаған келіспеушілікті дау-дамайға айналдырғысы келмейді. Бұл туралы жоғары саяси деңгейде бірнеше рет айтылды. Астана екі жақты, сондай-ақ көп жақты үлгіде Тегеранмен пікір алысуға дайын.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау проблемасына қатысты келіссөздер процесіне қатысушылардың қазіргі көзқарасына қатысты айтсақ, бұл жерде мынадай картинаны көруге болады: